Жадымда қалған жақсы күндер
2017 ж. 12 маусым
3161
1
Әлкей МАРҒҰЛАН, академик
Биыл заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің жылы.
Басқа шығармаларын айтпай-ақ, бір ғана «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы Қазақ елін айдай әлемге танытқан ұлы суреткерді еске алу шаралары мен түрлі ғылыми-конференциялар бүгінде кең-байтақ еліміздің жер-жерінде қызу жүргізіліп жатыр.
Тау тұлға қаламгердің жастық шақтан бергі ғұмырына тікелей куә болған іні-достарының бірі әйгілі зерттеуші Әлкей Марғұлан еді. Оқырман назарына осынау Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы ғұлама ғалым, атақты әдебиеттанушының біртуар замандасы туралы естелігі ұсынылып отыр.
...Оқымысты қазақ жігіттері де аз емес еді. Олардың ішкі ойына сыртқы киімі де сай болатын. Бәрінің киетіні – қысқа былғары куртка, басында былғары кеп, галифе шалбар, жылтыр қара етік. Мұхтарды бірінші рет осы түрінде 1916 жылы Павлодар қаласында көрдім.
Әдемі бұйра шашты, сұңқардың көзіндей сүзіле терең қарайтын, тұңғиық қара көзі бар. Маңдайынан ақыл мен ойдың лебі аңқыған, жүрек сезімі романтикамен бөленген, сөйлегенде саспай, майын тамыза сөйлейтін, сөзі шөлдеген адамның мейірін қандыратын тау бұлағындай сыпайы, көркем бір кісі халықтық көңілін өзіне ерекше аударды. Ол – атағы әлемге жайылған қазақ халқының мақтанышы болған Мұхаң еді. Мұхтар Керекуге Әліби Жанкелдин бастаған комиссияның мүшесі болып, жергілікті аппаратты жаңадан құру мәселесімен келіпті. Ұмытпасам, олардың қасында тағы басқа да азаматтар бар еді.
Комиссияның келуін қалалық комитет оқушы жастарға күні бұрын білдіріп, ұйымдасқан түрде қарсы алуға шақырған болатын.
Білімнің мол қазынасына кіргенім – Қазан төңкерісінен кейін. Мен ең алдымен Семейге барып, педагогикалық техникумда төрт жыл оқыдым, ілгеріде не болуыма үлкен әсер еткен Мұхтар Әуезовпен жақындасу болды.
Техникумның директоры Әбікей Сәтпаев Мұхтармен кеңесіп отырып техникумда оқитын балалардың адамшылық қасиетін, білімге өрлеуін жақсылап айтып береді. Әбең Мұхтарға: «балалардың ішінде әдебиетті жақсы көретін бір бала бар, ол Абайды тегісімен жатқа біледі, тағы да көп қазақ жырларын жатқа айтады» – дейді. Абайдың 1909 жылы шыққан жырын және парсы тілінің грамматикасын әкем Қоянды жәрмеңкесінен әкеліп, осыларды оқы дейтін. Мен Абайды қыс бойы жаттап, ауылда айтып жүрдім. Мұхтар мұны естіген соң мені өзіне шақырып Абай өлеңдерін, Қозы-Көрпеш – Баян сұлу жырларын тыңдап көрді.
– Бұларды қайдан біліп жүрсің?
– Мұндай кітаптар менде көп болды, бәрі Қазанда басылған. Солардың ішінен ең сұлуын жаттап алып жүрдім.
Содан кейін Мұхаң мені өзіне жақын тартты. Мұхаң ол кезде техникумда, тағы басқа курстарда қазақ әдебиетінен сабақ беретін еді. Ол революциядан кейінгі саңлақ, білімпаз, сезгіш кісілердің бірі болды. Оның ағалық қамқорлығы, тәрбие беретін ұнамды мінезі, тұңғиық ойлары жастарды өзіне тартпай қоймайтын.
Мен төрт жыл бойы Семейде Мұхаңның қасында болып, онық алғашқы жазған әңгіме, повестерін қолжазба түрінде оқып, қатты қуанып жүрдім.
