СЕРГЕК СЕГІЗ ӨЛЕҢ
2017 ж. 01 тамыз
2777
2
(Жасындай жарық еткен Ақжол Ешмат Алешұлының
шығармашылығы хақында)
«Шыр етіп жарық дүниеге келіп, тал бесікке тербелген жан ерте ме, кеш пе жер бесікке кетері сөзсіз. Ғұмырың ұзақ бола ма, қысқа бола ма, ол Алланың пешенеңе жазуына байланысты. Ал артыңда қалған ел-жұрт адамды жүріп өткен жолына қарап бағалайды» деп жазыпты Ақжол Әлешұлы Ешмат туралы «Жалғанның жанарына сия алмадың...» кітабының анотатциясында. Дәл солай жазыпты, дұрыс айтады. Қолымдағы кітап, бірінші, «Жауапсыз хаттар(естеліктер)». Екінші, «Ақжолдың шығармашылығы». Үшінші, «Естеліктер»(туыстары, ұстаздары, достары, басылым беттерінен) қатарлы үлкен үш бөлімнен тұрады. Кітапты қолына алып парақтап шыққан оқырман осы бір қамшының сабындай қысқа ғұмырдың мәнін түсінгендей болады. Жиырма жасында жарқ еткен жасындай ағып өте шыққан келте ғұмырдың өзекті өртеген өкінішін сезеді. «Әттең бұдан да көп жасағанда тіпті керемет биіктерге шығар еді» деген пенделік пікірді айтқымыз келіп тұрса да, Алладан қорқамыз. Кімге қандай өмір, қанша жас қайырлы болатынын бізденгөрі Алла-Тағала әбден жақсы біледі. Бұл бір сынақ тағдыр, таңдау еркі біздің қолымызда емес. Жазмышқа сабыр ете отырып, алдымдағы жинақты оқи бастадым... Әркім өзі жақсы білетін мәселеге тоқталса, сөзі сенімді болатыны анық. Сол себепті «Ақжолдың шығармашылығы» тарауындағы көзіме шоқтай басылған сегіз өлеңге назарым түсті. Ол жырларға «сергек сегіз өлең» деп ат қойдым. Алғашқы «Ана тілім» өлеңі «Ана тілі – айбыным» деп басталады. Қолына қалам алған қазақтың тілге соқпай кеткені барма екен? Өйткені тілің болса тірісің, тілің болса қазақсың... Болмаса, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалатыны» бесенеден белгілі. Тіпті бүгінгі таңдағы ұлттық жаңғырудың жолдарын әркім әр түрлі түсіндіріп жатыр, себебі де, тетігі де көп шығар, менше, Ұлттық кодтың кілті ТІЛ. Дәлел анық, салт-дәстүрің тілмен келеді, батырлар жырлары мен ертегі-аңыздар тілмен келеді. Ұлттық рух тілмен келеді. Дәстүрлі, мың жылдан бері жықпай келе жатқан асыл дініміз тілмен келеді... Сондықтан да сананы жаңалау, ұлт болып қалу үшін тек қана қазақ тілін қанға сіңіруге тиіспіз. Ана тілім, қадірлісің, барымсың, Кеудемдегі намысымсың, жалынсың, Ата-бабам аманаттап тапсырған, Бойымдағы тулап аққан қанымсың. Деп жыр маржанын тізген Олжасқа орынды айттың деуге хақымыз бар. Туған тілім—арқа сүйер тірегім, Сенсің менің кеудемдегі жүрегім. Тағдырыңа алаң болып жүдедім, Жылап тұрып тілеуіңді тіледім. Қараңызшы, тағдырыңа алаң болып жүдедім деп мазасыз жанын қоярға жер таппайды. Судан қармақпен түйреп алып жағалауға шығарып тастаған балық қандай күй кешуші еді? Сусыз кеберсіген байқұс оңды-солды шоршып, бұлқынып ең соңында жанталасып жан тәсілім етпей ме?! Сол секілді тілінен айрылған халықта қаңсып қалатыны сөзсіз. Аянышты тағдырға тап болмау үшін, тілдің тілеуін жылап тұрып тілейді. Өлеңде шымыр ұйқас, шырайлы шындық бар. Жас болған соң жалындаған сезім, жарқыраған махаббат өлеңнен бой көтеретніні белгілі жағдай... Ал, әзірге мен өзіңмен қоштасам, Таусылардай бұла сезім тоқтасам. Махаббатым саған деген мәңгілік, Уақытқа бағынбайды ешқашан. Деп ағыл-тегіл төгіледі. Арманшыл, оптимис жастың бұлайша көсілуін айып санап отырған жоқпыз. Негізі «мәңгілік» бір Алла ғана. «Уақытқа бағынбауда» құлдың(адамның) қолынан келмес шаруа. Дей тұрғанмен, барлық «бала» ақындардың басып өтетін жолдары осылай болып келеді. Жиырма жасқа толмаған жігіттің алып-ұшқан