Сөз сәулесі
2017 ж. 29 қыркүйек
5169
2
Республикалық «Қазақ үні» газеті биыл заңғар суреткер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына орай бірқатар естеліктер шоғырын жариялады. Бұл жолы оқырман назарына мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті әдебиет сыншысы, жазушы Ілияс Омаров пен қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі Ғабдол Слановтың жазбалары ұсынылып отыр.
Ілияс ОМАРОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері
СУРЕТКЕР
Біз сөз қадірін біле бермейміз. Аузымызга түскен сөзді қиналмай айта саламыз. Сөйтсек, ең асылымызды, ең қымбат байлығымызды өзіміз арзандатып жүреді екенбіз. Сөзімізден қадір кетсе, өзімізден де қадір кететінін ескере бермейміз. Өз басым ойға азық, жүрекке нұр құятын сөз естісем де, құлаққа дарымайтын жұтаң сөз естісем де Мұхтар Әуезовті есіме аламын. Өйткені, Мұхаңды ең алғаш сөзінен танығам, ал сөзді ең алғаш Мұхаңнан танығанмын.
...1929 жыл еді. Қостанай қаласындағы қазіргі Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепке орналасқан «Қазақ коммунасы» деп аталған оқу орнында шәкіртпін. Жазда Арақарағайда тұратын нағашыларыма келіп демалдым. Нағашыларымның елі қалың қарағай ішінде екен. Бір күні кітап оқуға әуестігімді білетін нағашым Көпеш қария:
– Жиен шырақ, мына нағашыларыңа бір кітабыңды оқышы. Тыңдап көңіл көтерсін, – деді.
Қолымда Мұхаңның «Қараш-Қарашы». Бірнеше бетін оқығасын төңірегімдегілерге көз жүгірттім. Бәрі де ықылас қойып тыңдап отыр. Ішінде сауатын ашқан біреуі жоқ, сонда да кітаптың әрбір сөзін қалт жібермейді, сілтідей тынып қалыпты. Біреу көкірегіне майдай жағып бара жатқан сұлу сөзге риза боп отырғанын жасыра алмай:
–Бәрекелді, мынауың бір қызық жан екен, мүдірме, сыдырта бер, – деді.
Бақтығұл есімді ксйіпкердің боранды күні адасып кеткен қапалы күйін естігенде:
– Шіркіннің ерін қарашы, майыспауын! – деп қояды.
Бақтығұл жылқы шауып, қарсыласқан кісіні сойылға жығып кеткенде:
– Мынауың ұры болмасын, – дегендерге:
– Жоқ, ұрының ісі емес, кектің ісі, інісінің түбіне жеткен соң, амалы қанша, ашынбай! – деп екінші біреулері ара түсе кетті.
Қай-қайсысы да кітап сөзінен өздеріне әбден таныс іс пен қылықты, мінез бен құлықты айтқызбай танып, құныға тыңданды. Бұрын оқыған шығармамды оқиғасына қарап бағалаушы едім. Бұл жолы жазушының әр сөзіне ересен мән беріп, әр бояуын, әуезін құдды бір күй тыңдағандай сұғына, сусап тыңдап отырған қасымдағы кісілерге қайран қалдым.
...Мұхаңмен жүзбе-жүз жолығу қуанышы 1940 жылдан кейін туды. Көбірек есімде қалған сәт –1944 жыл. Өйткені, сол жылы Республикалық ақындар айтысы өткізіліп, оны ұйымдастыратын комиссияға мен де мүше болдым.
Айтыс үш күнге созылды. Мұхаң болса маңдайы жарқырап блокнотын тастамай, үнемі бір нәрселерді түртіп алумен болды. Әр ақын сөзін зор зейінмен тыңдап, қошаметшіл көбіктеу сөзді қабағымен тыйып тастаңқырап отырды. Асыл сөзді құлағы шалса, жадырап, жасап қалады.
Бір үзілістс, түстеп анық көру ниетімеи қасына келдім де:
– Мұха, ақындар сөзін саралау ойындасыз ғой деймін, қаламыңыз түспейді, – дедім.
