Сабырхан туралы сағыныш сөз
2017 ж. 13 қазан
6553
1
Қазақ поэзиясының мәуелі бағында өз өрнегі, өз үлесі бар көрнекті шайыр Сабырхан Асановтың туғанына 80 жыл толды.
Жырлары сылдырап аққан дала бұлағындай сәруар ақынның өлеңі әрдайым талғампаз оқырманының мерейін қандырушы еді. Айрықша қолтаңбасы, ерекше мәнері бар лирик көп төгіліп-шашылмай, жүрек қылын шерткен тақырыпқа ғана көңіл сәулесін төккендей-тін. Дегенмен, аз жазса да саз жазған қаламгердің артында он бестей жыр жинағы қалыпты. Қарап отырсақ, соның бәрі өте өміршең дүниелер екен.
Бүгін оқырман назарына ұзақ жылғы үзеңгілес досы, тетелес ағасы, Қазақстанның Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтың ақын бауыры туралы әр тұстарда жазылған лебізі ұсынылып отыр.
Өкініштісі, жай сөзінің өзі жүректен төгілген жырдай есілетін Тұмағаңның өзі де қазір арамызда жоқ. Бірақ жырсүйер қауымға, жас ұрпаққа арнаған асыл қазына – өлмес сөзі қалды.
Бір күні бір хат келді Оңтүстіктен. Бір дәптер өлең. Атын естігенмін. Кезедескенмін. Бірақ жоғалтып жүрген жігітім. Оқуын бітіріп елге кетіпті. Елден менің атыма бір топ өлең жолдапты.
«Көктем кеп сүйреген соң тракторды,
Үніне ауыл сырты құлақ түрді.
...Кең дала бір шалқайып қалды-дағы,
Төсінен маған бір гүл лақтырды».
Осы жолдарды оқып бір түрлі қанаттанып кеттім. Ғафу Қайырбековке бардым жүгіріп. «Оқыңыз, – деймін күлімдеп. Ол дәптерді оқи бастады. Өлеңнің тұстарына «Отлично» деп жазды. Редакцияның басқа қызметкерлері оқыдық. Бәрі де бірауыздан: – Мынау ақын жігіт екен! – десті. Сол ақын жігіт – Сабырхан Асанов еді. Көп өтпей авторды Алматыға шақырдық. Ол келді. Өлеңдері туралы тағы көңілімізді айттық. Жас ақын да өзіне сенімді секілді. Менің ағымнан жарылып айтқан әңгімемді селқостау тыңдады. Кім білсін, сол Сабырханың мені онша менсініңкіремей тұр-ау деймін. Бәрі де мүмкін. Сонымен сол Сабырхан «Жас дәурен» атты жинақ арқылы әдебиеттің қасиетті сарайына барынша ізетпен, барынша кіші боп келіп кіріп еді.
Мен оның жазғандарын оқып жүрем. Қадағалап, сызып оқимын. Жинақтан жинаққа өскен өкшелес іні-досымның творчествосына деген ықылас пейілімді бұдан жиырма шақты жыл бұрын жазып, оны «Жұлдыз» журналына ұсынған да едім. Менің де, Сабырханның да жолы болмады. Мен оны артық мақпаппын. Сынауым керек екен. Сондай-сондай әртүрлі сылтаулармен менің сол мақалам өзімнің архивімде қала берсін.
Сабырханның алғашқы өлеңі шыққалы да отыз жылдан астам қызмет істеп жүрген «Пионерге» жариялаған мен екенмін. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, Сабырханның да, Төлегеннің де, Фәризаның да, Сәкен Иманасовтың да, Қайраттың да, Қанипаның да, Ақұштаптың да алғашқы өлеңдерін оқып, «жол болсын» айтқан кісінің бірі мен едім-ау деген тәтті ойдан ләззат алатын кездерім көп. Мен бұларға ұстаздық еттім деген ойдан аулақпын. Мен бұларға ағалық құшағымды жайдым, өзім білгенімді білдіруге тырыстым десем, ол сөзімде ешбір артықтық жоқ-ау деп ойлаймын. Маған өлеңнің әліппесін үйреткен Еркеш Ибраһим. Еркештен кейін Ізтай, Мұзафар, Ғафу ағалардың алдын көрдім. Қуандық аға алғашқы жырларыма сәт сапар жазып берді. Бәрі де кешегідей. Бәрі де жүректе алтын әріптермен жазулы тұр.
