Қалам қуаты
2017 ж. 15 қыркүйек
3363
0
Кешегі кеңес заманында өсіп, жетілген аға буын қаламгерлер мен әдебиет төңірегінде жүрген қазіргі жастар арасындағы айырмашылықты сөз етсек, бүгінгі жастарда қарапайымдылық азайып, кеудемсоқтық көбейіп отырған секілді. Бірді-екілі кітап шығарып, өздерін ғұлама санайтын «шала Шекспирлер» мен «толыспаған Толстойлар» шығармашылық бабымыз жоқ, жағдайымыз келіспеген соң өндірте жаза да алмай жүрміз дейтінді шығарды.
Біздің бір білеріміз, шын талантқа ештеңе тұсау болмайды. Әлеуметтік жағдайы келіспесе де талай жауһар дүниелерін жазып, классикке айналған тұлғалар мысалын әлемдік әдебиеттен де, ұлттық әдебиеттен де көптеп келтіруге болады. Бойында дарыны бар, өзің қамшылай білетін қаламгер шығармашылығымен ғана мойындалады. Атақ та, абырой да, басқасы да сонда келеді. Ең бастысы, біреуден бірдеңе дәме етпей, жаза білу.
Сөзіміздің басында аға буын туралы бекерден-бекер әңгіме қозғамадық. Жастар үлгі алатын, қарапайым қалпынан айнымаған қаламгерлер қазір арамызда баршылық. Астананы алсақ, жазушылардан Төлен Әбдікұлы, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Тұрлыбек Мәмесейіт, Өтен Ахмет, Думан Рамазан, Алматыда Тынымбай Нұрмағамбетұлы, Тұрысбек Сәукетай, Нұрғали Ораз, Таразда Несіпбек Дәуітайұлы; Алатау баурайында ақындардан Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Ғалым Жайлыбай, Арқада Абзал Бөкен, Арман Қани, батыста Светқали Нұржан, Сабыр Адай... болып жалғасып кете береді.
Осы қатарға фәниден бақиға көшкеніне жыл толған Марал Хасен ағамды қосар едім. Қарағандыда жатып, бірталай Нобель сыйлығы лауреаттарының шығармаларын ана тілімізге аударған қаламгер сол еңбегің бұлдамады. Тек қана: «Арманым – Буниннен басталған Нобель сыйлығы лауреаттарының дүниелерін топтастырып, жеке кітап етіп шығару. Бұл күнде әр елден шыққан он төрт нобелианттың әңгімелерін аударып, тыныстап отырған жайым бар. Міне, олар – Бунин, Хемингуэй, Хименес, Камю, Кавабата, Солженицын, Белль, Юнсон, Канетти, Г.Маркес, Махфуз, Оэ, Найпол, Памук (мен бұларды сыйлық алған жылдарына сай тізбелеп отырмын). Қайсы керек, мархаба! Ал, Мо Яньнің еш кітабы жоқ, егер жіберсеңдер, оны да көрейін. Әрі П.Коэльо («Алхимик») бастаған нобелиант болмаса да, өз алдарына ерен мықтыларды аудардым. Олардың ішінде Паустовский, Зощенко, Битов тәрізді әлді орыстар бар. Бірақ осы дүниелерімнің (аудармаларымның) бағын жандыршы деп, ешбір баспаның есігін қаққан емеспін. Ұнатса – жіберемін» деген арманын жазды өзінің «Аударма және аудармашылар хақында» аталатын шағын толғанысында.
Қаламгердің бұл арманы орындалды. Бала-шағасы осыдан екі жыл бұрын, ата-аналарының Алтын тойларының құрметіне арнап шекесіне «Нобель сыйлығының лауреаттары» айдарын қойып, «Ұршықтайын иірген сөз мәйегін...» кітабын шығарып берді. Өкінішке қарай, Қарағандыдағы «Tengri Ltd» баспасынан шыққан бұл еңбек 500 данамен ғана басылды. Қаламгер жазғандай, онда он төрт нобелианттың шығармалары топтастырылды.
