Қазыбек ИСА. Көктем келіп, тереземді қағып тұр…
2017 ж. 28 мамыр
8682
7
КӨКТЕМ – ӨЛЕҢ
Түлегендей күйге түстім түнде мен,
Шалдырған соң шалдықтырып шабыт бір.
Түрегелсем түлен түрткен түрменен,
Көктем келіп, тереземді қағып тұр…
Жазбай кетсем, жалым жидіп бір демде,
Жазалайды жайбарақат жай, тегі.
Күміс күмбір күзден күтіп жүргенде,
Қыс та кетіп барады ма, қайтеді…
Кешіккенде менің муза-періштем,
Күттім шыдап, түспесін деп сөз құны.
Көру үшін көркемдікті келіскен,
Кемеліне келу керек көз нұры.
Қыспен бірге күнімді ойлап өткен аз,
Көп өкініп отырамын. Ішім –от …
Көктем келсе, көңіл байғұс көкке мәз,
Уақыт өтіп кеткенімен ісі жоқ…
Наурыз лебі тұманды айдап басымнан,
Қанаттанып кездім бір сәт жер түбін…
Сүйіншілеп қардың құтын қашырған
Бәйшешектің ерлігіне елтідім…
Үмітіме үзеңгі арттым тыншып мен,
Тірлік көзі-көктегені көненің.
Қара талға қаптай біткен бүршіктен
Өлең өсіп кететінін көремін!…
БІР ҚҰШАҚ ГҮЛ
Сегізінші наурыз күні мен саған,
Алматыдан ұшып жеттім-
Шыдар ма жан аңсаған…
Ұшағыма көтеріп мен мінгем-ді,
Құшағыма сыймай тұрған гүлдерді
Сыйлап едім-
Қарап тұрды қанша адам…
Наурыздағы сол бір дала гүлдері,
Әлі күнге сағындырып жүр мені…
Бір күн көрмей қалсам сені қиналам,
Жүрегіме күнде шуақ сыйлаған
Жүзің неткен нұрлы еді!..
Жауқазындар сол бір ерте көктемгі,
Екеумізге қалдырған-ды көп белгі…
Тұнып тұрған сезімді кім тұсапты,
Гүлдер исі жеңілдетіп ұшақты,
Уақыттан бұрын ұшып жеткен-ді…
Майлыкенттің майда жұпар самалы,
Бусандырып жатқан еді даланы…
Екі ғашық содан есін жия алмай,
Сол күндерді, бал күндерді қиялдай,
Бірін бірі ынтықтырып барады…
Сағынышқа айналып әр сапарым,
Ғашықтардың толтырдық біз қатарын…
Әрбір күнім әсер сыйлап не түрлі,
Сегізінші наурыз күні секілді,
Саған жаным, ұшып бара жатамын!..
08.03.2002 жыл
НАУРЫЗ ТОЙЫ
Қазақстанда Наурыз мейрамы сонау 1926 жылдан кейін
алғаш рет 1988 жылы тойланды.
