Дарын дарынды таниды
2017 ж. 05 маусым
5223
1
Шерхан МҰРТАЗА,
Халық жазушысы
Қазақстанның Халық жазушысы, Қырғыз Республикасының Халық ақыны, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лаураты Шерхан Мұртазаның қай еңбегін алып қарасаңыз да, қиыннан қиысқан шеберлікті, ғажайып дәлдікті, тау бұлағындай мөлдіреген тазалықты аңдап, тұшынар едіңіз. Көрнекті романист, новеллист, драматург, аудармашы Шерағаңның көркем эсселерінің өзі арнайы зерттеуді қажет ететін мол мұра. Төменде жазушының өз замандастары туралы толғаныстарынан шағын үзінді ұсынылып отыр.
Тау басындағы тасжарған
Бір топ ақын-жазушылар алпысқа келген ақынның үйінде мейман болып отырмыз. Қалтай тәпішке кимей, шұлықшаң отыр. Мен:
– Оу, Қалеке, тәпішке ілсеңізші, аяғыңыз ауру ғой, – деймін. – Таяқ ұстап жүрсіз.
– Кимеймін, – дейді Қалтай, – менің табаным көнтақа. Түйенің табанындай. Сенесің бе, отыз жетінші жылы әкей атылып кеткеннен кейін институтқа барғанша жалаңаяқ жүрдім.
– Қыста да ма?
– Қысы-жазы. Башпайларымның арасына көктемде шөп шығып кететін.
Жатып кеп күлеміз.
– Күлмеңдер, шыным. Тәшкентке оқуға жалаңаяқ бардым.
Бұл енді болашақ атышулы драматургтің балалық дәуірінен бір елес.
– Қар жауды. Тобанаяқ болып, мектепке кешігіп бардым. Мұғалім:
– А, халық жауының баласы, неге кешігесің?! – деді де екі қолыма екі кірпіш көтертіп, қабырғаға қаратып, сілейтіп тұрғызды да қойды. «Халық жауы» дегеннен үрейленіп, балалар менімен ойнамайтын.
Бұл – болашақ халық жазушысының балалық шағынан екінші елес.
Соңғы айтқанына, амал жоқ, сенесің. Өйткені «Халық жауының баласы» деген таңба біздің маңдайымызға да басылған. Одан өткен қорлық жоқ.
«Халық жауының баласы» Қалтай Мұхамеджанов осы тәсірсіз таңбаның зардабынан Ташкенттегі оқуын тастап, Мәскеуге барып оқуға мәжбүр болды. Өйткені, жақыннан шыққан жау жаман. Түртпектей береді.
Қалекең әзілқой ғой. Күлдіргі сөзге бек ұста. Әйтпесе оның башпайларының арасына көктемде шөп шыға қоймаған шығар. Ал, өзі таудағы тарғыл тасты жарып шыққан Тасжарған сияқты екені рас. Соншалықты азап-тозақтың арасында жүріп, дауылға қарсы жалаңаш төсін төсеп, тіміздіктене оқу оқып, оны тәмәмдап, Алматыға келіп, әдебиет сынды асау аттың жалын тартып мініп, жастайынан додагер драматург атану кез келгеннің тындыра салар шаруасы емес.
Бәрі де «Бөлтіріктен» басталды.
«Бөлтірік бөрік астында» атты пьесасын академиялық драма театры спектакль етіп қойды. Бұл 1959 жыл еді. Ол кездегі идеология мұндай спектакльге дүрбімен қарайды. Мүлде жат дүние. Қоғамға зиян. Мемлекеттік жүйеге қарсы. Заманды мазақ қылады.
Бірақ көрермен мәз. Мұндай шыншыл, мұндай қызық, мұндай күлкі көптен бері көрінбей кеткен. Көрермен легі таусылар емес. Театрда – аншлаг.
Газеттердегі шеберлер бір-біріне кереғар. Біреулер жаңалық, жаңа леп, тың дүние, қадамы құтты болсын десе; біреулер бұл барып тұрған жүгенсіздік, жала, бәлеқор деп байбалам салады.
Билеуші жүйе соңғы пікірді қолдады.
Үлкен-үлкен жиындарда, идеологиялық конференцияларда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі секретарының аузынан қаһарлы сөздер шықты.