Сабырхан өз өлеңдеріне сәт сапарды Мұхтар Әуезовтің өзінен алғысы келіпті. «Жұрт Әбілданы, Жұбанды, Сырбайды айналдырып жүр. Тіпті Сәбит Мұқановты да жиып қойып Әуезовтің өзіне телефон соқтым», – дейді Сабырхан жастық шағын еске алып.
Бірақ Мұхаң: «Жігітім, алдымен мәдениетті болуды үйрен», – деп сөгіп тастады. Көзім боталап, шекем шыңылдап үйге қайттым.
Әкем сот бол, прокурор бол деген соң ҚазМУ-дің заң факультетіне түстім. Екі курсын бітірдім. Сол сот болатын байғұсты журфакқа әкелген де дәптерге ойда жоқта түскен екі ауыз өлең емес пе еді? Әкем байғұс балам сот болады деп жүргенде, мен сорлап журфакқа емтихан тапсырдым-ау. Ақын болсам деген арман Алатаудай Әуезовтен сөз естіртті. Әуезовті ренжіткенімше өліп-ақ кеткенім жөн еді. Бірақ жан құрғыр тәтті екен, – деп Сабырхан осы бір әңгімесін аяқтайды.
– Сөйтіп сәт сапарды кімнен алдың? – дейміз біз Сабырханның Мұқаңмен «ренжісіп» қалғанын қызықтап.
– Бір күні жазғанымның тәуірін алып Әбділда ағаның өзіне бардым. Әбділда аға бір-екі күннен кейін жолық деді. Үш күн өткенде келсем:
– Сабырхан өлеңдеріңді «Лениншіл жасқа» жібердім, шығады. Разы болдым! – деді. Көп күттірмей «Лениншіл жас» бетіне суретіммен Әбекеңнің алғы сөзімен өлеңдерім шықты. Тұсауымды Әбекеңнің өзі кесті! – дейді Сабырхан күлімдеп. – Сөйткен ағаға анда-санда сәлем беруге де жарамай жүрем. Мені ұрып жығатын ешкім жоқ! – деп тағы ренжиді.
Сабырханның он бес шақты кітабы жарық көрді. Майда, назды, нәзік жырларымен Сабырхан Асанов жыр сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Не жазса да өз жанының шуағына бөлеп, арман-ойын төгіп тастайтын осы ақынның жан толқынындағы иірімдер кісіні жақсылыққа, жарыққа, сәулеге жетектейді.
Сабырхан өз қаламын поэзияның өрісті де жомарт саласы поэмада да сынап көрді. Оның «Қажымұқан», «Махаббат елі» атты поэмаларынан жырсүйер қауым үлкен ләззат ала алмады. «Махаббат елін» бір кезде қолжазба күйінде оқып, онша ұнатпағанымды айтқанымда Сабырхан бауырымның орнынан үнсіз тұрып, сұрланып, сұп-суық боп кабинетімнен шығып кеткені есімде қапты.
– Гейне ақынның «өлеңімізді мақтамаса, әйелімізбен де ажырасуға бармыз» дегеніндей, өз өлеңдеріне аса ынтық ықыласымен қарайтындардың бірі осы – Сабырхан Асанов.
«Көз алмаймын көк теректің басынан,
Қиял, қиял, ойхой, неткен күш едің.
Көкте тұрған жұлдыздардың қасынан
Бір-ақ қарғып жерге бір кез түсемін».