– Жаңа сөзді, теңеулерді терем. Бұлардың әрқайсысын бір-бір жапырақ қағазбен ноқталап, тілдерін байлап қойдық қой, еріктеріне жіберсек, сөздің не шұрайлысын естір едік, – деп өкініш білдірді. Осы пікіріп кейінірек және бір есіне салғанымда:
– Бәлі, сөз шіркінге шекара болушы ма еді, тере білсең байсың, термесең, іздемесең, естімесең сөз екеш сөзге де жарымайсың. Сөз дегеніміз жазушының азығы ғой, – деп масаттана сөйледі. – Уақытың болса мені шығарып сал, жақын жерде – Калинин көшесінде тұрамын.
Бірге келе жатып, Мұхаңның өткен жолы айтыста сөз аңдып отырған қалпын еске түсірдім.
– Бәлі, сен оны әлі ұмытпаған екенсің ғой. Жүр, үйге кіріп сөйлесейік, – деп Мұхаң мені үйге алып кірді. Үйге келгесін, әуелі пәтерін жөндеп бермей жатқан қалалық ұйымдарға өкпесін айтып алды да, сосын сөз туралы үзілген әңгімені қайта жалғастырып әкетті.
Мұхаңа тән қасиет – бір нәрсені бастаса, оны жеріне жеткізбей тынбайтын. Осынша нұрлы сөзді, сонша нәрлі теңеуді қайдан таба береді екен деп таңданасың. Мұхаңның сондағы айтқандарын теп-тегіс жадыңа сақтап қалу қиын. Дегенмен, сол жолғы мәслихатымыздың дені әлі күнге ойымнан кеткен жоқ.
– Сен сөздің дертін қайта-қайта есіме сала бердің-ау. Бірақ, көңіліңе келмесін, сендер оның қадір-қасиетін жете түсіне бермейсіңдер, – деп бір қойды да, кідірмей ойын жалғастыра берді. – Сөз шіркін де адам секілді ғой. Оның да ала-құласы көп. Орнатқан жеріңе қорғасындай құйыла қалатын орнықты сөз бар да, қурайдың басында қылп-қылп етіп ұшып кеткелі тұрған торғайдай ұшқалақ сөз бар. Сіздің жақта арбаға екі атты парлап жекпеуші ме еді. Сонда желісті, күшті атты түпке салады да, ал басын садақша иіп, сәнді қырындап отыратын сұлу жылқыны қасына жегеді. Сөздің де сондай жүк тартқыш түптегісі мен қиғаштап сұлу жүретін маңайламасы болады. Халық соны біліп, сөз екеш сөзді де «одағай сөз, сүйкімді сөз, сайқал сөз, салқын сөз, жылы сөз» деп түр-түске бөліп жүр ғой. Біз жазушы болғандықтан осының барлығын білуіміз керек. Солай мәні мен әріне, әуені мен мүсініне қарап електен өткізіп, сұрыптап алмасақ, жазған шығармаларымыз әлде бірдемеге ұқсап кетер еді. Халық арасында небір жаңа сөз, жаңа ұғымдар туып жатады, бұл табиғи процесс. Солардың шала туғандары өліп, мезгілін біліп туған өміршеңдері қанаттанып, қажетке асады. Құдайға шүкір, сөздік қоры жағынан қазақ тілі ешкімнен кем де, кедей де емес, әдебиетіміздің қаулап өсуінің бір себебі осында жатқан сияқты.
Әңгімеге таң қалғаным сонша:
– Мұха, бұл менің ойыма да келмеген жәйт екен, – деп шынымды айттым.
– Бәлі, о не дегенің! Көрмейсің бе, жазып жүрген жігіттеріміздің біразының тілі сақау, баланың тіліндей әрі шолжаң, әрі жұтаң емес пе? – деп, Мұхаң бір жымиып қойды. – Сен менің ақындар айтысындағы сөз жиғанымды тышқан аңдып отырған мысыққа ұқсатыпсың.
– Ол теңеу ғой, Мұха, көңіліңізге келіп қалып па еді? – деп, ақталған болдым.
