Досановтың жерді сатуға қарсылық ретінде жазылған шығармасы туралы не білеміз?
2017 ж. 13 шілде
3245
3
Қаламы жүйрік және ең өнімді жазушы бізде кім деген сұрақ қойылса, оған кім-кім де Сәбит Досанов деп жауап берер еді.Соңғы жылдары екінші тынысы ашылғандай, жылына екі-үш кітаптан шығаратын болды. Олардың ішінде проза да, өлең де,эссе де, драма да бар.Шыны керек, оқып үлгіре алмай жатамыз.Сәбиттің соңғы жылдары бір емес бірнеше ауыр операциялар жасатқаны, айлар бойы ауруханаларда төсек тартып жатқаны,аяулы ұлы Даниярдан ойда жоқта айрылып қалып,Құралай екеуінің қайғыдан қан жұтқанын бүкіл ел біледі.Соларға қарамастан осынша еңбекқорлығы таң қалдырады. Міне, алдымызда «Адамзаттың анасы» атты драматургиялық шығармалар жинағы.Оған «Дауыл», «Дабыл», «Аманат», «Тағдырмен тайталас», «Тозақ шеңбері» және «Адамзаттың анасы» тақырыпты алты пьесасы еніпті.
Қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов «Адамзаттың Айтматовы» атанып кеткен еді. Сол сияқты, адамзаттың анасы атанып жүрген қандай әйел, қай елден екен деп, елең ете қалдық. Бізде белгілі, атақты адамдардаң анасы әңгіме болғанда «ел анасы» деп дәріптеп жататын әдет бар. Жоқ, бұл жолғы әйел емес, Сәбеңнің Адамзаттың анасы атандырып отырғаны Жер екен. Біз әдетте жер ана, деп, қана қолданамыз ғой. Пьесаның осы тақырыбының өзінен-ақ жүрегім дір ете қалды. Ойпырмай,Сәбең қалай тауып айтқан, Жер шынында да Адамзаттың анасы емес пе. Оған сондай бүтіндей жаңа көзқараспен қарауымыз керек екен-ау.
«Адамзаттың анасы» пьесасының негізгі ойы мен алтын арқауы Қазақстан Республиканың Президенті – Елбасы –Ұлткөшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының идеясымен сабақтасып жатыр. Елбасы мақаласы мен драмадағы үндестік пен үйлесімді кейіпкерлер сөзінен ғана емес іс әрекетінен аңық аңғаруға болады. Бір ғана мысал, ата – Нұрдәулет, әке – Қазыбек, немере – Кемал бейнелері арқылы драматург туған жер – тұмарың, оны қорғау перзенттік парызың тарих тағылымы жадымызда жаңғырып тұрсын деген ойды астарлап ажарлы жеткізген.
Туған жерің тулақтай болса да, ол жер Адамзат анасы Ұлы Жердің бір жанды бөлшегі,соның бір құрамдас бөлігі.Ендеше оны менің жерім деп меншіктеніп,баспа билік жасап әлдекімдерге сатуға ,болмаса өзіміздің өлі не тірі болатынымызға көз жетпейтін ұзақ уақытқа жалға беруге бола ма? Палестиналық арабтар жекешелендіріп алған жерлерін сата-сата ақыры бар жерінен айрылып,енді соны қайтара алмай,міне алпыс жыл бойы босқындыққа ұшырап,арпалысып азап шегуде.Құдай басқа бермесін делік.Ресей де Алиясканы Америкаға жүз жылға сатып,қайта ала алмай қалды.Америка сол Алиясканың алтынымен байыған.Енді өзге елдердің сондай тарихи қателіктерін қөре тұрып, жақсы біле тұрып қайталауға болмайды ғой.
Қазақстанда жерді жекешелендіріп сату,оны тауарға айналдыру мәселесін сонау 1995 жылы бір топ нарықшыл жас қазақтар көтерген.Содан бері өткен 22 жыл бойы осы мәселе күн тәртібінен түспей бәріміздің де жүрегімізді ауыртып күпті қылып, шерменде қылып жүргені анық.Сол жүрегі ауырып жүргендердің бірі Сәбит Досанов ауруы асқынып жазылмас жараға айналып бара жатқан соң, не болса да айтарымды айтып өлейін деп осынау «Адамзаттың анасын» дүниеге келтіріпті.
