Ой!.. Ой!.. Ой!.. Өлең қалай да ойлы болсын! Табанды қан жоса қылатын шөңге мен шеңгелден түбiттей жұмсақ ой таба бiл, асқар Алатаудың түймедей тасынан асқар Алатаудың өзiндей ой iзде, аспанда қаптап көшкен қара бұлттардың дертiп тұрған желiнiнен ой сау!.. Ой!.. Ой!.. Ой!.. Ойсыз өлең жоқ! Ойсыз өлең тұл!
Бұл ақынға қойып отырған менiң талабым, менiң сөзiм емес. Бұл – қазақ поэзиясында үлкен бетбұрыстар жылы болған, құлағымызда әлi күнге дейiн жаңғырып тұрған алпысыншы жылдар талабы, алпысыншы жылдар даусы. Шынында да өзiмiз куә болған сол жылдардың ақынға қояр талап-тiлегiнiң ең бастысы ой болатын. Поэзияның көкейкестi мәселелерiн қозғап жататын редакциялардағы талқылауларда да, студенттермен кездесу кештерiнде де, ақын демей, сыншы демей қатысатын тартысты мақалаларда да, кез келген жерде өте беретiн өрелi, өресiз айтыстарда да тiрелер бiр-ақ түбiрлi қазық болды. Ол – өлең ойлы болуы керек! Өлеңге қойылар бұл талап, бұл мiндет тротуарға тары себетiн әлдеқандай бiреулердiң жалаң айқай, жадағай дақпыртынан емес, өлең топырағының өзiнен өнiп шыққан табиғи құбылыс едi. Поэзияда көпiртiп көп сөйлейтiн жалаң баяндауларды алға тартқан тұрпайы социологияның шаң-тозаңынан мүлде арылу үшiн осындай үрдiс сiлкiнiс қажет болатын. Ол сiлкiнiстi уақыттың өзi сахнаға алып шықты. Мұндай процесс жалғыз қазақ поэзиясында ғана емес, бүкiл Одақ көлемiнде өтiп жатты. Сондықтан жұрттың бәрi де /талантсызы да/ жапа-тармағай өлеңде ой айтуға, ойлы өлең жазуға көштi. Тiптi, поэзияда бағыт-бағдары бар кейбiр ақындарымыздың өзi де, бойындағы талант табиғатымен санаспастан, көздi жұмып жiберiп, осы жолға түсiп жатты. Өйткенi ол жылдар айналасындағы құбылысты танауын желге төсеп «иiскеп» бiлетiн интуицияның, эмоциялық поэзияның екiншi планға түсiп, аналитикалық, философиялық, қазiргi түсiнiкпен айтсақ, интелектуальды поэзияның бел алып өркендеген кезi болатын. Сондықтан ақын не айтса да соны аяқтауға, үш нүктенi қойып жiберiп, соңғы екi жолға ойын түйiп тастауға, қанатты Пегасты «жерге қондыруға» тиiстi, тiптi, мiндеттi едi. Шынында да мұндай үрдiс сiлкiнiс, соны серпiлiс өлеңдi томаға тұйықтықтан, жеңiл желсөздiлiктен тазартып, оны өмiрiмен неғұрлым қоян-қолтық жақын араластыруға, оның қоғам алдындағы жауапкершiлiгiн арттыруға, әлеуметтiк жүгiн салмақтандыруға үлкен ықпал еткенiн бұл күнде бiз мақтан тұта еске аламыз. Бiрақ сол жылдарда мәселенiң екiншi жағы, ең түйiндi жағы көбiне көп ұмыт қала беретiн-дi. Ол сол қаптаған «философиялық ойлы» өлеңдер оқырман қауымды толқытып жатыр ма, ең бастысы, ойландыруда ма деген сұрақтар едi. Шынын айту керек, өлеңге мұндай талап қою анда-санда, сөз арасында болмаса, арнайы әңгiмеге арқау бола бермейтiн. Содан ба, ұйқас, ырғағын былай қойғанда, дәлелдi мотивировкасы бар қосақталған қос жолмен ой түйетiн «төрт аяғынан тiк тұрған» өлеңдердiң iшкi поэтикалық қуатына назар салу, көңiл бөлу тым босаңсып кеттi. Ал мұндай көзқарас жылусыз, қан-сөлi жоқ тақпақ риторикалардың, ақылгөй өлеңдердiң өрiс алып, қаулап өсуiне жол ашып бердi.
