МЕНІҢ «КОМПЬЮТЕР» ЖАЗУШЫМ
2017 ж. 09 мамыр
4001
3
(Көрнекті журналист, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Елшібектің лабораториясы хақында)
Жанат Орынбаев!
Бұл өзенмен өрнектелген Жетісу өңірінің Қаратал бойында дүниеге келген талантты перзенттің сойы еді. Жасынан алғыр, құймақұлақ болып өскен Жәкең – өсе келе танымдық көзқарасы кеңейген жас тілші атанады. Мектеп жасынан-ақ, оның есімі – күллі қазаққа мәшһүр бола бастаған. Жазған-сызған дүниесі арқылы әйгілі Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртазаны да тамсандырып, халықтың бүгінгі сүйікті қаламгері – Жанат Елшібековке айналған Орынбайдың ұлы еді. Міне, сол жазушы ағамның қаламында тұнған дүниелер – әлі күнге дейін қазақ руханиятына адал қызмет етіп келеді. Солай бола бермек!
Меніңше, журналистіктен жазушылық деңгейге дейін асқан парасаттылықпен, жауапкершілікпен көтерілген Жанат Елшібектің шығармашылық әлемі – еңбектеген баланы ер жеткізіп, ақыл-санасын толықтырып, оның ойлау қабілеті мен зеректігінің артуына, эрудит, интеллектуал болуына үлкен қызмет етті. Осы айтқанымыз артық емес! Расында, сан қырлы талант, әмбебап қаламгер Жанат Елшібек – компьютер, ғаламтор жоқ заманда осындай нано технологияның міндетін асқан жауапкершілікпен атқарған ақыл-ой адамы еді!
Әмбебап қаламгердің озық ойынан туындаған зерделік-интеллектуалдық дүниелер – қаншама жас буын, жас ұрпақтың пайдасына жарап, олардың дүниетанымдарын кеңейтіп, көзқарастарын қалыптастырды. Жәкеңдей білгір зерделі ойдың еңбегі – осы бізді де қаншама рет тығырықтан шығарып, мектеп кезіндегі түрлі конкурс, логикалық-интеллектуалдық сайыстардың жеңіс тұғырынан көрсеткен еді. Бұны – мен қашанда болсын мақтанышпен айтып отырамын. Өйткені, біз сияқты тәуелсіздік алған тұста дүние есігін ашқан сәбилердің балалық шағы, мектеп табалдырығын аттаған бастауыш – бал бұлақ шағы – нарықтық экономика кезеңіне тап болған болатын. Бұл уақытта республика орталығынан жырақта жатқан біздің Қапал-Арасандай ауылдардың ажары тайып, базары тарқап, тағдыры таразыға тартылған еді. Бұл уақытта қайдағы компьютер, қандай ғаламтор болсын! Біз компьютер дегеннің төрт бұрышты болатынын, оның теледидарға ұқсас екенін 7 сыныпта ғана байқадық-ау... Нанасыз ба? Міне, біз осындай «тапшылық» кезеңінде әжеміз Зейнепханның көрегенділігі мен оқымыстылығының арқасында ешқандай қиындықты сезбей, кітапты жата-жастана оқып, кез келген сынақтан сүрінбей өткен едік. Бүгін соның бәрін ойлап, еске алсам – қызық әрі тәтті естелікке толы сәт екенін сеземін.
Міне, сонау бастауыш сыныптың партасында отырған сәтте-ақ, біз Жанат Елшібектей жазушының бар екенін білген едік. Біліп қана қоймай, оның әрбір жазған, ойлап тапқан танымдық дүниелерін мұқият оқып, жадымызға тоқыған едік. Біздің балалық шағымыздағы «Ол кім? Бұл неміз?» әрі «компьютеріміз», тіпті, мүмкіндігі өте зор «ғаламторымыз» бола білген Жанат Елшібекпен таныстығымыз осылай басталыпты... Біз, осы сәтте өзіміздің ақылшы досымыз болған қаламгерге ризалығымызды білдіріп, оның асыл қазынасы алдында басымызды иеміз. Жанат Елшібековтей қарымды қаламгердің жазғаны арқылы өзінің сұранысын өтеп, қажеттілігін тапқан мен сияқтылар көп болуы мүмкін. Бұл – менің және менің замандастарымның маңдайына жазылған бақыт еді.