Бұл пьесаны 22 маусым күні Пирамида-Келісім сарайының сахнасында Қырғыздың Ыстық көл театрының артистері әкеліп қойды. Кім жатпай-тұрмай нені көп ойласа,соның түсіңе кіретіні белгілі. Пьесаның басты кейіпкері ақын, қоғам қайраткері Қазыбектің түсінде жер сілкініп, бабасы Нұрдәулет енеді.Оның рухымен тілдесіп,әлем отқа оранып, соғыстан, террорлық шабуылдардан бейбіт, жазықсыз адамдардың зардап шегіп жатқанын мұң етеді.СондаНұрдәулеттің әруақ-елесі: Дүние-боққа тоймайтын,соғысуды қоймайтын ашкөз адамзат үсті-үстіне бомбалап жатса...қайғыдан көз ашпаған Қара Жер ашуға булығып,сілкінбегенде қайтеді?Соның бәрі аздай Алланың өзі жаратқан жерді сату деген тағы бір ой пайда болды.Жер –адамның туған анасы емес пе? Анасын адам сата ма?! -деп,әруақ-елес алыстай береді.
Осы көріністерді Қырғыз артистері керемет әсерлі шығара білген. Дәке-шымылдықтың арғы жағында жер бұлқынып,көрден әруақтар өре көтеріліп,өздерінің бір кезде сойылмен-ақ соғысып,айбалтаның күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап сақтап қалған жерді сатып жатқан ұрпақтарына ашынады.Әруақ-елестің сөздерін денең тітіреніп, тебіреніп отырып тыңдайсың. Одан кейінгі көріністе Жоңғар Алатауының баурайындағы ғажап жер Белжайлауды жекешелендіріп алып, жан-жағын тікенек сымдармен қоршап,күзетшілер қойып,тірі жанды әрі қарай өткізбей, байлығына мастанып тұрған олигарх-латифундист Амалбекті көреміз.
Белжайлауына немересін ертіп барып демалып қайтпақшы болған Қазыбекті де, ата-бабаларының басына құран оқып,дұға бағыштамқшы болған Жанболатты да күзетшілері жібермейді.Қарсыласқан Жанболатты соққыға жығып өлімші етіп сабайды. Автор Қазыбек сөзімен Тимашенко мен Кулаковтың Сарыарқаның сар даласынан мың-мыңдаған құнарлы жерлерді меншіктеніп алғанын жеткізеді. Соңғы екі олигарх-латифундистің аттары сәл ғана өзгертілген.Олардың кім екенін көрермен де, оқырман да жақсы біледі.
Бұлардың қай-қайсысы да көк қағаздың құлына айналған адамдар. Оны Амалбектің өзі-ақ жасырмай жайып салады: «...садағаң кетейін көк қағаз-көп доллар ғой осы алтын аймақты менің меншігіме алап берген.Қайран байлық, сенің күшің Құдайдың күшіндей ғой...Пах! Пах!»-деп,шалқып-тасып төгілердей болып тұрады.Міне сізге қазіргі заманның геройлары, міне сізге бүгінгі күннің бұлтартпас шындығы.Амалбек типтік бейне.Бұрын министр болған кезінде бюджеттің бүйіріне бүйідей тиіп әбден байып алған ғой. Белжайлауды өзінің жазғы жұмақ мекеніне айналдырса, Алматыдағы тау етегіне жарыса салынған коттедждер ортасында мұның да еңселі үйі менмұндалап көз тартады.Құшағында сұлу көңілдесі Гүлжан керіліп-созылып назды қылығымен Амалбектің есін алады.Екеуінің тарқамаған құмары мен сезімін автор жандырып-ақ суреттейді.Осы бір көріністі Гүлжан роліндегі актриса Әсел Самаева да көрермен көңілінен кетпестей етіп құбылтып шығарған. Әселдің әсем тұлғасы, көрікті келбеті, ерке-назды қимыл жүріс-тұрысы мен шебер ойыны тәнті етіп,дән риза боласың.
