Жұмекен Нәжімеденов: Шын ақынды - өмір жасайды
2017 ж. 24 мамыр
5006
2
(Ақын Жұмекен Нәжімеденовтың рухымен сырласу)
Амангелді Кеңшілікұлы: Өнерден өз жолын іздегендерге не айтасыз?
Жұмекен Нәжімеденов: ..Қалың орманда жалғыз қалған кісінің жүрісі қызық. Адасқанын сезген сайын берекесі ұшқан жолаушы әрі-беріден соң батыс пен шығысты айырудан қалады. Ондай жағдайға душар болған адам үшін жолындағының, маңайындағының бәрі жаңа, бәрі бейтаныс: жолға көлденең түскен бұта да, балақтан ілген әрбір тікен де оған кедергі бола алады. Оның бағытын жер қолайы, табиғи біту ыңғайы белгілейді. Поэтикалық творчество адамының да әуелгі жолы осыған ұқсас. Оның да ізі ирек, оған да көп нәрсе бейтаныс, оның да бағытын көбіне-көп жағдай билейді. Сондай-ақ қайтіп, қалай жол табу – нені аттап, неден айналып өту кісінің кісілігіне, талантына байланысты. Поэзияда да ғылымдағы сияқты «сайрап жатқан» жол жоқ. Әрине, жол жүрген сайын әр нәрсеге көз үйреніп, әлгіндей ну орманның көп түкпірлерінің көріне бастауы табиғи жай, көркем творчествода мұның атын тәжірибе жинау, машықтану деп атайды. Айырмасы: орманда бір қалтарыстан жалғыз аяқ жол кезіксе, адам қуанып қалады, өлеңде басқаша: ақын әрбір оңай табылған тіркеске сақтанып қарайды. Өйткені дәл тіркес өзінікі болмауы мүмкін. Міне, нағыз творчествоның қиындығы ғана емес, құны да осында жатыр... Біз осы ақынға сын айтқанда, осы жақсы емес, жаңасы туралы айтамыз. Рас, қанша жақсы болғанмен бір жүрген жеріңді екі мәрте бассаң, өз ізің де өзіңдікі болудан қалады. Кейде өз төріңді ғана емес, өз көкірегіңді өзің тастап шыққың келетіні сондықтан. Әттең, қолдан келсе ғой! Басында айтылғандай қалың орманның, ой орманының ішінде жүрген адамның өз бағытын қалай «өзгертетіні» - стихиялық жайт. Осылай жүрейін, осы бағыттан қалайын деп, әдейі (саналы түрде) барып ешкім ештеңе айтқан жоқ. Колумбтың Индияны іздеп жүріп, Американы ашып алғаны содан. Бұдан, әрине, өнер адамы ылғи мақсатсыз қаңғырады деген ұғым шықпайды. Индияны іздеу бақыты да көрінгеннің маңдайына жазыла берген жоқ...
Амангелді Кеңшілікұлы: Дегенмен, бізде өнердегі өз жолын омбылап салып келгендерге, кейіннен көп сын айтылып жатудың себебі неліктен?
Жұмекен Нәжімеденов: Қайсыбір әдебиетшілер ... «алғашқы адымдары жақсы еді, соңғылары бір түрлі болып кетті» деп кінә қояды. Мейлінше жаңсақ пікір. Ақын солай, ылғи өзгеріп, жаңарып отыруға тиіс. Ол – адам. Өлең жазып қана емес, өмір сүріп келеді: тәжірибе қайда, әсер қайда? Ол жыр тоқитын станок емес. Кеше мақтағаныңды бүгін айыптайсың, кеше оқыған кітабыңды бүгін қайыра оқисың, басқаша әсер аласың. Өмір, уақыт заңы осылай. Қайта керісінше, кейбір ақындардың бұдан жиырма жыл бұрын жазған өлеңі мен күні кеше жазғанының арасынан «ешқандай өзгеріс» (түсінік, ұғым, көру, ой түю тәсілдері, т.б) көрмегенге таң болып қаласың. Баяғыда сондай еді, әлі сондай дегенге біраз жігіттер мақтанып қалатынын байқағанда, тіпті дал боласың. Мұндай ақындардың он бес-жиырма жинағынан он өлең оқысаң жетіп жатыр. Себебі: бәрі бірдей, ортақол, бәрі бір күнде жазғандай, түгел тінтіп керегі не? Станоктан шыққан матаның бір метрін көр не, он метрін көр не – бәрібір. Бұндай жай мына бір белгілі анекдотты еске салады. ...Бір топ шал өткендегі өмірлерін айтып, мақтанып отырады: бірі – жас кезінде тоң ойғанын, топырақ аударғанын сөз етсе, екіншісі – атқа шауып, асау үйреткенін, енді біреуі күреске түсіп күшін сынағанын, қысқасы, бәрі де күнінде болған, қайратты, алымды жандар екенін, ал, қазір кәріліктен жапа шегіп отырғандарын ортаға салысады. Сонда, Қожанасыр тұрып: «Жоқ, мен баяғы жиырма бес жасымдағы қалпымдамын»-дейді. Әлгі шалдар бұған күдіктене, одырайыса қарасады. «Өйткені,-дейді сонда Қожанасыр,-біздің ауылда жатқан қара тасты мен жиырма бес жасымда да көтере алмап едім, қазір де көтере алмаймын, қайратымның қайтпағандығын осыдан көре беріңдер. Андрей Вознесенский поэзиясын талдай келіп, Юнна Мориц былай дейді: «Плох тот поэт, который не обманул ожиданий и дал точно то, что обещал в юности. Значит, он лишен сильнейшего чувства – чувства пути...» («Юность», №10,1981). Ләйім, бітпесін! Іздей берсін, қалың қара орманда жүрген кісідей, адасып тұрып іздесін. Өнеріңді де, өзіңді де ескіртпеудің, қартайтпаудың бірден-бір дұрыс емі осы. Өнерге тән өміршеңдік, өмірге тән ерлік бар. Өлең жазған кісінің бәрі ақын емес екені – дәлелденген шындық. Шын ақынды жасайтын – өмір, содан алған әсер, тәжірибе болса керек. Біздің оптимизм деп жүргеніміз, бір сөзбен, өмірге сену деген сөз. Ал өнер – осы сенімнің айнасы. Ақын бағбан сықылды: жыр бағының әр түбін күніге он түртіп, қисық өскен бұтағын қырқып, түзулерін мәпелеп ертеңнен қара кешке шейін дамыл таппайды. Дамыл атаулының бәрі - творчествоға қас нәрсе.