Марал Хасен телегей теңіз білім иесі болды. Көзің көргендер бүгіндері «Бар байлығым – бес балам мен бес мың кітабым» деген сөзін еске алады. Бұл кітаптарды сән үшін жинамағаны анық. Публицистика, сатира, поэзия, проза, әдеби аударма салаларында еңбек еткен қаламгердің көп уақытын газет алып қойды. Өткен ғасырдың 1960-1980 жылдары қос тілде, аптасына үш рет шығатын аудандық газеттерде жұмыс істеді. Оның шығармашылығына зиянымен қатар пайдасы тиді. Көркем аудармаға газеттерде жүріп төселді. Және орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға еркін аудара беретін.
Қазір қазақ қаламгерлерінің туындылары ағылшын, испан, түрік, өзге де әлем тілдеріне аударылып жүрсе де, орыс тіліне тәржімалауды да шетке ысырып қоюға болмайды деп ойлаймыз. Ормандай орыс оқырмандары қазақ әдебиетін мойындауы үшін және арамыздағы осы тілде ғана сөйлейтін қандастарымызға әдебиетімізді оқыту мақсатында бұл қажет. Оның сыртында ТМД елдері бар.
Марал Хасен осыны түсінген болуы керек, қазіргі бірнеше қазақ жазушысының шығармаларын орыс тіліне тәржімалады. Бір қызығы, қаламақы үшін емес, көңілінен шыққан соң аударманы қолға алды. Мәселен, Әмірхан Меңдекенің «Жас Алаш» газетіне шыққан сын мақаласынан кейін Асқар Алтайдың «Киллер сауысқан – Көзжендет» әңгімесін аударды. Аударманы жасап барып, «Литературный Казахстан» журналына жариялаған соң ғана авторға хабарласыпты. Бұған таңғалған жазушы аудармамен танысып барып, түпнұсқа мен аудармада алшақтық жоқтығына риза болыпты.
Сондай-ақ, Думан Рамазанның «Көкжал», «Алланың әмірі» шығармаларын қосқанда бес әңгімесін, «Кенесары-Күнімжан», «Абылай хан» драмаларын, Сая Қасымбектің «Кім кінәлі?» бастаған бірнеше пьесасын орысша сөйлетті.
Публицистикаға келсек, академик Ебіней Бөкетовтің «Шоқанның шуақты шұғыласы» атты көлемді еңбегін, Сейдахмет Құттықадамның «Ілияс Омаровтың рухани қаһармандығы» мақаласын, т.б. көптеген туындыларды қазақшалады.
Марал Хасеннің шығармашылық жолы сықақ әңгімелерден басталған. 1966 жылы республикалық «Ара» журналы ұйымдастырған бәйгеде «Қисса әл қазағия» шығармасы атақты Оспанхан Әубәкіровтің туындысымен үзеңгі қағысып келіп, бірінші орынды бөлісті. Сол уақытта Оспанханнан бата алғаны да бар.
Біздегі биліктің бір кемшілігі, қаламгердің шығармашылық мүмкіндігін пайдалана білмейтіндігі. Кешегі Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сынды қайраткерлердің жоқтығы осындайда білінеді. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу туралы айта келіп, қазіргі аудармамен айналысатын ұйымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру мәселесін қозғады. «2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарға кірісе бергені жөн» дейді. Міне, жаз да аяқталуға жақын, алайда бұл бағыттағы жұмыс басталғанын әлі естімедік. Біздіңше, аударма жұмысы қаламгерлерге жүктелсе, іс алға басады. Алаш арыстары – Мағжан Жұмабаев «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытов «Психология» оқулықтарын жазғанын ескерсек, қаламгерлерден артық аударманы ешкім жасай алмайды.
Айтқандай, Марал Хасен «Әлемдік әлеуметтану антологиясы» еңбегінің аударылуына сүбелі үлес қосып, қарағандылық тарихшы Әбдіжаппар Әбдіәкімовтің «Қазақстар тарихы» оқу құралын, тарих ғылымдарының докторы Тұрсын Сұлтановтың «Ақ киізге көтерілгендер. Қазақ даласының хандары» ғылыми жұмысын аударды.