Бұл драманың лейтмотиві яғни негізгі идеялық ойы, драматургтың көрерменге жар салып айтар сөзі - қазаққа Құдай сыйлаған осынау байтақ даланы,кешегі Қабанбай мен Бөгенбайлар, Райымбек пен батыр Баяндар қорғап сақтап,ұрпақтарына аманат еткен,ата-бабаларымыздың қаны сіңген, әр төбеде солардың қабірі жатқан қара жерді қалай да ешкімге сатқызбай қасиеттеу.Сол мақсатпен автор оқырманның да, көрерменнің де,парламент пен мемлекет басшыларының да соған көзін жеткізу үшін бар талантын жұмсап бағады.Тіпті, сонау 19 ғасыр, 1855 жылғы оқиғаға шегініс жасап,сол кездегі АҚШ президенті Франклин Пиерс пен үндістердің көсемі Сиэтл Дювамишті сахнаға шығарады.
Үндістердің көсемі олардың жерін көп ақша беріп сатып алмақшы болған АҚШ президентіне былай деп жауап береді: «...Жердің жібек желі,өзен-көлдің ажар-реңі біздің меншікті мүлкіміз емес,оны бізден сатып алу деген не сөз?Бұл жердің әрбір төмпешігі біздің халық үшін аса қадірлі...Бізге қаржы емес,Жер қымбат.Біз Жер адамның мүлкі емес, адам -Жердің мүлкі деп білеміз» деп, жауап береді. Американдар жабайы халық санаған үндістердің көсемінің мына сөзі қай мемлекеттің де үкімет басшыларына зор сабақ болғандай емес пе.Қасиетті қазақ жері үшін жүрегі ауырып дертті болып жүрген Сәбеңнің де мақсаты сол, жерді сатуға болмайтынын шегелеп санамызға құя түседі.
Үшінші көріністе Қазыбек өзімен кездескен жұртшылыққа жақында Боливия президенті Эво Моралестің «Жер-Ананы қорғайтын заң» шығарғанын айтып,жер сатуға өз қарсылығын білдіреді.Әлихан Бөкейхановтың өткен ғасыр басында айтқан: «Жер,жер және жер!Өйткені жерсіз адам жоқ,жерсіз мемлекет болмайды» деген қанатты сөзін мысалға келтіреді.Автор Жер-ана және Нұрдәулет рухы елесімен тілдесуді де басты идеясына қызымет еткізеді.
Нұрдәулет елесі:-Өз жерінде өзің өгей болған қайран қазағым-ай,қашан бағың жанар екен сенің?
Қазыбек:-Бұған кім кінәлі, заман ба, адам ба?
Нұрдәлет елесі:-Өздеріңнен де бар.Қонақжайлылықтың шеңберінен шығып,келімсектерге құлшына, құшақ жайдыңдар. Төрге шығарып, төбелеріңе шығарған әлгі шетелдік олигархтар осы бетімен кердеңдеп кете берсе, жерді де сатып алар.Ел емессіңдер ме?Ел болып туғызған ерлерің қайда?...Абылай,Қабанбайлардың ұрпағы ұсақтап барасыңдар ,түге!...Әлихан бастап,Смағұл қостаған қайратты қазақ қайдасың?Оятпап па еді ұйқыңнан Ахмет пен Міржақып?! Ойланар кезің болды ғой...
Осынау үзіп алынған үзінді сөзде біздің бар трагедиямыз тұр.Нұрдәулет те ата-бабаларымыздың ортақ-типтік бейнесі. Олар көрде ме,көкте ме,рухтары қайда болса да біздің тілеуімізді тілеп,өздері қорғап қан төккен қасиетті қазақ жерінің басына күн туып, көрінген келімсектер тайраңдап,басымызға әңгір таяқ ойнатып жүргеніне ашынып, тебіреніп,түске енетіні,аян беретіні ақиқат.Оған зәредей күмән келтіруге болмайды.Осы сөздерде ескерту де,ұрпақтарын қайрап жігерлендіру де, ой салу да,бәрі-бәрі бар.Бұл сөздер қарапайым халыққа ғана емес,мен қазақпын,азаматпын деген баршамызға, үкімет басшыларына да,зиялы деген ұлт қайраткерлеріне де арналып отырған ұран десе болады. Тебіренбей оқи алмайсыз.Осы қойылымды парламент залында қойып берсе болар еді. Анау Нұрдәулеттің басқа біреу емес,өз атасы мен бабасы екенін түсінер еді.