– Теңеуің дұрыс-ау, бірақ сөз тышқан емес те, мен мысық емеспін ғой. Сен сөздің қасиетін жетік білсең, әлгі бір құрғырларға теңемес те едің-ау, – деп күліп жіберді.
Сасқанымнан: «Әрине, Мұха», – деп, айыбымды мойныма алдым.
Сөз әлемі барынша қызық дүние, оның таңғажайып сырларын жете түсініп, қапысыз ұғу үшін халық арасында болудың, сұңғыла кәриялардың шалқар әңгімелерін тыңдаудың қаншалықты мән-маңызы бар екеніне де Мұхаңның мәслихатынан кейін ой жүгірттім.
Ана бір жылы жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ауылына барғаным бар. Сонда қарапайым қазақ балықшыларының аузынан не бір асыл сөз маржандарын естідім. Бір ғана толқынның өзін олар оннан астам түрге бөледі екен: «сылқылдақ толқын», «ырпылдақ толқын», «ақбас толқын», «ақжал толқын», «бұйра толқын», «дөдбек толқын», «ереуіл толқын», «өксік толқын» деген сөздерді тек сол жолы ғана естідім. Көк жазира теңіз бетіндегі әр алуан толқындарды көргенде халықтың әлгі атауларының соншалықты дәл, соншалықты терең екендігіне көзім әбден жетті.
Мұхаңмен бір кездескенімде осыны айтып, баяғы әңгіме түрткі болмаса, бұларға көңіл аудара қоюым неғайбыл еді деп шынымды айттым.
– Мұның дұрыс екен. Толқынның мен естімеген де түрлері көп екен. Қанышпен сөйлесіп, осындай ел түкпірлеріне экспедиция жіберу керектігін айтам, – деді Мұхаң.
Мұхаң дүние салардан бір жеті бұрын көңілін сұрауға Москва түбіндегі емханаға бардым. Мұхаң бір топ кісілермен бірге телевизордан біздің футолшыларымыздың түрік футболшыларымен ойынын көріп отыр екен. Ойын біткен соң екеуміз далаға шықтық. Мұхаң ренжіген реңмен:
– Ойын нашар өтті, қызғылықты болмады, – деді.
– Дегенмен, біз жеңдік қой, – дедім.
– Бәлі, сондай жеңіс бола ма екен! Бір де ноль деген немене? Ойында қызғылықты сурет болған жоқ, тапқырлық кездеспеді, борсалаңдап жүгіре бергенді мен жаратпаймын, – деді.
Мұхаңның бұрын футбол ойнағанын білмейтінмін, сондықтан ол жолы керемет жанкүйерлігіне таңқалдым. Ауыр сырқатын естіп келгендіктен, ұлы ағамыздың дидарына зейіндірек қарағым келді. Оның қоңырқай жүзінен, қазақтың даласындай кең мандайынан, сөйлеп кетуге әзір тұрғандай ұмсына біткен иегінен, сергек қабағынан, байсалды, орнықты жүріс-тұрысынан, сом денесінен туған халқына тән асыл қасиеттерді түгел көргендей болдым.
Мұхаң жастар шығармасын көбірек оқығанын, өкшелеп өсіп келе жатқан жазушылардың бар екендігін зор сүйінішпен айтты. Мұхаң сол үлкен қуанышын беталды дақпыртып кетпей, «мына жігіттен үміт күтуге болады», «мына жастың аяқ алысы әп-әдемі» деген сыпайы сөздерге зор баға, орасан ықыласын шебер сыйғызып отырды.
Ғабдол Сланов, жазушы
ТАУ АЛЫСТАҒАН САЙЫН БИІК
Мұхаң еске түскенде тебірене толғанбай қала алмайсың. Жарқын жаратылысты асыл мүсіні ақ мәрмәрдай жарқырай түседі, өз бойыңа да үңіліп, бар болмысыңды сарапқа салғандай боласың.
