Жүрегіңнің жанарын сүртіп жібер...
2011 ж. 24 мамыр
2668
3
СУ АСТЫНДА ҚАЛҒАН СЫР
«Мына теңіз астында қорым қалған...»
Есенғали Раушанов
Кейпін көріп мұнартқан мұңды ауылдың,
Елге барсам басады зілмауыр мұң.
Шұғыласын алдымен суға шашар
Қамыс – таңдар ұшырған қырғауыл – күн.
Бақыттымын, әйтсе де байтақ елмін,
Кеткен едім, ал, бүгін қайта келдім.
Тамырынан тартатын терең сыр бар
Сырдың бойын жайлаған жалпақ елдің.
Теңіз беті болғанмен шағалалы,
Шағыл жұтып жиегін, жоғалады.
Өткен күннің қалдырған өрнектері,
Су астында..,
Бабамның молалары!
Орақ пенен кешегі балғалардан,
Су перісі Сүлеймен арбап алған.
Теңіз болып толқиды баба ауылдар
«Әжемсеңгір» сонан соң «Арба қалған»!
Еңіс па екен, жоқ әлде, қиыр ма екен,
Тарқалмайтын, мен үшін түйін бекем.
Күн сәулесі ойнаған сұлулыққа
Құран оқып, бет сипау...
Қиын екен!
Ауыл және ақындар
Бәсеңдетпес бағын да, бағасын да,
Ауылым – сұлу Сырдың жағасында.
«Мұңлық - Зарлық» сонан соң, көне қорым
«Ұзын Ата» бейіті, бәрі осында.
Қызыл жалға иегін күн артады,
Қызыл жыңғыл қыз болып құмартады.
Ақ алтынды алқапты аттап өтіп,
«Мұрынғарақ» алыстан мұнартады.
Көре білсең қызық көп бұл аймақта,
Жолдың үсті шашылған, жолай, мақта.
Асау толқын түрткілеп қоймаған соң
Жағадағы жартастар құлайды артқа.
Күн қақтаған бейнеткеш қауымы бар,
Жеміс – жидек, қарбызы, қауыны бар.
Қарсы беті өзеннің «Қожатоғай»,
Аманхандай ақынның ауылы бар.
Қамыстарды, бас иген жаңа күнге
Көріп тұрып сілкінер санаң мүлде.
Қызыл құмы қыздырған мына жерде
Қазыбек ақын қой баққан бала күнде.
Айналаның болған соң бәрі бау – бақ,
Ауыл десе кететін жаны лаулап.
Мына жерде отырған шығар талай
Қарабеков Бауыржан балық аулап.
«Жаушықұмның» төбесі толған аңыз,
Ерлігіне толқимыз, толғанамыз.
Әмірханды жіберген ақын қылып
Қазір қайда жүр екен сол қара қыз?!
Талай жайды сіңірсе санаңа Сыр,
Шабақтары секіріп салады асыр.
Шардараның үстінен ұзай алмай
Әлі қанша жүр екен шағала – жыр?!
Тоғай жақта
Таң бозарып жатқанда қылаңданып,
Сен де, мен де тыпыршып тұра алмадық.
Ауыл жаққа қараймыз қайта-қайта
Сыр ағады сұлудай сылаңданып.
Сыр ағады, жағалап жар қабақты,
Ақ боз атқа мінгестік арман атты.
Жаза басып жүрмеңдер - дегенді айтып
Жанымыздан жалт етті таң қанатты.
Жалт етті де жоқ болды қанатты таң,
Қызыл нұрға боянып баратты маң.
Алақ-жұлақ етеміз айналаға
Қашып келе жатқандай абақтыдан.
Тоң қабақты дала тұр тұманданып,
Үлгермеді ауыл да түк аңғарып.
Түні бойы бәріне куә болған
Сыр ағады сұлудай сылаңданып.
Ақын деген елденмін
Кешірерсіз, кетсе кейде бізден мін,
Өмір – бәйге, озып жатар жүзден мың.
Жеме – жемде қияалмайтын бір – бірін
Жазушы – деп аталатын жүзденмін.
Дәл мұнымды бәлкім біреу мақтан дер,
(Бір заманда бірін – бірі сатқан дер).
Хақ тағала жүрегіне жыр құйған
Ақын – дейтін руданмын, ақтаңгер.
