«ЖАЛҒАСЫНДАЙ КЕШЕГІ АРЫСТАРДЫҢ»
2017 ж. 05 шілде
2921
0
Көрнекті жазушы, талантты публицист, ұлт зиялысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты Мереке Құлкенов жуықта өзінің түлеп ұшқан Қызылқоға ауданына ат басын тіреді. Әрдайым жүрегі «Елім, туған жерім» деп соғатын қайраткерді жерлестері көкке көтеріп, ізгі ілтипаттарын көрсетіп жатса, керемет емес пе?! Сонау әсем қала Алматыдан сағынышқа толы сезіммен қасына өмірлік серігі Гүлсім апай мен немересі Айсәулені және бір топ сыйлас, сырлас достары мен інілерін ертіп келген Мереке Әбдешұлын аудан әкімі Мақсот Мұқанов бастаған жерлестері Миялы ауылының шетінен күтіп алып, қазақы дәстүрмен келген қонақтарға ақ ұсынды.
Бұдан кейін келген қонақтар «Арман» мәдениет үйінде аудан әкімдігі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген «Туған жерден қанаттанған қаламгер» атты шығармашылық кешке қатысты. Кешке аудан тұрғындары жақсылап дайындалғаны мәдениет үйіне кіргеннен-ақ көрінді. Себебі, мәдениет үйінің дәлізінде қаламгердің кітаптары мен мақала-очерктері жазылған кітап көрмесі ұйымдастырылса, көрермендерге оның өнегелі өмірі мен еселі еңбектері жарияланған газеттер таратылып, ЛЭД экранда кеш тақырыбы мен суреті жарқырап тұрды. Кешті жүргізген ақын Қалидолла Ізекенов Мереке Әбдешұлын салтанатты түрде сахнаға шақырып, шара шымылдығы оның өмірінен сыр шертетін фото суреттерден құралған слайдпен ашылды. Оқушы кезінен-ақ аудандық «Қызылқоға» газетімен байланыс орнатып, сол газеттегі алдыңғы буын ағалардан тәлім алған Мереке Әбдешұлы алғашқы еңбек жолын Мемлекеттік сыйлық иегері, ақын Фариза Оңғарсынова басқарған «Қазақстан пионері» газетінен бастап, «Жалын» журналында, «Ана тілі» газеттерінде бас редактор болып қызмет істеді. Задында «Әкеге қарап ұл өсер», – дейді ғой халқымыз. Бұл ретте жазушының әкесі Әбдеш мұғалім, мектеп директоры, ауылдық кеңестің төрағасы, Новобогат (қазіргі Исатай), Қызылқоға аудандық кеңесі атқару комитеттерінің жауапты хатшысы болып жұмыс істеген, орнықты, ағайынға сыйлы, халыққа жайлы, алды кең адам болыпты. Ол туралы журналист-жазушы Төлеген Жаңабайұлы «Іңкәр сезім» атты кітабындағы «Талшын мен тағылым» атты очеркінде: «...Мұқыр ауылына жол түсті... Орталыққа келген соң ауылдық кеңес атқару комитетінің төрағасы Әбдеш Құлкеновке шаруам тіреліп, алдына бардым. Аты-жөнін сырттай сұрап біліп, қаныққан ағамыздың алды кең, жүзі шуақты болып шықты. Бидай өңді, жазық маңдай, қыр мұрынды, мол пішімді бет-әлпетіне құралай жанарлы күлім көзі керемет келісім тауып тұрған кісі екен. Әлдекімдердей маңғазданған, адамсынған кейіп байқатпады. Үні биязы, сөзі салмақты. Танысуды қай жерде туып-өскенімді, руымды сұраудан бастап, әрі қарай өрбітіп әкетті. Мен аң-таңмын. Үлкен қызметтің тұтқасын ұстаған атқамінерлерден ата-тегімді, ру-жігімді сұрап тәптіштеген бастапқы басшы осы Әбдеш Құлкенұлы. Бұл ол кездің дәстүріне жат, ашық жарияға жатпайтын әдет. Бірақ оны ауыл ағасы қысылмай-қымтырылмай-ақ бұзып отыр», – деп жан-жақты сипаттама беріп, таныстырып өтеді. Осы үзіндіден жазушының әкесінің ел ағасы бола білген, адамгершілігі, кісілік қасиеті мол, жаттандылықтан ада, абзал адам болғанын танимыз. Міне, осындай өнегелі әкенің тәлімді тәрбиесіне қаныққан кейіпкеріміз талай жас дарындарды қолтығынан демеді, талантты жастардың қаламынан шыққан дүниелерді кідіріссіз жариялап, елге танытты. Өзіне өте қатал талаппен қарайтын жазушы шығармалары арқылы тың мәселе көтермесе, қоғамдық пікір тумаса, онда несіне жазушы болады? Өзімен-өзі ішкі арпалысқа түскен қаламгер үшін жазу – азап. Осының өзінен оның жауапкершілік жүгіне жеңіл, қалай болса, солай қарамайтын, қатаң тәртіп пен биік мәдениеттің адамы екені сезіледі. Әманда, «Туған жерден артық жер, туған елден артық ел жоқ» деп білетін кейіпкеріміздің шығармашылық кешін аудан әкімі Мақсот Мұқанов құттықтау тілекпен ашты.