Алатаудың етегінен жағалай қарағаныңда, біріне бірі иығын артқан ақбас асқарлар қатар-қатар маңқиып бәрі де биік көрінеді. Қайсысының ең биік екенін айыра қоюдың өзі қиын. Жоңғар Алатауларының қаншама жүздеген шақырымға созылып жатқан жалпақ жапанындағы ең биік асқар – Талғар екенін анықтай да алмайсың. Ал Іле жазығына, Балқашқа қарай шығып, Алатауға алыстан бір көз салып көріңізші – Талғар шыңын сонда ғана танисың. Алатау алыстаған сайын Талғар шыңы биіктей береді.
Осы тәрізді қасыңда, күнбе-күн жолығысып жүрген көзі тірі кезінде, Мұхтар ағаның ұлы қасиетін, асқар тұлғасын, түпсіз шалқар білігін, сегіз қырлы ғалымдығын қадірлеп, жөнді тектей білмеген секілдіміз. Сондай асыл ағамыз қабаты қалың қара жердің қойнына еніп жүзін жасырғаннан кейінгі уақыт неғұрлым молайған сайын тұлғасы да іріленіп, бара-бара ұлғая түседі. Ішіңде бір бос қуыс бардай үңірейе елегізи жоқтайсың. Орны толмастай олқы, бос тұрған сияқты. Жоқтасақ та, қайғырсақ та, жұбанышымыз молынан. Бар өмірін, еңбегін көз алдымызга жайған музейі түр. Том-томдаған кітаптарын жастанып жатып қайта-қайта оқимыз, тіл үйренеміз, даналығынан сабақ аламыз.
«Лұғат» деген араб сөзі «сөздік» (словарь) деген мағынаны береді екен. Мұхаңның бар еңбегі бізге қазақ өмірінің бір ғасырдағы шежіресі де, қазақ тілінің сөздік жиынтығы – энциклопедия сияқты. Мен өз басым, әсіресе, бертін келе Мұхаңнан көп үйренген кісінің бірімін. Әрбір мақаласына дейін құр жібермей оқып, пікіріндегі, тіліндегі соны жайларды тоқығаным өз алдына, ертеде жазған «Көксерек», «Қараш-Қараш», «Қилы замандарынан» мол нәр алғам-ды. Күрделі сөйлем арқылы терең жайларды айқындап бере алатындай дәрежеге жетсем деген мақсат ылғи көкейімнен кетпейтін. «Күрделі сөйлем ғана жазушының тіл құдіретін танытады» дейтін Мұхаң.
Кестелі, мағыналы, астарлы сурет, деталь, штрих Мұхаңда ұдайы ұштасып жатады. Мағынасыз одырайып оғаш тұратын қыстырма құбылыс ол кісіде басы бүтін болмайтын. «Ақ өлең» аталған ырғақты, интонацияға құрылған шығарма, публицистикамызда Мұхаң салған іздер сайрап жатыр.
Мен өзім Мұхаң бастап әдебиетімізге енгізген ырғақты, күйлі сөзді жиі қолданған кездерім болды. Мұхаңның «қара сөзіне» ең бастапқыда көп «ғашықтың» бірі едім. «Отелло» трагедиясы Мұхаң аудармасымен сахнаға шыққан соң-ақ оның әсері бәрімізге ұйығаны аян ғой. Ғабиттің әйгілі пьесалары да содан соң туған жоқ па? Өмірімде жазған пьесам «Махамбетте» Мұхаң әсері кәдімгідей екенін жасыра алмаймын.
Мұхаңмен сырттай жиырма бірінші жылдардан бастап танысқам-ды. Ең әуелі «Еңлік – Кебек», одан кейінгі «Қарагөз» кітабын, сонсоң «Көксерек», «Қараш-Қараш уақиғасы» деген тақырыпта басылған ұзақ әңгімелерін журналдан оқығанбыз. Он бес-жиырма арасындагы бала жігіт кезімізде қазақша оқылмай қалатын бірде-бір кітап, журнал болатын ба еді?! Солардың бәрінен де Мұхаңның аталған екі драмасының өзіме оқшау әсер еткені бар.
