Гүлжан Қазымова - Перизат (әңгіме)
2017 ж. 25 мамыр
2775
0
(әңгіме)
Перизат өзінің бала кезден қалыптасып қалған әдетімен таң қылаң бере тұрып, сегізде сабаққа кететін Жалғастың таңғы асын дастарханға әзірлеп, бетін ақ матамен жауып жұмысқа кетті. Басқарма үйдің жанында тиіп тұр. Таңғы салқынмен аяңдап келеді...
Таңғы ауа таза. Қаланы солжағалауға көшіріп жатқандары...расында да...адамдардың денсаулығын ойлағандық. Оң жақтағы ескі қаланың үсті күндіз-түні тұманды газға бөгіп тұрады. Жұмысы болып сол ауданға бара қалса көзі қызарып, тамақ жыбырлап, белгісіз бір жөтел буып...кейде аяқ-астынан тамағы ауырып шыға келеді. Ол жаққа жиі бармауға тырысатыны да сондықтан...
Қызметтік көлікке көп әуестігі жоқ. Жүргізуші жігітке асықпай онда кел деген, өзі ертерек барып кешеден қалған құжаттарды қарап, қол қойып, уақыт қалса газеттерді, сайттарды шолып шығуы керек. Таңғы салқын бойын сергітіп жіберді. Қала сыртында салынған жаңа ғимаратқа үй-үйдің арасымен жүріп тез-ақ жетті.
Бүгін саланы қадағалайтын әкімнің орынбасарында жиналыс. Кеше кешкісін Асылық Жаңсақұлы өзі телефон соғып ескерткен. Нені талқылайтынын айтқан жоқ. Кейде осы жас жігіттің жұмыс жүргізу стиліне таң қалады. Бірді айтып, бірге кетеді. Сөзінде де, жұмысында да бір тиянақ жоқтай көрінеді. Мүмкін қателесетін болар...бірақ басқармаға басшы болып тағайындалғаннан бергі апта ішінде құдайдың құтты күні бір бітіп бермейтін жиналыстан шаршап болды...шынын айту керек... Жиналып отырады...нақты бір мәселені шешерде...өзге әлеуметтік сала басшылары ауыздарын ашып...көздерін жұмып... орынбасарға қарайды...орынбасардың айтқан сөзіне бас шұлғып...орынбасардың аузынан шыққан шешімге бір ауыздан қол көтереді. Ол шешім дұрыс па...бұрыс па...сала үшін тиімді ме...талқылап...ойларын ортаға салған бір басшыны көрмеді. Перизат өзі басқарып отырған сала бойынша әзірге...танысып...біліссін... дегені ме...жақ ашқан жоқ.
Кабинетке кіріп, құжаттарды алдына ала бергені сол еді телефон безектей жөнелді. Орынбасар екен.
- Иә, Асылық Жаңсақұлы, тыңдап тұрмын!
- Перизат Ибрахимқызы, бірінші мамырдың сценарийін ала келіңіз!
- Асылық Жаңсақұлы, алдын-ала құрылған қоюшы топпен жалпы жоспарын жасап қойғанбыз. Сценарий жазатын адам материалдар жинап, сол жоспар негізінде жұмыс істеп жатыр. Дайын болған кезде өзім сізге хабарын беремін.
- Перизат Ибрахимқызы, мен сізге сценарийді әкеліңіз дедім, сағат бесте дайын болсын! Ар жақтағы телефонын қоя салды.
Перизат аң-таң! Мұнысы несі? Мерекеге дейін әлі үш 4 ай бар...сценарийді әй-шәй жоқ бүгін сағат бесте әкел дегені қай асыққаны? Сценарий хат емес отыра қап, жаза салатын...Көркем, сюжеттерден құрылатын тақырыптық, күрделі дүние. Оның әрбір бөлімін көз алдына елестетіп отырып...әр жүргізушінің аузына көркем...бейнелі сөз салу үшін уақыт керек. Әрі сценарий жазушымен келісіп, бір
апта уақыт берілген. Шығармашылық адамға...аяқ астынан...тап бүгін қалайда сценарий жазып әкел деп асықтырғаным қалай болар екен....әрі келісілген уақыт бар...