Жанат Елшібек! Қазақстандағы көзі қырақты, кітапсүйер қауымға есімі әбден таныс қаламгер. Оның жазған шығармалары, әсіресе, сұлу сөзден сарай соққан эсселері, әдеби портреттері – көркем шығармаға бергісіз құнды дүниелер екенін қайыра қайталап оқыған сайын сезініп, ерекше бір рахат күйге бөленіп отырасың. Қалам құдіреті деген осы!
Кездейсоқ кездесу
Әлі есімде. Осыдан төрт-бес жыл бұрын болған оқиға еді. Сарша тамыздың дәурені өтіп, салқыны сезілген қоңыр күз келген шақ еді. Алматыдан Астанаға жол тартқан «Бәйтерек» поездымен келе жатырмыз. Межелі бекетке жақындап қалған сәтте, көрші купеден бір таныс дауыс естілгендей болғаны. Кітап оқып жатыр едім, қоңыр әуезді таныс дауыс қайта-қайта көңіл хошын бөле берген соң, дәлізге шығып, әлгі кісінің кім екенін білмек болдым. Сөйтсем: өзімнің бала күнгі ежеттес досым, ақылшым, кәдімгі – Жанат ағай Елшібеков екен! «О, шіркін, міне, кездейсоқ кездесу!» деп аңтарылып, бір сәт таңырқап тұрып қалдым да, «Ассалаумағалейкум, Жанат аға!» деп қолымды ұсынып, ишарат көрсеттім. «Уәликумассалам!» деп жылы шыраймен сәлемімді қабыл алды. Сосын мен қуанышты көңіл-күймен аптығып: «Аға, мен Сіздің бауырыңызбын. Сізді бұрыннан танимын...» деп шалқұйрықтай шаба жөнелдім. Шамасы, аға «бұ баланы қайдан көрдім» деп ойланып қалса керек-ті. Онысын жүзінен байқап, «Аға, мен Сіздің оқырманыңызбын. Бала күнімнен бері Сіздің жазғандарыңызды оқып жүрмін. Сізді газет-журналға басылған фотосуреттеріңіз, кітаптарыңыз арқылы өте жақсы танимын» деп өзімді таныстыра бастадым. Сөйткенімше болмады, жүйткіп поездымыз Астанаға да келіп жетті. Айналасы 15-20 минуттық сәт еді. Құдды бір 15 жыл аралас-құралас болғанымыздай әсер етті. Сөйтіп, шойынжолдың үстінде күтпеген жерден кездойсоқ кездесіп, бір-бірімізге бауыр басып қалдық. Сол күннен бастап ол кісі – шын мәнінде менің рухани ағама, жолбасшыма айналды. Ал, мен сол кісінің жолына түскен талапкер едім...
Бас шаһардың алқалы жиын, түрлі әдеби кеш, кездесу, конференция тағысын тағы игі шаралардың басы-қасында кездесіп қалсақ, емен-жарқын сөйлесіп, қауқылдасып тұрамыз. Ол – аға, мен – інімін. Ол – танымал журналист, қарымды қаламгер. Мен – енді-енді қанатын сермеген жас қалам иесімін. Арамыз жер мен көктей. Алайда, парасатты, құшағы кең, жаны – мәрт, жүрегі – жомарт менің асыл ағам ешқашан өзін жоғары, мені кем санап, бала тұтқан емес. «Егемен Қазақстанның» іргесіндегі құт мекен – шаңырағына барған сайын алдыма ақ дастарханын жайып, сыйлы бір құдасы келгендей бәйек болып күтеді ау. Міне, бұл жазу-ғұмырдағы қарапайымдылықтың асқан зор үлгісі еді. Мұны – ешқашан ұмытуға болмайды!
Қаламгер портреті
Менің бір тәсілім бар еді. Өзім жақсы көріп, үлгі тұтатын адамдарыма арнап қана жазатын. Бұл – әлемдік әдебиеттегі «толстойлық сипаттама» деген әдіс. Әйгілі жазушы Л.Н.Толстой «Соғыс және бейбітшілік» романын жазар алдында, бас кейіпкерінің бірі – Пьер Безуховқа оның қасиеті мен жеке басына орай мінездеме берген болатын. Біз, осы әдісті пайдалана отырып, Жанат Елшібектей әмбебап қаламгерге мынадай сипаттама берер ек:
Мінезі: Өзінің туған айы – мамыр сияқты мамыражай. Тұйық. «Тілін» таба білген адамына ашылып сөйлейді. Әйтпесе біртоға, биязы жұмсақ, ешкіммен қақта-соқ қылығы жоқ, парасатты адам.