Құшағыңды ашып келсең ас қоям,
Баба салттың бабыменен бас қоям.
Адалдыққа Абай болып сүйсініп
Қастандыққа Махамбет боп қасқаям.
Періште де, пері де емес, пендемін,
Жүрегімнің жүзік көзі сенгенім.
Маған дейін жырлап кеткен ақындай
«Мен өмірді жырлау үшін келгемін».
Төлегенмін, Сабырханмын, Сағимын,
Кейде дана, кейде ессіз сәбимін.
Кеңшілікпін, Жұматаймын, Құдашпын,
Дүниені дүрсілінен танимын.
Тынышбаймын Қаратауын сағынған,
Жарасқанмын жан дүниесі сабырдан.
Бауыржанмын жазбай кеткен бауырын,
Томановпын дауа таппай сабылған.
Бораннанмын, дауылданмын, желденмін,
Тамырданмын, топырақтан, жерденмін.
Асқақтаса аспан асып кететін
Ей, ағайын, Ақын дейтін елденмін!
Қала
Ажар берген о, баста Алла ғана,
Ару қала, бұл қала, алма қала!
Сұлулыққа болғанмен сымбаты сай,
Мейірім мен жұтаңдау арға ғана.
Мейірім мен мұқтаж ол арға ғана,
Ар ма қонақ,
Талапкер ар ма бала!
Отырады түндерде қалғып – мүлгіп
Масаң жігіт, масаң қыз барда ғана.
Қаңғып келген құшаққа ап қаймананы,
Кафелерде сыңсыйды айман - әні.
Кедейлері етекте кепеде отыр,
Тау өрмелеп барады бай – манабы.
Қыс өтеді, көктем, жаз, күз өтеді,
Түсер емес түрілген қыз етегі.
Сұлу қала сымбаты солмасын – деп,
Сылқымдары көшесін күзетеді.
Көздің жасы көлгіген кесесінде,
Кердеңдердің көрдік қой, нешесін де.
Көңіл кетіп барады - өмір теріп,
Көліктері кептелген көшесінде.
Қайыршысы көзімен қол арбайды,
Көбелегі көңілдің қона алмайды.
Лас көше,
Сөнген шам,
Көңілсіз жұрт,
Иман - әкім оралмай..,
Оңалмайды!
Қаттылық
Таң атады, күн батады,
Өтіп жатыр өмірім.
Әлдене деп тіл қатады
Әлем – жәлем көңілім.
Ұйқысыз түн, ұзақ таңдар,
Орман – ойлар тізбегі.
Күнді бояп қызартпаңдар –
Күрсінеді.., күз демі.
Қара түннің қарасынан
Қаймығып – ақ қаламын.
Адамдардың арасынан
Неге алыстап барамын?!
Құбыла жақ қызыл елес,
Күн де батты, кеш кірді.
... Ештеңе де керек емес,
Сағынбаймын ешкімді.
Кірпіктердің көмегімен,
Күтетінім сол ақ таң.
Жыламаймын.
Себебі мен
Жүрегімді жоғалтқам.
Ой тастау
Ей, бауырым,
Қайтесің налып бекер,
Шалыс бассаң дұшпан бар шалып кетер.
Жақсылық пен жамандық жерде қалар,
Кебін емес, өзіңмен алып кетер.
Бауыр болсаң адамның барлығымен,
Жұрнақ қалмас жалғанда жарлы күннен.
Дүниені тарылтып өткендер көп
Пейілінің тарақ көз тарлығымен.
Еңбегіңді қайтесің елден қорып,
Құс та бір сәт тынығар жерге қонып.
Періште боп өмірге келгеніңмен
Бұл пәниден өтерсің пенде болып.
Іштарлықты құштарлық қайрағасын,
Кейбіреудің қор қылар қайран асын.
Қызғаныштың жетектеп қызыл итін
Азан – қазан қылады айналасын.
Тебенсіз жан тіккенін құртып тігер,
Жан сақтамас жаутаңкөз, жыртық - жігер.
Жақсылық пен жамандық арбасқанда
Жүрегіңнің жанарын сүртіп жібер.
Тақ буына ісерсің, ісінерсің,
Адал болсаң артыңнан ісің ерсін.
Өзің талай қалдырған көңілдерді
«Көңіл сұрап» келгенде түсінерсің.
Құрықтарсың, ал, бірде қармақтарсың,
Ниетіне адамдар арнап барсын.