Сағат сегіз отызда басқарманың жанындағы әкімдікке барды. Орынбасардың қабылдау бөлмесінде біраз адам жиналып қалыпты. Сәлемдесіп, бос орынға отырды.
Межеленген уақытта жиналыс басталды. Бірден негізгі мәселеге көшкен орынбасар қаржылық дағдарыс туралды айта келе, жоғарыдан өңірдегі әлеуметтік салаларға оңтайландыру жүргізу туралы хаттамалық тапсырма келгенін айтып, хаттаманың аталған пунктімен таныстырды. Экономикалық тұрғыда тиімсіз мекемелерді бір-біріне қосу арқылы бюджет қаржысын үнемдеу керек. Әрбір мекеменің басшысына ана мектепті анаған қосасың, мына мектепті мынаған қосасың деп тапсырма беріп те тастады. Бір аурухананы біріне қосып... оңтайландырудың өзі кесіп-пішіп, ойластырып қойған жобасын құлаққағыс етті. Мекеме басшылары үнсіз...бастарын төмен салып...алдарындағы қалың дәптерлеріне қаламдары сүйреңдеп тапсырманы жазып жатыр...жазып жатыр...сұрақ қойған бір пенде жоқ. Перизат әріптестеріне қарап, қарадай қарны ашты... Оңтайландырудың артында кадрларды қысқарту...кадрлардың артында ондаған...мүмкін, жүздеген адамдардың тағдыры тұрғанын тым құрыса бірі ойлады ма екен...Неге осы менің әріптестерім...мекеме басшылары өзінен жоғары лауазым иесіне құлақ кесті құл құсап «ләппай, тақсыр» деп айтқанын екі еткізбей орындап...безек қағады екен...әлде «Жоқ! Олай емес, былай болсын!» деп қарсы бір ауыз уәж айтса отырған «жәйлі» орынынан лақтырып тастайды деп «қорқа» ма екен... «жеп отырған» нанынан айырылу, әрине, қиын-ақ. Бірақ, басшылық қызметке келгеннен кейін, халыққа қызмет етуге ант бергеннен кейін неге осынша жалтақ мінезге жол береді бұл азаматтар? «Дұрысты» дұрыс деп, «бұрысты» бұрыс деп дәлелдеп шығуға келгенде неге тартынады...неге жалтақтық танытады...Басшылық қызметтегі азаматтар халық мүддесін күйттегеннен гөрі, жеке басының мүддесін неге биік қояды...неге? Қаншама мәселелер көтерілді, қаншама ұсыныстар жасалды...сол жиындар барысында әріптестерінің өз салалары бойынша шығарылған шешімдерге қарсылық көрсетіп, «неге олай, былай етсек қайтеді» деген бой көтерістерін көрген де, естіген де жоқ. Үнсіз келісу, үнсіз бас шұлғулар...Ел қамын ойлайтын, жер қамын ойлайтын азамат бола білу, азаматтық мінез таныта білу, мынау, жиырма бірінші ғасырда мұң болды ма...Қазақтың апталдай азаматтарына үп еткенге үдіреге қалатын үркек мінезден гөрі...қайсар...қайтпас қасқыр мінез жарасар еді...әттең...бір кем дүние... Сәнді галстук...соңғы сән үлгісіндегі көздің жауын алған костюм, әппақ шаңқа көйлек киген өрімдей...жап-жас бастық жігіттерге қарап осылай деп ойға батқан бір сәт еді. Сөйтсе, кезек мәдениет саласына да келіпті.
- Перизат Ибрахимқызы, екі облыстық театр мен екі филармонияны бір-біріне қосамыз! Құжаттарын, экономикалық негіздемесін осы жоспарға сәйкестендіріп...қаулы жобасын әзірлей беріңіз!