Шын талантты ойшыл ақындардың творчестволарын қалқан еткен өлең жазғыштар ендi ешқандай тосқауылсыз әлгiндей «философиялық ойшыл» өлеңдердi қарша боратты. Содан барып машиналанған машық, механикаландырылған штамп пайда болады. Әрине, бүгiнде бәрi де орны-орнына келген болса, бұл айтылғандарды өткен шақ еншiсiне қалдырып, ауызға алмай-ақ, аттап өте шығуға болар едi. Амал не, өкiнiшке орай, олай емес. Әлi күнге дейiн «ойлы» өлеңдердiң жұлдызы жоғары, әлi күнге дейiн «ойлы» өлеңдердiң жолы болғыш. Сол «ойлы» өдеңдер жұртты ойландыра ма, – онымен ешкiмнiң шаруасы жоқ. Бұрында олар «философиялы» деген сөздiң күпiсiне оранып жан сақтаса, ендi «интеллектуальды» деген сөздiң тасасына тығылатын болды. Бүгiнде iшкi эмоция, сезiм ағысы болмаса, интеллектуальды поэзияның құны көк тиын екендiгiн, ақын интеллектiсi болмаса, эмоциялық поэзияның да құр жылтырақ сөздер жиынтығы боп қалатынын, құдайға шүкiр, бiразымыз бiлемiз. Бiле тұра, кеңшiлiк жасаймыз.
Бiз үшiн қазақ поэзиясында Абайдан өткен интеллектi, Абай поэзиясынан өткен интеллектуалды поэзия жоқ. Бiрақ одан салқын ақылмен жазылған бiр жолды, бiр сөздi кездестiре алмайсыз. Бәрi де үлкен эмоциялық сезiммен,үлкен жүрекпен жазылған. Ақын эмоциясы сөздiң бетiнде емес, iшкi астарында, тереңде жатады. Ол ақылмен емес, жүрекпен ойлайды. Оның «ойлы құлақ», «ойлы жүрек», «ойлы көз» деген тiркестерi де тектен тек емес. Оның он төртiншi қара сөзiнде: «Тiл жүректiң айтқанынан көнсе, жалған шықпайды», – деуi де сондықтан. Ендi Абайдың мына шумағын оқыңыз:
Ақылмен ойлап бiлген сөз
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар.
Көрдiңiз бе, сөздi ақылмен емес, жүрекпен сезiне бiлу керек. Жүрекпен сезiнер сөз, әрине, жүрекпен жазылуы тиiс. Абай солай еткен де. Ол өз сөзiн «жүректiң айтқанына көндiре» бiлген. Бұл – ұлы рухани ерлiк. Мұндай ерлiк кез келген ақынның пешенесiне жазыла бермейдi. Сондықтан бұл жерде бiздiң айтпағымыз, интеллектуальды поэзияны кiл салқын ойдың жиынтығы деп қарамай, оның табиғатын терең түсiне бiлуiмiз керек. Сонда ғана оның тонын жамылып жүрген «ойлы» өлеңсымақтардың бет-пердесiн ашып, әшкерелеуге әбден болады.
Манадан берi бiз өлең де жұртты ойландыруы керек деп жатырмыз. Сонда қалай ойландыру керек? Ой айтып ойландыру керек пе, әлде ой айтпай-ақ ойландыруға бола ма? Сөз жоқ, ой айтып, ой айтпай да ойландыруға болады. Бұл ақынның талантының табиғатына, оның дүниетанымына, одан қала бердi, алып отырған тақырыбына байланысты. Кезiнде дүниежүзiн аралап кеткен Пабло Неруданың мына жолдарын оқып көрiңiзшi:
... и по улицам кровь детей
текла просто, как кровь детей.
Өн бойыңызды ток соққандай дiр ете түстiңiз. Жан түршiктiрер үрейлi сурет. Ақын образбен сөйлемей-ақ, ғаламат образ жасаған. Әйтпесе, ағып жатқан бала қанын неге теңеуге болады? Бала қаны тек бала қанымен ғана теңесе алса керек. Ақын ешқандай жаңалық ашпай-ақ, жаңалық ашып отыр. Бұл – поэтикалық жаңалық!?