Қаламгердің аудармашылық қарым-қабілетін «Әлем әдебиеті» журналы пайдаланды. Марал Хасен басылымның авторы болып, бірталай аудармалары осы журналда басылды. Ағаның көркемдігі кез келген жазушыдан кем түспейтін төл прозалық туындылары да бар.
Сөйткен қаламгерді Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне қабылдамады. 2012 жылы сәйкес ұсынысты Теміртау қаласында тұратын ақын Қасым Ботанов, кепілдемені Думан Рамазан жазды. Алайда нәтиже шықпады. Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы қайда қарап отырғаны белгісіз, одан кейін қаламгер төрт жыл өмір сүрсе де, одақ мүшесі деген куәлікке қолына тимеді...
Бірақ, оған бола мойыған қаламгер жоқ, жазуын жазып, аудармасын жасап, отыра берді. Нобель сыйлығының кейінгі жылдардағы лауреаттары қазақ тіліне аударылмады деп қазір ауызымызды қу шөппен сүртіп отырмыз. Ал Марал Хасен 2015 жылы бұл сыйлықты алған Светлана Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» кітабын тәржімалап шықты. «Жанына жабысқан дерті батып отырса да, күнде аудармаға отыратын» дейді мұрасына ие болып отырған жары Рымбала Смайылова.
Көзі тірісінде қаламгер «Нобель сыйлығының лауреаттары» айдарымен екінші кітап шығаруды армандады. Алайда оған ғұмыры жетпеді. Апайдың айтуынша, қазір материал жеткілікті. Соны баспадан шығарып, Астанада өткізілуі дәстүрге айналған халықаралық кітап жәрмеңкесінде тұсауын кессе, құба-құп болар еді. Біздіңше, 500 данамен ғана шыққан бірінші кітабының да екінші қайтара басылғаны артық емес. Бұл іс енді Рымбала апайға, бала-шағасына, қаламдас іні-қарындастарына аманат. Ақын Абзал Бөкен айтпақшы, сонда «Қаламының ұшынан тамған сия қаламгердің қадамың әрі қарай жалғай берер».
Аманғали ҚАЛЖАНОВ
Телегей-теңіз Марал еді...
Асқар АЛТАЙ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: – Марал Хасен көркем әдебиетті тәржімалауға кеш келгендей көрінгенімен, журналистік ұзақ шығармашылығында түрлі аудармалық көсемсөздер қотарып, мол тәжірибе жинақтап, тәржімашылық сыннан сүрінбей өткен сияқты. Аудандық, облыстық баспасөздің майын ішкен азамат көркем тәржімаға да ешкімнен ұялмастай сөзұстаныммен келгені, терең талғам, ұшқыр қиялмен сөз сиқырын меңгергені шындық. Әлем әдебиетінің ішінен қазақ тіліне аударған жауһар дүниелерді салыстыра қарасақ, әйгілі түрік сатиригі Әзиз Несиннен бастап орыстың сөз зергері Иван Бунинге дейін, американдық ұлы суреткер Теодор Драйзерден колумбиялық даңқты жазушы Габриель Гарсиа Маркеске шейін, атақты Альбер Камюден бүгінгі беллетрист қаламгер Пауло Коэльоға дейінгі сайдың тасындай сұңғылаларды таңдап алыпты. Осыдан-ақ Марал аудармашының талғамының биіктігі мен өзіне жүктеген жауапкершілігінің жоғарылығы анық танылады. Әлемге әйгілі ағылшын суреткері Сомерсет Моэмнің қызықты әңгімелерінің бірі «Луиза» аудармашының қаламынан қыздың баласындай жұтынып шыға келгені шындық. Шағын ғана әңгімеге Луиза қыздың талайлы тағдыры мен әйел болған ғұмырындағы күрделі психологиялық ахуалын айнытпай суреттеп, шеберлікпен бір шығарма бойына сыйдырып жіберген әлемдік