– Бүгінгі кеш иесі Қызылқоғадан түлеп ұшып, күллі Алаш жұртына танылған бірегей тұлға. Шалғайдағы туған жерінің мерейін тасытып жүрген көрнекті жерлестеріміздің бірі. Оның тәуелсіз еліміздің рухани, мәдени дамуына қосқан үлесі орасан зор. Сол еселі еңбегінің арқасында ол Президент сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері атанып, «Құрмет» орденіне ие болды. Мереке Әбдешұлының Х.Досмұхамедов туралы, Алаш арыстары жайлы толғаныстары елдің бірлігі мен ынтымағын, арманын паш етері анық. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы халық арасында кең көлемде қолдау табуда. Бұл қазақ тілінің мәртебесін биіктетуге, қазақтың салт-дәстүріне тереңірек үңілуге жетелейді. Осы ретте ақын-жазушыларға жүктелер міндет аз емес. Елбасы бұл мәселені алдымызға қою арқылы қаламгерлерге мол мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде қазақ елі әлемге танылуда. Жаһандану қақпасының табалдырығынан еніп келе жатып, біз тілімізге бейжай қарап, ата-баба салтын ұмытуға қақымыз жоқ. Жаһандық мәселеде рух беріктігі, жан дүние беріктігі де сыналады. Рухани жаңғыру деген – осы. Бұл – зиялы қауымның аңсап күткен шағы. Осыған атсалысу, үлес қосу баршамызға жүктелген міндет. Мереке ағамыздың азаматтық ұстанымы – елдің тыныштығы мен бірлігі. «Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!» деп армандайды. Біздің ауданымыз осы күні қай жағынан да дамып, өркендеген өңірге айналғаны баршаға аян. Мұнда туған жеріне туын тіге білген жерлестеріміздің ынта-жігері мен еселі еңбектері жатыр. Осы орайда, Мереке Әбдешұлы ауданның дамып, жетілуіне тілеулес қана емес, тікелей жоқшысы да болып, қандай қиын кезеңдер болса да, Алматыдан алып-ұшып келіп, жанымыздан табылып жатады. Ол қанша жетістікке жетіп, биікке көтерілсе де туған елі мен жері, тілі мен ділін қорғау жолында салмақты ой айтып, салиқалы мінезінен тайған емес. Сондықтан аудан халқы сізді әрқашан мақтан етеді, – деді аудан басшысы.