Амангелді Кеңшілікұлы: Ақындардың ішінде Мұқағалидың шығармашылығы үнемі назарыңызда болыпты.
Жұмекен Нәжімеденов: Талантты ақындарымыздың бірі Мұқағали Мақатаевтың «Алатау, ассалаумағалайкүм» атты өлеңі бар. Мақатаев поэманы да, өлеңді де көптеп, топтап жазып келе жатқан адам. Маған салса, оның басқа барлық жазғанын таразының бір басына, осы өлеңін бір басына салар ем. Кімге қалай екенін білмеймін, өз басыма осы өлең қатты ұнайды. Адамның қара көзімен ойнайтын сиқыр емес, қасық қанымен ойнайтын сиқыр бұл! Сырттай қарағанда осы өлеңде пәлендей әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ сияқты. Тың теңеу, соны образ, терең ой сықылды өлең атаулының бәрінен талап етіліп жүрген қасиеттер де байқалмайды. Кейде өлеңді де бір сөзбен жандырып, бір сөзбен бүлдіріп алуға болады екен. Осындағы орынды қолданылған: «жарықтық», «босаға», «ассалаумағалайүм» үш сөз өлеңді жақсы көтеріп кеткен. Ал, ең бастысы: ақын сезімінің шыншылдығы, мөлдірлігі. Осы күні дәуір тынысы, уақыт рухы, деген сөздер көп айтылады. Мұны айтқызып жүрген де сол уақыттың, дәуірдің өзі болуы керек. Дәуір тынысы, уақыт үні дорбаға салып, биіктеу қазыққа іліп қойған нәрсе емес: Ол ұмытылып барып, іліп алып жүре беруге келмейді. Космос, корабль, стадион, эстрада сықылды сөздерді қанша үйіп-төгіп пайдаланғанмен, уақыт рухы берілмейді. Уақыт рухын бере алатын да адам рухы. Шын мәніндегі азамат сөзі айтылған жерде қағабері қала алмайды; өйткені әрбір азамат - алдымен өз кезеңінің ұлы, өз ғасырының ұлы, жиырмасыншы ғасырдың азаматы, бесінші ғасырды жырласа да бүгіннің, осы кездің тілімен жырлайтыны – айтылып жүрген шындық. Әрбір жақсы шығарма – дәуір тынысын берген шығарма. Әрбір жақсы шығарманы жақсы ететін де сол дәуір шындығы.» Талант деген дән іспеттес: құрғаққа, аңызаққа өспейді. Оның бораздасы – әжім, жаңбыры - тер, еңбекпен ғана ол көз сүйсінерлік көк алқапқа айналады.
Амангелді Кеңшілікұлы: Мұқағалидың өзі мен ақындығына берген бағаңыз да дәл келді
Жұмекен Нәжімеденов: Әр өнерпаздың, ақынның мықтап бір танылып, міні ойсырап, шыңы жарқырай көрінетін уақыты болады. Бұл жай – белгілі бір жылдардағы әдеби модаға да, ағым-алыпқаштыға да, тіпті, сол ақынның өлі-тірісіне де байланысты емес секілді... Мұқағали марқұм көзі тірі кезінің өзінде жарқырап танылған шын мәніндегі таланттарымыздың бірі еді. Сондықтан шығар, өз басым осы қолжазбаны ұстағанда екі түрлі сезімде болдым. Оның бірі – қуаныш, бірі – қорқыныш. Қуанғаным – өзіме әлдеқашаннан таныс екпінді, әсерлі жырларымен қайыра кездесу рахаты, тұшыну, тану ләззаты да, қорқынышым – жақсы ақынның бұрын белгісіз орасан бір олқылықтарын (біреудің етегін түріп қараған секілді) мінін, осалдық жағын көріп қою; содан қауіптену, содан секемдену, түйсігі екен. Өйткені, әркім жақсы көрген, үміт еткен адамының бойынан ақау көргісі келмейді ғой. Мені, алдын ала ашылайын, әлгі айтылған екі сезім алдамады, екеуі де орнына табылды. Бірақ, қолжазбаны оқу үстінде қуанышым молыға, күшейе түсті де, қорқынышым бірте-бірте азая берді. Себебі, мен ақын жырларынан көрген кемшілік-міндерді кешіріп, соған да көндігіп үлгердім. Бұған әсер еткен – қолжазбаның ересен молдығы. Жеті жүз қырық бет өлең! Және кітап бетін көрмеген жаңа өлең. О, жастық! Сен өлгенде – мен өлемін, Сенсіз мен қиылған бір бөренемін. Көнеремін, білемін, көнеремін, Көгере бер мәңгілік сен, өлеңім. Жырсыз менің өмірге не керегім, Жырдан басқа жұртыма не беремін? Рас, жырдан басқа ақын не бере алады? Жырдан басқа жұрт не күтеді, не талап етеді? Бірақ көзі тірі ақынға талап тым көп. Ақынның жүріс-тұрысы, берген сәлем, алған қолы, тәртібі, мінезі... Мұқағали ондай талап-міндеттерден құтылған ақын. Бізбен бірге оның жыры қалды. Мұқағали поэзиясы – шын мәніндегі халықтық поэзия. Айқын, ашық әуенді. Өлеңдерінің үнділігі жағынан ол көп ақынға үлгі, өнеге. Одан қазіргі қалам ұстаған жастар үйренер талай-талай қыр, сыр бар. Мұқағали ешқашан моданың ақыны болған жоқ, сондықтан, оның жырлары ескірмейді де. Атайы домбырашының қолындағы қой ішегін таққан домбырадай, барлық уақытта да күмбірлей естіліп отырмақ. Ақыр түбі ақылдылар үйретер, арамтамақ, азғын, ақымақтарды. Лайым солай болғай. Мұқағали поэзиясының, негізінен, жарқындығының көп сыры – осы бір үмітшілдікте, сенімде де жатыр. Сенемін! Сенемін мен! Сенемін мен! (Сенбесең оқып қара өлеңімнен), Мына жер, ана аспанның тереңінен, Сенделіп, сенімді іздеп келемін мен! Ақын сенімді іздеп те, сеніп те білген екен. Іздегенін – тапқан, тапқанын ұстай қолдана алған, от-ауызды, орақ тісті ақын батыл сөйлейді, жамандыққа, жаман мінезге төзімсіз-ақ. Мұнысы, ақынның осы, соңғы жырларында, әсіресе айқындала түскен секілді. Мына бір жолдарды оқығанда менің көз алдыма: Жазушылар үйінің коридорында әлдекімді ұстап ап, көзіне шұқып тұрған Мұқағали марқұмның аужар бейнесі елестейді:
Сен емессің, емессің! Сен емессің!