Орал қаласы. 1927–1928 оқу жылының қысқы демалысы басталар шақта біздің оқып жүрген кәсіпшілік мектебіне мұғалімдер курсынан екі жігіт келді. Қолқалай келгендері мен болып шықтым: Сырым ролін ойнайтын, өлең айтатын, әнші бала өз арасынан табылмапты. Мен қуана-қуана құп алдым. Ертең демалыс күніміз еді. Жақында қысқы жарты ай тыныс басталады. Осы мерзім ішінде дайындап болуымыз керек дегенді айтты келгендер. «Жарайды» деп шақырған жатақханаларына ере кеттім. Сол кеште-ақ «Қарагөзді» қадағалап оқи бастадық. Бұрынғы таныстығым жайына қалды. Енді пьесаның әрбір сөзіне, әрбір адамына үңілуге тура келеді. Себебі, бұлардың ішінде пьесада бұрын-соңды ойнағандары болмай шықты. Ал мен болсам, он бес-он алты жасар кезімде-ақ өзіміздің мектепте бар ойынымызды басқаратын Хайруллин Ғазиз ағайдан көре қалғаным едәуір. Жасым он жетіге тола қоймаса да, «Қарагөзде» ойнайтындарға ән үйретуші де, режиссер болуға да тура келді.
Өлеңі көп пьеса еді ғой. Қара сөздері де ырғақты, күйлі. Ол күнде жастарға сондай пьеса айырықша ұнайтын. Өлең келген жерде әнге салып оқыдым. «Қарагөз» пьесасы бізді композитор етіп жіберді ме, қалай, әйтеуір, әр өлеңге өзімізше лайықтап ән тауып алдық. Келіссіз де болған жоқ. Тек «жар-жар» әнін білетініміз жоқ болды да, оны да өзімізше «соқаладық».
Ол кезде сахнада пьесаға жан бітіріп, өмірдің бір кесегін көрсетуді «ойын қою» дейтінбіз. Күні-түні әзірленіп жаттық, афиша, сатылатын билетке дейін дайындала бастады. Әр үйден киім-кешек жинадық. Ойынымыз бұрынғы Оралдың ірі байынан қалған биік үш қатар қызыл тас үйдің үлкен залында, революциядан кейін «Еңбек сарайы» аталған жерде қойылды. Қәсіпшілік одақтарының ордасы еді ол үй.
Ойынымыз абыройсыз өткен жоқ. Қарагөздің аянышты халіне жасы үлкендер жылап та алды. Сырымның ерлігіне, серілігіне риза болған жұрт:
– Паһ, шіркін сабазым-ай! Тусаң ту! Ерім-ақ екенсің! Қандай өжет!
– Сөз тапқырлығын айтсайшы! Жалындай шарпиды ғой тіпті! – дескен дауыстар алдыңғы қатарлардан сахнаға келіп жатты. Айқайлап, мәз боп жатқандар да бар...
Ойын кезінде қол соғып қошемет көрсету деген ол күнде атымен болмайтын ғой, ризалығын дауыстап білдіретін. Бәрінен бұрын «Қарагөздегі» сөз асылдығын айтсаңызшы! Сол кездегі өзім ролін ойнаған Сырым сөздері ғана емес, бүкіл пьесаны жатқа білуші едім. Кейіннен өз мектебімізде ойын қойғанда, жиналған халық арасынан «Қарагөздегі» Сырым сөздерін, өлеңдерін айтшы» – деп қолқалайтындар көп болатын. Өзімізше лайықтаған «Сырым әндерін» зарлатқанда, жыламаған кемпір-шал қалмайтын.
«Менің қамшым оқ жыланнан өрілген, қолда найзам жай отымен ұшталған» – деп аяқталатын Сырымның ақырғы монологін тақпақтап соғып жібергенде: «Жаңа сөз-ау, айтылмаған соны сөз-ау. Терең жатыр, терең...» деп сөз ұғатын қарттардың талай тамсанғанын білем.
Сол «Қарагөздегі» өлең, монологтердің бірқатары-ақ әлі күнге есімде.