Білімі: Бір өзі – бір университет! Бұл кісімен кез келген саланың түрлі тақырыбында сөйлесіп, пікір алмасуға болады. Бала күнінен бері оқығаны мен тоқығаны өте көө-өө-п. Оны әсерлі әңгіме барысында тыңдауға болады. Қылшылдаған студент кезіндегі көп уақыты күні-түні кітап оқып, ала қағаздарға сығырандап өткен. Энциклопедициялық білім, эрудиттік зеректікке ие Жанат Елшібектің жүйрік қаламынан, ұшқыр ойынан «Сен білесің бе?», «Зерек», «Мың бір қызық», «Студенттік меридиандар», «Атамекен» сияқты таңғажайып дүниелер туған еді. Міне, осы кітаптардың бәрі – оның көл-көсір білімінің нәтижесі.
Парасаттылық жағы: Тақуа. Жаратқан Аллаға, оның шетсіз-шексіз нығметіне шынайы сезімімен берілген, Хақтың жолына түсіп, қасиетті шаһарларды көріп, зиярат еткен, мұсылмандық парызын толық өтеген қажы. Оның парасаттылық жағын, болмыс-бітімін «Әлем көз тіккен Мекке» деген сапарнамасынан оқып, білуіңізге болады.
Шығармашылық бөлмесіндегі жұмыс үстелі, жеке кітапханасы да мұқият жиналып, қыздың жасауындай құлпырып тұр. Өзі де талғамына сай киініп, таңдауына сай жүріп-тұрады. Ақ қағазға жазар алдындағы сөзіне
іштей дайындалып, ойын зерде елегінен өткізіп, нәрлі сөздерін пісіріп барып қана тізбектейтін адам. Яғни, эстет!
Отбасылық жағы: Жалпы Елшібековтер зәузәтына Қызыр Ілияс шапағатын төгіп, ырыс-құтын дарытып-ақ кеткендей. Лайым осылай бола бергей. Балалары да оқыған. Бүгінде еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүрген сауатты да, зиялы мамандардың қатарынан. Қаламгер әкеге бұдан артық бақыттың қажеті бар ма?!
Аялы алақан
Менің Жанат ағам!
Бұл кісі – менің өз ағам. Басқасын білмеймін, бұл кісінің табиғаты ерек, жазғаны бөлек, өзі зерек адам ғой. Радиодан жақсы хабар тыңдаса, газет-журналдан пайдалы дүние оқи қалса, бірден менің телефоныма хабарласып, «Елдосжан, анандай газетке керемет бір мақала шығыпты, оқып көр!», «Радиодан бүгін мынадай бір керемет әңгіме естідім...» дегендей т.с.с. жиі хабар беріп тұрады. Кейде ағаның осындай қамқорлығына қуанамын да, керісінше, осындай хабарды мен хабарлап, мен айтып тұруым керек еді деп өзіме-өзім реніш артып, құдды бір сүйікті қызының алдында тұрып, алғашқы махаббат сезімін білдерер бозбаладай біресе қызарып, біресе күлімдеп өз-өзімнен қысылайын кеп. Негізі, жастарға қашанда болсын алдыңғы буын ағалардың жүрген жолы, атқарған қызметі, шығармашылығы үлгі-өнеге ғой. Жанат ағамның жазушылық лабораториясынан алар үлгі-өнегем, тәжірибем де жетерлік. Шіркін-ай, өткен уақытты кері қайтарар мүмкіндігім болғанда, Жанат ағаның шығармашылық мектебінен тәлім алып, кейбір нәрселерге басқаша қарар ма едім. Себебі: менің Жанат ағам сырбаз адам ғой тегінде. Жазу деген сырлы әлемге, жан досы – қалам мен қағазына адалдықпен ғана жүгініп, парасаттылық танытып қарайтын адам. Қаламға деген адалдықты үйрену керек сияқты...
Новатор
Ойы, қиялы күні-түні тыным бермейді. Ақ таңын атырғаннан бастап көк аспан жұлдызды шәлісін жамылғанға дейін бұ кісі әрбір сәтін еңбекпен өткізеді. Шығармашылық кредосы – еңбек және де еңбек. Сөздің шынын айтайықшы, 60 жылдығында шығармашылық қызметі, жүріп өткен жолы жөнінде өз-өзінен сұхбат алып, сұхбат жанрына реформалық жаңалық енгізген осы кісі ғана емес пе!