Мұхаң орыс әдебиетінің, Европа әдебиетінің тамаша кемеңгер саңлақтарын сол кездің өзінде-ақ жетік білетін. Мұхаңмен жуық болған жылдарым – менің еш уақытта ұмытпайтын қызықты кездерім еді. Павлодарға келгенде ол жиналған жұрттың алдында төгілте сөз сөйледі. Кейін Семейде оқып жүрген кезімде Мұхаңмен жақсы танысып, оны өзіме ақылшы ұстаз етіп алдым.
1925 жылдық жаз айларында Мұхаң Семейдегі пәтерінде кешке жақын толғанып отырып:
– Ленинградқа оқуға жүрердің алдында екеуміз біздің елге барайық, Шыңғыс тауын жақсылап көресің. Абай ақынның ауылымен танысасың. Ол жерде әнші, ойыншы адамдар өте көп, соларды көріп қызықтайсың, – деді.
Аз уақыттан кейін екеуміз Семейден шығып, Шыңғыс тауында жайлап отырған Мұхаңның үйіне бардық.
Содан август айын біз тегісімен ойын-сауық, мереке үстінде өткіздік. Оның бірі – аң аулау, қаршыға салу болды. Бірақ Шыңғыс тауында қаршыға, тұйғын, лашын салатын кісі, тіпті, аз екен. Лашынды келістіре салатын бір кісі тек Шаған жағында бар деп естідік.
Біздің бар тапқанымыз Кәріқараның көкшәулі қаршығасы. Онымен екі күн өзен бойын аралап ешбір құсқа түсіре алмадық. Бір күні қасқыр аулауға шықтық. Қасқырдың мінезін, ісін жақсы білетін кісі Мұхаңның ауылдағы досы Қатпа деген ойыншы еді. Түнде келе жатқанда Қатпа ақырын бөлініп кетіп, алдымыздан қасқыр болып ұлып шығатын. Август айында қасқыр бөлтірігін інінен шығарып, ылғи Талды өзенінің бойында жүреді. Мұны аң аулайтын кісілер жақсы біледі.
Мұхаңның қасқырға қосамын деп алып шыққаны – Шайбайдан алған бір қызыл тазы. Оны үйде отырғанда асыра мақтап:
– Көрінген қасқырды құтқармайтын алпауыт осы, – деді. Бірақ, тазының түрінде қасқыр алатын бір қылық байқалмады, солбырлау, қалың жүні бүйірін басып жауып алған; аққасқада болатын жауынгерліктің сілемі де жоқ. Ойладым: «бұл тазы тек Шайбайдікі болған соң мақтап отыр ғой» деп. Шынында, бұл тазымен де қасқыр алдырып жарытпадық.
Мұхтар Шыңғыстауда жүргенде бір ғана серіліктің соңында болды. Бір күні отыз шақты жігітті жиып, – көбі домбырашы, әнші, ойыншы, аңшы, күреске түсетін мықты палуандар мен серілер, бие сауатын жігіттер, қазаншылар – Шыңғыстаудың елсіз жатқан даласына барып сауық өткізді.
Бұлардың көбі Абай ұрпақтары – Даниял, Мекаил, Исраил, Жебраил, Әубәкір, Жағыпар, Қатпа тағы басқалар. Бұлардың барлығы тазымен далада жүріп, ән салу, домбыра тарту, ертегі айту, атақты күйшілердің күйін тарту, тағы басқалармен айналысатын. Жеке ән айтуда ерекшесі Жебраил, оған мен қосылдым; домбыраны ағылта тартқан өнердің кемеңгері Исраил болды.