Жақсылық көрген емес сенен ешкім.
Сен – өсекшіл қатынсың, ер емессің!
Алаңысың төбелес, ерегістің!
Жұрттың айтқан сөзіне қарамағам,
Мен де сені жағалап, ағалағам.
Бұл күні,
Естисің бе, жаман адам,
Басыңды бес тиынға бағаламан.
Амангелді Кеңшілікұлы: Бұл жолдар ақынның көңілін қатты қалғандарға атылған оқтай тым ащы айтылған екен...
Жұмекен Нәжімеденов: ...Бұ сын-ды қатал сөздерді естуге лайық адамдар әлі де жүр. Олар Мұқағалидың жан сырын, неге қуанып, неге ызаланатын ешқашан ұққан емес, баққандары әдебиеттің аз ғана қабілетті адамдарының төңірегінде өсек өрбіту, сөз көбейтіп, пікір тарату. Олар үшін өнер – тамақ асыраудың, дәреже, мансап өсірудің құралы ғана. Аз ғана талантты жандардың өнеріндегі, не өңіндегі сынықтықты көрсе – бір жасап қалатын қатыгездер... Мақатаев жұртқа «Қызылкөз бәле» құсап көрінгенімен зады момын, жаны нәзік, сезімтал, жүрегі жалаңаш адам еді. Ол қулық-сұмдықты білмейтін. Оны ғұмыр бойы – еңбегі, өлеңі сүйреп келді. Өлеңдеріндегі сықылды алғырлық өзінде болған жоқ. Әйтпесе, өлеңін өзі сүйрер еді ғой. Өнерінің сүйреп әкелген жері – Мұқағалидың тірісінде көрген рахаты. Ал, өнерін өзі сүйрейтіндей пысықтығы болғанда, Мұқағали – Мұқағалидан әлдеқайда биік тұруға лайық жан. Сол олқылық енді толуға керек...»
Амангелді Кеңшілікұлы: Жұмекен аға, өз дәуіріңіздің поэзиясы туралы ойларыңызды ақын-замандастарыңыздың шығармашылығын талдау арқылы жеткізіп бердіңіз. Сонымен оқырмандарыммен де бөліссем қайтеді?
Жұмекен Нәжімеденов: Қазіргі қазақ лирикасы – өскен елдің лирикасы. Әрбір өлеңнің көтерер жүгі нақтыланып, көздегені көрініп келеді. «Тисе торғайға, тимесе терекке» дегеннен арылдық. Мұны бір сөзбен өлеңнің сыйымдылығы (емкость стиха) артты дейміз. Поэзия нақтылығы дегеніміз де осы төңіректегі нәрсе... ..Қазіргі өлең өнері, тағы да қайталап айтамыз, өскен өнер. 40-50 жылдары жазылған жап-жақсы өлеңдеріміздің кейбірі бүгін қарасаң ескіріп, ол жылдары шыққан биіктен аласарып қалыпты. Бұл – заңды нәрсе. Бірақ шын мәніндегі жақсы шығарма ешқашан ескірмеуі тиіс. Спортта спортшылар күнбе-күн рекорд жасай бермейді. Олар рекордтты өздерінен өздері озған шағында ғана жасайды. Мұндай шақ адам өмірінде біреу бола ма, он бола ма – оны айту қиын. Осы қағиданы поэзияға да қолдануға болады. Әр ақынның өзінен-өзі биік шығатын, өзінен-өзі озып кететін кездері болса керек... ...Біздің кейінгі ақындарымызда жақсы өлең көп-ақ. Жақсы кітаптарымыз да бар. Бірақ жақсының жақсысы, жаңаның жаңасы болмай тұр. Алатаудың барлық жерінің биіктігі бірдей болса, ол дәл осындай әдемі, осындай әсерлі болмас еді. Осы жағынан қарағанда, «пәленнің пәлен өлеңі-ай, шіркін!»-деп тамсанатын үздік шығарманы біз алғы күннен күтіп келеміз... Өнерде жақсы-жаманды айыратын талғам екені рас. Талғам – таланттың таразысы. Талантты таба қылатын да талғам, оны танытатын да талғам. Талғамсыз талант табасыз нан іспеттес. Қай бұрышы қалай қисаям десе де еркін. Бізде өзгеге қатаң талап қоятын талғампаздар толып жатыр. Ал сол талапты өзіне қоятын адам кемде –кем. Өзіне сараң, өзгеге жомарт жандар екінің бірінен шыға бермейді. Қолдан келсе дәл сондай болғанға не жетсін!
ЖЕЛКЕНІН ЖҰМЕКЕН ЖЕЛБІРЕТКЕН
Амангелді Кеңшілікұлы: Сіз талай ақынның өлеңдерін талдап, шығармашылығына сын елегінен өткіздіңіз. Кезінде бір ауыз сөзіңізбен арынын анықтаған ақындардың галереясын жария етіп, бағамыңызды бүгінгі оқырманның есіне тағы салсам бола ма?!
Жұмекен Нәжімеденов: Талант па, талапкер ме? Мұны әп дегеннен айыра қою да қиын болар. Әйткенмен, теңіздің тамшысынан да, бәрібір теңіз исі шығары хақ.
Кешеден бері көкейін ойын тескендей,
Бес жауын өтті құйынға мінген бес көлдей,
Бесінде атты арқандап едім шалғынға,
Малшынып келдім гүл өскен дария кешкендей.
Қалған жоқ үйдің малмандай болмай бір түгі,
Тырсылдап шықты туырлықтың да жыртығы.
Дүрліге жөңкіп түнімен достың отары
Саңқылдап шықты қара ауыз ит пен мылтығы. («Суықтөбе»). Бұл – Жұматай Жақыпбаевтың жыр-шумақтары. Осы үзіндіден-ақ автордың – ақын екені көрініп қалды. Осы тамшыдан-ақ теңіз исі аңқып кетті... Жұматайдың әр сөзі көненің көзі сықылды, көңілді елеңдетеді. Ақын – бармағының сиқыры бар ұста. Оның өлеңдерін оқығанда көз алдыңызға: он жетінші ғасырдағы қайыңның бетінен жасалған қымыз ожаудың түбіне жіңішке, болат бізбен әлденендей өрнектер салып отырған әккі шебер елестейді...
Жұматайдың қасына тағы бір талантты жас қосылды. Ол – Есенғали Раушанов. Ақынның қолтаңбасы көрініп-ақ тұр. Тұма суы сықылды, мөп-мөлдір. Жас ақынның алғашқы кітаптың өзінен-ақ қалыптасып, буыны бекіп қалғаны байқалады.