Ақын қиялы – осы. Ол жұлдыздармен бірге ұйықтайды. Әрқашан жұлдыздардың арасында жүреді. Тіпті жай адам, екі аяқты пенде тірлігі шын ақынды жалықтырып та жіберуі мүмкін. Біздің ұлы ата-бабаларымыздың талайы шарапқа тұншығып, даңққа өртеніп, немесе махаббат жолында Мәжнүн болып кетпеді ме? Шын ақын болмаған соң, өз бойындағы отты сезінбеген соң, түнде ұйқы үстінде өлеңнің періштесі жүрегіңе қонақтап, кеудеңнің қысылғанын сезбеген соң, Хамит ақын айтқандай, өлеңнің ақ сайтанына еріп кетпеген соң, ақын едім деп жұрт алдына шығудың керегі жоқ. Жыр киесі Сабырханда бар болғандықтан да ол туралы ой толғап отырмын. Әйтпесе, толып жатқан өлеңшілерді қолдап, өңеш созар кезден мен де өтіп кеткен екенмін.
Сабырханда күннің «заказымен» жазылған өлеңдер де баршылық екен. Сол өлеңдерінен де ақын жігіттің қолтаңбасын тануға болады. Бірақ олар қазақ өлеңінің төріне шыға алмай қалады ғой. Қазақ өлеңінің антологиясына кіретін өлеңдер ғана жазатын уақытқа Сабырхан да жетті.
«Ақ бұлттарға араласып,
Ақ құстарға айналып,
Ойларым-ау, барасыңдар,
Барасыңдар қайда алып.
Көңіл жетер көп жерлерді
Көздеріңмен көріп-ақ,
Шығайын-ақ деп пе едіңдер,
Жердің шарын айналып», – деп өзі айтқандай ақын көңілі қайда ала қашпайды.
Сабырхан сазды, ойлы, мұңды өлеңдерді көп жазды. Оның жырларынан мөлдірлік, нәзік шуақ көремін. Оның жастық сезіміне де ерекше сүйінемін. Оның көп өлеңдеріне композиторлар ән жазды. Ол әндер елдің аспанында аппақ құстармен бірге қанат қағуда.
«Оңтүстіктен басталған көктем» бүкіл қазақ даласын аралап кетті. Сол көктем құшағында көп сайраңдаған ақын досымызға жазға қарай аяңда, жазды жақсы жырларыңмен жарылқа да, күздің де жомарт көңілін таба біл демекпіз.
***
Мөлдір жырлар жазып, дос жинап, өзінің бағасын өзі жақсы түсінген, баянды тірлік кешкен ақынның бірі Сабырхан Асанов еді. Тағдыр оны бір топ өлеңімен сол кезде тұңғыш кітабы шыққан, жан-жағына қыранша қарап, қияға күнде қанат қаққан менің алдыма әкелген еді. Ол студент екен. Заң факультетінен ҚазМУ-дің журналистика факультетіне жаңа ауысқан студент екен. Қасында қара торы жігіт досы бар – екеу еді олар. Ақ сары әдемі жігіттің «әдеби тағдырын» оңай шештім. Бір-екі өлеңін «Пионерге» алып қалдым да қалған өлеңдерін Шәміл Мұхамеджанов досымның шешіміне жібердім. Шәмілге «өлеңдері жақсы жас ақынға қамқор бола көр» деп телефон соққаным да дәл бүгінгідей есімде.
Біраз жылдан кейін Сабырхан әдебиетке біржола келді. Ол да біз секілді алғашқы жылдары көрінгеннің есігінде жүрді. Көрінген үйден пәтер жалдады. Үй иесі жақтырмаса басқа жерден «бақ» іздеді. Келіншегі екеуі Алматыны біраз шарлап барып Жақан Сыздықовтың ескі үйіне кіргендері де күні бүгінгідей есімде.
Сабырхан өз есіміне ұқсаған сабырлы, салмақты жігіт еді. Асып-тасқанын көрген емеспін. Көп сырын өз ішіне бүге білетін, көп ашыла бермейтін, аз сөйлесе де аңдап сөйлейтін азамат еді. Ешнәрсеге таңырқай бермейтін, басқаның мықтылығын да мойындамайтын мінезі бар еді оның.