Қалтайдың басына қара бұлт үйіріле бастады. Оның жазығы – ыс басқан қара күйе, тынысы тар үйдің төбесін тесіп, көкпеңбек ашық аспанның қиығын көрсеткені еді.
Оның айыбы – қаңсыған қапырықта тау самалын қаламының ұшымен жетелеп әкеліп, көрерменнің тынысын кеңейтпек болғаны еді.
Идеология ондайды кешірмейді.
Міне, солай бір қалт-құлт кезеңде ұлы Мұхтар Әуезов театрға барды. Жалғыз емес, сол кездегі Компартия Орталық Комитетінің екінші хатшысы Фазыл Кәріпжановты ертіп келді.
Көрді. Рахаттана күлді. Ф.Кәріпжанов күлкіден шыққан жасын сүртіп тұрып, Қалтайға:
– Бұл өзі жастар туралы екен. Енді біз сияқты шалдар туралы да жазсаңшы, – деді.
Сонда Кәріпжанов қырық сегізде ғана екен. Мұқаңа қарап:
– Әлгі қортық осы спектакльді жатып кеп жамандайды, – деді.
Мұқаңа керегі де осы еді... Қортық дегені идеология секретары болатын. Ал, көп ұзамай Мұхтар Әуезов «Бұл күлкіге дән ризамыз» атты мақаласын жариялады.
Айтса – дуалы ауыз айтсын. Осыдан кейін Қалтайды «шектен шыққан» деп айыптаған ақсақал-көксақал әдебиетші, драматург, сыншылардың өзі де айылдарын жиып, ауыздарын бағып сөйлейтін болды. Ұлы Ғабит Мүсірепов Қалтайды қатты қолдады.
Бірақ, Қалтай да қарап жатпайды. Сол кездегі казақ драматургиясының хал-жайын жіліктеп, қауқарын өлшеп, мынауың мынадай, анауың анадай, мынау өремен өрге көтеріле алмаймыз деп, «Лениншіл жас» газетінде: «Афиша алдындағы ой» деген тақырыппен көлемі кең, көрпедей мақала жарияласын.
«Лениншіл жас» пен «Қазақ әдебиеті» газеттерінің арасындағы қақтығыстар қызған шақ. Ал, асылында ақиқат адал айтыстан туады.
Сөз, пікір бостандығының ауылы әлі алыс кез. Бірақ «Лениншіл жас» азаттықты аңсаушы еді. Сөйтіп бір бұлқынушы еді. Онысы билеушілердің де, оқырман халықтың да назарынан тыс қалмайтын. Билеушілерден таяқ жеп, оқырмандардан таяныш табатын.
Сондай бір тарыққан, зарыққан шақтарда аталар сөзі әл-ауқат, күш-қайрат берер еді. Қалтайдың жерлесі, әкесі Мұхамеджанның замандасы, пікірлесі, философ, ғұлама ақын Тұрмағанбет айтпаушы ма еді:
Қасқырда қуат қалмаса,
«Апа» дейді ешкіні.
Тоңған – торқа көреді
Қырық жамау ескіні.
Ұмытарсың күн шықса,
Айсыз түнгі кешкіні.
Үмітіңді үзбе, жігіттер,
Бұзылса да істің кескіні.
Бірде тұман,
– бірде ашық –
Бұл дүниенің бес күні, – деп.
Қалтай алғашқы пьесаларын жазған кезең кескіні осындай еді. Сонда да заманның зардапты жағын әжуалап, жұртты «айсыз түннен жарық күнге» жетелегендей әрекеті мол батыл дүниелер берді. «Қуырдақ дайын», «Құдағи келіпті» сияқты айтулы пьесалар солай туған. Бұл туындылар тек Қазақстанда ғана емес, одақтас республикалардың театрларында да қойылып жатты. Әсіресе Тәшкент театрлары қатты ықылас танытты. Алғаш рет сонау қырқыншы жылдардың соңында өзі жалаңаяқ барған Тәшкентке Қалтай енді ақбоз атқа мініп барды.