Мұхаң Еңлік пен Кебектің өлген жеріне апарып, «Еңлік пен Кебектегі» билердің шешуін сахнаға қойып көрсетті. Еңлік болып ойнаған – Қатпа, Кебек болып өзі шықты. Бұл күндері Мұхаңның тағы да қызықтаған істері – құс салу, ит жүгірту, асық ойнау болды. Асықты жігіттер дорба-дорбасымен көп әкелетін, ең үлкен дорбадағы асық Мұхаңа әкеп тартылатын. Даладағы дөңгелек тақырда асық ойнау – қыр балалары үшін бір қуанышты тамаша іс. Асықтың көбін Абайдың немересі Мағауияның баласы Жағыпар ұтып алып отырды. Ол бар асығын ұтып алған Мұхтарды «сықақтаудан басқаны білмейтін, өзге шеберлікке жәйі жоқ қой» деп, балдыздықпен ойнайтын. Әзіл мен қалжыңды жақсы көретін Мұхаң оны бар ынтасымен тыңдайтын. Бұл кезде тамақ істейтін шебер келіншектер, әзілқой қойшылар, қасқыр туралы әдемілеп айтатын жылқышылар ойын-сауыққа үлкен әсер етіп, Мұхаңды қадірлеп «Уа, уа» деп отырар еді. Әрине, олардың аттарын мен қазір ұмытқанмын. Бірақ сол Шыңғыстаудың қойнауында жатып өткізген күндер ешуақытта естен шықпайтын ғажайып суреттерге толы еді.
Шыңғыстауды біраз қызықтап болған соң біз Семейге қайттық. Шыңғыстаудан төмен түсіп, ойпатқа келе жатқанда бір бұлақтың бойында бір отар қой жатыр екен. Қойшы сезгіш, тамаша түсінетін кісі болып шықты. Қанжығасында асылған бір торсық қойыртпақ, үлкен саптаяғы бар. Мұхаң мына суретті көрген соң қасындағы жігіттерді тоқтатып, осы жерде біраз тынығайық деді.
Мөлдір су – қойшының ұзақ, әдемі сөйлеген әңгімесі, алыстан асқақтап көрінген Шыңғыстау қасындағы өнерлі жігіттер Мұхтарға бір шабыт бергендей. Біз Мұхтардың айтқанын орындап аттан түстік. Тезек теріп, қой сауып, қою сүт жасауға кірістік.
Мұхаң сыртқы киімін тегіс шешіп, қара көзін төндіре үлкен қоңыр қойдың желініне төніп, саптаяққа сауа бастады. Бірақ, байқасам, Мұхаңның сауған қойынан сүт шықпайды. Бір уақытта қойшы келіп:
– Қарағым, олай саума, былай саусаң, сүт шығады, – деп көрсетті.
Мұхаң біраз отырып:
– Әй, мынадан түк шықпады, мен басқа істер істейін, – деп саптаяғын Даниялға берді. Өзі плащымен тезек теріп кетті.
Тас қортқы пісірген сүтті тез іше қою оңай емес екен. Сол жерде екі-үш сағаттай отырдық. Исраил Шыңғыстауға қарап ән шырқады. Жебраил мен біз Абайдың өлеңдерін айттық.
...Серілікті жақсы көретін Мұхаңның көңілі сүйген ісі – қасқыр алатын алпауыт аққасқа тазыларға құмар болу еді.
Аңда жүргенде әңгіме бір ғана осы туралы болды. Қасқырды жақсы алатын аққасқа тұқымдарын жақсы білетінмін. Мен өскен ауылдарда оның бір тобы бар-ды. Аққасқаны өсіріп көбейткен жер – Ереймен тауының іші. Оған үлкен мән беріп, тәрбиелеген жер, – әсіресе, Бөгембай ауылы. Кейін аққасқаның ұрпақтары Ақмолаға, Баянауылға, Ертіске дейін тарай бастады. Оны кемеліне келтіріп, өнердің, бір түріне айналдырған Ереймен тауының жігіті – Оспан деген кісі еді.
