«Абай жолы» романының жарық көргеніне 75 жыл толуына орай кітап көрмесі өтті
2017 ж. 11 тамыз
6579
0
Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының жарық көргеніне 75 жыл толуына орай «Бір кітап көрмесі» және «Құлақтан кіріп, бойды алар» атты дөңгелек үстел өтті.
Бұл туралы кітапхананың баспасөз қызметі "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісіне хабарлады.1942 жылы ең қиын әскери сынақ жылдары қазақ тілінде «Абай» романының бірінші кітабы жарық көрді. Кітапта оқырмандарға жас Абайдың «Абай» романы бейнесі, қазақ халқының сүйікті ақынының жеке тұлға ретінде қалыптасу процесі мен өткен ғасырлардағы қазақ даласындағы өмір сүру салты ашыла түскен. Сондай-ақ, қазақ халқының еркіндік сүйгіштігін, рухани өмірін және ұлттық мінезін сипаттайды. Көп ұзамай, орыс тіліне тәржімаланған «Абай» романы миллиондаған оқырмандардың жүрегінен жол тауып, 1948 жылы Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылған болатын. Ал Мұхтар Әуезов – революциядан кейінгі Абай Құнанбаевтың шығармалары мен биографияларын алғаш жинақтаушы, құрастырушы және редакторы.
Көрмеде «Абай» романының алғаш шыққан кітабы (1942) мен әр жылы және әр тілде жарық көрген басылымдары қойылады. «Абай» романы қазіргі таңда ең көп оқылатын кітаптардың бірі және 116 тілге аударылған.
Іс шараға ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Жабайхан Әбділдин, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Мырзагелді Кемел, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, абайтанушы, доцент Омар Жәлелұлы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Бәкір Әбдіжәлелұлы және т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.