Отызында орда бұзып, қырқында қамал алған Қалтай еді бұл. Қалтай пьесаларының ішінде бояу-реңкі өзгешелеуі – Шыңғыс Айтматовпен авторлас болған «Көктөбедегі кездесу» атты шығармасы. Оны шетелдіктер «Фудзияма басында» деп аударды. Жаңылмасам, бұл туынды мұхиттың аржағындағы елдерге дейін жетті ғой деймін.
Кескіні бөлек кесек туынды. Сірә, асыл элементтердің қосындысынан өте берік қорытпа шығатындай, бұл екі жазушының бірігіп жазғанынан болар. Бұл пьесада кімнің қандай үлесі бар екенін мен білмеймін. Әйтеуір «Бір бас жақсы. Екі бас одан да жақсы» деген орыс мақалы осындайда еске түседі.
Бұл «одақ» туралы кейін Шыңғыс Айтматовтың өзі былай деп жазды: «Ал пьесаның бұлжымас «қаңқасы» болуы керек, онда бәрі жалаң, бәрі ашық. Бұл жерде кейіпкерлерді біріктіріп, басын қосатын, олардың мінез-құлқы мен іс-әрекетін неғұрлым түптен таратып, айқын ашып көрсететін ерекше бір «амал» табу керек екенін екеуіміз де түсіндік. Биік парасат тұрғысындағы персонаж – әрі даугер, әрі дос, әділ қазы керек еді. Міне, осындай персонажды – біздің кейіпкерлерімізді өсіріп, тәрбиелеген бұрынғы мұғалім, жаны ізгі кейуана Айша апаны тапқан дәл сол драматург Қалтай Мұхамеджанов болды. Сол-ақ екен, бәрі орны-орнын тауып, құлпырып, ойнап шыға келді. Қалтай пьесаның алғашқы қазақша нұсқасын жазды, ал мен оны орысшаға аудардым».
«Көктөбе – фудзияма» – көркем философия. Неге «фудзияма» десе, Жапонияда Фудзияма деген тау болады екен. Оның басына шыққанда тек шындық айтылады екен. Әр адам – жұмбақ. Оның, тіпті, өзге тұрмақ өзінен жасыратын құпия сырлары болады. Міне, соның бәрі осы қасиетті таудың басында риясыз ақтарылуы тиіс. Шындықты ақтарылып айту өте қиын. Бәлкім, дүниедегі ең қиыны осы шығар. Дүние-дүние болғалы бұл түйін әлі шешілген жоқ. Адам шындықты айтпайын демейді. Айтайын десе қорқады. Бірақ Құдайды қайтеді? Құдай бәрін көріп тұр ғой! Адам Құдайды да алдауды үйренді. Шындық ащы. Тіпті ажарсыз. Бұл жөнінде аңыз да бар. Ертеде бір сұлу: кім еңілік гүлін әкеліп берсе соған тиемін, –дейді. Дәмелі жігіттер тауға ұмтылады. Еңілік гүл табылмайды. Арада жылдар өткенде бір өжет жігіт ақыры сол аңсарлы гүлді өлдім-талдым деп тауып алып келсе, алдындағы қыз орнында кемпір отыр екен...
Міне, шындықтың келбеті.
Қалтай мен Шыңғыстың осы пьесасы қай заманда да ескірмейтін, тозбайтын жәдігер туынды. Ол спектакль дәл қазір өте-мөте зәру. Ал, театр оны ұмытып кеткен сияқты. Бекер-ақ.
Әйтпесе, дәл осы қазіргі заман кепиеті қандай? Президент неге қайта-қайта жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлықпен аяусыз күрес туралы Жарлық шығарады?
Міне, шындықтың керек кезі. Оны айтатын, үкім шығаратын кім? Сот па?
Сот туралы халық баяғыда-ақ айтқан:
– Құдайым! Қаңғырған оқтан сақта,
Парақор соттан сақта! – деп.
Жемқорлықпен, парақорлықпен күресетін соттың сиқын халық осылай бағалаған. Әділ сот табылса осы сөзді жоққа шығарсын. Дүние сонда түзеледі.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын тау жақта ғалымдар, жазушылар бас қосқан бір жиналыс өтті.
Екі ауылдан бір Абай шығып жатыр, не боп кетті? Қайда барамыз? –десті. Бір жазушы, тіпті, жиналғандарға қарап:
– Құрметті қайыршылар! – деп бастады сөзін.