Жазған ақын жан сырын жазад бүгін, Шектеулер мен шендерден азаттығын. Тоқырауда тоқтыққа қалғыған ел, Енді есіне түсірді қазақтығын! Жақсы дәстүр қанатын жаяды әлі, Қызғалдаққа қыр төсі боянады. Самалынан санасы сергек тартып, Ұлы халық ұйқыдан оянады. Нағыз мейрам Наурыз ғой міне, келген, Қаншама жыл тұншығып жүре берген. Дүр сілкінтті дүниені дүбірімен, Шөккен түйе секілді түрегелген!.. Қалып келген атадан мол мұраны, Қажетсіз деп білгендер оңды кәні… Мәдениетті мәңгүрттер мансұқ еткен, Шырқа, қане, қолға алып домбыраны! Айтшы, ақыным, өз тілің бар емес пе, Тіл жайлы да түсеміз әлі егеске… Тал бесіктен танатын талай надан, Тамырынан қиылған тал емес пе?!. Маңызын ел Наурыздың біледі енді, Жаңа заман, Жаңа күн күле келді. Жылдың басы жылылық әкелген соң, Сең бұзылып, сергіп ел жүре берді. Жаңа леппен жасарып. жайнап әлем, Танытады пейілін тойға деген. Өз ойыма тұншығып жүрген басым, Өзгерер деп ел бұлай ойламап ем… Көңілдерден биіктеп барады аспан, Жаңа жылда жазамын жаңа дастан. Жамыраған төлдердей төскейдегі, Ұлттар мынау жарасып, араласқан. Ұйықтап қалмай үйіңде қара басып, Ұлы күні Ұлыстың далаға шық! Қыз-жігіттер қырқаны барады асып… Мөлдір бұлақ бетінен өзіңді көр, Жүрме өзіңнен өзіңді ала қашып… Жарысқа түс, ұйқыңды аш, түсіңді ұмыт, Көрсетеді көктемде күшін жігіт. Айтысқа шық, астарлап, сөз айтып қал, Ару қыздың көңілін ішің біліп.. Салтанаттың сен де бір сәнін тапқын, Жылдың басын жырлағын, дабылдатқын. Бар ананың пейілі араласқан, Наурыз көже дайын тұр, дәмін татқын! Орындалды озығы ойдағының, Көктем келді, көктегін, жайна гүлім. Қасіретті күндерің қалды артыңда, Қасиетті күніңді тойла, бүгін! 1989 жыл ҚЫЗҒАЛДАҚТЫ ЖЫЛ ТУРАЛЫ ЖЫР Күллi дүние, күмбiрлет, күйiңдi бiр, Кeк желiнi көп сыздап, құйылды нұр. Тақыр түгiл тасқа да тамыр тартып, Қызғалдақтар қаптады биылғы жыл. Қызыл гүлдi қырқаның алабы бау, Жанып жатқан секiлдi дала мынау, Ақбоз аттың бауыры қызыл тартып, Құйғытады – өртенiп барады ма-ау?.. Қанқызылға малшынған жота мына, Жалау етпей жамалын жатады ма? Күн мен гүлден қызарған қойшы келер, От iшiнде оттаған отарына. Жiңiшке де үзiлмес үмiт талмай, Көкке iлiнiп кеткенге күдiк қалмай, Қанағатқа кекiрген көнбiс қойшы, Қырсыздықтың қырсығын ұмытқандай... Басшыларға деген бiр өкпесi де, Басылыпты, Сақталсын көп несiне. Тоқал тамның басында топ қызғалдақ Түсiредi жайнаған шоқты есiне. Ырысқа ауып ықылас, ықырары, Шөл басады сусынмен құтыдағы. Жайылымның түсiмен қойың түгiл, Кетiптi оның қызарып сүтi дағы. Масатыға марқайған малшы қандай, Әу дегiсi келедi әншi жандай. Орақ жайын ойыңа алу қиын, Қызғалдақтан қып-қызыл қан шығардай... Тұра алмайсың толқымай, тағат қылып, Шығармайсың сонда да ағат қылық. Жолы нәзiк жандарды еске аласың Қызғалдаққа қызығып қарап тұрып... Үзiлердей гүлдердiң бұраң белi, Үздiгумен көңiлдiң тынар көбi. Бояуы мен болмысы қызғалдақтың, Қызылы кем қыздарға жұғар ма едi... Отырғанша бостан-бос бозарып eң, Гүл терiп қайт, жастықтың базарымен. Қызғалдақтар – Ұяты бұл даланың – Арулардың үйлескен ажарымен... Қызғалдақтай, қалқам-ау, қырға шыққын, Қыздарға жыр оқитын күнге асықпын... Қызарып-ақ кетiптi көгорай бел, Қызуымен көктемгi мың ғашықтың... Қызғалдақтың сәнiн кiм