Басқаша болса, Құдай кешірсін, бірақ маған ең таза, ең адал студенттер филология мен журналистика факультетінде оқитын сияқты болып көрінеді.
Бұларды тіпті танымайтын ақындар үшін қырықпышақ болып айтысып: «Пәленше – ұлы ақын!», «Түгенше – ақын емес!» – деп кесіп айтатын да осы екі факультеттің жүгермектері. Ақындардың туған күндерін өз туған күндерінен артық тойлайтындар да солар. «Пәленше ағамызды іздеп барамыз…» деп республиканың кез келген түкпіріне алаңсыз тартып кететін әпенділерді де осыннан табасыз. Жер-жердегі жас таланттардың Алматыға келгенде жамбаспұлсыз түсетін «қонақүйлері» де – осы факультеттердің жатақханалары.
Ал бұл екі факультеттің «вешірлері» – нағыз поэзия кештері. Мұқағали, Төлеген, Жұмекен, Қадыр, Тұманбай, Мұхтар, Мейірхан, Есенғали, Ұлықбек, Тыныштықбек, Гүлнәрлардың өлеңдері – «музыкалық сәлемге» айналады. Сосын әлгі «дүрлердің» өз өлеңдеріне кезек келеді. Кейде ақындардың жұрт біле бермейтін өлеңін өз атыңнан оқып жіберу мұнда қылмысқа жатпайды. Тек тігісін жатқыза білсең болды…
Жақсы өлеңнің жазылуы бұлар үшін – ұлы оқиға. Міндетті түрде атап өтіледі. Ертеңіне күллі курс жатқа оқиды.
Тоқсаныншы жылдарда, біз оқыған тұста да, осы екі факультеттегі дәстүр сабақтастығы үзілген жоқ. Ағаларымыз салған соқпаққа біз де түстік…
…Каникулдан келген бетіміз. Сымсыз байланыс «Сәндібек Жұбаниязов керемет екі өлең жазыпты…» деген хабар таратты. Сәндібек – Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданынан келіп, журфакқа түскен сақа жігіт. Көп сөйлемейді. Гүлнар Салықбайға арнап жазған «Жасыл өлең» дейтін өлеңімен атағы шығып тұрған кез.
Дереу Сәндібектің бөлмесіне жеттік. Сәкең бәлсінген жоқ. Дәптерін ашып, оқи жөнелді:
ЖАРЫССӨЗ
Зор қоғамның, не беделді Кеңестің,
Төрағасы емеспін.
Олай-былай барған кезде, әрине,
Мәшинемен алып жүрмес мені ешкім.
Жазу, сызу – маған қонған бақ, талап,
Дерсіз, бәлкім: «ал, не жаздың, мақтан-ақ».
Әттең, әкем халық жауы болмапты,
Жазар едім бір поэма... ақтап ап...
Қозы бақтым. Үйрек бақтым. Қаз бақтым.
Ғашық болдым – тарттым сонда аздап мұң.
Диссиденттік маған қайдан бұйырсын –
Үкіметке қарсы өлең жазбаппын.
Жаза қояр дерек таппай мүлде мен
Қиналамын. Жиналыста үндемен.
Алматыдан кетіп қалғам ертерек –
Желтоқсанда танысқам жоқ түрмемен.
Брежнев, асыл задам, құрметтім,
Сізді... және Қонаевты үлгі еттім.
Өкілімін ду қол соққан дүрмектің,
Мен – күріштің қасындағы күрмекпін.
Жиналыста көбеңсиді көңілім,
Маған назар аудармайды көп інім.
...Жарыссөзде айта салар ерлігі
Емге де жоқ, ай-хай, менің өмірім.
Гу ете қалдық. «Ақыл» деп аталатын екінші өлеңі тіпті керемет екен. Әскерден келіп, жұмыс істеп жатқан жас жігіт ағаларының: «Комсомол комитетінің хатшысы бол...» – деген ұсынысын қабыл алар-алмасын білмей әкесімен ақылдасады. Әкесі: «Бір күні орныңнан түсіп қалып, ұят болар, өлеңіңді жазып жүре берсейші...» – депті. Бала әке ақылын тыңдаған...