Профессор Тұрсынбек Кәкішев:
– Қазіргі бала кітап оқымайды. Қасірет! – деді.
Әкім Тарази:
– Надандар басынып бара жатыр, – деді.
Сонда Сейіт Қасқабасов:
– Мемлекеттік емес, ұлттық идеология керек, – деді.
Ал, Қалтай Мұхамеджанов:
– Ақылдан басқаның бәрі қымбат. Ақыл арзан... – деді.
Неге түңілді? Қазір, бұрынғыдай керемет пьесалар жазбай жүр. Кім біледі, толғанып, толғатып жүрген шығар. Журналистика жағына қарай қисайып алды да, пьеса жазуды қойған сияқты. «Ара» – «Шмель» деген әп-әдемі журнал шығарушы еді. Қалтай кеткен соң жабылды. «Заман-Қазақстан» газетін ашты. Оны қойып, қазір «Түркістан» атты әжептәуір беделді, сабырлы газетті ашып алып, соны басқарып отыр. Өзі тұрғыластар тұрмақ, өзінен кішілер де Аралдың кемелеріндей болып құрғақта қалды, пенсияға кетті.
Ал, Қалтай айтады:
– Өркениетті елдерде адамның басы менен ісіне қарайды. Біздің елдерде адамның шашы менен тісіне қарайды, – дейді. – Шашың ағарып кетіпті, тісің түсіп қалыпты, айда, кет дейді. Ал, басы, ақылы, ісі қандай –бағаламайды.
Осы сотанаққа соққы бергендей, Қалтай қазір газет басқарып отыр. Онысы орынды.
Бірақ, драматургияны қайтеміз? Түптің түбінде не баянды? Қисық кресло ма? Жүрегіңді жарып шыққан төл перзентің – көркем туынды ма?
Бұл енді біз араласатын шаруа емес.
Бір жиналыста Қалтаймен қатар отыр едім, менің блокнотымды алды да:
«Адамның босқа кеткен әрбір сәті
отқа жаққан ақшамен тең!» – деп жазып қойды.
Бұл ескерту жалғыз маған ғана емес, өзіне де қатысты. Соңғы сегіз жыл бойы әлем әдебиетінің жауһары мен гауһары «Мың бір түннің» сегіз томын аударыпты.
Орасан еңбек. Оны кітап баспасы басып шығара алмай ыңыранып жатыр. Баспалардан қауқар кетті. Кітап мүлде азайды. Ал, «Мың бір түн» айтады: адамды ажалдан құтқарған әдебиет дейді. Есіңізде ме: қара құлмен ойнас қатынның опасыздығына қаһарланған патша күнде бір қызбен түнеп шығып, таң ата басын шауып тастай бермеуші ме еді. Кезек Шахаризадаға келгенде ол патшаға неше алуан ғажайып көркем әңгіме мың бір түнге созылып, ажалдан аман қалмаушы ма еді.
Бұл даналық нені меңзейді? Әдебиет, мәдениет жоқ жерге ажал үйір дегенді меңзейді. Рухани жүдеу – ажалмен тең.
Қалтайдың бұл еңбегі ерлікпен пара-пар.
Қалтай көкеміздің көп оқып, көп білетін ғұламалығына қызығасың. Үйіне жиһаз емес, кітап жиған. Үлкен бір кітапхана десе де болғандай.
Совет дәуірінде «марксизм университеті», «партиялык оқу» дейтіндер болды.
Алматы жоғары партия мектебінде жазушылармен кездесу өтті. Сонда оқып жүрген курсант келіншек Қалтайға сұрақ қояды:
– Ағай, айтыңызшы, Маркстің «Капиталын» оқыдыңыз ба?
– Оқыдым, «Капитал» үш том.
– Онда не айтылған? – деп тақақтайды келіншек.
– Шырағым, оның бірінші томы: асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар дейді. Екінші томы: Еңбек етсең ерінбей, тояды қарының тіленбей дейді. Үшінші томы: Бай-байға, сай-сайға құяды дейді.
Зал толы адам ду қол шапалақтайды. Келіншек қып-қызыл боп, өртеніп кете жаздайды.