Ақын артық ештеңе де айтпаған. Бар болғаны болмысты ғана көрсетiп бердi. Бiрақ жүрекке түсер ой салмағы қандай! Ендi Мұқағали Мақатаевты оқып көрейiк:
Өкiнiштi...
Мына құрғыр сырқаттың бетi күштi.
Жүрегiм көтерiлiс жасап жатыр,
Бұзбақ болып кеудемде бекiнiстi.
Өкiнiштi...
О, жүрек!
Менiң алтын қазығым-ау!
Қайтейiн, қажыдың-ау.
... Қытықтаған бауырдың «назы» мынау.
Қажыдың-ау, байғұсым, қажыдың-ау!
Не iстемекпiн?
Жаным-ай, саған шипа iстемек кiм? !
Жаралғанда бүтiн ем, үш бөлекпiн:
Жүрегiм – Африка, бауырым – Кипр,
Миым – Мұзды мұхиттай...
Не iстемекпiн?...
Бiрақ өрiлiп, бiрақ құйылған тұтас өлең. Жеке жолын, жеке шумағын бөлiп алып қарастыруға келмейдi. Оны өлең табиғаты, өлең архитектоникасы көтермейдi. Өйткенi ақын айтылар сөзiн бiр-ақ ақтарған. Өлеңнiң әлденеше жерiне қойылған үш нүктелер ақынның айтылмай кеткен сөздерi емес, оның өзегiн өртеп шыққан қасiрет күрсiнiстерi. Бұл – өлең метафора болғанда, да образды метафора. Бұл өлеңде нағыз азамат ақынның бүкiл болмыс-бiтiмi жатыр. Жүрегiн Африкаға, бауырын Кипрге, миын Мұзды Мұхитқа теңеу белгiлi бiр ұғымдардың сыртқы ұқсастықтарын дәл басқан сөз бейнелiлiгiн ғана емес, белгiлi бiр ұғымдардың iшкi драмасы мен трагедиясын ашқан ақын ойының масштабтылығын, ақын ойының iрiлiгiн көрсетедi. Бұл өлеңнен ақынның жеке басының дерттi демi ғана емес, Африка қасiретi, Кипр трагедиясы, Мұзды Мұхиттың көрдей суық лебi ұрады. Ақын, басына түскен өз қасiретiн дүние қасiретiнен бөлек қоя алмапты. Дүниеге алпыс екi тамырымен сiңiп кеткен ақын ғана осылай сөйлесе керек.
Ендi осы өлеңнен (бiздiң түсiнiгiмiздегi!) ой көрдiңiз бе? Жоқ! Бiрақ ақын ой айтпай-ақ оқушысын тұңғиық ойға батырып отыр.
Әр ақынның өзiне тән талант табиғаты, өзiне тән дүниетанымы болғанымен, өзi ғана еншiлеп, өзi ғана отау үй ғып тiгiп алған тақырыбы болмайды. Тақырып – жұрттың бәрiне ортақ. Әңгiме оны қалай игеруде, қай қырынан келуде болса, онда сөз басқа. Бұл ретте шын талант үшiн қайым заманнан берi келе жатқан мәңгiлiк тақырыптар да, бүгiнгi таңда ғылыми-техникалық революция дәуiрiнде дүниеге келiп жатқан тақырыптар да – бәрi-бәрi де ашылмай жатқан құпия жұмбақ, игерiлмей жатқан тың алқап. Қандай тақырыпқа болсын тек осы ниетпен барған талант қана өлеңдегi өз сөзiн айта алады. Ал белгiлi бiр тақырыпты айтыла-айтыла жауыр болған тақырып деу талант өрiсiнiң тарлығын немесе таланттан мүлде жұрдайылықты көрсетсе керек. Қандай ғұлама талант болсын белгiлi бiр тақырыпты ақи-тақи жазып кеткен емес. Егер тауысып кеткен дейтiн болсақ, онда баяғыда-ақ махаббат туралы жазуды тоқтатқан болар ек.
Сондай-ақ науқандық тақырып деген де тақырып болмайды. Науқандық өлеңдер ғана болуы мүмкiн. Егер бiз науқандық деген сөздi өткiншi деп ұғынатын болса, онда мәңгiлiк тақырыпты жырлайтын өлеңдердiң көбiсi-ақ науқандық өлеңдер боп шығар едi. Өйткенi ол өлеңдер бүгiн бар да, ертең жоқ.