Қырқыншы жылы күзде «Абайдың» тұңғыш кітабының қолжазбасын баспаның маған пікір айтуға бергені бар-ды. «Шын жүйріктің көсіле шапқаны» деген тақырып қойып, ойымды жазып бергем-ді. Соның соңынан, 1941 жылдың басында, «Дөң асқанның» алғашқы сигнал даналары әр мекемеге таратылған-ды. Он-он бес күн өтті ме, анық есімде жоқ, бір күні біздің бөлмеге Мұхаң кіріп келді. Есендік алысқаннан кейін, кере қарыс дөңес маңдайы жарқырап, жайласып отырып алды. Назары менде.
– Әнебір сөздерің мен естімеген сөз екен: «Жолым үй» дейсің, ә? «Қаншырдай қатқан» дейсің. Қаншыр деген менің білуімше, құстың бір түрі. Сыр бойы қазақтары солай дейтін. «Жолым үйіңді» білген емен. Ол қандай үй? Неше кереге? Е-е... – деп бірқатар өзі тізген сөздер жайын сұрап болған соң, шешіле отырып мынаны айтты:
– Кедей жігіттерің ірі көрінеді. Жер сипаттары да қонымды. Оқиғаны өзің жақсы білетін туған жеріңе құрғансың-ау, сірә? Солай еткен қашан да дұрыс болады. Менің «Абайымды» оқыған жұрт қолжазба күйінде болса да жаман атап жүрген жоқ. Өмір бойы зерттеген тақырыбым ғой, сәтсіз шықпаған секілді. Ал, оның сыры өзіме сәби шағымнан құлағыма сіңген жағдайларды өзім кәнігі білетін жерлерге қондырып, түстендіруімде деп білем... Тіл жайын алсақ, мол-мол қазынамыз әлі халық арасында шашылып жатыр. Елге шығып, халық қазынасын тергеу, зерттеу қажет. Қай өлкенің де тіл ерекшелігін қадағалап теріп, батыл қолдана беру керек. Ана тіліміз арғы заманнан, көне дүниеден бермен қарай мол-мол қазына жасады. Көне тілдердің өзін қағып-сілкіп жаңғыртып жіберсек, қайта жасауға хақы бар...
Мұның алдында «Социалистік Қазақстанда» қызметте жүргенімде Мұхаңа телефон арқылы өтініш айтып, талай мақала жаздырғанымыз есімде. Дәл уәде берген кезінде жетіп келіп мақаласын тастап кететін, не әзір болған хабарын естіп өзіміз алып қайтатынбыз. Бір бөлмедегі қызметкерлер үйіріле қалып мақаласын дауыстап оқып шығатынбыз. Мақала сайын бір жаңа пікір, жаңа сөз қосылмай қалмайтын. Онан соң сөз саптасының өзі айрықша, жарқын жаратылыс еді ғой. Шағын мақаласының өзі құйып қойғандай жұп-жұмыр, дөңгеленіп жататын.
Бір күні Мұхаң «Абай» драмасынан билер сахнасын үзіп алып біздің бөлмеге әкеп тастап кетті де, төрт-бес күннен кейін тағы бір оралды. Біз газеттің екі «балағына» шақ сиятын (подвалдық орынды «Балақ мақала» дейтінбіз. Ғ.С.) билер сахнасын әлдеқашан дайындап баспаханаға жіберіп қойғанбыз. Осы жайды айта келіп:
– Драманы тұтас басса қайтер еді? – дегенімізде, Мұхаң күлімдеп тұрып:
– Мысық жеген шектей шұбалтып қайтесіңдер. Газетке лайықты да болмас, – деп бізді де күлдіріп, өзі де жымиып шығып кетті.
«Мысық жеген шектей». Қандай бейнелі сөз. Бұрын-соңды айтылмаған соны теңеулер Мұхаңның сөйлеген әрбір сөзінде де, жазбаларында да ұшырамай қалмайтын. Жаңа орам, тың қолданыстарды таба қоятын. Жазушылығының, ақындығының, ғалымдығының үстіне шебер журналист еді. Қысылшаңда тез жазып тастайтын да қасиеті бар-ды. Мәселен, Ұлы Отан соғысы басталған жылы-ақ Мұхаңның «Сын сағатта» деген пьесасы сахнада койылды. Содан былай «Сын сағатта» деген сөзді газеттер іліп алып, қолданып кетті. «Сәт сапар» деген де Мұхаңнан шыққан-ды. Қазір оны бәріміз қолданып жүрміз ғой.