Тапқырлықтың өзі білімділіктен туады. Сонау жылы Стамбулға мұсылман ғұламалар бас қосып, үлкен жиын өтеді. Сонда Қазақстаннан Қалтай Мұхамеджанұлы қатысып, небір атақты теолог ғалымдарды таңқалдырғаны бар. Дін – идеология, дін – ғылым. Оны білмегендер – біздегі көптеген дүмшелер. Дүмше молда дін бұзар. Қалтай дінбұзар дүмшелермен күресіп келеді.
Еңбекке, бейнетке, шығармашылыққа, күреске толы жетпіс жыл!
Қалтай бұл жетпіске өзінің досы, қаламдасы, құрдасы Шыңғыс Айтматовпен қатар келіп отыр. Жеңіске, жеміске толы жетпіс жыл.
Бай жылдар. Байлықты бейшара жандар дүниеқоңызбен, ақшамен өлшейді. Көлдің тақырға айналуы оңай. Байдың пақырға айналуы оңай.
Ал, таусылмайтын байлық ол – Құдай о баста пешенеге берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады. Талант пен дарын тана сүтінен емес, Ана сүтінен дариды.
Байлығың сарқылмасын, Қалтай аға!
Желтоқсан, 1998 жыл
Асқар айтқан соң...
Арамыз кереметтей жаймашуақ дос едік десем, ол жалған болады. Жек көрісу де жоқ. Заманның талабына орай кейбір қылықтарын ұнатыңқырамасам да, талантын сыйлап, сыпайы сәлемдесіп қана жүруші едім.
Ұмытпасам, жетпісінші жылдардың іші шығар, басшылар маған Ереванға барасың, Налбандянның тойы өтеді, соған қатысасың. Қасыңа өзің қалаған бір жазушыны қосып ал деді.
Налбандянның кім екенін жалпы білемін, бірақ шығармаларын шекіп оқыдым десем өтірік. Алыстағы армянның өткен ғасырдағы ұлы ойшылын қазақ ақын-жазушыларынан кім білуі мүмкін?
Ары ойлап, бері ойлап лайықты кісі таппай, Жазушылар одағындағы қызметіме келе жатыр едім, Қара шаңыраққа кіре берісте алдымнан Асқар шыға келді. Басында ақ қалпағы бар. Кәдімгі ақ қалпақтың өзін ол мәнерлеп, өзінше оймыштап, біртүрлі сәнмен киетін.
Жайшылықта бірде бас изесіп, бірде сұлықтау ғана амандасатын екеуіміз бұл жолы бір-біріміздің қолымызды қысысып, сәл үнсіз тұрып қалдық.
– Старик, ты чем-то озабочен? – деді Асқар тұңғиық нәркес көзін мұң шалғандай, қасын керіп.
– Рас.
– Чем могу помочь?
– Ереванға барасың ба?
– Сізбен бе? (Енді «сізге» көшті).
– Иә.
– Онда не бар?
– Налбандянның тойы бар.
– С удовольствием.
Ол Созақтың сахарасында емес, Европаның қақ ортасында өскен джентльменше қалпағын алып, бас иді.
– С вами превеликим удовольствием.
Айтарын айтсам да, артынан ойланып қалдым. Өйткені мына заманның, мына қоғамның сызып қойған шеңберінен шығып кете беретін, уақыттың тар жүгеніне басы сыймай қоятын мінезі болушы еді. Ол мінезді Алматыда, Жазушылар одағының үйінде көтерерсің, ал бөтен елге барғанда қалай болады?
Не де болса, тәуекел.
Сонымен Ереванға бардық. Әуежайға табанымыз тигеннен-ақ Асқар баяғы-баяғыда, адамзат баласының ала-көбең таңы жаңадан атқанда өмір сүрген Урарту дейтін мемлекеттің тарихын мынау әуежай жанында жатқан ескі қаланың орыны екенін айтып сайрап ала жөнелді. Күтіп алушы армян жазушылары бұған таң қалды:
– Арменияда бұрын болып па едіңіз?
– Жоқ. Бірінші рет. Онда да мына Бәйдібек шалдың арқасы, – деп мені меңзеді.
– Қалайша? Бұл кісі Шерхан Мұртаза емес пе?
– Бәйдібек деген тентек бабасы болған. Менің жездем. Бұдан мың жыл бұрын жасаған.