- Жақсы, Асылық Жаңсақұлы! Бірақ... алдымен алқа отырысын жинап, мәселені талқылаймыз, экономикалық жағынан да тиімді-тиімсіз тұстарын анықтап, алқа отырысының шешімін өзіңізге жеткізетін боламын!
Орынбасардың түсі бұзылып кетті.
- Перизат Ибрахимқызы, бұл жерде талқылайтяын ештеңе жоқ...тапсырма берілді, демек, орындау керек!
- Асылық Жаңсақұлы! Сала бойынша алқа мүшелерімен ақылдаспай арысы 80-жылдық, берісі 15 жылдық тарихы бар бірден төрт бірдей мәдениет мекемесінің тағдырын оңтайландыра салуға келіспейтіндігімді ескертемін!
- Осымен мәжіліс аяқталды! Боссыздар! Перизат Ибрахимқызы, Сіз қалыңыз!
Орынбасардың дауысы қатқыл шықты. Бәрі шыға салысымен «жақын отырыңыз» деп ымдап белгі берді. Мәжіліс өтетін сопақша үстелден шығып, өзінің креслосына жайғасқан орынбасардың алдындағы шағын үстелге бұ да жайғасты.
- Сіз не...әкімнің, үкіметтің тапсырмасын орындаудан бас тартқыңыз келе ме...не.. қарсы шыққыңыз келе ме? Бұл, біле білсеңіз, әкімнің тікелей тапсырмасы!
- Асылық Жаңсақұлы! Түсініп отырмын! Десе де... жаңа өзіңіз атаған мекемелердің оңтайландыруға жатқаны дұрыс па...әлде өнерге қиянат па...саланың дамуына тиімді-тиімсіз жақтарын сарапқа салып барып қана...жауап беремін! Әкімге, үкіметке қарсы шыққыңыз келе ме деген сауалыңыз орынсыз. Әкім де, үкімет мүшелері де ет пен сүйектен жаралған пенде....кез-келген шешім шығарарда әркімнің де қателесуі мүмкін екенін қаперіңізге салғым келеді. Қателескеннен құдай сақтасын! Сонда да, кез-келген мәселе бойынша жеті рет өлшеп, бір рет кескенді дұрыс деп санаймын! Сала жұмысын бес саусағындай білетін мамандар бар, саланың дамуына қызмет етіп «отымен кіріп, күлімен шығып» жүргендер бар, ақылдасып...көпшілікпен пікірлесіп барып кіріскеніміз жөн, Асылық Жаңсақұлы! Сіз бен біз өзіміздің жеке басымыздың мәселесін емес...бүкіл бір өңірдің мәдениет саласының тағдырын...дамуын сөз етіп отырмыз. Бар нәрсені жоқ қыла салу оңай...ал...қате шешім шыққан кезде...оңалту, қайта қалыпына келтіру оңай шаруа емес.
- Сіз маған ақыл үйрете бастадыңыз ба?
- Асылық Жаңсақұлы! Сонау 1993-95 жылдардағы жаппай оңтайландыруды естіген шығарсыз... Салдарынан қаншама кітапхана, қаншама мұражай, қаншама ауылдық клубтар «ұстағанның уысында, тістегеннің тісінде» кетті...кейін сол түкке тұрғысыз тиынға сатылып, артынан қаңырап бос қалған...тіпті кей жерде сиыр қорғаға айналып, күтусіз...ақыры иесіз қалып кеткен мәдениет үйлерін, клуб, кітапхана ғимараттарын қайта сатып алу үшін, қалпына келтіру үшін бюджеттің қаншама миллондаған қаражаты кетті. Сол кезде...жоғарыдан түскен жекешелендіру, оңтайландыру саясатын ақылға салып, ойланып іске асырған аудандардың ақылды басшылары «бас шұлғып» кірісіп кетпей, көпшілігі, мәдениет мекемелерін сақтап қалды емес пе! Ол кездегі сол саясат бір өңірге тиімді болғанмен, басқа өңірге тиімсіз еді. Халықтың орналасу, жер жағдайы...сияқты ерекшеліктерді де ескеру керек екенін кейбір басшылар есепке де алмай, жоғарыдан
түскен нұсқау деп бас сап кірісіп кетеді. Жаңылмайтын тұяқ жоқ... адам болғасын, кейбір мәселеде қателесу болатыны шындық. Жоғарыда отырған басшылар да көріпкел емес, қателесу деген мүмкін болатын заңдылық. Асылық Жаңсақұлы! Ақылдасып пішкен тон келте болмайды! Әрине, мен Сіздің лауазымызды, басыңызды сыйлаймын. Тапсырмамды орындамады деп мені айыпқа бұйырмаңыз. Маған саланың дамығаны маңызды. Егер де бұл оңтайландыру мәдениет саласына, жаңағы мекемелерге тиімсіз болса, «мүлтіксіз орындаймын» деп айта алмаймын!