Бiз мұны не үшiн айтып отырмыз? Кейiнгi кезде тақырыпты бұтарлап бұзып, жiлiктеп бөлу бел алып барады. Мұның теориялық мәнi болғанмен, практикалық тигiзер зардабын да естен ишығармаған жөн. Өйткенi талантты белгiлi бiр тақырыптың тар аясында қарастыру авторға да, әдебиетке де абырой әпере бермейдi. Жаңалықты тақырып жаңалығынан емес, көтерер мәселесiнен, айтылар ойынан, көркемдiк шешiмiнен iздеген дұрыс. Жаңалық – әрi-берiден кейiн таланттың өзiн өзi үңгуi тереңде жатқан жаңа қабаттарын ашуы. Сондай өзiн өзi ашып, өзiн өзi қопарып, өзiн өзi тереңдетiп келе жатқан ақынның бiрi – Сағи Жиенбаев. Ол, жұрттың бәрi сабылып, сарсаңға түсiп, «ой» iздеп кеткенде де өзiнiң талант табиғатына зорлық жасамады, дiтiне берiк боп қалды. Ол қанша жылдар бойы қазақ поэзиясында тек өзiне ғана тән үнмен, тек өзiне ғана тән тiлмен жырлап келедi. Әрине, Сағи туралы айтылған сөз аз емес. Сол айтылғандарды ақтарып қарап отырсаңыз, көбiне-көп Сағиды сұлу жырдың «сұлтаны» ретiнде қарастыратыны. Сондықтан бұл жерде басын ашып алар бiр мәселеге тоқтала кетейiк, бiз өлең туралы сөз қозғағанда, «сұлу жыр» деген тiркестi, кейде бетi жылтыр сазы болғанмен, астарында айтары жоқ өлеңдерге қолданатынымыз бар. Егер «сұлу жыр» деген ұғымды бұл жерде осы тұрғыдан қабылдар болсақ, онда ол тым үстiрт, жадағай түсiнiк. Шынында да, Сағи өлеңдерi сырнай үнiндей сырбаз, бозторғай үнiндей сазды. Бiрақ ол үн, ол саз әр жерден терiп алынған әдемi сөздердiң дыбыс үндестiктерiнен емес, ақындық терең тебiренiстен, ақындық болмыстан шығып жатады.
Рас, Сағи алғашқы өлеңдерiнде сылдырап тұрған сыртқы үйлесiмге тым үйiрсек болатын. Оның өлеңдерiне «сұлу жыр» деген тiркес сол кезде танылған-ды. Сол тiркестiң сыннан сынға көшiрiлiп, бiрiнiң аузына бiрi түкiрiп қойғандай, сыншыдан сыншыға өтiп, күнi бүгiнге дейiн қалмай келе жатқаны таң қалдырады. Өйткенi бүгiнгi Сағи поэзиясы – кешегi елуiншi жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басындағы Сағи поэзиясы емес, одан мүлде басқа. Өркендi, өрелi поэзия. Сағида:
Аспанды кенет тарылтып,
Ауылды жерге бұқтырып,
Астан да кестен сабылтып,
Жарқ етiп... өте шықты бұлт,
– деп шалт қимыл, шабытты жолдармен басталатын өлең бар. Баяндау мәнерiмен жазылған бұл өлеңнiң әрi қарай оқыған сайын бояуы да қоюлана түседi. Ауыл шетiнде «орманнан келген өкiлдей боп» тұратын жалғыз терекке жасын түстi. Күл-талқаны шығып, салбырап асылып қалған бұтақтар... шашылып қалған темiрқанат балапандар...
Шыр ете қалды бiреуi,
Бiреуi соған қосылды.
Бiреуi шөпке сүйенiп,
Қайталап жатты осы үндi.
Әкеттi жел де есiрiп,
Барады жүрек суылдап –
Балапан құсқа қосылып,
Даланың өзi шырылдап...