Меніңше, журналист -жазушы Жанат Елшібек – новатор қаламгер. Оның жаңашылдығы сол – әрбір жазған мақаласы, эссесі я болмаса әңгіме болсын бір жаңа қалып, жаңа түр, жаңа сипат ойлап табады. Мәселен, оның 1992 жылы жазылған «Жебе қалам» деп аталатын тамаша туындысы бар. Бұл
дүние – Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, драматург, журналист Шерхан Мұртазадай алыптың 60 жылдығына арналып жазылған. Бұл очерк – болашақ күндері шерхантану саласындағы қаламгердің творчествосын түу биікке жеткізген классикалық зерттеу еңбек үлгісінде бағаланып, ғылыми-зерттеу нысанына айналарына сөзсіз сенемін. Енді осы очерктің жазылу пішініне қараңызшы, әрбір тарауының алғашқы сөзі мынадай әріптермен басталыпты: «М», «Ұ», «Р», «Т», «А», «З», «А», енді осы шмуцтарды берілген әріптермен біріктіріп оқыса, очеркке арқау болған кейіпкердің тегі шығып тұр! Міне, журналистік, жалпы қаламгерлік жаңашылдық. Асылында, Жәкеңнің әрбір дүниесінде ой жаңалығы, сөз жаңалығы һәм форма жаңағылы бар. Жан-дүниесі жаңалыққа, жаңашылдыққа құмар Орынбай баласының қаламгерлік эстетикалық көзқарасы – оның тек өзіне ғана тән құбылыс. Бұны басқа бірде-бір қаламгер ойлап табуы я болмаса жазуы мүмкін емес. Әркімнің маңдайына жазылған өз бақыты, өз бағы болатыны анық. Жанат ағамның бақыт құсы – қазақ еліне алғаш болып крассворд пен сөзжұмбақ, оның сан алуан түрін құрастырып, таныстыруы деп ойлаймын. Ол – қазақ сөзжұмбағының атасы!
Жанат Елшібек – жазушы, журналист қана емес, әдебиет зерттеушісі. Ол біз бүгіндері есімін ұмыта бастаған, әдеби ортада есімдері көп айтыла бермейтін талантты қаламгерлер жайында жылы портреттер жазып жүргені белгілі. Зерттеушінің «Түсімде көрген кітап немесе тұғыр туынды» деген көлемі дүниесі бірқатар мерзімді басылымға жарияланып, әдеби-ғылыми ортада кеңінен талқыланды. Тіпті, жазушылардың өздері де ұмыта бастаған «Таңғы шық» ұжымдық жинағына енген балауса туындылардың авторларының есімін қайтадан жаңғыртты. Бұл – қазақ әдебиетіндегі жанашырлық, өткенді іздеудің, өткенге деген құрметті сағынудың символы сияқты қабылданды. Мәселен, бала Жанатқа осы жинақ «Ұлан» («Қазақстан пионері») басылымынан сыйлық ретінде берілген. Ал, осы жинаққа енген жас қаламгерлердің балғын шығармалары – зерек баланың жүрегіне үлкен әсер қалдырып, оның жазушылық қабілетін арттырған екен. Бала күнінде сүйіп оқыған кітабын араға ұзақ жыл салып, шарқ ұрып іздеп, түрлі шығармашылық мехнатын тартқан зерттеуші-қаламгердің түсіне де кіріп, күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырған бұ кітаптың қандай құдіреті барын көпшілікке жайып салып, біз сияқты жаңа буын, жаңа толқын жастарға таңсық есімдерді насихаттап, игі дүниенің жолын көрсетті.
Айтпақшы, осы жуық күндері «Жалын» журналынан жақсы жаңалықты естіп қуандым. Журнал алқасы сөздің мәйегін білетін эстет қаламгерге сөз зергері Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықты тағайындапты. Бәрекелді! Біздің Жәкең бұл сыйлықтың лауреаты болуға әбден лайықты ғой.