.... Қадыр Мырзалиев – ақындық тапқырлығымен, ойының нақтылығымен ерекше көзге түскен ақын. Ол нені айтса да тауып айтады. Өнер алдындағы жауапкершілігін бүкіл ел, заман алдындағы парыз-міндет деңгейіне дейін көтере білген, шын мәніндегі мәдениетті ақын. Поэзияның осындай бейнетқоры Қадыр Мырзалиев – жастар аталатын кейінгілердің ішіндегі көрнектісі...
Төлеген Айбергенов сыршыл, жанып айтып, жарылқап тастайтын жақсы ақынымыз еді. Оның ақындық мінезі ер болатын. Жұлқынып, қызу сөйлейтін. Ежелгі халық поэзиясының отты, сазды рухын өлең жазудың осы заманғы техникасына сәтті ұштастыра білген бұл ақын тым ерте үзілді.
Тұманбай – нәзік сыршыл ақын....
Қ.Шаңғытбаев поэзиясы туралы сөйлегенде, өлеңнің үндік, дыбыстық үйлесімін ауызға алмау мүмкін емес сияқты. Бұл – ақынның жақсы қырларының, негізгі қасиеттерінің бірі. Өлеңде үлкен адами-әлеуметтік ой, рух болып, ол осындай сұлулықпен төгіліп жатса, одан артық поэзия бола ма?...
Ғ. Қайырбеков – нені де болсын түйіліп келіп түйдектеп тастайтын, айтқыш, жарма жыршыларымыздың бірі. Алдымен ақын көңілінің құпиясын, сырын, стилін түсінуіміз керек. Бізге сырын сеніп айтқан адамға біз де сенуге тиіспіз ғой. Мен Ғафудың жырларына сенемін, иланамын.....
Сағи Жиенбаевтың жыр арнасында күркіреген көк толқын жоқ. Оның толқыны – бәсең ағатын, сабырлы мінезді – «Ақ толқын». Күркіреген көк өзенде көбік те көп болады ғой. Сағида ондай болмайды... Сағи ақын біреу қызықсын деп «құбылуды» білмейді. Ылғи да бір мінез, бір принцип. Барын орынды, ақылды пайдаланады. Сағи – шебер ақын. Оның әр сөзі орынында, әр бояуы керек жеріне ғана жұғады. Атқаны нысанаға дәл тиеді. Бұл – ақынның өлең ісіне ұқыптылықпен, сақтықпен қарауының арқасы, соның жемісі...
Ұлықбек Есдәулетов мал туралы былай жырлайды:
Ұранқай үйдей маяның
Іргесін үңгіп жепті мал.
Хайуанға берсең қалауын
Дүниені түгел жеп тынар. («Алтайдың алтын тамыры» кітабы) Мұнда ешқандай арзан елігу, экзотика жоқ. Өмірдің өзі сынды қарапайым. Әрі қатал. Еліктеу, солықтаудан ада, әдемілікпен әсер етем деген арзан пиғылдан ада. Ащы-ақ, бірақ шындық....
Шәміл Мұхамеджанов өз беті, қолтаңбасы, танымал дауысы бар лирик ақындарымыздың бірі еді. Өлеңдері сыршыл, нәзік, барынша ағынан жарылып, ылғи да ақиқатын айтатын ақын... Ол қай өлеңде болса да жырдың шыншылдығын ғана қадағалаған секілді. Содан да ақын жырлары оқушыны еріксіз иландырады, секемсіх сендіреді. Шамағаң өлеңдері жалған, жалпылдақ теңеу, образдардан, жасанды, арзан техницизмнен ада, барынша қарапайым, өзінің мінезі сықылды кішіпейіл, бауырмал.... Поэзия жастықтың ісі, жастыққа тән процесс дейміз. Осы пікірдің өзін кейде қайта қарағың кеп кетеді. Поэзия жастыққа тән деген тұжырымнан гөрі, талант қартаймайды деген тұжырым әлдеқайда әділ тұжырым, әділ қағида сияқты. Шашына қарап-қарап шал есептеген адамдарымыздың жыр кітаптарын ашып қалсаңыз, жаңағы ойыңыздан ұялып, қалады екенсіз. Мұндай «шалдарымыз», әрине, көп емес. Санап кетсеңіз, бір қолдың саусағына да жетпейді.
Қалижан Бекхожин өлеңді төгіп-ақ келе жатқан ақын. Өлеңдері барған сайын от алып, барған сайын жаңарып, жасылданып бара жатқан сияқты. Шаш ағарған сайын жыр бағы көгере түсетіндей. «Махамбеттің қабіріндегі тебіреніс» алдымен ақынның өзін-өзі қайрауы, өзін-өзі жауапқа алуы деп түсінеміз.
...Ал, мен –
Боқсақтағы боз қамыстай,
Тоғышарға иілген,
Бошалақпын, боз баспын.
Қойшы мінген жабымын,
Бәйгеге түсіп озбаспын...
Сен, бейне Мұзды балақ қыран ең,
Ажалын күткен қиядан.
Мен кейде
Жасықтардан жасқанып,
Өлімнен сескенгеніме
Сенің аруағыңнан ұялам.
Осы өлеңді естісе, Махамбеттің өзі де мәз болар еді. Қалижан поэзиясы – қашаннан адуын поэзия. Ол шым-шымдап еппен тартуды білмейді, ұстағанын жұлқып тартады не жұлып алады не шалқасынан түседі.
Сейсен Мұқтарұлының «Нұр тоғысында» деген жинағында ойлы, салмақты дүниелер бар. Ондай дүниелер қиялыңа көп орайда қанат бітіреді, көңіліңді серпілтеді. Оқушының айнала қоршаған ортаға, табиғатқа, жарық дүниеге деген құштарлығын арттырады, сүйсіндіреді, жирендіреді. Бұ қасиет ақын жырларының бүгінгі күнгі, осы бізге жақындығы, ойының, тілінің «тірілігін» көрсетеді. Поэзияға қоғамдық жүк артқызатын да ақынның сол қасиеті...
...Білем, білем – Шаттыққа жыр арнаған
Жүрсек те біз тыныштықпен тыныстап,
- бұғып жатқан, бүлік-ылаң салмаған
Жетеді әлі жарылмаған бомбалар
Жүре бермей бақыт-нұрға баттық деп,
Қарау керек сақтықпен:
бізбен жалған тілдесіп,
бізбен жалған үндесіп,
Жарылмаған бомбалар
Арамызда жүрмесін!