**** **** ****
Перизат бүгін экономика бөлімінің қызметкерлерімен қалып олардың жасаған есептерін, экономикалық негіздемелерін тағы бір қайтара қарап шықты. Бір әрпін, бір санын қалт жібермей мұқият оқыды. Бәрі дұрыс. Негіздемеде толық дәлелдер келтірілген. Қолын қойып орынбасарға бекіту үшін хатшы қыздан беріп жіберген-ді. Арада шай қайнатым уақыт өте орынбасардың көмекшісі Ерлікке хабарласқан. Орынбасардың көмекшісі Ерлік «Перизат Ибрахимқызы, бастығым Сіздің жіберген негіздемеңізбен, бір папка құжатты алып әкімге кіріп кетті. Ашулы сияқты...» деп сөзінің аяғын жұтып қойған.
Түннің жарымы болса да ұйқысы келмеген Перизат ноутбукты қосып құжаттарды қайта бір қарап шықты. Бәрі көңілге қонымды, дәлелдері... фактілері... жұмыс тиімділігі мен күтілетін нәтиже...нақты әрі тұжырымды...Егер әкім білікті...саланың дамуына жанашыр болса...берілген дәлелдерден бірден-ақ түсінуі керек...саланы қысқартуға да...оңтайландыруға да болмайтынын...
***** **** ****
Әкімдіктің алқа отырысы басталғалы біраз болды. Мәжілісті басқарып отырған облыс әкімі күн тәртібімен таныстырып болғасын бірден экономика басқармасының бастығын тұрғызып соңғы экономикалық талдаудың нәтижесін талқылады. Ауыл шаруашылық басқармасының басшысын тұрғызып оны да біраз «сілкіледі». Антимонополия департаментінің басшысы мен орынбасарын кезек тұрғызып базардағы баға өсіміне қатысты «сыбағаларын» берді-ай кеп.... тапсырмаларын тізбелеп, олардың жазып...түртіп алударына да мұрсат беріп, тапсырмасының әр тармағын оқушыға диктант жазғызған мұғалім құсап тіпті ежіктеп отырып жазғызды. Келесі отырысқа «нәтижемен» келулерін қатаң тапсырды. Базардағы баға осылай «жүгенсіз» өсе беретін болса екеуінің бірі кететінін де ескертті. Осы облысқа ауысып келгелі облыс әкімі басқарған алқа жиналысына бірінші мәрте ғана қатысып отырған Перизат әкімнің мәселе шешудегі нақты-нақты, қадап берген тапсырмаларынан шаруашылықты мықты білетін біліктілігін аңғарды.
- Тәк, келесі сұрақ...мәдениет және өнер саласы мекемелерін оңтайландыру
бойынша...Перизат Ибрахимқызы, не мәселе? Неге бүйректен сирақ шығарып жүрсіз? Баяндаңыз!
Әкімнің қатқыл шыққан дауысынан тіксініп қалса да...бойын тез жинап алған
Перизат орнынан асықпай көтерілді.