Жас кезінде жас ақындар ақын ағаларынан «сәт сапар» алып жатқан кезде бұл азамат «сәт сапарды» Әуезовтің өзінен алғысы келіпті. Сөйтіпті де Мұхтар ағаның үйіне телефон соғыпты. «Мен Сабырхан Асанов деген жас ақын едім, Мұқа. Өлеңдеріме Сізден сәт сапар сұрап тұрмын» – дейді ініміз. Мұхаң жат та кеп ашулансын. «Ей, шырағым, – дейді Мұхаң. – Ең алдымен сыпайылық қайда? Мен сенің өлеңдеріңді оқығам жоқ. Оқысам ұнатам ба, ұнатпаймын ба? Ұнатсам сәт сапар жазамын ба, жазбаймын ба? Сен өзің бір мәдениеттен құр алақандау жігіт екенсің» – деп Мұхаң телефонын тастай береді ғой баяғы. Моншаға түспей-ақ терлеп, жас ақын Сабырхан үйіне қайтады басы салбырап.
«Бұл өлең дегеніңіз мені Әуезовтің өзіне ұрыстырды ғой, қайтейін. «Құласаң нардан құла» дегенді басшылыққа алам деп үлкен кісіден бата алам деп сөгіс естідім ғой» – деп қиналатын. «Ештеңе етпес, бауырым. «Арсыз болмай атақ жоқ. Алдамшы болмай бақ қайда» деген ұлы Абай» – деп жұбатам мен оны. Әйткенмен де Сабырхан сол бір балалық қимылынан өзі қысылатын сияқты еді.
Әкесін әңгімелеуге құштар еді. Оның әке туралы әңгімесін әке тәрбиесін көрмеген мен байғұс қатты құмартып тыңдаушы едім.
«Келіннің келбеті дұрыс па, аққұба ма, қара торы ма?» – деп сұрады әкем, келінін әлі көрмеген бір кезінде» – дейді Сабырхан. Мен «аққұба шығар» деймін кекірейіп. Бір күні үйіме апарып келіндерін көрсеттім. Әкем бір қаға берісте: «Сорлы балам, көзің қарайған екен. Мұндайды аққұба демейді, сіріңке қара дейді» – деді. – Мен ұлдың тұңғышы болған соң қалжыңдаса беремін. «Біздің бәйбіше сіз айтқан сіріңке қара емес, қара торының әдемісі екеніне шүбәм жоқ, қария. Және бір малыңды шығын етпей қатын алдым. Несіне қиналып отырсыз» – деп қалдым. «Ұрпағымның бойы аласа бола ма деп қиналам» – деді әкем маған күлімдей қарап. «Сізге тартамыз деп ел бетіне мына мұрынмен қалай қарарымызды білмей жүр емеспіз бе» – дедім мен одан әрі қуақыланып. «Сенің мұрныңдай қыр мұрынды жұрт Бұхар базарынан да сатып алуға таба алмай жүр, балам. Қуанғаныңнан айттың-ау» – деді әкем. Мен әрі қарай таласпай тоқтадым» – дейтін еді Сабырхан әкесімен арасындағы болған бір қалжың әңгімесін еске түсіріп. Ол дүниеден өткен әкесіне деген сағынышын айтып келе жатқанын түсініп, мен оның әкесі жайлы әңгімелерін елтіп тыңдаушы едім шіркін.
Сұлу әйел, жалпы сұлулық жайлы әңгімелеріміз де көп еді. Сырласушы едік, сырымызды үшінші адамның естімейтініне сенуші едік.
Адамның адамдығы өзіне тән кісілігімен өлшенетіні рас болса, сол кісілік біздің Сабырханда мол еді. Біреудің жанын жаралауға асықпайтын еді ол. Сауысқандай сақ, тұлпардай сергек, сезімтал жігіт еді. Біреуге бір жақсылық істесем дейтін ниеті де көп болушы еді. Бірақ, біреуден бір дұшпандық сезе қалса, ол кісімен өмірі амандаспауға бар, қатты еді осы жігіт.