Үзінді Темірхан Медетбековтың «Жарылмаған бомбалар» деген өлеңінен. Өлеңде Ұлы Отан соғысының кезінен жарылмай жатып қалған бомбалар, сол бомбаларды іздеу, табу жұмысы баяндалады. Ал, үзіндідегі соңғы екі жол жырды тереңдетіп жіберген. Топырақта қалып қойған бомба, денелерде қалған жарқыншақ-соғыс сықылды күллі адамзаттық трагедияның «сарқыты» - өз алдына фашистік түсініктен, фашизмнің өз ыдысында қалған «Сарқыт» жарылмаған бомбадан да қауіпті, өйткені, оның бомбасы – Ұлы Отан соғысы кезіндегі бомба емес. Уақыт, Тұрмыс тез есейіп, күрделеніп кетті. Қай заманда да үйді салудан бұзу оңай болған. Қорған бұзатын рычагты машинаны Архимед ойлап тапқан деседі. Ал, көтергіш кран күні кеше шықты. Адамзат қоғамы дамуындағы бұ секілді жайлар, кімді болсын, ойландырмай қоймайды...
Мұхтар Шаханов – жырды түйдектей, төгіп жазатын алымды ақын. Ол нені болсын күйіп-жанып айтады, қыза толғап, қызықтыра сөйлейді. Тақырыпты да тапқыш-ақ. Әсіресе, тарихи оқиғаларды арқау ете жазылған толғау-балладалары, дастандары тартымды, нәрлі. Өмірді, тұрмысты жақсы білетін ақын кіп-кішкене детальдардың өзінен үлкен қортынды жасай алады. Бұл қысқасын айтқанда, ақынның ақын ретінде де, азамат ретінде де өскендігін делелдейді....
Серік Ақсұңқарұлының өлеңдері әлі өз алдына, дербес мұқаба алып көрмеген: «Қарлығаш» атты жалпы жинақта ғана жарияланған... Серік өлеңдерінде еркін, көтеріңкі үн бар. Ол үн кейде романтикалық сарынға ауысып кетеді. Бірақ ақын романтикасы реалистік деталь-образдармен, бояулармен қанықтырылып отырады екен. Өтеді өмір аңыз боп Жыр боп, Айналып алтын дастанға. Өлеміз дейміз – өтірік бәрі – Кетеміз ұшып аспанға. Соңымызда қалады біздің Өмірге қамшы өрендер. Соңымызда қалады біздің Өлімге қарсы өлеңдер. Сол жырды оқып туады ұрпақ. Кетеді ұрпақ, Келеді... Осылай болған, Осылай болмақ, Осылай бола береді! Мұндай ақындар карьеристік талаптан, лауреаттық медальдар қуу әрекеттерінен аулақ болса – талай жерге барады деген үміт етуге негіз бар.
Күләш Ахметова жыр кітабын әлі ұсынбаған жас. Жазғандары да күні бүгінге шейін журнал қабаттары мен газеттердің бұрыш-мүйісінен ауыспаған. Осынау кішкене өлеңдердің өзі Күләшті айырықша қояды. Май таңының шығындай, жоқ, шықтан жиылған тамшыдай мөлдір, пәк, әрі мінезді, шын мағынасындағы қыз мінезді поэзия. Біздің қайсыбір ақындарымыз поэзияның «ақ босағасын» мызылып аттайды да, ілез өзгеріп сала береді. Сыпырғышты ала, төрге қарай сыпырады. Ер мінез, еркектік жасаймын деп, еркекшораланып бітеді. Өнерді атақ, дәреже көретіндіктің белгісі бұл. Күләштің өлеңдерін оқығанда қазақтың халық әндерін тыңдағандай боласың. Әрі мәнді, терең, әрі қарапайым. Орғып, секіріп, «мені көр» деп тұрған ештеңе жоқ, бәрі орнында, бәрі жарасымды.
Мезгіл-өзен, ақырын ақпайтыны қинайды,
Менің қайғым басқаға батпайтыны қинайды.
Бізді жұрттың білмей-ақ мақтайтыны қинайды,
Бір көгершін кеудемде таппай тыным қинайды.
Жыр әкелмей жастықтың неге түні қинайды,
Жылдардың да күттірмей келетіні қинайды...
Нені болсын көкірек-көңіліне жақын қабылдайтын жаны жалаңаш адамның сөзі. Жылдар неге күтттірмей келеді? Ақынның кімді, нені болсын күткісі бар. Күтуден, сарғаюдан ләззат табатын секілді. Айы күні белгілі мезгілдің өзі кідіре тұрса екен! К.Ахметова бір өлеңінде: «Сен неткен бақытты едің, қайғылы ақын!» -дейді. Біздіңше, қайғылы ақын емес, дәл осылай айта алған ақын бақытты. Күләш өлеңдеріне зер салғанда, испан ақыны Унамуноның: «Я чувствую головой, думаю сердцем» деген сөздері еске түседі. Асылы, ақын атаулыға бұдан артық «мінездеменің» керегі бола қоймас. Күләштің ертең не жазатынын, қалай жырлайтынын мен білмеймін. Әзірге, «ақын, нағыз ақын» дегеннен бөтен мақтауым да жоқ. Бірақ, ақындық – өнердің топырағы ғана, оған әлі дән себу, күту, өсіру керек... Поэзия – ұшқыр жанр. Тез таралады, оқушыға әсер етері де тез. Сол әсер тез ұмытылмау, жойылмау үшін өмірдің ең бір қиын, ең бір күрделі проблемаларын көрсету жолында ақындар атсалысады. Поэтикалық шығарма ұшқыр болса, тез ұшса – жеңілдіктен ұшпайтыны өзінен өзі түсінікті. Өлеңнің шын сарапшысы уақыт. Ақынды да уақыт тудырады. Сонда өлең де уақыттан тууы керек емес пе? «Жүректен тумаса – жүрекке жетпейді» деп Мырзалиев айтқандай, уақыттан тумаса уақытқа жетпейді. Біз, жастар, алпысыншы жылға ала қанат көбелек мініп, гүл аралап, қызықпен жеттік. Енді бұл көбелек бізді қайда апарады? Сірә, мұнымен алысқа ұзамайтын тәріздіміз. Бұдан барлық скрипканы сындырып, барабан алып шығу керек деген ұғым тумасқа керек. Әңгіме скрипканың әуезінде ғой. Ол не туралы сайрайды? Қандай ой туғызады? Қандай алысты меңзейді? Ақырында оның әуені тыңдауышыны мүлгітіп ұйықтата ма, әлде төсекте жатқан адамды орнынан тұрғыза ма? Бізге осының соңғысы керек сияқты. Өйткені бізге оқушыны ойлантатын өлең жазу керек. Ал ой адамды, оның жан-күйін тыныштыққа қалдыра алмайды. Тынышсыздық – ояну, өлу емес – өмір сүру.Біздің өмір сүргіміз келеді.
