Сәкеннің соңғы сәттері
2017 ж. 30 тамыз
4983
11
Сәкен Сейфуллин тағдыры туралы көп толғанатын. Сақшылық жұмыста жүріп бірде Қазақстаннан келген сонау Берия жендеттерінің өз ауыздарынан олардың сұңқар ақынды қалай азаптағандарын естіп, жаны түршікті.
Сәкенді бірден ата салмай қинап өлтіруге сол Лаврентий Берияның өзі тікелей бұйрық берген көрінеді. Бастықтары соны айтқан соң көзіне қан толған баскесерлер аяна ма, «тапсырманы» әдеттегідей асыра орындау үшін тұтқынды екі сағат сайын шығарып тергеп, тепкінің астына алып отырған екен. Ақынға тағылған «жапон шпионы» деген айыпты құлағы шалған жауыздардың бірі:
– Әй, қаншаға сатылдың сен жапондарға?! Айт, сыболыш! Айт деймін саған кәне! Айт! Айт! – деп бір қолымен қалың шашынан алып жұлқи көтеріп тұрып, екінші күрзідей жуан жұдырығымен былш еткізіп беттен ұрды.
Ауыр соққы тағы да шықшыттан тиді. Көзінің оты жарқ еткен. Шалқалап барып, тас қабырғаның жиегіне кісендеулі қолы қайырылған күйде құлап түсті. Жығылғанда бір жақ иығы күтір ете қалғандай болды да, бірден сырқырай қақсап қоя берді. Ауырсына ыңырсып, қайта көтерілуге әрекеттенгенімен, кирелеңдеп тұра алмады. Бәрібір қайта-қайта жұлқына ұмтылып, қалайда екі аяқтан түрегеп кетуге тырысқан. Әбден зәрезап қылған жендеттердің тепкісінен қашқандағысы еді. Екі-үш рет тағы да жанталаса талпынды. Бірақ басы айналып, қайта құлады. Мына қаныпезерлер алдында ғана соққының астына және алған. Сәкеннің құлағанын өтірік талықсыды деп жорыған үш қарақшы сүйрелеп жүріп тағы тепкіледі. Темір тағалы зілдей етіктерінің бұзау тұмсығы басы-көз, бүйрек-бауыр деп қарап жатпастан, денесіне гүрс-гүрс тиеді. Біреуінің ескі етігінің табанынан ырсиып шығып қалған шегенің ұшы ма, әлде ұлтанның пышақтың жүзіндей өткір қыры ма екен – қарының терісін сыдырып түсті. От орнындай жер әп сәтте қарақошқыл қанға боялды. Аяғына жұққан қанды тұтқынның көйлегіне сүртіп тұрған жендет жиіркене кіжінініп, дәлдеп алды да, тұмсықтан тепті:
– Мынаған әйел біткен неменесіне ғашық болады екен-ей, осы?! Көнектей болып көгерген бетіне қызыға ма? Әлде жырылған аузына ма? Шодырайған шекесіне ме? А?! Әкеңнің аузын! Твою мать! Контра!..
Былш еткізіп тағы соқты.
Есін екі күннен кейін бір-ақ жиған. Бір кісілік камерада жалғыз жатыр екен. Абақты бөлмесі тар. Қаракөлеңке. Есік жақтағы бұрышта темір аяқ тұр. Онда сылдыраған быламық көже немесе жайдақ су болады. Сәкен су болса екен деп тіледі. Тұрмақ болып аунай беріп еді, қатты ауырсынғаннан дауысы шығып кетті. Сол қолы сыныпты. Бұғанасы күтірлеп, жаны көзіне көрінді. Аз тыныс алған соң көйлегін жыртып, қолын таңды. Ыдыстағы – қара су екен. Жылымшы суды басына бір-ақ көтеріп сіміріп салды. Маңдайынан шып-шып тер шыққан. Қолы сырқырағаны болмаса бойы аздап жеңілдегендей. Бірақ бір көзінің түбі ине сұққандай қатты шаншып ауырды. Ауыр соққыдан қанталап, ісіп кетсе керек. Кешегі, яки алдыңғы күнгі жағдайды ойлай бастады. Қанша қиналса да, есінде жендеттердің соңғы тепкісінен өзге ештеңе қалмапты. Бәрі ұмыт. Біреу әдейілеп санасынан өшіріп кеткендей. Қалай келіскені бір Аллаға ғана аян, әйтеуір, Гүлбаһрам үш минут тілесуге рұқсат сұрап алыпты. Сәкен қатты толқып кетті. Гүлбаһрам іздеп келген екен ғой. Аян жанында ма?.. Сансыз сұрақтар санасын осқылап өтті. Күзетші алып шыққанда бірден Гүлбаһрамды көрді. Жауап алатын азап бөлмесінің қарсы алдында селтиіп тұр. Екі ортада темір тор бар. Сәкен таяп келгенде байқады, әйелі жылапты. Екі көзі бұлаудай. Қазірдің өзінде ернін жымыра тістеніп, әзер тұрған сияқты. Ол бұған бір көз тастады да, үрпиіп, елең-елең етіп, ұзын дәліздің екінші басына қарай