Армяндар түсінбей аң-таң. Асқардың әзіл-қалжыңына қанықпаған, қайдан білсін.
– Мың жыл бұрын жасаған кісі қалай жездеңіз болады? – деп күледі армяндар.
– Менің апамды алған. Мен Мұхаммед пайғамбардың нәсілімін. Ақсүйек. Ол кезде қараға, қазаққа қыз бермегенбіз. Бірақ бұл кісінің бабасы Бәйдібек алған. Өйткені «нахал» болған.
Армяндар қарқылдап күлсін.
– «Нахал» емес батыр болған ғой.
– Солай деп түсінсеңіз таласым жоқ. Батыр ғана емес, ақылды болған. Әйтпесе, менің апам анау-мынау қазаққа тимейді ғой.
Сөйтіп, өзінің өткірлігімен, тапқырлығымен, ағыл-тегіл білімімен, орысша таза әрі өте сиқырлы, мәнерлі сөйлеуімен Асқар армяндарды бірден тәнті қылды. Налбандянның арғы-бергі өмірбаянын, философиялық туындыларын теріп айтып, оған өз көзқарасын, өз бағасын бере отырып, талдап-талдап, армяндарды тағы таң қалдырды.
Мен өзім де таң қалдым. Бұрыннан біле ме, жоқ, Ереванға барасың деп мен айтқаннан кейін дайындалды ма, қалай болғанда да, армян тарихын, салт-санасын, мәдениетін, ұлы Комитастан бастап, арғы-бергісін білу жөнінен біздің абыройымыз басқа делегациялардан гөрі зау биікке көтеріліп кетті.
* * *
Біз, ақын-жазушылар, бір-біріміздің шығармаларымызды оқи бермейміз. Бір-бірімізді іштей, етене тани білмейміз. Ондай олқылықты толтыру талпынысы ертеде, сонау Сәбит, Ғабит замандарында болған. Кейін-кейін бәрі де әдіра қалды.
Міне, осындай бір-бірімізді жете білісетін, жек көрсек те, жақсы көрсек те бір-бірімізбен бас қосып, тоқайласатын жер – Жазушылар одағының шығармашылық үйі еді. Өз басым сол жерде «Қызыл жебе» романының екі кітабын жаздым. Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетін», «Жан пидасын» сонда аудардым. Енді сол бір құтты мекеннен де айырылдық.
Айтайын дегенім, сол шығармашылық үйінде Асқарды тани түскендей болдым. Бір күні Асқардың бөлмесінде Әбекең, Әбділда Тәжібаев, тағы біраз ақын-жазушылар бас қостық. Асқардың бөлмесінде домбыра, күйтабақ ойнайтын аспап тұрады. Ол Біржанның «Теміртасын» терең тебіреніспен айтады. Ол әсіресе Қазанғаптың күйлерін Құдайдай құрметтейді. Қазанғаптың күйлерін Доспамбет, Марқасқа, Қазтуған жырларына қосып, әнге айналдырады. Бірде Әбекеңе қарап:
– Әбеке, осы Қазанғаптың әр күйіне арнап бір-бір өлең жазсаңыз қайтеді? – деді.
Әбекең күлді.
* * *
Асқар ұлы Ғабеңмен, Ғабит Мүсіреповпен дос болды. Асқардың «Бесатары» туралы Ғабең бекер тебіреніп жазған жоқ. Дарынды дарын таниды. Екеуі бір-біріне әкелі-балалы, яки ағалы-інілі адамдардай еркелейтін.
Қызулау екен. Бір күні маған:
– Пьеса жаз, – деді.
– Нені жазам?
– Рысқұловты!
– Ойбай, пьеса жазып көрген емеспін.
– Шындасаң, жазасың. Дәл қазір кезі келді. Әйтпесе кеш болады.
Өзіме өзім сенбесем де ойланып қалдым. Е, көрсем көрейінші деп қағаз-қалам алдым. Ойланып отырып-отырып, бісміллә деп, ақ қағазға «Сталинге хат» деп жазып, астын екі рет сызып койдым. Ар жағы белгілі, сол спектакль театр сахнасынан әлі түскен жоқ.
Егер Асқар түрткі болмаса, мен пьеса жазар ма едім, жазбас па едім, Құдай білсін...
Қазан, 1994 жыл
qazaquni.kz