Мұхаңмен жақын сөйлесіп, көп пікірлескенім 1942-43 жылдар еді. Сол екі жылда үш мезгіл ұзақ-ұзақ Совнарком емханасында Мұхаңмен бір бөлмеде жатып, емделген шақтарым бар-ды. Менің кітапты көп оқығаныма қарап:
– Мұның жақсы әдет екен, – деді бір күні. – Батыс Европа классиктерін көп оқисың ғой өзің. Қай-қайсысын оқып болдың? – деп сұрап алды да, –классиктерді жүйелеп оқыған жақсы. Анатоль Франсты оқыдың ба?
– Жоқ...
– Ендеше, ол анау Стендаль, Бальзак, Мопассандардың жалғасы. «Тұтас замана тарихы» («Современная история») дейтін бір трилогиясы бар. Соны оқып көрші... Ромэн Роллан тым күрделі, ауырлау жазады. Біздің Максим Горький секілді, қоғам тіршілігін тамырымен қопаратын ірі тұлга. Бұл екеуі тегін достасып жүрген жоқ, екеуінің де пікірі жатқан бір байтақ, шалқар теңіз есепті...
Бірауық шығыстағы ірі тұлғалы ақындар, қолбасылар туралы да әңгіме шертіп кететін. Бұлар жайынан Мұхаңның білмейтіні жоқ-ау дедім. Өзі сол кезде ылғи тарихи тақырыпқа жазылған ұлы адамдар, ақындар, қолбасылар, өнерпаздар жайында талмастан оқып жататын. «Тамаша адамдардың өмірі» сериясынан менің шынжыр қатарынан құр жібермей оқығандарым бар-ды.
Емханада Мұхаң ақылымен бұлар жайынан да білігімді жалғастырып жаттым. Лаплас, Дизель сияқты тамаша ғалым, конструкторлар өмірін оқығаннан кейін, ұстаз ағамен ұдайы пікір алысатынбыз. Н.Коперник, Ұлықбек жайында да көп білетінін сонда түйдім. Бір күні Шыңғыс-хан, Бату туралы әңгіме қозғалды.
– Япырай, Шыңғыстың белгілі қолбасшы батыры – Сұбытай біздің Құнанбайға соншалық ұқсайтынын қайтерсің. Әне, әнекей... Қара жалды құла жүйріктің үстінде теңселіп, қалың қол басында жалғыз көзді дәу тәрізді Сұбытай кетіп барады. Көп бөріні бастаған көкжал сияқты. Ал, біздің Құнанбай да қуатты кезінде қол бастап, жорық шеккен ғой. О да қатал, бұ да қатал. О да жалғыз көз, бұ да жалғыз көз... – деп Мұхаң жымиып қойды.
Бұл – қырық екінші жылдың күзі. Сталинград түбіндегі тарихта теңдесі жоқ ұлы шайқастың қызған шағы болатын. Әдебиет тақырыбын оқтын-оқтын шертпесек, әңгімеміздің көбі соғыс тақырыбы. Сол бір шақта Мұхаң бір күні:
– Біздің совет армиясының бір ірі қимыл көрсететін сәті енді келе жатыр. Гитлер арамзаларына Еділ суынан әлі тамшы татырған жоқпыз. Қанша уақыт тіресуге шыдадық. Біздің генералитет қарап отырмаған болар-ау, бір қимылды ойламай жатқан жоқ шығар, сірә да... – деді.
Кешікпей-ақ Совет Информбюросының ақпарын оқыған Левитанның даусы таң азанда саңқылдап шыға келді. «Ноябрьдің он тоғызынан жиырма екісіне дейін Совет Армиясы жан-жақтан шабуылға шығып, жау армиясына күйрете соққы беріп, Сталинградта топталған жарты миллионға жуық жауды қоршауға алды». Бәріміздің қуанышымызда шек болған жоқ. Төсек тартып жатқан аурулардың өзі бастарын көтеріп, әрең жүретіндері де біріне-бірі барып қуаныштарын бөлісіп жатты.