жазушы стиліне разы-қош болмасқа шараң жоқ. Міне, осы стильді аудармашы да шығармашылық процесс кезінде айна қатесіз сақтай алғанымен қадірлі. Соңғы кездері ана тілімізге аударылып жүрген шетелдік шығармалар туралы сөз бола қалса, әркім-ақ тәржіма шығармалардың сын көтермейтінін, аударма сапасының тым төмендеп кеткенін айтып жататыны өтірік емес. Сөзді сапырылыстырып, бос қолданатындар туралы, орнымен жұмсамай, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп лағып кетушілікті жиі естіп жүрміз. Ал Марал ағаның аудармасынан ондай ауа жайылушылықты байқамақ түгілі әдейілеп іздеп те таппайсыз. Кез келген көркем тәржімасында әр сөзге баса мән беріп, Абай атамыз айтқандай көркем сөздің кетігін дәл тауып, «кірпіш» етіп орнына қалай бергені анық байқалады. «Луиза» әңгімесінде жас әйел мен оның жек көретін сырласы болып табылатын белгісіз кейіпкер немесе автор бейнесі аса шетін, күрделі психологиялық ауанда суреттелсе де, аудармашы сол күйді мейлінше дәлме-дәл аударып бергендіктен қазақ жазушысы жазып отырғандай әсер етері түсінікті... Мен аудармашының біраз шығармаларына көз жүгіртіп шыққанымда, оның ана тілінің ұңғыл-шұңғылына терең үңіліп, тілдің қолдану реңін тап басып тану ерекшелігіне риза болдым. Сондай-ақ, тәржімашы жазушылардың психологиялық сипатта жазылған шығармаларына мән беруге және сондай шығармаларды аударуға күш салатынын байқадым. Дүниеге кең тараған жазушы Иван Буниннің «Окаянные дни» атты көлемді көркем һәм публицистикалық повесі аса ойлы да ауыр көңіл-күйге құрылған дүние. Марал Хасен осы бір астары қат-қабат болып жазылған шығарманы қолға ала отырып, ойдағыдай етіп жатық аударып, қазақ оқырманына риясыз ұсынған... Біздің халықта бір жаман мақал бар: «Ауылдағының аузы сасық». Марал Хасен сол кепті құшқандай әсер қалдыратыны рас. Болмаса, Құдай берген дарыны ауылдан ұзап шықпай, облыс көлемінде ғана белгілі болып қалғаны өкінішті-ақ!.. Сол кезде Алматы секілді салиқалы шаһарға табан тіреп, сарабдал әдеби ортада жүрсе, талант қыры да ашылып, әдебиеттің белді бір өкілі болар ма еді деген ой маған келе береді. Әйтпесе сөз ұстаған қазақ баласы ауылда ғой. Қазақ қаламгері ауылда туып, ауылда тіл құнарына қанығып, қалада тек соны орнымен қолданып, ақ қағазға құныға жұмсап қана жүрген жоқ па?! Иә! Бірақ, Марал Хасен бойына біткен талантын тұншықтырып тастамаған жан екен. Оған Құдай қосқан жары Рымбала апай да үнемі дем беріп келгені байқалып тұрды... Қырық жылдан астам журналистиканың отты өтінде еңбек етсе де, Марал аға көсемсөзші ғана болып қалмапты. Ол артына өлмес мұра – асыл сөз өнерінің үлгі тұтар әңгіме, аударма және өшпес із боп қалар – ұлағатты ұрпақ өрбітіпті. Жан жары Рымбала апаймен ғибратты ғұмыр кешіпті! Бұл – бүкпесіз ақиқат. Әмірхан МЕҢДЕКЕ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: – Марал Хасен аға біздің («Жас Алаш» газеті – А.