Қасқыр аулау Оспан үшін аңшылықтың аса бір қызық түрі, оны көбінесе қостап жүріп аулайтын. Сентябрь айы қасқырдың «май табан» болатын кезі. Оспанның қасқырды құшырлана іздейтін кезі де осы айдан басталады. Ол кездегі ауылдың жастары Оспанмен өте жақын жүргендіктен, оның қасқыр аулау әдісін жақсы білетін. Мен Ленинградтан, өзгелері басқа жерден каникулға келгенде аққасқа тазылар мен қасқырдың соңына түсу – революциядан кейінгі заманда бір қызық дәурен болды. Кейде Оспанмен бірге жүріп ауладық. Ол кезде Шідерті өзенінің сай-саласы шатқал, таулары еш уақытта қасқырсыз болмайды. Көп кісімен шытырман талдың арасын қаққанында оның ішінен бөлтірігін үйретіп жүрген бір топ қасқыр кездеспей қоймайды. Оспанмен бірге жүріп осы араларды сүзіп көрдік. Оспанда ол кезде екі дәу тазы болды, оның біреуі көк қасқа, біреуі қара қасқа, екеуінің де биіктігі тайыншадай, өздері өжет, қасқырдан қорқуды білмейтін. Екеуі де орасан жүйрік, қасқыр көрінсе құтқармайды, бірігіп тура барып ұстайды, біреуі қасқырды тамағынан алып қысса, екіншісі қарнын жарып түсіреді. Олардың бір ерекшелігі, кісіден екі-үш шақырым ұзап кеткен қасқырды өздері қуып ұстап, біреуі өлтірген қасқырдың қасында қалып, екіншісі адасып жүрген кісілерді іздеп тауып, оларды өліп жатқан қасқырдың үстінен түсіреді.
Шідерті өзенінде қосқанда біз тазыдан да, қасқырдан да көз жазып қалдық. Қасқыр тоғыз еді. Жырынды аңшылар:
– Оның біреуі арланы, біреуі қаншығы, өзгесі жаңа өрбіткен бөлтіріктері, – деді.
Оспан «қасқырдың тобы тазыларға жабылып бір зақым жасады-ау» деп күйзеліп тұрды. Қарасақ, алдымыздан құйрығын бұлаңдатып көкқасқа шыға келді. Анда-санда алаңдап артына қарай береді. Біз қасына келгенде ақылды ит жорта басып ілгері тартты. Біз де оның соңынан қалмадық. Бірнеше белес асқаннан кейін жан-жаққа қарасақ, бір төбенің бөктерінде қарайып екі нәрсе жатыр. Көкқасқа бұлжытпастан сонда алып келді. Бұл не тамаша? Екі алпауыт қасқырдың көкжалын ұстап, жерге сұлатып қойған. Оның қасында жүресінен түсіп қарақасқа жатыр.
Біз барғанда қасқыр тек әлсірегені болмаса, әлі өлмеген. Қасына барған кісінің дауысын естігенде ол тағы да күшін жинап, гүрілдеп қарсылық көрсетпекші болды. Оны көрген екі қыран тағы да жұлқылап, алқымын сығымдай түсті. Көп кісі тамаша қылу үшін тазыны қасқырдан айырып, не істер екен деп біраз отырды.
Мұхаң қасқыр алатын тазыларға құмартып жүргенде мен осыларды бастан аяқ әңгімелеп, аңшылық суретін айтып отырғандарым аса ұнайтын еді. Содан кейін ол кісінің аққасқа тазыларға құмартуы ерекше болды. Бұл кезде Әбікей Сәтпаевтың көмегімен аққасқаның бір өжеті Шыңғыс тауына келіп жеткен еді. Оның үш қасқыр алды деген даңқы кеп жерге тарап, бұл әңгіме Мұхаңның аққасқа тұқымына құмарлығын одан гөрі асыра түсірді.
Аңшылық әңгімесінің кеңесі өте пайдалы болды. Келесі жылы қасқыр алатын аққасқаның екі алпауытын Баян тауынан Мұхаңа жеткізіп беруге уәде еттім. Сол уәде бойынша келесі 1926 жылы елге каникулға барғанда көңіліміз қасқыр алып жүрген екі алпауыт тазыға түсті. Август айының орта кезінде біз бұл иттерді арбаға байлап, біп топ бала Шідертіден Павлодарға жөнелдік. Павлодарға дейін жол үш жүз шақырым, жолшыбай бірнеше ауылға қондық. Олардың өтініштері: тазыларды бізге қалдырып кетсеңдер қандай қуаныш болар еді...