***
Шығармашылық кеште Мереке Әбдешұлының артынан ерген алматылық танымал жазушы інісі Серікқали Хасан:
– Жаңа осы жаққа келе жатқан сапарымызда аудан территориясына кіргеннен кейін Мәкең көлікті тоқтатып, бір уыс жусанды алып мейірлене иіскеді. Мен бұдан Мереке ағаның туған жерге, елге деген ерекше сағынышын байқап, қайран қалдым. Сондай-ақ, осы сапарда қаламгерді тек бір аудан емес, күллі облыс халқы сыйлап, ерекше құрметтейтініне көз жеткіздім. Әрине, мұндай құрметке ағамыз әбден лайық. Мен бұл кісімен Алматыда әдеби ортада біраз жылдан бері біргемін. Ол «Ана тілі» газеті мен «Қазақ газеттері» ЖШС-ін басқарған жылдары қазақ журналистикасына ерекше серпін берді десем артық айтқандық емес. Ол басшылыққа келген бойда бірінші редакциялық ортаны қалыптастырды. Мәкең медиахолдингті басқарған жылдары «Экономика» және «Үркер» атты екі газетті өмірге әкеліп, батасын берген еді. Бұл газеттер де дер шағында шығып, оқырманын таба білді. Яғни, ағамыз мықты менеджерлік қасиетімен де таныла білді. Оның тағы бір ерен еңбегі - «Ана тілі» газеті арқылы Елбасына туған тіліміздің мүшкіл халі туралы хат жазып, қазақ тілді қоғамның қолдауына ие болуы. Сонымен қатар, оның қазақ журналистикасына енгізген жаңалықтары іргелі оқу орындарында лекцияларда, ғылыми жұмыстарда қолданылып, жас қаламгерлерге бағыт беріп жүргенін де айта кетейін. Мерейлі жасыңыз құтты болсын, аға!, – деген ізгі тілегін білдірді.
***
Сондай-ақ, кеш барысында елімізге белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы:
– Кешеден бері киелі Атырау өңіріне табанымыз тиіп, ағамызбен бірге ағайынның құрмет-қошеметіне бөленіп жатырмыз. Ағамыздың мерейлі жасында қасынан табылып, жарқын жүздесулеріне куә болу біз үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар, осы сапарымда бұл өңірдің киелі де, қасиетті мекен екеніне көзімді жеткізе түстім. Осы ауданның аумағында Халелдің туылғаны, кезінде Алаш милициясының жасағы құрылғаны Қызылқоғаның тарихы терең екенін көрсетеді. Одан бөлек сіздердің аудан небір батырлар мен шешендердің тұрағы болғаны да тарихтан мәлім. Ендеше, осындай киелі мекеннен Мереке сынды ағалардың тууы да заңдылық. Ұрпақтар сабақтастығы деп білемін. Себебі, ағамыз елдік мәселеде шындығын жоғалтпай тура айтатын батыр, әдебиет пен журналистикада шешен, сөзі салмақты, тұғырынан таймайтын тұлға. Мерейлі белесті аттап отырған ағамызға отбасы амандығы мен шығармашылық табыс тілеймін. Жарыққа шығар жаңа кітаптарыңыз бен құнды ойларыңызды асыға күтемін, – деген пікірін білдірсе, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар былайша тебірене сөз сөйледі:
–«Кеңес үкіметі тұсында оныншы сыныпты бітіретін оқушылар қазақ әдебиетінен шығарма жазатыны белгілі. Сол кезде маған туған жер туралы жазу қажет болды. Сонда шығарманың эпиграфына Сырбай Мәуленовтің «Туған жер сенен артық ешнәрсе жоқ, себебі сенен туып, сенен ұштық» деп жазғаным бар. Сол оқиға бүгін есіме түсіп отыр. Өйткені, Мерекедей қазақтың біртуар ұлы өзінің Қызылқоғасына, қаны тамған жеріне ат басын тіреді. Туған жердің қаншалықты ыстық, құнды екенін Мәкеңнің келген бойда жадырап сала бергенінен байқадым. Мен сыйлайтын, аса қадірлейтін Мереке ағаның екі ерекше қасиеті бар. Оның біріншісі – қайраткерлігі. Қазақтың басынан қандай қилы кезеңдер өтсін, тілге, дінге байланысты мәселе туындасын, барлығында да ағамыз өзіндік үнін естіртіп, өткір