Әділет туын қаншама биік көтере аларын білмеймін. Өйткені оның қолында билік көп бола қойған жоқ. Сырласып жүрген бір кеште «Сабырхан, осы өмірде жете алмай бара жатқан арманың бар ма?» – деп сұрадым мен одан. «Арманым бар, Тұмеке. Заң қызметкері болам деп заң институтының екінші курсын бітіріп тұрып өлең деген әулие ҚазМУ-дің журналистика факультетіне әкеп түсірді. Үлкен ақын болдым ба, болмадым ба, оны мен білмеймін, Сіз білесіз. Әйтеуір, өлеңге берілетін атақ-абыройдан жұрдай екенімді білесіз. Беріліп тұрған Жазушылар одағының сыйлығын одаққа жаңа басшылар келді де, бермей қойды. Менің бір арманым Жазушылар одағының тізгінін ұстау еді, Тұмеке. Ең алдымен денсаулығым қанатымды жаздырмады. Екіншіден, бақ құсы дейтін әулие құс біздің басқа қонбай кетіп бара жатыр» – деді Сабырхан інім. «Мен ендеше хатшы болам деп армандап көрген емеспін. Хатшы болу үшін ақыл мен айла қатар болуы керек кісіде. Осы екеуінің бірі де менде жоғын білдім де, ол биікке ұмтылмақ тұрмақ, ондай биік бар екенін де елеп, ескерген емеспін» – дедім. Және Сәбит, Ғабит, Ғабиден ағалар шыққан биікке отырсам деу сау кісінің ойлар ойы емес қой» – дедім тағы.
«Көке, ол орында өзіміздің қатарымыз Олжас та, өзіміздей Қалдарбек ініміз де отыр емес пе, уақыт маған да бір кезегін бермес пе еді, әділ болса» – деді Сабырхан қызарақтап. Мен ойланып қалдым. «Келесі съезде мен сенің кандидатураңды ұсынайын, дайындал» – дедім мен. «Жоқ, енді болмайды, жарым денсаулықпен елге билік айту ақымақшылық болады», – деді Сабырхан күрсініп.
Елуден жаңа асқан арыстандай жігіттің саулығының кем екенін екеуміз Сарыағашқа барғанда, бір бөлмеде жатып ем қабылдағанда байқадым. Ішіме бір мұң кіріп, курорттан ол да, мен де көңілсіз оралдық. Бірге жұмыс істедік. Сол бауырымның саулығына жәрдемдесем деп қолымнан келген көмектің бәрін де істедім. Ол жаз бойы өзі туып-ескен Түркістан топырағына кетуші еді. Алматыда жазда тұра алмайтын еді ол. Қолдан бәрін қиыстырып, жаз шыға аттандырып аяулы іні, досымды күзде Алматыдан күтіп алушы едім мен.
1995 жылдың күзінде ол жылдағыдай жайраңдап кеп менің қолымды ала алмады. Біз оның мәйітін күтіп алдық.
Сабырхан ақын әдебиетке өшпес, өлмес із қалдырды. Оның өзі көзі тірісінде шығарып үлгерген жыр кітаптары сол кездің поэзиясының шұрайлысынан, шуақтысынан саналады. Оның өлеңдері өз тұстасы Төлеген өлеңдерімен бірге, ағасы Еркеш өлеңдерімен бірге болашақ ұрпақтың көзін қуантып, көңілінен шығатын жақұт өлеңдер екенін мен үлкен сеніммен айтам. Таң шығындай таза, жазғы самалдай жылы, ақша бұлттай аздаған мұңы бар Сабырхан жырлары – қазақ жырларының санын да, сапасын да көбейтіп тұр. Өзінің замандасы Жүсіп Қыдыров, дос ағасы Құдаш Мұқашев жырлары секілді Сабырхан жырлары да кезегінде қайта басылып, келер ұрпақтың қимас қазынасына айналатынына мен кәміл сенемін.