Трагедияның үлкен-кiшiсi бар ма екен? Мүмкiн, бар шығар. Десек те, құйтақандай балапан құсқа қосылып алып даланың шырылдаған жан даусын бүкiл болмыс-бiтiмiңiзбен, жүрегiңiзбен тыңдап көрiңiзшi. Құйқаңыз шымырлайды. Дәл осы өлең, тiптi, аяқталмай да тұр. Бiрақ ақынға өлеңдi аяқтау мiндет пе? Тiптi де мiндет емес. Ақын бұл жерде «дала шырылдап тұр» немесе «дала шырылдап жатыр» деп айтпаған, «даланың өзi шырылдап...» деп тұншыға бiтiрген. Ақынның көзiне жас үйiрiлiп, көмейiне тас тығылғандай. Балапанға табиғатпен туыстық, бауырластық осындай-ақ болатын шығар. Жалпы, қазiргi Сағи поэзиясы – iшкi динамикалық қуаттан, динамика-драмалық конфликтiден тұратын өз даусы, өз ерекшелiгi бар, бүгiннен ертеңге бет алған поэзия. Оның поэзиясы өз оқушысын тебiрентiп, толғантып, ойландырып келедi.
Жұмекен Нәжiмеденов – Сағи Жиенбаевтан поэзиядағы қолтаңбасы мүлде басқа, мүлде өзге пландағы ақын. Ол поэзия есiгiн ой айтып аттады. Сол алғашқы өлеңдерiндегi ойдың өзi қалай да ой айтайын деген ниеттен емес, ақынның табиғи жаратылысынан, болмыс-бiтiмiнен, образды ойлау жүйесiнен, ақын интеллектiсiнен шығып жататын. Бұдан он алты жыл бұрын дуалы ауызды ақсақал ақынымыз Әбдiлда Жұмекен поэзиясын талдай келiп: «Ол адамның, жаратылыстың сыртқы қалпынан гөрi, философиялық табиғатын ашқанды, адам мен жаратылыстың биiк келiсiмiн тереңiрек сипаттағанды ұнатады», – деген болатын. Сол сөз бүгiн де өз күшiнде.
Ж.Нәжiмеденов поэзиясы – көкке көтерiлiп, шалқып кететiн поэзия емес, адам жанының терең қабаттарына түсiп, оның күйiнiшi мен сүйiнiшiн, қуанышы мен қайғысын, дабыра айқайсыз-ақ, үнсiз ұғынып, үнсiз бойына сiңiре бiлген поэзия. Оның өлеңдерiнiң көп жұртқа тым бұйығы, тым жұбақ, тым күңгiрт боп көрiнетiнi де сондықтан. Ол өмiр құбылыстарына бiрер шумақ табу үшiн емес, сол өмiр құбылыстарының диалектикасын тану үшiн үңiледi. Тiптi, оның өлеңдерiндегi музыканың өзi – ойлы музыка. Ол бiр өлеңiнiң өзiнде беллгiлi бiр затты әр қырынан келiп қарастыра алады. Бұл ретте Жұмекен Нәжiмеденов таланты – қазақ поэзиясында сирек кездесетiн құбылыс.
– Туған жерiң қай жер? – дедi жаңа ақын.
– Ол жерде де аспан мен күн болатын.
– Туған жерiң қай жер? – дедi бiр келiншек күлегеш.
– Қара жер! – деп жауап бердiм. – Су емес.
– Онжылдықты қайда оқыдың? – дедi ер бiр.
– Мектепте! – деп толқыдым мен,
– Оқытқан өз iсiне ұсталар...
– Ауа райы қандай едi о жердiң?
– Жауатұғын жазда – жаңбыр, қыста – қар,
бұлттар маңып жататұғын биiкте,
бар едi онда бұралқы ит те, киiк те.
Шөптiң басы сыбдырлайтын жел ессе...
– Барлық жерде дәл осындай емес пе?!
– Мiне, – дедiм, – ендi дұрыс ұқтыңыз,
Қайда да бар ойлы жiгiт, мықты қыз.
Отанның қай жерiне де күн мен ауа тарайды,
Қай төбенiң аспаны да арайлы,
Қай төбе де туған жер деп мақтануға жарайды.
Өлең ақынның қойылған сұраққа мысқыл кекесiнмен, қытымыр қиқарлықпен жауап беруiмен басталады. Неге? «Туған жерiң қай жер» дегеннiң не сөкеттiгi бар? Бiрақ ақын қойылған сұрақтың жат пиғылдан, жiкшiл ұғымнан шыққанын тап басып, дәл тауып тұр. Олай болатын болса, сұрақтарға қайтарылған жауаптардағы ақын қиқарлығының тастарында ақын ренiшi, ақын ызасы да жатыр. Тек соңғы диалогта ғана ақын сөзi кiлт өзгерiп, салиқалы да салмақты әуенге ұласып, азаматтық ойға келiп тiреледi. Өлең бiттi, бiрақ ол өз оқушысын ойға қалдырып барып бiттi.