Амангелді Кеңшілікұлы: Әдебиетті өсіретін сын ғой. Сол сынға көңіліңіз тола ма?
Жұмекен Нәжімеденов: ..Бір қызығы өлеңнің сынына жиі араласып жүргендер сыншылар емес, ақындардың өздері. «Қазақ әдебиеті» газетінде «Ақын ақын туралы» деген рубрика ашылғалы бері біразымыз жылы сөз естіп, біразымыз жұртқа пікір айтып, мәре-сәре боп қалдық. Бірақ, бұлардың бәрінде пікір бар да, ғылыми талдау аз. А. Нысаналиннің екі-үш мақаласынан басқа, біраз мақала рецензия дәрежесінде. Әрі бұл жұмыс өзімізді өзіміз мақтау не өзімізді өзімізге дәлелдеп түсіндіру секілді әсер етеді екен. Ақындар өздері туралы өздері жазғандықтан да емес шығар, біздің кейбір рецензия, интервью, не қайсыбір пікір алысу барысында «шын ақын», «өтірік ақын» өлеңдерін «басымен» жазатын ақын «жүрегімен» жазатын ақын секілді сөз-ұғымдар бой көрсетіп жүр. Біздіңше, «шын» ақын мен «өтірік» ақынды айыру үшін бас қатырудың керегі жоқ. Ол оп-оңай: жақсы өлең жазғаны – шын ақын да, жаман өлең жазғаны – өтірік ақын. Ал, қай ақын өлеңін «басымен», қай ақын «жүрегімен» жазады дегенге келсек – бұл қиындау. Себебі, өлең жазуға адамның ақылы да, сезімі де, білім-парасаты- өмірлік тәжірибесі де – бәрі қатысады. Біз әйтеуір бөлуге құмармыз. Енді, басқаны былай қойып, адамды анатомиялық тұрғыдан бөлуге – мүшелеп бөлуге ауыстық. Мұндай теорияшылдықтың әдебиеттану ғылымына ешқандай пайдасы жоқ, қайта онсыз да шалалау, тәжірибесіз оқушыны адастырып, зиян жасауы кәдік. Тағы бір сөз. «Жұлдыз» журналының өткен жылғы жетінші санында жас ақын Мұқамедия Жұмағалиевтің «Гүл-дәурен» атты жинағы сыналды. Жоқ, талданған жоқ, көлемі, шамамен, төрт баспа табақтай кітапта «Гүл» деген сөз отыз сегіз мәрте кайталыныпты. Журнал соны тізіп берген де қойған. Жұртты қайдам, өз басым, сол жинақтың басынан аяғана дейін түсіп алып, ерінбей-жалықпай әр сөзді сынап отырған рецензентке қайран қалдым. Бұл сынау емес, сынның тәсілі бұлай болмайды. Бұдан авторға да, әдебиетке де пайда жоқ. «Жұлдыз» секілді біздің аса беделді журналымыздың бұ сынды ұсақ-түйектен биіктеу тұрғанын қалар ек....
Амангелді Кеңшілікұлы: Сіз бір сөзіңізде «Біздің ешқайсымыз да жаман жазғымыз келмейді. Амал не, бізде осы күні не көп – жаман өлең көп: жаман өлеңді жек көреміз, сөйте тұра өзіміз жаман өлең жазамыз» деген екенсіз.
Жұмекен Нәжімеденов: Соңғы кезде жазылған поэзия туралы, жастар – біздер туралы мақалаларда біздің әрқайсымыздың да талантсыз емес екендігіміз айтылып жүр. Бұл, сөз жоқ, рас. Ендеше, тағы да сұрақ. Өзіміз талантты екенбіз, өзіміз оқыған кісілерміз – жақсы шығарма жазу үшін тағы не керек? Енді тек қана еңбек керек. Сонда іздену, оқу, үйрену – бәрі еңбектен шығады. Бұл – біз ашып отырған жаңалық емес, бұрыннан белгілі жай. Біз еңбек туралы өлеңдер жазамыз, бірақ нашар жазамыз, өйткені сол еңбек туралы өлеңнің өзіне еңбегіміз сіңбейді. Бұл –бір. Енді Әбіш Кекілбаев айтқандай, дүние жүзі әдебиетінің озық үлгілерін оқымайды емеспіз, оқимыз. Бірақ оқудың да оқуы бар. Бір мектептен бір сыныпты бір жылда бітіріп шыққан көп шәкірттің білім дәрежесінің әртүрлілігі сықылды біз де әртүрліміз.
Амангелді Кеңшілікұлы: Бұл сөзіңізді қалай түсінуге болады?
Жұмекен Нәжімеденов: Біреулеріміз, мәселен, А.Вознесенскийді керемет ақын дейміз. Несімен керемет – ол жағын ойлана бермейміз. Енді біреулері: сонда (Вознесенскийде) не мықтылық бар, әншейін дақпырт та, әйтпесе мұндай өлеңдерді қарапайым қай оқушы түсінеді дегенді деп қойып қалады. Тіпті қате пікір. Мұны не ақын не жазушы айтты деуге ұят. Мұндайлар көп емес, әрине, бірақ, бар. Бұл әдеби талғамның әлсіздігін, творчестволық ауқымның тым тарлығын көрсетеді. Біздің кейде «Жақсы шығарма жазылса – жанымыз садаға, оны жақтамайтын қайсымыз бар» деп отырып, сол жақсы шығарма машинкаға басылып, алдымызға келгенде танымай қалатынымыз да сондықтан. Мұны біз өткенде бір жас ақынның өлеңдерін көркем әдебиет баспасында талқылау үстінде анық байқадық. Әрине, бұл да біздің жаман жазуымызға қарсығын тигізетін факт. Бұл – екі. Бүгінгі поэзия сынында ақын өлеңінің жақсы екенін айту үшін сыншылар: «құйылып тұр», «төгіліп тұр», «сорғалап тұр» деген секілді тіркестерді көп қолданып жүр. Әрине, бұл жақсы тіркестер, егер өлең соған шынымен жауап берсе. Амал не, ал олай оңай болмай шығады көбіне. «Құйылып» тұрған өлеңнің тек ұйқасы , ырғағы және біраз жылтырақ сөздер. Оған қоса жалған пафос, өтірік қуаныш немесе «күйдім», «сүйдімдер» мен «мынауыңызды маған бер, анауыңызды маған бер, табиғат!» деген секілді тілемсек жолдар тұрады. Бұл, әрине, шын жақсы өлең бола алмайды. Дегенмен, сыншының сөзі жұртқа қатты әсер етеді. Ақындар енді «құйылып» жазуға барынша тырысады. Осыдан келіп, ақын өз қаламының жорғасымен «төгіледі». Ол төгілу қашанға барады? Төгілемін деп шашылып, құйыламын деп «сұйылып», ақыры жоқ болады. Сонсоң ол өлеңді қатты ойланып, тебіреніп, тіпті бас қатырып жазу керек екенін ұмытады. Ақынның ғажайып сырға, ойға, жұмбақ сезімдерге, неше түсті бояуларға толы лабороториясы қаңырап бос қалады. Таусылмайтын қазына бола ма – егер оны ылғи толықтырып отырмаса. Ол үшін тағы да еңбек ету керек, шындап қиналу, қайғыру керек, сонсоң барып қуансақ – ол баянды болмақ. Міне, жоғарыда айтылған төкпелікті дәріптеудің тигізетін қырсығы, бізді ойлауымызша, осындай. Әрине, біз ең кейінгі жастар бос, жалтырақ, көз алдайтын құрғақ әсемдіктен, теңеу үшін өлең жазу ауруынан айыға бастадық, бірақ сауыққанымыз жоқ.
