Ұлттың ұлы жазушысы - Әуезов әлемі

Бүгін Ұлттық академиялық кітапханасында қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың 120 жылдығына арналған «Ұлттың ұлы жазушысы - Әуезов әлемі» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.

Кездесу барысында жазушы Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы және қоғамдағы рөлі жайында әңгімелер айтылды.

Іс-шараға ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбеков, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Сақ, танымал журналистер Сәдібек Түгел мен Жұмамұрат Шәмші және т.б. қатысты. Кездесуді белгілі ғалым, ақын Иманғазы Нұрахметұлы жүргізді.

Белгілі ақын, «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбеков Мұхтар Әуезовтың қайраткерлігі мен кемеңгерлігі жайында айта келіп, оны «ұлттың ұлы азаматы» деп атады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ Мұхтар Әуезовтың тәлімгерлігі жайлы сыр шертті. Оның дүйім қазаққа белгілі «Абай жолы» романының ерекшелігіне тоқталып, бар қазақты Абай жолымен жүруге шақырды.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов – әйгілі қазақ жазушысы, драматург және ғалым. Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі. Оның екі томдық «Абай жолы» романы «Әлем әдебиетінің кітапханасына» енген.