Сәбит Досановтың "Қасқыр ұлыған түні" Тәшкенде жарық көрді
2017 ж. 16 мамыр
5437
0
Өзбекстан жоғарғы билігінің бастамасымен Ташкенттің «Өзбекстан» баспасынан көркем сөздің көрнекті шебері Сәбит Досановтың шығармаларының бір томдығы «Қасқыр ұлыған түн» деген атпен жарық көрді.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
Аталмыш кітап Өзбекстанның көрнекті жазушысы Әділ Якубовтың Досанов шығармашылығы жайлы мақаласымен ашылған. Кітап бетін жабар түйінсөздің авторы Өзбекстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты, Қазақстан Республикасы Президентінің Руханиат сыйлығының иегері, 88 жастағы ғұлама Насыр Фазылов.
Осы оқиғаға орай Ташкенттегі Әлішер Навои атындағы Ұлттық кітапханада «Қасқыр ұлыған түн» кітабының тұсаукесер өтті.
Баяндамашы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қазақбай Йулдашев бір томдыққа енген роман, повесть, әңгімелер жайлы толымды ой толғап, терең талдау жасады. Өзбекстан жазушылар одағы жанындағы қазақ әдебиеті жөніндегі кеңестің хатшысы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мехмон Исламқұлов, өзбек әдебиетінің абыз ақсақалы Насыр Фазылов, көрнекті ақын Мирпулат Мирзо, білікті әдебиетшілер Адхамбек Алимбеков, Сувон Мелиев және басқалар қазақ қаламгерінің шығармашылығы мен туысқан өзбек – қазақ халықтарының достығын нығайту жолындағы қоғамдық қызыметіне аса жоғары баға берді. Өзбек шайыры Лола Жүнісова, қазақ ақыны Қасымхан Бегіманов оқыған жырлар көркем кешті онан әрі әрлендіре түсті.