Мына екі өлең бізге қатты әсер етті. Ең бастысы, мұнда сол тұста «мода» болған қара бояу мүлде жоқ еді. Есесіне, бірден баурап әкететін әдемі юмор, жеңіл ырғақ бар. Сәндібекке қызыға қарадық. Орнықты, жай ғана жымиып қойып отыра беретін жігіттің ішінде небір асыл қазына жатыр екен ғой, шіркін. Қарай гөр өзін, әскерде сержант болыпты тағы...
Екі өлең студенттердің арасына тез тарады. «Вешірлерде» де алдымен сол өлеңдер оқылады. «Сержант» Сәндібектің атағы дүркірей бастады. Тек...
...бір күні әлгі екі өлең «Қазақ әдебиетіне» шыға келгені. Астында, негедүр, Сәндібек Жұбаниязов емес, Ертай Ашықбаев деген пәмиле тұр. «Е, әлгі Ақтөбедегі ақын ғой, бірақ мұнысы несі, інісінің өлеңдерін иемденіп...». Басыма бірінші келген ой – осы. Сәндібектің бәріміздің «аузымызды ұрғанын» кейін білдік қой. «Сержантымыз»: «Ертай ағамның өлеңдері шығыпты...» – деп мәз.
Енді Ертай ақынның өлеңдерін іздеп жүретін болдық. 1994 жылы «Жас қазақта» «Ұя» атты өлеңі шықты. Аяқалысы мүлде бөлек. Қазыбек Құттымұратұлы әкелген газет қолдан-қолға көшті.
Алға озып кетіп айтайын, кейін Ерекеңнің «Ұя» атты кітабы шыққанда сол Қазыбек ғажап мақала жазды. «Жылап отырып жаздым...» дейді...
...Ақтөбе облысы, Темір ауданына қарасты Бабатай деген ауыл бар. Ауыл іргесінен сылдырап Бабатай өзені ағады. Осы кішкентай ғана ауылда даңқты Жиеналы қазірет, қазақтың есінде атақты «Мешін-Тауық» әнімен қалған Қызыл ақын, генерал Жансен Кереевтер дүниеге келген. Ертай Ашықбаевтың кіндік қаны да дәл осы топырақта тамған. Бабатайдың бойында асыр салды. Есенбайдың, Мұхтар Құрманалиннің өлеңдерін, Идош Асқардың мақалаларын осы ауылда жүріп оқыды. Оныншы класты сол жылдардың ең «модный» киімі күпәйкемен бітірген жас талапкер әуелі аудандық газетте жұмыс істеді. Келесі жылы бір ағаларының ақылымен білім іздеп, Торғай асты. Барса, Арқалық пединститутында гуманитарлық пәндерді оқытатын факультеттер жоқ екен. Аңғалдық қой, алдын ала сұрап, зерттеп алу деген ойына да келмепті. Ал математика мен физикаға шамасы келмейтіні өзіне мәлім. Аттың басын кері бұру ұят, Табыл Құлыяс ағасының үйінде жатып, облыстық газетке жұмысқа тұрды. Жазу-сызуды меңгерді. Одан әскерге кетті. Керзі етікпен Венгрияның көшелерінде ойқастады. Ерекеңнің Алматыдағы «Хан Тәңірі» баспасынан шығарған қос томдығының 1-томы «Әскерден келген студент» атануы тегін емес. ҚазМУ-дің журналистика факультетінің студенті атанды.
Әлқисса, бұл кісінің қандай студент болғанын курстасы, белгілі ғалым Мақсат Тәж-Мұраттың «Қазақ әдебиетінің» биылғы 17-санында жазған мақаласынан оқып аларсыздар, «Алматы жақта туған қыз» туралы да білетініміз аз, сондықтан біз оның Ақтөбеге келген кезінен бастап әңгімелейік.
1982 жылы Ертай Ашықбаев Ақтөбесіне оралды. Сыбай-салтаң. Ақын аты ғана бар. Бір жақсысы, облыстық газеттегілер мұны жақсы біледі екен. Бас редактор Нұрқайыр Телеуов таныстырған кезде ағаларының бірі: «Өй, бұл жігіт бізге келмеуі керек еді. Ақын ғой, Алматыда қалғаны жөн болар еді», – деді. «Е, Ақтөбеге де ақын керек емес пе?» – деді тағы бірі. Ең бастысы, ұжым құшақ жая қарсы алды. Мәдениет бөліміне жұмысқа қабылданған бозжігіттің мақалалары тастай еді.