Қ.) тұрақты оқырманымыз екен. Өзіне тән бұйығылықтан болар, бұрындары хабарласып көрмеп еді, Оспанхан Әубәкіровтің мерейтойына орай шыққан мақаланы алған бетте телефон шалды: «Бірәдарлар, мен сол Осекеңмен дәмдес болып едім, ол кісінің егініне арагідік түсіп тұрамын, Қарағанды қаласында тұратын журналист боламын» деп өзін таныстырды. Одан әрі біз шығармашылық байланысты болдық. Жұбайының бір топас бастығын оңдырмай сынаған: «Оу, әуелі кім нету керек?», ал одан кейін қоғамда болып жататын келеңсіз жағдайларға жауап ретінде, біздің «Бүгінгі сатира» деген айдарымызға үн қосып: «Өтімді тауар», «Есімдер туралы», «Жарты прәндік» деген сықақтарын және 2015 жылғы Нобель сыйлығын алған орысша жазатын беларусь жазушысы әрі журналист Светлана Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» деген кітабының аударған бір тарауын, басқа да материалдарын жіберіп тұрды. Біз газеттің мүмкіндігінше оларды басып шығардық, ал қоржынымызда әлі бірталай материалдары жатыр. Ағаның алғаш сатирасы шыққанда бірталай қоңырау соғушылар болды, олардың арасында бірі: «Жоғалтып алып едім, бар екеніне қуанып қалдым» деп хабарласқан да болды, материал оқырмандардың арасында жақсы резонанс туғызды. Алматыға келгенде бізге әредік соғып та тұратын. Ол кісімен әңгімелескеннің өзі бір ғанибет. Бірде осы қаланың баспасынан шыққан кітабын алып қуанып келді. Өзінің шығармашылықпен айналысуға ден қойып, алаңдап жүретіндіктен кітабының атын «Мазасыз күндер» деп атағанын айтты. Ол кітабындағы ең салмақты материал: орыс жазушыларының арасынан Нобель сыйлығының лауреаты (1933 ж.) атағын алғаш иеленген И.Буниннің «Зұлматты күндері» екен. «Ол шығарма Ресейдің өзінде әлі кітап болып шыққан жоқ. Мен оны өзімнен бұрын біреу тәржімелеп қоймасын деп Интернеттен шығартып алып, жанталасып тез аударғандықтан ауруханадан бір-ақ шықтым ғой. Әрі оны өзім жазғандай-ақ күйзелістерін аударған кезде жүрегім ауырып, тіпті жанымды жегідей жедім десем болар, оны кітаптың аты да айтып тұр» деді. Марал Хасеннің нобелианттардың енді бірнеше томын шығармақшы болған жоспары іске аспағанымен, келесі томының материалдары дайын тұрғанына қуанып қалдық. Бұлардың бәрі ағаның саналы ғұмырында қалдырған өшпейтін ізі ғой... Думан РАМАЗАН, жазушы-драматург: – Қаржы тапшылығына байланысты 2016 жылы «Әлем әдебиеті» шығуын тоқтатқанша, бас редактор болып еңбек еттім. Әрине, журналды шығару жолында көптеген авторлармен қоян-қолтық жұмыс істедік. Солардың бірі де, бірегейі де – қарағандылық қарымды қаламгер Марал Хасен ағамыз еді. Алғаш журналға жіберген аудармаларымен таныстық. Анау-мынау емес, кілең шетел классиктерінің шығармаларын аударады. Және қалай аударады десеңізші, тілі сондай жатық, шұрайлы, ойы анық, стилі қанық. Бір сөзін де өзгертпей журналға жариялай беруге болады. Аудармасы ұнағаны сонша, нөмір сайын, кейде нөмір аралатып беріп тұрдық. Біз де риза, ол кісінің де көңілі тоқ. Ағамыз аударма жіберсе, кәдімгідей қуанып қалатынбыз. Өйткені, бізге де жеңіл, тиімді... Республикалық басылым болғаннан кейін еліміздің түкпір-түкпірінен аударма шығармалар келіп жатады. Солардың басым көпшілігінің аударма деген аты ғана. Шала-шарпы, жүрдім-бардым, нашар аударылған аудармалар. Амал