Амангелді Кеңшілікұлы: Біздің қоғамда ақындар көбейіп кетті деген сөздер кеше де, бүгін де жиі айтылады..
Жұмекен Нәжімеденов: Бұл – дұрыс емес. Керісінше, бізде ақындар өте аз. Оларды санауға «бір қолдың саусақтары» да жетеді. Ал әдебиетті жағалап жүрген жай ақынсымақтар, жазушы-сымақтар санауға бір қолдың саусағы түгіл, бір бастың шашы да жетпес. Неге бұлай? Біз талантты ақындарды, үлкен ақын шығады деген адамдардың кітаптарын басып, қалған ағайындарды қоя тұрсақ болмас па? Жоқ, болмайды! Себеп? Себеп –сол баспада қағаз жетпейді, ақша жетпейді дегенді көп айтып жүр. Бұл жай сылтау емес, шындық. Өйткені баспаның қағазы жаңағыдай жаман, тіпті, ештеңесі жоқ кітаптарды басуға кетеді. Сонсоң біздің үлкен ағаларымыздың жуан-жуан томдары бар және бір жазған шығармаларын олар бірнеше рет өңдеген деген желеумен өңдеген сайын қайта бастырады. Оған қағаз кете ме- кетеді, ақша кете ме – сөз жоқ. Міне, сондықтан біздің жас ақындар: Тұрсынзада Есімжанов, Құдаш Мұқашев, Қастек Баянбаев, Мұқағали Мақатаев сияқты бірнеше талапты жастардың жинақтарын басу – баспа үшін үлкен шығын болып көрінеді. Біз – жастар, кейінгі кезде «жаман ырым» бастап, үлкен жазушыларға, ағаларымызға өкпе айтып жүрміз. Өкпелегенде «біз бір керемет талант едік – танымадыңыз, жүйрік едік – бәйге бермедіңіз» демейміз. Өйткені, жоғарыда айтылғандай өзімізде де қиратып салған ештеңе жоқ. Болған күнде де біздің алдымызда Әбділданың, Хамиттің, Сырбайдың шыққан биіктері тұр. Оны біз көріп отырмыз. Ендеше олар болу үшін (егер бола алсақ) бізге көптеген жылдар керек. Әйтсе, де біздің өкпеміздің жөні бар секілді. Солардың қайсысы біздің шығармамыз туралы пікір айтты екен? Айтса кейбір жас ақындардың көп арақ ішетіндігін, аздап мас болатындығын айтты, дандайсып кетті деді. Ұрысты. Ал ішпейтіндер мен дандайсымайтындар ылғи ғана талантсыздар ма? Олай болғанда олардың талантсыздықтарын неге сөз қылмасқа? Бұл жағынан бізге бүгінгі орыс поэзиясы үлкен үлгі көрсетіп келеді. Есімізде ғой, Юрий Панкратовтың «Месяц» деген жинағы күні кеше жарық көрді. Соған орыстың белгілі-белгілі әдебиетші-сыншылары пікір айтып та үлгерді. А.Вознесенскидің «Треугольная груша» атты циклі «Знамя» журналының осы жылғы төртінші санында жарияланды. Осы цикл туралы Л.Мартынов «Летературная газетада», Б.Соловьев «»Октябрь» журналының жетінші санында, А.Дымшиц «Знамя» журналында мақалалар жазып, өз пікірлерін білдірді. Сонда бұл кісілердің Вознесенский туралы мақала жазудан басқа шаруасы болмаған ба? Әлде бүкіл кеңес поэзиясы бір ғана «Треугольная грушаға» қарап қалды ма? Жоқ, олай болмасқа керек. Жоғарыда айтылғандай, бізде бұл жәй мүлде басқаша. Біз үлкендерге, алдымен, өнерімізді емес, өзімізді танытуымыз керек. Қай жақтан келгенімізді айтуымыз керек, үлкен ақындардан кімді жақсы көретінімізді, әсіресе кімнен үйренетінімізді алдын ала сездіруіміз керек. Сонсоң барып біздің «жолымыз бола» бастайды. Сол дұрыс па? Бізді қоя-ақ қойыңыз, тіпті қазір белгілі ақын болып кеткен Ғафу Қайырбековтың творчествосы туралы да шын мәніндегі сын-талдау пікір болған жоқ қой. Тек анда-санда ғана әркім бір шумағын алып мақтап өте шығады. Ол ақынға қанша себін тигізеді? Қайырбеков секілді ақындардың нағыз құдіретті шығармалар жазатын кезі енді келді. Олай болса ол туралы пікір дәл осы кезде айтылуы керек еді ғой. Ізтай Мәмбетов туралы да осыны айтар ек...
Амангелді Кеңшілікұлы: Қазақ әдебиетінде кенжелеп қалған жанрлардың бірі – детектив. Бұның себебі неде? Шетелде детектив жанры арқылы дүние жүзіне танылған талай қаламгерлер бар емес пе?