Осы күні біз көп жамандайтын сәбет өкіметінің жас маманға деген ықыласы алабөтен еді ғой. Жаңа ғана жұмысқа тұрған Ерекеңнің алғашқы жалақысына қоса жәрдемақысы, көтермеақысы, қаламақысы бар біраз қаржы тиді. Бұрын бұндай көп ақша ұстап көрмеген оның басында абдырап қалғаны да рас. Сосын ҚазМУ-дағы ашқұрсақ студенттер есіне түсті. Дереу поштаға барып, Светқали Нұржанға 25 сом ақша салып жіберді. Ол кезде бұл – әжептәуір ақша. Аяқастынан мол байлыққа кенелген Светқали бұның не «батпанқұйрық» екенін түсіне алмай бас қатырыпты. Сол кезде Жұматай Жақыпбаев келе қалады.
– Жұмаға, Ақтөбеден Ертай 25 сом жіберіпті. Неге салғанын түсінбей отырмын. Өткенде бір кітаптарды сұрап жүр еді, соны алып, беріп жібер дегендегісі ме екен? – дейді Светқали.
– Ол ақшадан бірдеңе қалды ма?
– Тұтас қолымда тұр.
– Ендеше, әуелі жаратайық та. Сосын Ертайға телеграмма салып жібер.
– Не деп?
– Былай де: «Получил денежный перевод. Не понял. Повтори, пожалуйста...» Ол кезде жеделхаттар тек бір тілде жөнелтілуші еді ғой...
Нән шаһардағы сайран күндер, «Алматы жақта қалған қыз...» да, «бұдан Алматыны алып қалған М.Талдыбаев пен М.Ізімұлы» да бірте-бірте ұмытыла бастады. Жаңа ортаның қызықтары да жетерлік еді. Редакцияда сол тұста жаңа ғана ҚазМУ-ды бітіріп келіп, жұмысқа кіріскен Нұрмұханбет Дияров, Сатыпалды Сәуірбаев, Әлімбай Ізбай секілді жас жігіттер ылғи бөлек қыдыратын. Бәрінің де жаңа отбасылы болған кездері. Ылғи пәтер жалдап жүретін жас перілерге қалалық ішкі істер бөлімінде істейтін, ақын Бауыржан Құрманқұлов кәдімгідей «көке» болды. «Вешір» біткен негізінен соның үйінде өтетін.
Жас ақынға Алматыны ұмыттыра бастаған құдірет жаңа орта ғана емес еді. Секретариатта істейтін сымбатты қара торы қыз бірден көзіне түскен. Әсіресе, әдемі қос меңін көргенде: «Мен Шираздың пәк сұлуын Тәңіріме теңер ем, Бір меңіне Самарқан мен Бұқараны берер ем...» – деген Хафиз атасының өлеңін іштей күбірлей берген. Сол күбір ақыры қағазға өлең боп құйылды:
ЕКІ МЕҢ
Көкірегім күпінгенде күшті еді,
Арман қуып Ақтөбеге жетіп ем.
Көзіме де ең алдымен түскені,
Ай сәулелі жүзіңдегі екі мең.
Санамдағы сұлуларды шегерем,
Салтанатпен жария етем досқа да.
Екі меңге мен төрт қала берер ем,
Бір мең үшін берсе Хафиз қос қала.
Қолы жетпей қиналған соң асылға,
Арманнан да асқақ ұстап мұратын.
Жазушылар одағы жоқ ғасырда,
Бір мең үшін болды Хафиз ұлы ақын.
Кеудесінің кең сарайын күйдірген,
Бір мең құнын Хафиз солай өтесе.
Екі меңі бар сұлуды сүйдім мен,
Артық жырлау керек маған екі есе.
Уай, дүние-ай, Хафиздің атақты өлеңін естігенде Әмір Темір қатты ашуланыпты деседі. Ал Ертайдың өлеңі тасқа басылып шыққанда, селк еткен ешкім болмады. Елдің басшысы түгілі, жергілікті жердегі шенеуніктер де тырс еткен жоқ. Мемлекеттің «территориялық қауіпсіздігін» ойлап, ақын Есенқұл Жақыпбеков ғана шыр-шыр етті:
Ақын-көңіл қашан, сірә, қартайған?!