Шау бүркiт қонып шатқалға
Шарт сынды ақыр қу толғай.
Атырау тасып жатқанда,
Астауға жатты су толмай.
Ылғалдың бәрi сарқылып,
Шаңытып тұрды бұл шiлде.
Ап-ащы суын бар құдық
Тауысып тынды бiр түнде.
Аңдысу ендi басталды,
Хабар күт көктiң өзiнен.
Шыңырау жатыр аспанды
Сығалап сыңар көзiмен.
Бұл, неге екенi белгiсiз, жұрт аузына көп түсе бермейтiн, ал бiрақ баспасөз беттерiнде орынды орынсыз мақталып жататын ақындардың көбiнен-ақ иық тiресiп қатар тұруға хақылы Дүйсенбек Қанатбаевтың өлеңi. Ол бар-жоғы үш-ақ шумақ өлеңмен талмап жұтарлық тамшы сусыз қалған шөл даланың тұтас картинасын көз алдыңа ап келедi. Соңғы екi жолға тағы бiр үңiлiңiзшi. Шыңыраудың өзi нәр тiлеп, аспанға телмiрiп қалған! Бiзде тандыры кепкен шөл даланың талай-талай картинасы жазылып, талай-талай суретi салынған. Бiрақ бұл сурет – өзiнше, тек Дүйсенбекше салынған сурет. Бұл сурет шөл даланың стихиясын көз алдына елестете алатын кез келген оқырманды бейтарап қалдырмасы хақ. Ал бiздiң қайта айналып соғып айтып отырған ойландыру дегенiмiздiң өзi оқырман қауымды бейтарап қалдырмау емес пе!? Көрдiңiз бе, мазмұн жүгiн арқалай бiлген бiр деталь, бiр сурет өз оқырманын ойландыра алады екен.
Бiз манадан берi ой айтып та, ой айтпай да ойландырып, толғандырып келе жатқан бiр топ ақындардың әртүрлi характердегi бiр-бiр өлеңiне ғана тоқталып өттiк. Ондағы мақсатымыз мақаламыздың басына қойылған тақырыпқа өзiмiзше жауап iздеу болатын. Әрине, бұлардан басқа, оқырман қауым демiмен демi, жүрек лүпiлiмен жүрек лүпiлi бiр, олардың құрметi мен iлтипатына лайықты ақындар бiзде қаншама. Олардың бәрiн бұл жерде тiзiп көрсету мүмкiн де емес, мiндет те емес. Ал бiрақ мақаламыздың бас жағында айтып өткендей, «ойлы», «философиялық», ақылды өлең жазатындар олардан да көп десек, қателеспеген болар ек. Әрине, оларды «құрама команда» мүшелерiндей тiзiп көрсетудiң тiптi қажетi жоқ.
Қазiргi қазақ поэзиясы жаңа есiмдермен молыға, толыға түсуде. Олар поэзиядағы өз даусын, өз қолтаңбасын айқындап та алды. Солардың iшiнде өз тұстарым Күләш Ахметова, Жарасқан Әбдiрашев, Кеңшiлiк Мырзабеков, Иранбек Оразбаев, Жұматай Жақыпбаев, Нармахан Бегалиев, Исрайл Сапарбаев, Ұлықбек Есдәулетовтер өздерiнiң даусыз таланттар екенiн дәлелдеп бердi. Олардың қазiр қай-қайсысы да оқырман жүрегiне жақын, оқырман жүрегi дiлгiр болып отырған өлеңдер жазу үстiнде екенiн ешкiм де жоққа шығара алмайды. Амал не, көптеген қаламдас тұстарымыздың қалай да ой айтайын деген шектеулi шеңбер аясында қалып, көне сүрлеудi шиырлап жүргенiн жасыра алмаймыз. Сондықтан өз тұстарымыздың бүгiнгi таңдағы жетiстiктерi мен кемшiлiктерi туралы сөз де алдағы әңгiмелердiң арқауы болар деп ойлаймыз.
Сөз соңында мақала басына қойылған сұраққа тағы бiр оралайықшы. Сонымен, өлең мақсаты ой айту ма, ойландыру ма? Әрине, ойландыру.
Темірхан Медетбек,