Өзім де ұшып тұрып Мұхаңа таяндым:
– Япырай, Мұха, сәуегей екенсіз гой. Оншақты күн бұрын не деп едіңіз, енді қалай болды? Айтқаныңыз қалайша дәл келді! Көріпкеліңіз бар ма еді? Абыздан сізге де дарыған бірдеңе бар ма деймін...
Мұхаң тұрып киініп жатты. Жымың-жымың етеді. Бет-әлпеті қара-күреңденіп кеткен. Толқып тұр. Ол қарқылдап қатты күлмеуші еді ғой. Қатты күлгенде үнсіз ғана сылқ-сылқ етіп көзінің жасын сүрте беретін.
– Адамда сондай бір сезім бола береді. Осы бір соңғы шақтарда әлденеге елегізіп, қунақылау боп кеткем-ді. Адамның ақыл-ойы, сезім, дене бітімі, бәрінде де ғылым таба алмаған жұмбақ сырлар бар. Төрт аяқты айуан екеш айуанның да соқыр сезімі қандай мықты, қандай күшті. Біз болсақ адамбыз ғой, – деп бастап бұл тақырыпты да сан салаға бөліп таратып әкетті.
Айтатұғын несі бар, Мұхтар Омарханұлы туып бір кеткен алыбымыз еді ғой! Алдымыздағы асыл ағамыз, алтын зерлі жағамыз, еті қызған сайын үдей шабатын өрен жүйріктей шешеніміз, әдебиеттегі қол бастаған көсеміміз еді. Асыл аға үйінде де, түзде де бар болмысымен өнеге болатын.
Елу сегізінші жылы жазға салым Мұхаңның үйіне бір жұмыстың ретімен арнап барғаным әлі есімде. Жұмыс бөлмесінде ұзақ әңгімелестік. Әрі-беріден соң бағын аралатып, жеміс ағаштарының неше атасы жайында мол білігін паш етті.
Үйге кайта кіргенімізде Валентина жеңгейдің шайы да әзір тұр екен. Дастарқан үстінде әлдеқалай қымыз мәселесі сөз боп кетті. Ол жылдары үйге қымыз әкеліп тұратын бір қартым болатын. Соны естігенде:
– Бәлі, байлық сенде екен ғой, – деді Мұхаң күлімдеп. – Бізге келетін адам көптен бері көрінбей кетті. Қымызшы шалыңнан қымыз ауысар ма екенсің?
Шалдың күнара келетінін, қымызы мол да жақсы екендігін айтқанымда, Мұхаң бұрынғыдан бетер жайдарыланып:
– Ертең сол шалыңды машинамен барып алып қайтам. Үйді өздігінен таба алмай жүрер, – деді. – Мен барғанша жібермей ұстап отыр. Ертең сағат тоғыздан қалмай жетемін...
Мен болсам ерте тұрып, балаларға үй жинатып, бағымды тазалатып, үлкен сарапшы келе жатқандай болдым да қалдым. Ертеңіне дәлме-дәл сағат тоғызда Мұхаң, көлдей «ЗИМ»-ін теңселтіп жетіп-ақ келді. Мұхаң ең әуелі бақты аралады, онан соң кітапханамды көрді. Қымызшы Оспан шалмен танысты. Оның да жай-жапсарын қадағалап сұрап алды. Қымызын татып көріп, ұнатты да, машинасына отырғызып үйіне алып кетті.
Сонан кейін тағдыр бізді үйімізде көрісуді жазған жоқ.
Пенде болған соң ондай күрсінуіміз заңды да болар-ау. Әйтпесе, өкінішімізден гөрі көңіл тұрақтайтын бекінісіміз де орасан ғой! Асыл ағаны жерге тартқан уақыт ұзаған сайын тұлғасы бұрынғыдан да іріленіп, асқар биік шыңдай шырқап бара жатқан жоқ па? Ұзаған сайын шоқтығы көтеріле беретін Талғар биігі көз алдыда көлбең қаға береді.
qazaquni.kz