Екі-үш күннен кейін Павлодарға келіп, Жаяу Мұсаның үйіне тоқта- дық. Мұхаңа тазыларды көркем түрде жеткізу мақсатымен оларды мәпелеп баптап, мойнына әдемі қарғы тағып, сәулетті түрге келтірдік. Бірақ аққасқа тазыларды Семейге жеткізу оңайға түспеді. Пароходта олардың билеті адамдардікінен қымбат, және оларды көп уақыт алмай әуре қылды. Жанымда Семей газетінде істейтін ақын-жазушы жас жігіт Әукеш дейтін інім бар еді, екеуміз иттерді кемеге отырғызып жүріп кеттік. Келе жатып тағы да бір қиындыққа кездестік. Күнде ел ұйықтайтын кезде екі ит Ертіс бойын жаңғырта ұлып, елдің мазасын алды. Түнде сағат екінің кезінде кеменің капитаны каютаға келіп:
– Анау иттер сіздікі емес пе? – деп сұрады.
– Иә, біздікі. Иттер ұлымау үшін оның қасына бір төсек қойып бергізіңіз, інім барып жатса, олар үндемейді, – дедім.
Әукеш барып, жатқан соң иттер ешбір үнсіз ұйықтап қалды.
Семейде Мұхаңмен біздің досымыз Ахметбек Шикібаевтың үйіне тоқтадық. Ол кезде Мұхаң еліне келмеген. Иттерді бірінші рет көруге келген – Семейде тұратын Ахмет Әуезов. Екі-үш күннен кейін қырдан Ағзам келіп екі итпен таныса бастады. Бір жұма жатып, итке тамақты сол берді, оларды аялап, басын сипап, еркелетті. Содан кейін аяулы аққасқалар Ағзамға еріп Шыңғыстау кетті.
Қыс күні екі тазыны қызық еткен Мұхаң олармен қасқыр аулап жүргенде елдің малына тыным бермеген көкжал қасқырға кездесіп, оны ғажайып түрде өз көзімен алдырады. Мұхаң Ленинградқа келген соң екі аққасқаның көкжалды қалай сығып өлтіргенін тамаша әңгіме етіп айтып жүрді, кейін оны «Көксерек» деген әңгімесінде пайдаланды.
Шіркін, мұндай алпауыт итті бұрын ешқашан көрген емеспін. Кедей-кепшіктің малын қынадай қырып жүрген көкжалды алқымынан қысып илегенде рахаттанып қарап тұрдым, – дер еді Мұхаң.
Мұхаңмен жүрген кезде бір ғана әдебиетті, қазақ халқының өмірін зерттейтін едім. Күншығыс институтында оқып жүрген кезде диплом жұмысын Абай туралы жаздым.
Жаңа дәуірде сұрапыл күшпен шыққан жас саңлақ Мұхаңның әлеумет алдында, әдебиетте көріне бастағаны – 1917 жылдан былай қарай. Бұл алғашқы өрлеуінде Мұхаң көбінесе журналист, публицист, ойшыл-сыншы, философ ретінде көрінді. Мұхаңның алғашқы ой толғауына көбірек ойысуы оның бір ғана өз басының ерекшелігі деуге болмайды. Мұхаң оны өзінің туып-өскен жерінен, Абай мұрасынан дәстүр етіп шыққан. Мен ең алғаш Шыңғыстауға барғанда (1924 жыл) ол жердің адамдарының жай-күйі маған басқашалау болып көрінді. Олардың үлкені де, кішісі де сөзді әдеппен тосып сөйлейді, кездескенде тыңдайтынымыз данышпан қариялар, шалқыған ақындар. Олар ойларын тебіренте, салмақпен, құйылтып, ой қозғайтын толғаулармен, түйінді термелермен адамды өзіне еріксіз тартады. Жас өмірін бір ғана Абайдың мәжілісінде өткізген, кейін Мұхаңның ауылдағы досы болған Өтегелді бір күні:
– Абайдан бұрын біз орыс халқының данышпан адамдарын, тіпті, білмеппіз ғой. Толстой мен Салтыковтың, Добролюбовтың, Лермонтовтардың жазғандарын тыңдап отырсаң, әулиенің сөзімен бірдей, олардың ойлауы да барлық адам баласына қарлығаштай достық істеу екен, – деді.