пікірлерімен көштің басында тұрады. Оған газет пен интернет беттерінде тұрған мақала мен көзқарастары дәлел. Екінші қасиеті – ол туған жерінің жанашыры, Атырауының патриоты. Осы облыс аймағында қандай да бір маңызды жиын, түрлі іс-шаралар болсын, барлығына да қалмай келіп, ылғи қатысып жүреді. Сонымен қатар, артынан ерген жастарға қамқор, жанашыр. Ағамыздың қадірін арттырып, беделін биіктетіп жүрген осы қасиеттері деп білемін»... Кешті түйіндеген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Мереке Құлкенов:
– Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесін мен қос қолдап қолдаймын. Себебі, бұл әліпби бізге бөтен емес. Кезінде 1929-1940 жылдар аралығында қазақ зиялылары латынша жазып, әріп таныған. Сәкен Сейфуллиннің латын әліпбиінде шығарған «Батырлар жыры» бар, Сәбит Мұқановтың, Мұхтар Әуезовтің латынша шыққан шығармалары біздің кітапханаларда тұр. Сондықтан, латынға көшуге батыл қадам жасауымыз керек. Алайда, Елбасының мақаласынан кейін, бұл жаңалықты қолдайтындар көп болғанымен, оның базасы жасақталып, көшу жұмыстары әлі бастала қойған жоқ. Бұл мәселе төңірегінде сұрақтар көп. Орыс мектептері қалай көшеді, кириллицамен хат таныған адамды латыншаға қалай бейімдейміз? Латыншамен жазатын түріктің, өзбектің, түркіменнің әліпбиі үш түрлі. Біз қайсысын таңдаймыз? Міне, осы сұрақтар шешілсе, оған көшуді бастай беру керек. Одан қорқудың еш қажеті жоқ. Кезінде көрнекті ғалымымыз Халелдің өзі латын әліпбиін құрастырып, жасап шығарғаны тарихтан мәлім. Алаш зиялыларының өздері де латын әріптері ғылымға, технологияға жол ашатынын сол кезде айтып кеткен. Ендеше, сол бабалардың асыл арманын жүзеге асыратын уақыт жетті. Сондай-ақ, елімізде Алаш қайраткерлерінің еңбегі әлі де болса зерттеуді қажет етеді. Мен қазір «Халел» атты роман жазып жатырмын. Соның ішінде оның ұрпақтары, өмір тарихы бәрін қамтығым келеді. Бірақ, қолымызда дерекқор аздау болып отыр. Ол туралы қажетті ақпараттар Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің архиві мен Мәскеуде сақтаулы тұр. Бірақ, әлі ресми түрде жариялауға рұқсат жоқ. Алайда, менің бір білетінім – Халелдің Жаһаншадан айырмашылығы оның әйелі қазақ болған. Тарихи деректер бойынша, бір ұлы және төрт қызы болған. Ұлы да әке жолын қуып, дәрігер болған деседі. Ал, мен оның Қарашаш атты қызын білемін. Ол да жақында дүниеден өтті. Өмірден өткенше ылғи хабарласып тұрдық. Мен жазып жатқан романыма сол кісіден көп мағлұмат алдым десем болады. Халелдің тағы бір еленбей жүрген еңбегінің бірі – «Сана» атты журнал шығарып, қазақ даласына таратуы. Халел осы журнал арқылы қазақ халқының сол замандағы тұрмысы, халық саны, шаруашылығы жайлы жан-жақты жазып, шығарып отырған. Дегенмен, ол журнал да кейіннен жабылып қалды. Жалпы Алаш зиялылары туралы зерттей түссек, мол қазынаға кенелеріміз анық. Себебі, тарихты білмей – даму жоқ. Жалпы, қазақ деген ешқашан жоғалмайтын халық. Өйткені қазақтың бойында көп ұлтта кездеспейтін бір қасиет бар. Оның бірі – сезім. Сезімдерің көп болсын, – деді. Сөйтіп, аудан жұртшылығына рухани құндылық сыйлаған әдеби кеш тәмамдалды. Келесі күні Мереке Әбдешұлы өзінің білім алған Мұқыр ауылына соғып, ондағы ата-анасының рухына құран бағыштап, ауыл ақсақалдарымен кездесіп, мәре-сәре болды.
Бауыржан СИСЕНОВ,
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН
Қызылқоға ауданы,
Атырау облысы
qazaquni.kz