Біз көбінде өлең туралы сөйлесуші едік. Сорлы өлең соңымыздан бір қалмайтын еді-ау. Бірде машинаның рулінде мен, ол менің қасымда отырып қойнынан қағаз алып бірдеңелер жаза бастады. Мен көрмеген боп машинамды айдап келе жаттым. Іштей күбірлеп, ерні жыбырлап қағазға қаламын қадай сүйкеп отыр. Бір кезде жүзі жадырап: «Тұмаға, бір өлең мазалап жүр еді, ақыры құтылдым» – деді. Мен «оқы!» – деп ишарат білдірдім.
Жақсылықты көргенмен бірден көзім,
Шамалы оның бағасын білген кезім.
Немді алған-ау біреуге ақыл айтпақ,
Сол ақылды таппастан жүргенде өзім, – деп аяқталыпты өлеңі. «Әй, сен анада одаққа басшы болсам – деп армандап едің ғой, ақылың жоқ болса, одақты қайтіп басқармақсың?» – деп күлдім мен. «Тұмаға, сіз де бір айтқанды ұмытпайды екенсіз. Ол бала күннің арманы болатын. Бүгін Шолпанды басқарсам да, соған шүкір деп жүр емеспін бе?» деп күлді Сабырхан. Оның әсем күлкісі, әсем әзілі, бұртиып өкпелеп қалатыны бір қызық дәурен екен ғой мен үшін де.
Өзімнен жасы кіші бауырым туралы естелік жазам деп кім ойлаған. Ол менің ақындық өмірімнің дос, серігі еді-ау. Сырға берік сабаз еді-ау. Өзі туған топырағындай ыстық жүректі, туған даласыңдай кең пейілді бауырымды ойласам жүрегім мұңға толады. Тағдырға не дерсің. Тарлан ақын осы күндері тірі болса алпысқа толар еді. Біз оны жарқылдап тойлар едік қой. Дегенмен, Сабырхан жырының тойы басталып кетті. Ол тойды анау күні Ғалымдар үйінде қазақтың айтулы ақын қызы Фариза бастады. Ақын тойы жалғаса берсін.
***
Біз ақындар, бірімізге біріміз сүйеніп өстік. Алдыңғы ағаларымызды оқып жетілдік. Маған жырға сәт сапарды лирик ақын Қуандық Шаңғытбаев аға берсе, Сабырхан Асанов сәт сапарды ақиық ақын Әбділда Тәжібаев ағаның өзінен алыпты. Алғашқы өлеңдерімен-ақ көңіліме аса бір үміт сәулелерін түсірген Сабырхан ақындығын мен ерекше сыйлаған кісімін. Өзі өскен өлкесінің ыстық күні, алаулаған гүлдері Сабырхан өлеңдері арқылы көңіліңді тағы бір қуантады, жақсылыққа жетелейді.
Алпысыншы жылдардың басында Сабырханның өлеңдері барлық газеттерге, журналдарға шыға бастады. Оның өлеңдерін әдеби жұртшылық өте жылы қабылдады. Мен «Жазушы» баспасында жұмыс істеп жүргенімде Сабырхан маған бір топ өлеңдерін алып келді. Бұл өлеңдер жақсы ақынның дүниесі екені бастап оқығаннан-ақ белгілі болып тұрды.
Қарайлатып өткенді
Қаулап өсер көк те енді.
Қалқиған әлсіз құрақтар,
Көтеріп тұрды көктемді.
Мұндай жолдар нағыз ақынның, үлкен ақынның ғана қаламынан туады. Көктемді көтеріп тұрған құрақтарды ақынның көзі көріп қана қоймайды, оны өлмес өлең жолдарына айналдырады. Сезімді оятып, сергек көңіл сыйлайды саған.
Сабырханның «Тұңғыш кітап» (1963 жыл), «Таулар алыстан көрінеді» (1964 жыл), «Алматы менің жас шағым» (1968 жыл), «Шолпан» (1974 жыл), «Ақ бота» (1976 жыл), «Қоштасқым келмейді» (1978 жыл) тағы да басқа жыр кітаптары жарық көрді. Бұл кітаптар туралы кезінде жақсы-жақсы мақалалар жарияланды. Сөйтіп, ол қазақ өлеңіне көп үлес қосқан белгілі ақындардың біріне айналды.