Шыңғыстаудың әншілерінің өзі кейде кездесетін есер әншіге ұқсамайды, адамның жай-күйінен шығатын сұлу үнді ойға бөлеп, тамылжыған әдемі қоңыр дауыспен домбыраға қосады. Ән философиялық толғамдар айтып жеткізгендей ой түсіреді. Мекаил, Исраил, Жебраилдердің үндерінен кейде европалық музыканың сәулетті ырғақтары шығатын. Ең ақыры, жасөспірім балалардың өзі Байрон, Гете, Пушкин, Лермонтовсыз сөйлемейді, олардың қазақша аудармасын жатқа айтады. Міне, Мұхаңның жас күнінде тәрбие алып, түлеп ұшқан ортасы осы еді. Бұл ортаның көпшілігі, әрине, Абай ұрпақтары, кейін Мұхаңның ауылдағы аяулы достары. Олардың сыпайы мінезділігін ашық ойшылдығын, сұлу дүниеге құмар болуын, барлық рухани азығын мен Абайдан қалған мұра деп түсіндім.
Ол кездегі қараңғылық бұғауында шырмалған халық бұқарасының сезімін бірінші рет оятып, оларға терең философиялық ой айтқан, оларды топастықтан нәзік сезімге шақырған, олардың жүрегіне сұлулық дүниесінің үлесін ашқан Абай екені анық.
Ең алғаш дәуірлеп шыққанда Мұхаң, Абайдың бұл жарқын ойларын ешуақытта естен шығарған емес. Оны тіпті өмірінің соңғы кезіне дейін үлгі ретінде ұстанды.
Мұхаң өзінің туып-өскен халқын, оның өткендегі және бүгінгі тіршілігін жете біліп, соны әдемі сұлу бейнемен жырлап өтті. Оның жазғандары – маржандай тізілген қазақ халқының өмірі, оның ілгері, жаңа тұрмысқа талпынуы болды. Мұхаң халық бұқарасымен тығыз байланысып, соның жаршысындай болып өтті. Оның адамшылық қасиеті де ерекше еді. Онық түр-келбеті көңілге қандай жылы сүйкімді көрінсе, ішкі жан күйі де соншалық бай, әрі сұлу, бір ғана қуаныш, ақыл-ой үшін жаралған кісі еді.
1962 жылдық 30-июні. Мұхаңды еске түсіру үшін Валентина Николаевна көп кісіні үйіне шақырып жылдық азасын берді.
Еске түсіру Мұхаңның өзі салдырған үйінде, қазіргі музейінде өткізілді. Бұған екі жүзге тарта адам келді. Оның көпшілігі – Мұхаңның жақын достары, туыстары, әдебиет зерттеуші ғалымдар, жазушылар. Бұрынғы уақыттағы сияқты менің бұл кеште көбірек ой бөлгенім – Мұхаңның өз үйінің іші. Олардың Мұхаңнан кейінгі өмірі, өзін қалай ұстауы, адамшылық қасиеті, Мұхаң ұрпақтарының әр қайсысының өзіне тән ерекшелігі, Мұхаңа дос болған адамдарға олардың көзқарасы, тағы сондайлар. Бұл үйді мен көптен білемін. Тіпті, Валентина Николаевна мен Мұхаңның қалай қосылғаны да көңілде әлі сайрап тұр. Оның ту басы Ленинград университетінің аудиториясында атақты профессор В.В.Сиповский Лермонтов туралы лекция оқып тұрғанда басталған еді. Оның кейбір деталі мынадай еді. Профессор В.В.Сиповский «Лермонтов және орыс романтизмі» деген тақырыпта лекция оқығанда оның сөйлеген сөздері адамның жүрегін тебірентпей қоймайтын. Кейде Пушкин мен Лермонтовты қоса айтып, олардың басынан кешірген трагедиясын, олардың ақындық жүрегінің патша жендеттерінің табанында жаншылғанын төндіре, қызықты етіп айтқанда аудиторияда отырған қыздар көзіне жас алып отыратын. Сондай қыздың біреуі ол кезде осы Валентина Николаевна еді. Бұл кісі ол кезде ақыл-ойы толысқан қыз болатын. Біз Мұқаң екеуміз алдыңғы партада қатар отыратын едік. Бір күні байқасам, Мұқаңның желке шашына бір әдемі қағаз кіріп тұр екен. Мұхаң бұны білген де жоқ. Мұхаңа айттым:
– Желкеңізде бір қағаз тұр, – дедім.