Жоңғар қалмақтарымен ғасырлық соғысты айтпағанда, былтыр ғана жүз жылдығы атап өтілген патшалы Ресейге қарсы ұлт азаттық көтерлісінде қаншама қан төгілді.Менің өз әкем Әбдірахман сол көтерлістің басынан аяғына дейін қатысқан адам. Сол көтерліс көсемдерінің бірі Кейкі мергеннің басы 94 жылдан кейін Ресейден қайтарылып, оның туған жер топырағына жерленетін күні де таяп келеді.Енді сүйегі ізделіп жатыр.Қазақ жері үшін, елі үшін болған сол бергі көтерлістерде қаншама қазақтар қырғын тапты.Кейкі басын берді.Аманкелді мен Бекболат батырлар да мерт болды.Күні кешегі төгілген желтоқсандықтар қанын қалай ұмытамыз?!
Міне Сәбит Досановтың «Адамзаттың анасы» атты тың туындысының айтары осы.Санамызда саңылау болса,құйып алар құлақ болса, жазушы айтудай-ақ айтқан. Қарапайым халықтың зиялыларға өкпесі қара қазандай екені мәлім.Тіпті,бізде ұлт мүддесін қорғайтын зиялылар жоқ,олар керісінше зиянды қауымға айналып кеткен деген ащы сөздер де айтылған болатын.Сәбеңнің осы драмасын көрген,оқыған адамның зиялыларға өкпесі біраз тарқайтын болды. Жер проблемасы жанына қатты батып,іштей тына-тына жүрек жарасы асқынған жазушы айтарын айтып болып,ауруынан жеңілдеп қалғаны да анық.
Ендігі міндет өзімізде. Ата-бабаларымыздың әруақтары қазақ жері сатылмасын деп аттандап атқа қонып жатқанда,үндемей жүре береміз бе,әлде санамызға сілкініс жасаймыз ба?! Спектакльде Нұрдәулет елесі Қазыбекке домбыра аманат етеді.Оны әлденеше ұрпақ өкілдері бірінен кейін біріне беру арқылы жеткізеді.Неге найза емес деп ойлап қаласың.Найза соғыс құралы,ал домбыра бейбітшілік құралы.Демек жеріңді бір-біріңмен найзаласып емес, бейбіт жолмен, өзара ауызбіршілікпен,халық пен билік келісімге келіп,ортақ тіл табысу арқылы қорғап сақтаңдар деген өсиет деп білдік.Міне зиялы қауым өкілі бәрінің атынан өз сөзін айтты.Енді екінші жақ билік мен үкімет сөз тыңдап,ақылға келіп,бабалар өсиетін орындауға қадам жасауға тиіс.Ол қадам былтыр жасалған да болатын. Президетіміз жерді шетелдіктерге жалға беруді тоқтатып, бес жылға мароторий жариялаған. Енді Жер-анамыз жекеменшікке сатылмайды да, шетелдіктерге жалға мүлдем берілмейді деген жарлық шығарса, бәріміздің де шемен шеріміз тарқап, көз жасымыз құрғар еді дейміз.
Қазыбек әйелі Салтанатпен әңгіме үстінде ашынып отырып:
- Мен Жер жайлы, еліміздің өзге де проблемалары жайлы хатты парламентке емес,Ақордаға, тура президенттің өзіне жазамын.Ең сенімді жол осы,-дейді.
Салтанат:
-Содан бірдеме шықса...
Қазыбек:
-Шығады.
Салтанат:
-Соған өзің сенесің бе?
Қазыбек:
-Сенгенде қандай.Мен Алла Тағалаға қандай сенсем,өзімнің Президентіме де сондай сенемін,-деп,оның атқарған көптеген игі істерін айтады.Сөз соңында біз де президентімізге сенейік, үмітіміз ақталсын дейік.
