АЙТЫСТЫҢ АЛАҚҰЙЫНЫ

Айтыс ел-жұрттың мұң-зарын айтып, Алашына ақжолтай болып тұрған кезеңде Ұлытаудан "әридай"-лап Мұқаштың сахнаға шығуы ұлттық руханияттағы өзінше бір оқиға болып еді. Бұл айтыс өнеріндегі өзеше бір дәурен-ді.

Қонысбай мен Баянғалилар өлеңді суырып салудың өнегесін көрсетіп, Әулие Атадан Әзімбай Жанқұлиев, Мұқамеджан Тазабеков сынды айтары мол ақберен жастардың бой жазғаны да осы кез. Жүрсіннің "Айтыс ақындары жазба поэзиямен тізе қағыса бастады!" дейтін тұсы бұл, қазақ жырындағы өрелі өлең мәдениетінің айтысқа көше бастаған уақыты.Ұйқасы-нық-нық, теңеуі-тегеурінді, техникасы-мінсіз.

Әрине, айтыс пен поэзияның арасы жер мен көктей; бірақ, өлеңге керек әдеби өлшемдер айтыста сол кезде-ақ бой көрсетті; бұл-қазақ жырының, қазақ тілінің ғаламда жоқ бір қуатының бір көрінісі. Мұндай жағдаят поэтикалық болмыс-бітімі кемеліне келген ұлттарда ғана болады. Жапондардың ұлттық өресінің биіктеп кеткені сонша, олар бір-біріне кітап сыйлағанда өлеңмен қолтаңба жазып бере береді. Бірақ, өздерін ақын демейді!Поэзия-бөлек дүние, құдайдың құбылысы! Егер қолына қалам алып, қағазға өлеңнен өрнек салатындар қазақ жырының сол айтыс ақындары 80-90-шы жылдарда-ақ жеткен деңгейінде қалып қойса, мәселе-басқа, төрден -босағаға сырғу болады.

Айтысты сондай биікке шығарғандардың бірі һәм бірегейі біздің осы Мұқаш!

Ұлттық эпостың уызына жарып, қазақ поэзиясының озық үлгілерін тұла бойына сіңірген, жүріс-тұрысынан пенделіктен гөрі ақындықтың асау алақұйыны көзге ұрып тұратын Мұқаш Ұлытауды жырына бөлеп, ақылман жасы 60-қа келіпті. "Отызында орда бұзбаған- қырқында қамал ала аламайды"- дейді қазақ. Мұқаш айтыста талай аласапран жасап, ордасын да бұзып, қамалын да алған! Қазір- дер шағында тұрған айтыстың алақұйыны бұл! Қазақтың ХХІ-ші ғасырдағы поэтикалық автопортретінің бір көрінісі!

Серік Ақсұңқарұлы, Фейсбук парақшасынан