Алып оқып қарасақ: «Ваши волосы мешают – В. и Т.» деген жазу бар екен. Біздің артымызда екі қыз отыратын. Оның бірі осы Валентина да, екіншісі – жұқалау келген қара көз, сымпыс торы қыз Тося. Әңгіменің басы осы-ақ екен. Мұхаңның түбегейлі үй құру туралы терең ойда, толқуда жүрген кезі. Бұл әңгіме ол кезде бала жігіт менің ойыма да келмейтін. Тек оқу мен жастық қызығының базарында ғана жүретінмін. Төрт-бес ай өткеннен кейін байқасам, Мұхаң мен Валентина арасындағы жуықтық тереңдей түскен екен. Мұхаң және Орман академиясында оқитын Мұхамбет Хабибуллин деген аяулы студент үшеуміз жеке бір пәтерде тұратын едік. Оның бір бөлмесінде Мұхаң жеке де, екінші бөлмеде Мұхамбет екеуміз тұратынбыз. Алғашқы жылы пәтерақыны бір ғана Мұхаң төлеп жүрді. Өйткені «Қаракөз» бен «Еңлік-Кебек» пьесасына ақшаны көп алып тұрған соң, бізге төлетпейтін, егер төлеп қойсақ қатты ренжіп кейитін еді. Каникул кезінде бір ғана Ленинград қаласында болмай Совет Одағының көп жеріне, әдемі қалаларына барып қайтып жүрдік. Кей жылы Шыңғыстауға барып қасқыр ауладық.
1927 жылдың жазы шығар. Алдында, Мұхаң қатты елегізіп, күн сайын толғануда болды. Бір күні Мұхаң:
– Әлкей, жүр, көшеге шығып біраз серуендеп қайтайық, – деді.
Біз ол кезде Васильев аралында, жетінші линияда тұратынбыз.
Жаяу қыдырып Нева өзенін жағалап, Көркемөнер академиясының алдындағы сфинкс қасына келіп тоқтадық. Бұл жер Ленинград қаласының сәулетті тұстарының бірі. Өзеннің ар жағында қолын күнбатысқа созған салт атты Петрдың бейнесі мен Адмиралтей сарайы тұр. Өзеннің екі жағын ала созылып жатқан әдемі, сәулетті үйлер, сол жағымызда ат шаптырым жерге созылып жатқан университет пен академияның зәулім үйлері. Мұхаң:
–Бұл не деген байлық десейші, осы сияқты әдемі, сәулетті қаласы бар орыс халқы бақытты ғой. Петербург қаласы олардың мақтанышы да ой тірегі де бола алады.
Петербург қаласы өзінің сыртқы сұлулығымен қатар ішкі идеясымен де орыс халқының мақтанышы болған. Өйткені, орыс халқының атақты ғалымдарының, жазушы, ақындарының көбінің өмірі осы қалада өтті. Радищев, Пушкиннен бастап олардың ішінде бұл қаланы ардақтап жазбағандары кемде кем-ақ, – дедім мен. Содан кейін сөзді басқаға аудардық. Мұқаң:
– Сен биыл тағы да экспедицияға барасың ба? – деп сұрады.
– Иә.
– Қай аймаққа барасыңдар?
– Профессор Руденконың айтуынша, күнбатыс Алтай, Өскемен, Зайсан, Тарбағатай жағына баратын түріміз бар.