жоқ, кейбіреуін өңдеп-жөндеп, журналға жариялайтынбыз. Кейбіреулері тіпті өңдеп-жөндеуге келмейді, ондайларды еріксіз «Басуға жарамайды!» деп белгі соғып, мұрағатқа жібере беретінбіз. Ал Марал ағаның аудармалары келсе, еңсеміз көтеріліп, қуанып қалатынбыз... Келе-келе журналдың мазмұнын байыту үшін сенімнен шыққан қаламгерлерге «ана жазушының ана әңгімесін аударып беріңізші, мына ақынның мына өлеңін аударып беріңізші!» – деген сыңайдағы тапсырыстар бере бастадық. Марал ағамыз жауапкершілігі жоғары, әрі ұқыпты адам еді, жарықтық. Айтқаныңды асыра, әрі уақытында орындап береді. Біз Марал ағаға Нобель сыйлығы лауреаттарының шығармаларын аударттық. Өте жақсы аударды. Ол шығармалардың бәрі кезегімен журналымызда жарияланды, кейіннен кітап болып басылып шықты. Бұл үлкен еңбек еді. Өкінішке орай, дәл қазір аудармашылардың еңбегі еленбей тұрған кез ғой! Елене, бағалана қоймады! Марал ағамызбен кейіннен бірнеше мәрте жүзбе-жүз кездесіп, әңгімелестік. Адамдығы мен адамгершілігі жоғары, ақ көңіл, кең пейіл, жүрегі жұмсақ жан екен. Әзіл-қалжыңды да жақсы көреді екен! Көбінесе, өмірлік серігі, жан жары – Рымбала апай екеуі қос аққудай жарасып бірге жүретін. Жалғыз-жарым жүргенін көрмеппін. Рымбала апамыз ағамыздың тап бір әдеби агенті сияқты. Журнал қызметкерлерімен Марал ағамыздың атынан сөйлесетін де, келісім жасайтын да, тіпті аударған шығармаларын редакцияға жіберіп отыратын да Рымбала апай болатын. Ағамыз бен апамыздың керемет бір жарастықта, сыйластықта өмір сүргенін мен жақсы білем. Оған өзім талай мәрте куә да болдым... Кеңес ЖҰМАБЕКОВ, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі, мемлекеттік сыйлық лауреаты: – Әлі есімде, Қасым Аманжоловтың мерейтойы Қарқаралының баурайында дүркіреп өтті. Алматыдан келген өнер қайраткерлерімен түнгі самал ауада қыдырыстап келе жатсақ, көл жақтан «Желсіз түнде...» әні есіп тұр. Бәріміз үнсіз ғана құлағымызды түріп қалдық. – Радио емес, тура көл жақтан шығып жатыр, – деп Әшекең (профессор Әшірбек Сығай), біздің бетімізді сол жаққа қарай бұрды. Қалың қарағайды көктей өтіп келсек, су жағасындағы жартастың үстінде Марал ағай мен жеңгей бір-біріне бастарын сүйеп, көл бетіндегі дірілдеген толқындарға сүйсініп ән салып отыр. Осы көл жағасындағы көрініс, табиғаттың қайталанбас хас сұлулығы Абай әнімен ерекше үндестік тауып түнгі аспанда қалықтап тұрды. – Бұзбаңдар әдемі көріністі, – деген Әшекеңнің белгісімен бәріміз ұйып тыңдап тұрып қалдық... Кейіннен Әшекеңмен кездескенде Марал ағайды сұрап: – Сондай білімдар әдебиетшілер жоқ қой шіркін, бәрінен де әнін айтсаңшы! – деп, сол көріністі тамсана еске алатын. Марал ағамыз елеусіз ғана өмір кешкенімен, артындағы ұрпаққа әлем әдебиетінің кәусар бұлағының көзін ашып, бейне бір құмарлана жұтып, шөлдеріңді қандырып алыңдар дегендей сарқыраған мөлдір суын қалдырып кетті. Тоқтар Серіков нәшіне келтіре орындайтын «Дүние-ай» термесіндегі «жамандар жақсымын деп айқайлайды, жақсылар жақсымын деп айта алмайды» деген жыр жолдары дәл осы Марал ағамызға арналғандай... Рымбала