бұза алады, Жауыннан соң быртылдап ұзарады. Сабылысқан сап-сары көбелектер Қонып ұшқан сайын бiр қызарады. Әуенiң де әдемi көк реңi, Әуелетер көңiлдiң болып емi. Қызғалдақпен қаны бiр ғазал жазсам, Қызыл бояу қаламнан төгiледi... Жылан кетiп, Жылқыны үнi келді. Оятуда ұйқыдан дүбiрi елдi. Биылғы жыл әйтеуiр құйылды нұр, Атқа мiнгiн, бел буып бүгiн ендi... Танылмай-ақ тақырып жазып мықты, Гүлдi жазсам болар ма жазық тiптi? Қызғалдақтар қызартып бара жатыр, Кетiппiз ғой ұмытып нәзiктiктi. Жер-ананың жағдайын ұқсақ, мәңгi, Жүрегiнде қанша ауыр жүк сақталды... Көптен күйiн жоғалтып жүдеп кеткен Көктем биыл көктемге ұқсап қалды... Шешiлiп бiр шертейiн күйiмдi бұл, Күмбiрлетiп қырқаны, қиырды бiр. Тақыр түгiл тасқа да тамыр тартып, Қызғалдақтар қаптады биылғы жыл. Гүл иiсi бойыңнан бiлiнсе кем, Сезiмiңнен алады ел бүгiн секем. Бетке шықты қызылы даламыздың, Бетiмiзге қызыл су жүгiрсе екен... 1990 жыл ТӘТТІЛІК Жүрегімді сыздатасың, өткен күн, Құмды ауылда қалып қойды көп белгің… Көкем менен апама еріп бардым мен, Көк егіске көркем күні көктемнің. Көкем алда, иығында кетпені, Апам артта, қалар күтіп көп мені… Қалып қойып, әрнәрсеге алаңдап, Жүгіремін екеуіне жеткелі… Күріштік қой, емес онда жеке бау, Көкем маған көрінетін өте дәу… Тұңғыш ұлды тұңғыш ерткен егіске, Әке-шешем сонда жап-жас екен-ау!.. Жейтін жаздай бәрімізге қоректік, Жегенелеп, қауын-қарбыз, тал ектік. Жетіге әлі жетпесем де, еректік- Көкке төбем жетіп жүрді сол күні, Көкеме мен жүргеніме көмек қып… Тәттілігі талай жырға жүк болар, Қауынынан қауымға үлкен құт қонар… Көкөнісін күтіп жүріп күн сайын, Көкөрімі- менен жеміс күтті олар… Жаздың күні Қызылқұмды қыздырып, Жатса- дағы жатпайтынбыз біз біліп… Бүкіл ауыл ұйықтайтұғын тал түсте, Үлкен жолға отырар ем үздігіп… Қалса да артта қаншама асу, толқын, бел, Ұмытпаймын, сол кездегі көркіңді ел… Еркелеген қатар әке-шешеме, Ең бақытты күндер екен сол күндер… Үлкен жолға шығарып сап баласын, Жемісімді көріп кетті анашым… Көзәйнектің керек болмай көмегі, Көкем бүгін көп ойлайды шамасын… Сар далада сағым қуған ұл едім, Сарылады, сағынбайды кім елін… Оралмайды шырын күндер… білемін… Бақыттымын дей аламын, бірақ та, Неге менің ауырады жүрегім?.. Жетегімен көкке тартқан көңілдің, Иә, біраз биіктерден көріндім.. Қояр емес қозған шоқтай қоңыр мұң… Қызылқұмның ыстығына күйген ұл, Суығына төзді талай өмірдің… Көз алдымнан әлі күнге кетпейді, Бетке алсам ба, сол бір әсем беткейді… Ол жерге ешкім бүгін қауын екпейді… Көкөністер қаптаса да көп мейлі, Көк базарда көрдім таңдап талайын, Көкем еккен қауынға еш жетпейді… Бұл өмірдің ең тәттісі бала күн, Бала күнді бақытыма баладым… Қайда кеттің, қайта-қайта қарадым… Қайран күндер, қайдан сені табамын?.. Тәттілік тек қауында екен қарағым… Ащы тірлік… Жүрегімде нала мұң… Сыздансам да… Сыздағанын білдірмей, Жасыра алмай қояды айтып жанарым… Бір-ақ сәтке оралшы сен, Бала күн?!. Біраз тірлік еттік біздер ел үшін, Кейінгі ұрпақ келтірер ме кемісін… Жылы жайда жылтыр өскен балалар, Жылыжайдың жегенге мәз жемісін… Балалығым, бүгін маған мұңсың тек, Балдай қауын… Түске кіріп жүрсің көп… Балаларды жылда ауылға жіберем, Тәттіліктің қайда екенін білсін деп!.. Қазыбек ИСА Qazaquni.kz