–Жақсы жерге барады екенсіңдер. Ол жақ менің де көптен бері көкейімнен шықпай жүретін еді.
– Олай болса осы экспедициямен бірге барғаннан қызық бола ма?
– Расында, ойлану керек екен. Сен бұл туралы Руденкомен алдын-ала сөйлесіп көр. Орайыма келсе мен де бірге кетермін, – деді.
Бұдан кейін академияда болған экспедиция туралы жиылысқа Мұхаң бірнеше рет қатынасып жүрді. Бір күні Мұхаң тағы да көп толғанып, өзінің ойға батқан тұңғиық көзімен:
– Әлкей, сен қалай көресің? Менің Алтайға бара алатын түрім жоқ сияқты. Алтайға барсам жолшыбай Семейге түсіп, елге де соға кетуім керек. Бірақ елге барғым келмейді... – деді.
– Неге?!
– Оның көп сырлары бар...
Сонымен, бір жағдайлар килігіп, Мұхаң бұл сапарға бармады.
Май айының соңғы кезі. Бұл жылы Ленинградта көп жаңбыр бола қойған жоқ. Күн ашық, маужыраған қоңыр салқын кез. Бір күні Ленинградтың кешкі газетінде Москвадан Андрей Белый келеді деген хабарландыруды оқыдық. Ұмытпасам, сенбі күні болу керек Мұхаң:
– Андрей Белыйды көріп, сөзін тыңдайық. Москваның көркем әдебиет институтында бір көрген едім. Бірақ есте қаларлық еш нәрсе болған жоқ еді, – деді.
Киініп, Нева проспектісіндегі әдебиет саласына бардық. Кісі көп жиналған екен. Оның көбі – жас қыз-келіншектер, ақындар, зерттеуші ғалымдар, бәрі әдемі киінген, сұлулықты жоғары ұстайтын эстеттер. Олардың ішінде өзімізге таныс Эйхенбаум, Слонемский, Оксман, Томашевский сияқты профессорлар да бар екен. Андрей Белыйдың келуін көп күттік. Айтқан сағатында келмеді. Ең ақырында:
– Андрей Белыйдың жүрегі ауырып келе алмайтын болды, – делінді. Мезгіл кешкі сағат 8-дің кезі еді. Бұл кезде Ленинградтың түнінен күні ұзақ. Күн жылы, ашық болған соң Мұхаң екеуміз «Марсовое поле» жанындағы қалалық үлкен бақшаға бардық. Бақшаның іші у-шу, мәз-мейрам екен. Бір жағынан оркестр, бір жағынан би, бір жағынан ағылып жатқан адам тобы. Ленинградтың халқы өте сыпайы, жүріс-тұрысында оғаштық жоқ, аса әдепті келеді. Мұхаңның өз мінезі де осы қаланың адамына өте ұқсас еді. Жалғыз-ақ олардан ерекшелігі – Мұхаң ауылға барса қарапайым қазақ болып, үлкен қалаға келгенде, жұрт бұл кім деп қарайтын ой иесі, кемеңгер, үстіне кіршік жуымайтын серіге ұқсайтын.
Бақшаға кірген соң әңгіме бір ғана қыз туралы болды. Және әңгіме тек қана ойдың желігуінен туған жоқ, оқып жүрген жас қыздардың адамшылық қасиеті, кісіге дос, серік болу жағынан қозғалды.
1927 жылдың май-июнь айлары. Мұхаң «Не істеуім керек?» деген оймен қатты толғануда болды. Біраз уақытта каникул да жетті. Бір күні отырып:
– Мен Алтай экспедициясына бармауға бел байладым. Бұл елге, Шыңғыстауға бармау деген сөз. Оның орнына Жетісуға барып, 1916 жылғы көтерілісті зерттеймін, жолшыбай Қызылордаға соғып, оның театрымен танысамын, жаңа өсіп келе жатқан жастар өмірімен танысамын, – деді.
Бұл сапар Мұхаң үшін текке кеткен жоқ. Бұл үлкен игілік сапары болды.
qazaquni.kz