Жұмекен Нәжімеденов: ..Бізде детектив десе – біраз жазушылар мұрындарын шүйіріседі. Бұрынырақ кезде өзімде солай қарайтынмын. «Ақ шағыл», т.б. прозалық кітаптарға, меніңше, тек қана сол /оқиға-сюжет/ детектив жетпеді. Детектив деген көркем шығармаға ауадай қажет /егер ол оқиға болса/. Мысалы, Шекспирдің «Асауға тұсауы» детектив емес пе? «Капитан қызы», «Преступление и наказание», «Собор Парижской богоматери», «Тамань», Крейцерова соната» т.с.с. Бүкіл Конан Дойл – детектив! Бірақ, қандай детектив... Бұл тақырыпта талай тәулік сөйлесуге болады. Қысқасы әлем әдебиетіндегі ең беделді шығармалар ең алдымен оқиғаларына бола өлмес дүниелерге айналады. Ал, Паустовскийлер онша көп болмаған. Детектив дегеннің өзін, сөз, термин ретіндегі мәнін де тым тар мағынада түсінбеу мақұл. Детектив болу үшін – кісі өлімі, сұмдық қылмыс, ит ұстаған милиционер не қазіргі заманның Шерлок Холмосын ойлап шығару /комиссар Мэгреге ұқсатып/ міндетті емес. Жорж Сименон – жақсы жазушы. Психология, характер ашу т.б. көркем әдебиетке керекті жапырақтардың бәрі бар. Ал, Конан Дойл кейде тым жалаң, жалаңаш детектив секілді көрінеді. Әйткенмен Конан Дойл Сименоннан әлі де әлдеқайда биік тұр. Бәлкім, уақытты, соған орай адамдары «биік» шығар? Неге? Мен қайдан білейін! Екеуін қайталап, тағы да бір-бір оқып шығып, салыстырып, өзің де бір ойланып көр. Меніңше, детективтің /детективтік шығарманың дегенім ғой/ шыңы – «Золотой жук» - өгіз де өлмейді, арба да сынбайды. Сөйтсе де, қандай ғажап, а? Сила и мощь, блеск гениального духа. Гигант! Психологизмнің де, романтикалық реализмнің де көкесі – сонда Эдгар По шығармаларында...
Амангелді Кеңшілікұлы: Әңгіме соңында өз шығармашылығыңыз жөнінде де қысқаша айта кетсеңіз..
Жұмекен Нәжімеденов: 1960 жылдардың басында бірнеше поэма жаздым. Оларым, әрине, со кездерге дейінгі жазылып келген («Сұлушаштан» бастап «Дала қоңырауына» дейінгі) ешбір поэмаға ұқсамайтын еді. Содан шығар поэма деп айдар тағуға қорқып, әңгімелер деп атадым. Оны түсінген адам болған жоқ. Баспа жүзінде алғаш рецензия жазған адамым Қастек Баянбаев болғасын... Осы күні сюжетті дүниелер жазуға/притча песенно-баладного характера/ құмармын. Құмар болмасам да еркімнен тыс /еркімнен тыс десем жұрт сенбейді/ солай, сюжет боп кетеді. Мәселен, жел үйтті, жапырақ бүйтті, жол сатқындық жасап, бір тауды бір тауға алғызды деген секілді. 1970-тен 1979-ға дейін өлең жазғамжоқ немесе почти / «Жеті бояуда» жаңадан жазылғандары «Алдар көсе», т.б. бірер он өлең/ жоқ, бұрыннан жатқан кейбіреуі алдыңғы кітаптарға өтпей қалған өлеңдер болатын. 1980 жылы «Шуақ» шықты. Содан бастап газет-журнал беттерінде де мол-мол боп шыға бастадым. Қазір жұрт мен туралы: «бұ қайдан шықты» деген сауалдан, соған жауап іздеуден алмай жүр. Вознесенскийді аударды - содан шықты ма, Евтушенконы көп оқушы еді – содан шықты ма? Әлде Мұхтар мен Қадырдың бірінен шықты ма? Нәжімеденов қвлай өзінен-өзі шыға қалады? Әйтеуір «шығуы» керек еді ғой? Неткен сауатсыз жұрт! Мен осы топырақта өлең жазған қай замандасымнан болса да бұрын шықтым ғой? Мен шыққанда /«Балауса», 1961/ әдебиетте Төлеген, мұхтар түгілі Мұқағали, Қадыр жоқ еді ғой? Бұл – бір. Екіншіден, менің сорым /бәлкім, бағым да шығар/ қанша ұқсайын, еліктейін, алайын, үйренейін десем де – қолымнан түк келмейді. Тіпті, аударманың өзі, рухын, ырғағын, ой – бояуын қаншама сақтайын десем де – бәрібір өз өлеңім болып кетеді. Өткенде бір жігіт /ақын/ менің Вознесенскийден аударған өлеңдерді мақтай келіп, «точно аударма екен» деп қорытты. Ақымақ! Там Нәжімеденов больше, чем Вознесенский. Мен шынымды айтсам, өзіме-өзім тәнті боп көрген кісі емеспін. Соның ішінде аударма... кімді аударсам да /Бартоны мен аударғам жоқ, бір жолын да аударғам жоқ, жолдастар өздері аударып, ақшасын мен арқылы алған/ өзім болып шыға келем. Ал, біреу оригиналдың аузынан түскендей, аумай қалады. Ғафу аударған Мақтымқұлы, Қадыр аударған Расул Ғамзатов сондай дүниелер. С.Есенинді Қадырдан гөрі Ғафу жақсы аударды. Олжастың поэмасын Темірханға аударту керек секілді /әттең, культура/. Сергей Есениннің қайсыбір жолдары Мұқағалида жүр дегенді Оразбек айтып еді. Қарап көрсем, рас екен. Назым Хикметті – Әбішке аударту керек. Мен аударып, шығара алмадым: Хикмет түгілі, Нәжімеденов те шықпай қойды. Қолдан келмесе – амал не. Қалай дегенмен, Андрей Вознесенскийді қазақша оқуға болады. Керек... 1982 жылы «Советский писатель» жинағымды шығарды. Бұдан артық нашар аударма болуы мүмкін емес. /Біз, өзім де бармын/ ешбір елдің ақынын бұлай қорлаған емеспіз. Мендегі төрт жол өлеңді А. Юдахин он алты жолға жеткізген. Сөздердің белін сындыра берген, сындыра берген.
Ақынмен сырттай сұхбаттасқан Амангелді Кеңшілікұлы
Сұхбатта пайдаланылған пікірлер Жұмекен Нәжімеденовтың мақалаларынан, қолжазбаларынан, күнделіктерінен алынды.
Дереккөз: adebiportal.kz