Ия, сөйтіп, жазушы президентке жазамын деген хатын міне жазды. Бұл сөзді зиялылар арасынан біреу айту керек еді.Соны бүгін міне Сәбит Досанов айтты.Жай жазып қана қоймай,қос республиканың сахнасына шығарды. Өзінің елі мен жерінің алдындағы перзенттік парызын орындап,патриоттық іс атқарды, М.Шолохов атындағы сыйлықтың шын лайықты иегері екенін көрсетті.
«Адамзаттың анасы» - өзекті тапқырыпты өткір көтерген күрмеуі қатты күрделі туынды, ал оны сахнаға шығарған К. Жантөшев атындағы Ыстық-Көл облыстық музыкалық драма театры Қырғызстанда ғана емес, алыс, жақын шетелдерге де танымал өнерде өзіндік қолтаңбасы бар аса талантты ұжым. Соданда сахнаның негізгі үш тіреу, үш деңгегі – драматург, режиссер, актерлер ансамблі жымы білінбей жымдасып, тұтас тұлғалы туындыны өмірге әкелді.
Осы тұста қоюшы-режиссер Қырғызстанның халық артісі Дәулет Нұрғазиев драматургтің: «Жер – адамзаттың анасы. Анасын адам сата ма?!» деген салмақты сауалын сахнадағы тамырын тереңге жіберген биік, берік байтерек пен Жер-Ана бейнесін қатар көрсету арқылы тың шешім, өзгеше өрнекпен шебер шеше алған. Жер-Ана бейнесін мінсіз мүсіндеген Бақтыгүл Қарабаеваның талантын тәнті болдық.
Үйлесімі әсем, үндестігі әсерлі актерлер ансамблінде бас кейіпкер Амалбекті сәтті сомдаған сом тұлғалы тылынт Қанат Шабдалиев, Қазыбек – Ерлан Қазақбаев, АҚШ Президенті Франклин Пирес – Нұрбек Ақматов, Үндістердің көсемі Сиэтл Дювамаш – Төлеп Боронбаев, Нұрдәулет –Құрсан Абдрахманов өз кейіпкерлерінің сахналық бейнесін мінсіз мүсіндеді.
Қырғызстанның еңбек сіңірген артісі Гүлмира Нұрғазиева Қазыбектың жұбайы Салтанатты бедерлі бейнеледі. Ал, Сейдуман – Қылыш Алдашев, Жанболат – Данияр Құтманбекұлы, Құлбек – Эльдар Мамбеталиев, немере Кемал – Тұрап Мұсаев. «Кішкентай роль жоқ» бар деген қанатты сөзді тағы бір мәрте растап, шебер ойындарымен көптің көңілінен шықты.
Қырғыз Республикасының мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Юлдаш Нұрматов сценографиясы, Данил Садыков музыкасы спектакльды әдемі әрледі
ЭКСПО – 2017 мәдени бағдарламасы бойынша Бірінші Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі аясында әлемдігі аса айтулы өнер ұжымдары: Берлин драма театры, Мәскеудегі А.П.Чехов атындағы көркем театр,
Онтүстік Кореяның «Мулькель» театры, Янка Купала атындағы Беларусь театры, Руставели атындағы кәсібі драма театры сынды дүлдірдермен жарыса, жараса өнер көрсеткен Қырғызстанның К.Жантөшев атындағы Ыстық-Көл музыкалық драма театрының «Адамзаттың анасы» спектаклін әлемдегі аса білікті театр мамандарынан түзілген қазылар алқасы аса жоғары бағалады. Ең бастысы – «Пирамиданың» үлкен залын лық толтырған мыңнан астам халық спектакльді демін іштеріне тарта, көздеріне жас ала отырып көрді.
Түйіп айтсақ, драматург Сәбит Досановтың «Адамзаттың анасы» пьесасы бойынша қойылған спектакль сахна өнерінде жарылыс жасаған жаңа сөз, жүректен шығып, жүрекке жеткен – тебіренге сезімге толы терең ой!
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
qazaquni.kz