Надандық пен адамдық алысқанда
Барың менен арыңды салмақтарсың.
Көңіліңді кірбіңдеу күй басқанда,
Пейіл керек көтерер күнді аспанға.
Өзің айтшы бауырым, не жетеді,
Мына бес күн жалғанда сыйласқанға!
Аналық
«Айналайындарым менің» деп аналық
ақ жүрегін ақтарған асыл ана
Ділдә Матайқызы Тасмағамбет келініне.
Алтын құрсақ Анада ғой - даналық,
Сол Анадан туып жатар сан алып.
Жұмсақ сөзін жайып берген жұртына
Жүрегіңнен айналайын Аналық!
Еппен басып ашатұғын есікті,
Бүгінгі қыз, ертең Ана – бесікті.
Іңкәр сезім, іңгәлаған сәбиге
Жарық нұрды жатырдан - ақ кесіпті.
Мейірім мен мейманасы тасыған,
«Әлди» болар өмірдегі асыл ән.
Тағдырдың да тауқыметін көп тартқан
Аналық – ай, айқаракөз жасынан.
Пенде бар ма тіршілікте тарықпас,
Абайша айтсақ, «ақырын жүр, анық бас».
Керегені кие тұтпас келіндер
Ертеңіне Ене болып жарытпас.
Тәңірінен болғанымен таңғы асы,
Аналардан бастау алар Ар басы.
Данышпанды дүниеге әкелген
Ұлжан менен Зерелердің жалғасы.
Қамшы бойлы тіршілікте қас – қағым,
Бұлт басар көңілдің де аспанын.
«Білетінің қайсы» – дейді, Құранда
«Білмейтінін үйретпесең басқаның».
Ақылымен артып жатса бағасы,
Алқа топтың болмас сірә таласы.
Сізге тартып бар қазақтың келіні,
Сіздей болсын Алашымның Анасы!
Ескерту
Құлшылығым Құдайға,
Қиянатым пендеге.
Ұнамай ма, ұнай ма,
Есеп берем мен неге?!
Салмағы жоқ, сыйы жоқ,
Күйінесің кердеңге.
Кәлласында миы жоқ,
Кісәпірді көргенде.
Тепең - тепең етеді,
Талтаңдаған тар бұты.
Құдайдікі жетеді,
Кімге керек сарқыты.
Оңай жаңғақ дей ме екен,
Ойнағысы келеді.
Қайдағыны..,
Жейді екен,
...Осы болса керегі!
Біздің жақтың әйгілі
Арызқойы секілді.
Кездесіп қап қай күні,
Өсек айтты не түрлі.
Достарымды «тонаса»
Мұны қалай кешпекпін.
Енді маған жоласа -
Не боларын ескерттім!
Атымтай
Досым Ғани Темірәлиевке
Түйдек бұлттай түнеріп кеп төгілген,
Түйіншектей, түйгенім бар өмірден.
Жүрек біткен жылу алса жүректен
Көңіл шіркін, су ішеді көңілден!
Тұнып аққан тұмасындай бұлақтың
Бойыңдағы тазалықты ұнаттым.
Жанымыздың жақындығы – нәзіктік,
Арамыздың алшақтығы бір-ақ күн.
Арбасына атын жеккен азаптың,
Болғанымен бір баласы қазақтың.
Ұрпағысың Құлыншақтай ақынның,
Құлынысың қасиетті Созақтың.
Адымын да баспайтұғын асқақ тым
Азамат ең, бір сырымды ашпақпын.
Тастаяқты серік еткен жанына
Тағы да сен – капитаны «Тастақтың».
Неғылайын нала менен назды мен,
Дәл өзіңдей жомарт жүрек аз білем.
Қаражаттан қысылғанда кей-кейде
Ауылыңа аялдаймыз азды-кем.
Атымтайша ашып тастар қақпасын
Пейіліңді ала бұлттар жаппасын.
Бергеніңді аларсың-ау бір күні,
Алғаныңды бере алмаудан сақтасын.
Ұл-қыздарың өсіп-өніп, көктесін,
Ырысыңды ынсапсыздар төкпесін.
Өміріңнен өшпейтұғын өрнек қап,
Көңіліңнен көктем мәңгі кетпесін!
Әлібек Шегебай, «Серпер» Жастар сыйлығының лауреаты