Мен осы жігітпен өз өмір жолымда жиірек кездесіппін. Кейінгі бір жылдары тіпті жақындасып кеттік. Үйіміз ғана көрші емес, онымен көңіліміз де көрші болды. Жазған, сызғандарымызды бір-бірімізге оқып та жүрдік. Оның сыпайы мінезі, әрқашан кісі көңілін тапсам дейтін болмысы маған қатты ұнаушы еді.
Сабырхан екеуміз соңғы жылдары «Балдырған» журналында бірге қызмет істедік. Ол балаларға да жұп-жұмыр оқуға, жаттауға жеңіл өлеңдер де жазды. Екеуміз бірде бір топ өлеңді бірігіп те жаздық. Ол жемістер туралы өлеңдер еді. Бұл өлеңдер біздің шығармашылық бірлестігіміздің, достығымыздың айғағындай боп өмір сүре береді.
Сілкінбей де, ырғалмай,
Жүзін саған бұрғандай.
Сол жүзімде атамның
Мейірімі тұрғандай.
Көзің салсаң, қарсы кеп
Қаласың бір тамшы деп.
Қарайды ылғи жәудіреп
Үзіп мені алшы деп.
Екі жүректің бір жүрек боп, екі көңілдің бір көңіл боп құшақтасқан куәсіндей осы бір өлеңдер алғаш «Балдырған» журналында, кейін менің де, Сабырханның да кітабына кірді.
Сабырхан поэзиясы терең ойлы, сезімге толы әсем поэзия еді. Өмірде өзі қандай сезімтал, сергек, сұлу болса, оның жырлары да сұлу, нұрлы еді. Көп оқитын, көп тоқитын ақын бауырымның жырдағы табысына бірге қуанған кездерім аз емес. Сабырхан достыққа да адал азамат еді. Оның қазақтың белгілі жазушысы Қалаубек Тұрсынқұловпен, үлкен ақынымыз Сәкен Иманасовпен достықтары кісі қызығарлықтай еді. Ал, атақты композитор Шәмші ағасына деген Сабырханның көңіліне мен ерекше риза болушы едім. Шәмші екеуінің бірігіп жазған «Отырардағы той», «Теріскей», «Дүнген қызы», «Сағынышым менің» сияқты шығармалары халықтың сүйіп айтатын әндеріне айналып кетті.
Сабырханда тек денсаулық кемдеу болды. Ал, ақындық, азаматтық, елге деген мейірім бір емес, екі азаматқа көптік етпейтіндей еді.
Өмірде мен онымен көп сыйластым. Көп сырластым. Ешкімнің сыртынан ғайбат сөз айтпайтын ақкөңіл ақын азамат әрдайым халқының жүрегінде. Оның поэзиясы туған елімен бірге жасай беретініне бек сенімдімін. Жүрегім аса жылы қабылдайтын іні ақынның мерейтойы – халықтың тойы, оны жақсы көретін біздің де тойымыз.
Әбділда Тәжібаев,
Қазақстанның Халық жазушысы:
Көп үміт күтеміз
Өзі де нәзік, сөзі де нәзік жас жігіт маған бір топ өлеңін әкелді. Мен соларды оқып отырып, көп жерінде селт еткендей, сезім тапқандай қуанып отырдым.
«О, дала, дала, сенің кеңдігіңді,
Ержетіп тентек балаң енді білді.
Көк салсам, қуанғаннан кеудем менің
Түндіктей желпілдейді желді күнгі...» – депті жас ақын. Бұл тамылжыған сезім күй. Мұның авторы – Қазақтың мемлекеттік университетінің студенті Сабырхан Асанов екен.
Жас ақын лириканың өзіне лайық композициясын таба бастаған, әр өлеңінен жылы леп, ойлар, суреттер аңғарылады; лирикалған нысаналарын сөзуарлыққа салмай, толғай айтады да, тартымды күйден асырмай бітіреді. Осылай жырлай берсе Сабырханнан көп үміт күтуге болады.
qazaquni.kz