- Данияр Тұңғышпайұлы, облыстағы мәдениет мекемелерін оңтайландыруға
қатысты өзімнің нақты шешімімді қызметтік жазбамда толық көрсеткенмін. Танысқан боларсыз деп сенемін. Облыстағы театрларды бір-біріне қосу мәселесіне келсем мен оған түбегейлі қарсымын! Өзге салаға әрине, оңтайландыру жүргізу қажет шығар...заман..тіпті, нарық талабы да осы! Оған дауым жоқ! Театр деген завод емес, цех емес, мектеп емес...ашып...қажет болмаса жаба беретін...заводқа, тіпті балаға білім беретін мектепке қызмет ететін маманды табу оңай... ал театр – ол өнер ордасы...онда тек таланттар ғана қызмет етеді...заводқа көшеден кез-келген адамды апарып жұмысқа салуға болады...ал театрда...бойында туа біткен таланты бар...дарындар ғана қызмет ете алады. Олар көп пе...жоқ!...Таланттар ілуде бір туады...Таланттар жиналатын орда -театрды оп-оңай жаба салуға болмайды...қазіргі глобализация заманында халыққа мәдени қызмет көрсететін...рухани-азық беретін, жастарды мәдениетке...адамдыққа...адамгершілікке тәрбиелейтін бірден бір орта болса ол - тек театр! Театр да, сіздер оңтайландыр деп отырған филармония да...жалпы мәдениет пен өнер саласы мұнай...газ ресурстары сияқты инвестиция салуға болатын елге..өңірге шаш етектен пайда әкелетін ресурстардың қайнар көзі. «Қалауын тапсаң қар жанады» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Филармония халыққа ауадай қажет музыка...ән өндіретін «цехтары» бар өндіріс орны деп қарау керек. Құрамындағы бес бірдей: қазақ ұлт аспаптар оркестрі, симфониялық оркестр, үрмелі аспаптар оркестрі, этно-фольклорлық ансамбль мен камералық-музыка ансамблі бар ұжым – өңірді толықтай музыка өнерімен қамтып...жылына мыңнан астам концерт қойып отыр. Мәдениет саласы мекемелері ешқандай да оңтайландыруға...қысқартуға жатпауға тиіс! Бұл сайып келгенде қазақ деген халықтың мәдени мұрасын дәріптеп, халықтың өз мұрасын өлтірмей, жоғалтпай өз ұрпағына сақтап, нотаға түсіріп жеткізіп беретін өнердің шырақшылары! Ешқандай да мемлекет мәдениет саласын қысқартып...мәдениет есебінен байып...қуатты болып кетті дегенді естіген емеспін, тарихта ондай мәлімет жоқ! Керісінше...кез-келген елдің әл-ауқаты, экономикалық-саяси жағдайы оның мәдениетімен өлшенеді, Данияр Тұңғышпайұлы! Мәдениеттен үнемдеген қаржымен ешқандай жартықты жамай алмаймыз! Тек халықты әдемі музыкадан...әдемі әннен...өмірдің өзін көрсетіп... халыққа рухани азық беріп, адам жанын адалдыққа, отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеуде үлкен роль атқарып отырған театр атты құдіретті қысқартып, өнердің өрісін тарылтамыз...таланттың жолын жабамыз...ал халық «бұлақ көрсең көзін аш» демей ме...Сондықтан...жалпы мәдениет пен өнер саласын оңтайландыру дегеннен мүлде бас тартуыңызды сұраймын! Жоғарыдан түскен хаттаманы орындаймын деп өңірдегі қаншама адамның еңбегімен...талантымен құрылған театрды...филармонияны қысқарту...барып тұрған қатігездік...тіпті мәдениетсіздік дер ем! Хаттаманы қабылдаған Үкімет мүшелері де ет пен сүйектен
жаралған адамдар...олардың жүргізуге бұйырған экономика мәселесіндегі оңтайландыру саясаты дұрыс та шығар...мүмкін...қате стратегия болар...оны уақыт көрсетеді. Ал біз келіп түскен құжатты орындаймыз деп өңіріміздегі мәдениеттің өрісін тарылтпауымыз керек. Халыққа нан, су, тамақ қаншалық қажет болса...ән мен жыр, күлкі...өндіретін филармония мен театр соншалық қажет деп санаймын. Рухымыз азып-тозып кетпеудің бір ғана емі – вакцинасы десем де болады рухани азығымызды өндіретін мәдениет мекемелерінің тауарлары мен өнімдері кез-келген сала сияқты бәсекелестікке қабілетті сала. Оған бүгінгі күні сұраныс мықты, күмәндарыңыз болмасын! Халықтың жан-дүниесін рахатқа батырып, мынау қымбатшылық кеулеген заманда..қаламыздың әрбір тұрғынына бір сәт күйбең тірліктің қиындықтарын ұмыттырып...әсемдікке...әдемілікке...руханиятқа жетектеп апарып қауыштыратын өнер...театр...музыка деген құдіретті қысқартпайықшы, оңтайландырмай-ақ қояйықшы! Оңтайландыру мәселесі мәдениетті айналып өтсе...кедейленіп кетпейміз, керісінше, өнерді өлтірмей, ата-бабамыздың мәдени мұрасын болашаққа осы мөлдір..саф алтындай таза күйінде сақтап жеткізгеніміз үлкен ерлік емес пе, ағайын!