СМАЙЫЛОВА, Марал Хасеннің зайыбы: – Құдай қосқан сыңарым, серігім де сырласым, мені сүйген асыл жар, баға жетпес ардағым, азаматым-асылым, қуанышым, мұңдасым, еркіндеп сөйлер құрдасым, бар байлығым, базарым!.. Қайсыбірін айтайын, мені жазу-сызуға, өмір атты әлемнің алуан сырын тануға баулыған университетім – Маралым, менің Маралым!.. Ауыра бастағанда жүруді азайтты, үйге қаншама газет-журнал жаздырып алғанына қарамай, әр жердегі дүңгершектерден сатып алатын газеттеріне мені жібереді: «Ана киоскіден ананы, басқа киоскіден мынаны аласың» деп олар түсетін күні мені жұмсайды... Бір күні жатқан орнынан тұра салып, қолына «Совершенно секретно» деген журналды алып, үстел басына отырды. Мен: «Маркен, сен енді демаламын дегенің қайда?» десем, «Менің қашан жұмыс істегеніме араласпа!» деп тыйып тастады. Сол бойы шабытына мініп, детектив жанрындағы бір шығарманы аударып тастады. Сосын аз тыныққан соң, төсегіне жатып маған «диктовка» жасады, компьютерден басып шығарып берген қағазыма өз қолымен «Қарагөз қарындасыма» деп бұрыштама жазды. Сол аудармасы газетке шыққанда, Қарагөз Смаділге қатты разы болды. Телефоннан «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысымен сөйлесіп: «Осылай дүркін-дүркін детектив жіберіп тұрсам, газетке беріп отырасың ба?» деп келісімін алды. Алайда, келесі детективке шамасы келмеді ме, әлде төпелетпей, кейінірек аударам деп ойлады ма білмедім... Жатқан бөлмесінің бір қабырғасын толтырып кітап сөрелерін қойған едік: «Мен тұрғаннан кейін мынаны аударам, әзірше оқи берейін» деп, екі рет «Доктор Живагоны» сұрап алды. Бірақ кітап ауыр, қолы тез шаршап көп оқи алмады, ұстауға жеңіл болсын деп, сканвордтары бар журналдар әкеп беріп тұрдым, оның ара-арасында басылатын анекдоттарын оқып көңіл көтеретін... Балалар әкесінің бұл жағдайына қолдан келгеннің бәрін жасап бақты, құлындарым. Америкада жасалған көпфункционалды керуетіне шейін сатып әкеп беріп, дәрілерді де үйіп тастады. Сол укол-дәрілердің көмегімен тұрамын деп қатты үміттеніп еді, өзіміз де сеніп қалдық. Марал шен-шекпен, атақ-даңқ дегенге құмартқан адам емес. Оны сол атақсыз-ақ, абыройдың өзі табатын. Жазғандарын іздеп жүріп оқитын, кездескенде немесе телефонмен ризалықтарын айтып жататын оқырман-бағалаушылары болып бақты, соны дәтке қуат ететін... Айтып-айтпай не керек, менің таусылмайтын жырым, байлығым да базарым еді, Маралым. Базарым тарқағандай... P.S. Марал Хасеннің анасы – Әлкен Бекмырзақызы «Құрмет белгісі» орденінің, бірнеше медальдар мен «Қазақстанның XV жылдығы» белгісінің иегері болатын. Сондай-ақ, алғашқы шақырылған Қазақ ССР-ның Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған Жаңаарқа ауданы бойынша тұңғыш қазақ әйелі. Марал ағамыз ол туралы кітапты бастап, алайда аяқтай алмай кетті. Бұл істі Рымбала апай жалғастырып, қорытындысында биыл Жаңаарқа ауданының мәдениет үйінде «Ескенеден шыққан елге танымал Ана» атты кітаптың тұсауы кесілді. Сонымен қатар Рымбала апай «Телегей-теңіз Марал еді» атты естеліктер кітабын шығарды. qazaquni.kz