мойын созды. Сәкеннің жүрегі атқақтай соқты. Таяп келіп, сыртынан тесіле қарап тұрып қалды. Бірақ уақыттың өлшеулі екені есіне түсіп: – Иә, қал қалай? – деген сөзді таңдайы құрғап кеткендіктен дауысы құмығып зорға айтқан. Гүлбаһрам жалт қарады. Тіл жоқ. Қарақат көзі шарасынан шыға басын изей береді. Иегі дірілдеп тағы да жылағалы тұр. Сәкен оның өзін танымағанын сонда барып аңғарды. Тағы да баяу тіл қатты: – Гүлбаһрам, бұл мен ғой! Сәкенмін! – деп тамағына өксік тіреліп, сау қолымен шаншып кеткен жаралы иығын ұстап, ауырсына тыжырынып қалды. Сол-ақ екен, жары аңырап қоя берген... Үйге жетісімен сұлқ құлады. Тыпыр етпей үш күн жатты. Жастықты құшақтап үш күн бойы егілді. Төртінші күні сүйретіліп зорға көтерілген. Әйтеуір, ұлы Аян үйде емес еді. Қайынағасы Жақаң біраз уақыт бізде жүре тұрсын; мұның да жүрегі ауырып бітті әбден деп соңғы бір келгенінде алып кеткен-ді. Орнынан әрең тұрып барып бетін шайды. Қолжуғыш тұсындағы шар айнаға қарап өзінің құр сүлдері ғана қалғанын көрді. Бұ кезде Сәкеннің жайын білу үшін Жақан ағасы да келіп қалыпты. Оған бөтен ешкім естіп қоймасын дегендей сыбырға жақын үнмен: – Бітті. Бәрі бітті, аға! – деді жыламсырап. Мұның түрін көріп екі көзі тас төбесіне шыға аңырайып қалған Жақан сабыр сақтады: – Келін қарағым, немене, бір жаманат хабар естіп келдің бе?! – Жаманаттың жайын көріп келдім, аға! Гүлбаһрам өкси отырып, барлық көргенін баяндады. Жақан үнсіз тыңдап отырды да, аздан соң жас балаша кемсеңдеп кетті. Зорға жүр екен: – Әй, жауыздар-ай! – деп бір-ақ ақтарылды. Көзінен домалана тамған бармақтай-бармақтай жас иегінен сорғалады. Қайынағалы-келінді екеуі көрісіп, ұзақ жылаған. Ертеңіне Гүлбаһрам Сәкенге деген ақ махаббатын бір ғана әрекетпен соқыр санаға сәуле құйғандай жарқ еткізіп көрсетті. Айна алдына келіп, тілерсегін қаққан мойыл қара шашын уыстай ұстап тұрып желке тұсынан шорт қиды. – Сәкен ғана сипаған шаш еді, – деді қыстыға тұрып, – енді басқа бір жан сипамас! Сәкен жоқ жерде сорға біткен сұлулықтан не қайыр! Сәкенмен бірге жерленсін. Жақан аға, апарып көміңіз мына шашты. Көзім жұмылғанша адал махаббатымның белгісіндей болып көрінер шаш көмілген молаға барып Сәкенімді еске алып мінәжат етейін! Ақыры солай болды да. Қос бұрым көміліп, Гүлбаһрам сол жерге барып дұға оқуды дағды қылды... Ғалым осы жағдайды қарасөзбен жырлап, жүректен тамған қандай сыздықтата тербеп, ұзақ зар-толғау жазды. Тереңнен қозғап, тебірене көсіліп еді. Ақын өмірінің соңғы сәттерін мөлдірете суреттеп еді. Толғауын «Сәкен-сұңқар азабы» деп атаған. Жауыз жендеттердің қылшылдаған қырық екі жастағы сом денелі Сәкенді қалайша аяусыз қорлап, аз күндер арасында қаусаған шал кейпіне түсіргенін, оның сүйген жарының жан азабын, жан-жақта не болып жатқанын түсінбей, анасына көзі бақырая аңырып, үрейлене қараған шарасыз бүлдіршін Аянның қасыретін мейлінше дәл кестеледі. Сол жолы да сонау қанішер жендеттердің әкелерінің құны қалғандай Сәкенге неліктен соншалықты кектену сырын іздеп көп толғанды. Ақыры, ондай тумысынан бақытсыз бейшаралардың Сәкендей сұңқарлардың сәні мен салтанатын, дарыны мен арынын ешқашан кешіре алмайтынын түсінген. Тегінде, Ақындарды Құдайдың жердегі өкілі дейтін сөз бекер емес. Әм Сәкен жай ғана Ақын емес-тін. Жаратқанның нұр-шапағатынан, мейірім шуағынан құр қалған әлгіндей қараулар Алладан ала алмаған өшін жердегі жарты Құдай Сәкендерден алғысы келе ме деп түйіп еді. Сондықтан мұндайды басқа салмасын; бейбіт өмірде де ісіңді түсіре көрмесін ондай қаражүрек зұлымдарға дегеннен басқа лаж кәне.
Құлтөлеу МҰҚАШ,
"Ұзақ бұралаң жол" романынан үзінді
Қазақ үні