Перизатттың қоңырау үні сыңғырлап жайлап қана сөйлеп кеткен кезінде әкімдіктің іші... даурығысқан өңшең әкімдер...сілтідей тынған болатын......Қазақы...бидай өңді...шашын төбесіне жинап қойған әдемі келіншектің мәдениет...өнер туралы...жан-дүниесі езіле...елжірей сөйлеген әрбір сөзі...отырғандарды шынымен ойландырып тастағандай еді...
Үнсіз орнына отыра кеткен Перизаттың көмейіне өксік тығылып...сөзінің
соңында дауысы дірілдеп кеткенін сезінді. Мәжіліс залы тып-тыныш...
-Жақсы! Мәдениет саласы бойынша оңтайландыру мәселесін енді көтерудің
қажеті жоқ қой деймін! Әкім залға қарады. Отырғандар ду қол соғып жіберді.
- Перизат, айналайын, жұмысыңды жалғастыра бер! Қаршадай қыз саланың
дамуына...саланың әр нысанын сақтап қалу үшін шырылдап...ұясын қорғаған қарлығаш сынды...жанын салып жатыр. Жұмысты осылай істеу керек! Әрбір басшы өзінің жауапкершілігіне тапсырған саласының дамуына мына қаршадай Перизат қыздай шырылдап...қорғаса...өңірдің әлеуметтік-жағдайы мұнан да жақсаратынына сенімім мол!
Әкім аппарат басшысымен бірге алдыңғы қатарда отырған жылтыр бет орынбасарына иек қақты да:
- Асылық Жаңсақұлы...Сіздің кешегі айтқан уәждарыңыз Перизат Ибрахимқызының дәлелдерімен мүлде қабыспайтынын байқадыңыз ба! Негізі... бұдан былай жеке басыңыздың «амбициясын» мемлекеттік қызметке араластырмағаныңыз жөн-ау. Есіңізде болсын, «көңілге» жақпаған бір басшыдан «құтылу» үшін, бүкіл бір мекемені келесі мекемеге қосу...мәселені шешудің оңтайлы жолы емес....Осы отырған баршаңызға, барлық мекеме басшылары мен аппарат қызметкерлеріне айтарым: халыққа қызмет етіп отырғандарыңызды ұмытпаңыздар! Әкімдік...лауазымдық қызмет...мұның бәрі жеке бастың шаруасын...жеке бастың «егестерін» шешетін орын емес екенін ескертемін! Боссыздар!
Отырғандар дүр етіп орындарынан тұрып есікке беттеді. Перизат та бойынан ауыр жүкт түскендей...жеп-жеңіл көтеріліп...қуаныштан жүзі бал-бұл жанып...жанарына лықсып келіп қалған мөлдір тамшыны қолының сыртымен екі бетіне сүйкей салды да көппен бірге есікке беттеді. Бұл оның алғашқы жеңісі еді...
Гүлжан Қазымова
Өскемен қаласы