асау сезімі осылай жаздырмаған да қайтсін! Сүйген жүрек сені ғана аңсайды, басқаға мойын бұрмайды деген сенім, құштарлықтың құпиясы жыр жолдарынан қылаң береді. Өксиді өлең болып көкірегім, Тыңдашы жүрегімді өкінемін. Есімің жүрегімнің түкпіріне, Мәңгілік білесің бе бекігенін? Деген пәк махаббатты айшықтаған жолдар Ақжолда айғайлап тұр. Әттең ардақты Ақжол ақын-ай, мына бір жолдарды неге жазды екенсің!.. Таусылып, тамсанып отырып ақтарылыпты. Екіленбей, именбей, сүйген ғашығының алдында өлімді аузына алыпты. Тым сезімтал, тым нәзік жүректі кіршіксіз өспірімнің өзекті өртер үні естіледі. Сен үшін қара түнді жарық көрем, Сен үшін сұм жалғаннан қауіптенем. Сен үшін сезім болам таусылмайтын, Арқалап әкеткенше табытпенен. Көріп отырғаныңыздай «Табыт» жырын қозғайды. Мұқағали еске түседі... Табытпен арқалап әкеткенше әнім сенсің, деп сырын жеткізеді. Асыққан албырт жүрек, сел-сел нөсер төккендей... Оны аз десеңіз үстемелеген бірде жаңбыр, бірде от болып алма кезек ауысып, жастықтың екпіні, суырылып алға шыққан сұлу жыр кестеленіпті. Қарашы, тура қара, именбеймін, Көрдің бе, сезім жыры түрленгенін. Мендегі махаббаттың жалынығой, Күйдіріп жіберетін тиген жерін. Тиген жерін күйдіріп жіберетін от көрінуі де, көрінбеуі де мүмкін. Елементті(материяны) құраушы атомның ядросындағы жасырынып жатқан энергия тектес қуатты. Бұл жолдардан Ақжолдың бұққан бұла күшін, аңқылдаған арманын, асау сезімін, мөлдір-тұнық тұңғиығын көреміз. Келесі өлеңдерінде ұлты, тағдырлы, тарпаң мінезді халқы туралы былай дейді. Жанарынан жалғанның ғажап көрем, Тамырым бар тас жарған қазақ деген. Ата-бабам намысын биік қойған, Өткізседе өмірін азаппенен. Деп өлеңнің құлақ күйін келтіріп алады да: Өзге елмен тереземіз тең болғасын, Ұрпағымыз ешкімнен кем болмасын. Туған жердің байлығы ысырап боп, Көк аттыға көлденең жем болмасын! Алғашқы шумақта ой «намысқа» түсіп тұр да, соңғы шумақта «көлденең көк аттыға» салмақ береді. Намыс болса, елінде жерінде қорғайды, байлығын бағалап, байтақ даласын басына көтеріп әспеттейді. Дұспан атаулының барлығы мылтығын шошайтып тап бермеуі мүмкін, олар жымысқыланып, жыбырлап, көлденең көк атты болып қымызыңды ішіп қызыңа қырындап, қораңды айналып қотаныңа көз салып кетуі ғажап емес. Оны байқайтын, басындырмайтын намысты нар тұлғалар мен жігерлі жігіттер. Өлең осы бір маңызды мәселені өзек етіп есімізге салады. Ақындыққа ден қойған азаматқа бойын кернеген махаббаты, Құдай жаратқанда ортасынан шығарған ұлты, оның басты белгісі болған тілі көрінетіні анық. Ол осы құндылықтарын таныды, тапты, тамылжыта жырлады. Ары қарай асулардан аса сар даланы, салқын ауаны, сананың саф алтынын айтатын сәтте дәмі таусылып қыршын кетті. Көз алдымдағы сегіз өлең, сергек өлең, сенімді өлең ақындығының көкжиегін көрсетіп алыстарға назар аудартады. Қайткен күнде бойын кернеген алапат күш, шымыр-шымыр қайнаған иірімдер бар екенін көрдім. Әлгі жоғалған күнделігі табылса, өзге жырларын да оқып қалармыз. Қазірге қолдағы сегіз өлең теңіздің дәмін тамшысынан көрсетіп тұр. Қарашы, тура қара, жан асылым, Тұнжырап тұрма менің қарашығым? Жүректің саған ғашық дүрсілімен, Өлең болып төгілді бала сырым!.. деген шумағын небары 17 жасында жазыпты. Ерте есейіп, ерте қамданыпты... Өлең болып төгілгісі келген екен! Әттең оған ажал жеткізбеді. Сабыр деген салқын сумен беті-қолымызды жуа отырып, Ақжол Әлешұлына Жаратушы Алладан иман тілейік! Дәулетбек Байтұрсынұлы ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі qazaquni.kz