Оралдағы Жұбан саябағында кітапқұмарлардың шарасы өтті
2017 ж. 26 мамыр
2433
0
Орал қаласындағы Жұбан саябағында «Оқитын қала» жобасы аясында 2017 жылы ел болып оқуға таңдалған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары мен кітап оқуды насихаттау мақсатында «Ағып өткен бір жұлдыз» тақырыбында шара өтті.
Бұл туралы zhaikpress.kz хабарлады.
Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұйымдастырған шараның мақсаты - қала тұрғындарын кітап оқуға ынталандыру, кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру, кітапхана қорындағы әр сала бойынша әдебиеттерді таныстыру, насихаттау.
«Оқитын қала» жобасы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілуде. Былтыр ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен байланысты болса, биыл жоба тұлпар талант Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығына арналды. Ғұмыры қысқа болған ақын он-ақ жыл қалам тебірентсе де, көркемдік сипаты ерекше өлең-жырлар, романдары мен поэмалары, әңгімесі қазақ әдебиеті әлемінде өзіндік орын алды.
Шарада ақынның өлеңдерінен Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері үзінділер оқып, «Музыкалық коллейдоскоп» бөлімімен жалғасты. Құрманғазы атындағы саз колледжінің өнерлі студенттері домбыра, қобыз, баян, скрипка аспаптарымен өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді. Кітапхана қызметкерлері өлкеміздің тарихынан сыр шерту, маңызды мәдени ескерткіштерден ақпарат беру мақсатында «Тарихы терең Орал шаһарына саяхат» атты ойын-викторина ұйымдастырды. Қойылған сұрақтарға дұрыс жауап беріп, тарихи ғимараттар туралы мәліметтерді дұрыс тапқан көрермендерге ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.
Шара соңы оқырмандардың кітап көрмелерімен танысып, кітап алмасуымен аяқталды.
Гүлнұр Көшкінбаева