Трендке айналған журналист
Журналистика – Тілеуқабыл Мыңжасардың сөзімен айтқанда, жаһанды жаулаған жанр емес пе! Иә, дәл осылай. Күннен-күнге ақпарат көбейіп, жаңа технологиялар мен цифрлық жүйелер жыл сайын жаңарып келеді. Жаһанды жаулаған жанрдың мэтріне айналып, оның дамуына ұшан-теңіз үлес қосқан толқынның бірі – жетпісінші, сексенінші жылдардағы талантты қыз-жігіттер. Биыл өткен ғасырдың орта тұсында қазақ журналистикасына жаңалық болып келіп, алапат жарылыс берген талантты топтың мерейлі жылдары. Ж.Дәуренбеков, М.Қожахметова сынды 46 жылғылардың ізіменен С.Әшімбаев, С.Елубаев, Ә.Көпіш, Б.Сарбалаев, Ж.Бейсенбайұлы, Ж.Елшібек, Қ.Әлім, Қ.Назырбаев сынды қаламгерлер де жетінші асуға келіп отыр. Жетінші асуына парасаттылық жолымен, адал еңбегімен көтерілгендердің бірегейі – Жанат Елшібек! Бұ кісі – қазақ журналистикасының дамуы мен тенденциясына зор үлес қосқан, өзінің айрықша қолтаңбасын қалдырған корифейлердің бірі. Расымен, Жанат Елшібек – қазақ журналистикасына соны жаңалық, жаңа леп әкелген қаламгер. Бүгінгінің тілімен айтқанда, журналистика саласына «тренд» болып келіп, есімі «брендке» айналған журналист-маман!
Оның қаламынан дүниеге келген әр туындысы оқырмандар назарын аударып қана қоймай, әріптес-қаламдас ағалары мен қатарластарының да қолына қалам алдыруы тегін емес. Күнделікті шығып жатқан мерзімді басылымдарды парақтап шолып отырсаңыз, Жәкеңнің шығармашылығы, оның қарым-қабілеті, әмбебаптығы мен журналистика, әдебиетке қосқан үлесі туралы жарияланып жатқан жүрекжарды мақалаларды көресіз. Біздің сөзіміздің, бағалауымыздың куәсі – осылар!
PS: Осы біз кейде «өмір – теңіз», «өмір – өзен» деп жатамыз.Сол өмір – өзеннің толқынымен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, эстет қаламгер Жанат Орынбайұлы ағамызда жетпіс деген жетінші биіктіктің жағасына туған елі, ағайын-туыс жұрағатымен аман-есен жетіп отыр. Өмір – өзенін әркім әрқалай түсініп, әр түрлі суреттеуі мүмкін. Ал, Жанат аға өзінің «Менің Қараталым» деген эссесінде: «Менің Қараталым! Ұшар басын сеңгір-сеңгір таулардан алып, тыпыршыған асаудай ілгері асыққан ақ көбік жалды толқындарың со-на-у қиырда шалқыған көгілдір Балқашын құшырлана сүйіп барып тыншиды. Күндіз – күміс, түнде – алтын боп ағатын ұлан жолында талайдың шөлін басып, талай жердің нәрін ашып, талай-талай құт-берекелі бел-белестерді басып өтеді» деп поэтикалық сурет салыпты. Осы эссесін оқып отырғаныңда, өзіңді құдды бір ерке Қараталдың жағалауында жүргендей сезінесің де, оның толқындарына қарап, сұлулығын мойындайсың. Және де осы табиғаты сұлу, шөбі шүйгін жазиралы белдің ортасынан гүл теріп, көбелек қуып жүрген бала Жанатты көргендей боласың. Арманшыл бала сол жазиралы белдің сұлулығынан, ерке Қараталдың ақ көбік шашқан асау толқынынан қиялына қанат бітіріп, жұдырықтай жүрегіне табиғаттың тылсым күшін сыйдырыпты-ау... Дариға, дүние –ай! Сенің сұлулығыңнан тамыр алған бала – бүгінгі күні қазақтың қабырғалы жазушысына, көрнекті журналисіне айналып, сақал-мұртын ақ қырау басқан ақсақал болып отыр, сен соны білесің бе?!
Жетісудың жеті өзендей құлпырып, журналистика саласына түрен салған, әйгілі Шераға мен Сейдағаңның шекпенінен шыққан, кісі баласына зияны жоқ Жанат Елшібек ағамыздың барақатты ғұмыр сүріп, шығармашылық зейнетінің мөп мөлдір шәрбатынан қанып ішіп, киелі сөз өнеріндегі жанкешті еңбегі – тұғыр биікке жеткізер дара жолға ұласа берсін!
Елдос ТОҚТАРБАЙ, "Қазақ үні"