Сүйгенінің меңін көріп марқайған.
Ақтөбе, Орал, Атырау мен Ақтаудың,
Горкомдары, сақтаныңдар Ертайдан!
...Өлеңде айтылғанның бәрі өмірде жүзеге аса бермейді, әрине. «Берер ем...» деген — «берем» деген сөз емес қой және. «Төрт қала сыйлануға тиіс» қос меңді ару көп ұзамай ақынның жалдамалы пәтерінің босағасын аттады. Барлық қатарластары секілді қаланың түкпір-түкпірін «аралады». Сөйтіп жүріп, ерінің қонағын күтті. Азамат, Әлихан атты ұлдарды өмірге әкелді. Есесіне «Қос мең» тарихта қалды. Ерекеңнің тұңғыш кітабы солай аталды.
«Қос мең» бірден оқырманның назарына ілікті. 1988 жылы осы кітабы үшін Ертай Ашықбаев Қазақстан Жазушылар одағы Шәкәрім Құдайбердиев атындағы сыйлығын иеленді. Қарағандылық сұрапыл ақын Серік Ақсұңқарұлы «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінен: «... «Жалын» баспасынан тұңғыш кітабын шығарған Ертай Ашықбаевты алыңыз: әдебиетімізге әлемдік мәдениетті поэзияның қадір-қасиетін бойына әбден сіңірген, ешкімге ұқсамайтын Жаңа Ақын келді!» – деп күллі оқырманнан сүйінші сұрады.
Секең бір жылдан соң «Лениншіл жас» газетінде шыққан «Көктемнің иісі аңқыған гүл» атты мақаласында: «Ашықбаев – ақын. Бұл – факт» деп және нықтады.
1989 жылы өткен жас ақын-жазушылардың кеңесінде Ғафу Қайырбековтің: «Біздің топта Қазақстанның 5 облысын қамтыған он ақын болды... Ақтөбеден келген ақын Ертай Ашықбаев есімі өлеңсүйер қауымға белгілі. Бұл осы кеңеске дейін көрінген талапкер. Мен оны осы топтың басы деп айтар ем. Ойы есейген, қолтаңбасы қалыптасқан ақын. Күрделі ойды көп қуатын жас...» – деуі де жас ақынға берілген жоғары баға еді.
...Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысындағы аласапыран біраз ақынға қаламын тастатты. Кітап шықпайтын, өлеңің баспасөз бетін көре бермейтін жылдар, үмітсіздік қатты шаршатты. Ерекең де біраз уақыт өлең жазған жоқ. Есесіне газеттің қара жұмысына жегілді. Жеті-сегіз айлап жалақы алмаған кезде де облыстық газеттен қол үзген жоқ. Мен бұл кісімен, міне, осы кезде жолықтым.
2000 жылы Мейірхан ағам Ақтөбеден «Алтын орда» атты тәуелсіз газет ашқанда, «Жас Алаштағы» Дәурен Қуат екеуміз ере келдік. Ең әуелгі шаруамыз Ертай ақынға сәлем беру болды. Ағамыз жылы шыраймен қарсы алды. Біраз әңгімелестік. Одан кейін сәлеміміз түзу болғанымен, қоян-қолтық араласып кете алмадық. Кейін біз «Ақтөбеге», бұл кісі «Алтын ордаға» ауыстық. Тек 2005 жылы ғана бір ұжымда тізе қосып, жұмыс істей бастадық. Содан бері жұбымыз жазылған емес. Үйлеріміз жақын болғасын, жұмысқа бірге барып, бірге қайтамыз. Қазан-табағымыз да араласып кетті.
Мен осы жылдар ішінде Ерекеңді жақсы тани түстім. Көп жерде ол мені арандаудан аман сақтап қалды. «Біреуге жақсылық жасай алмасаң да, жамандық жасама». Бұл кісінің өмірлік ұстанымы – сол екен. Қатты ашуланғанда айқайлап алып, сосын мүлде үнсіз қалатыны болмаса, біреудің соңына түсіп алып, жауласу бұған мүлде жат әдет. Кейде біреуді «көре алмай» қалған пендешілігін де артынан күліп отырып айтады.
Танымайтын адамға Ерекең томаға-тұйық жан болып көрінеді. Шынында да ол көп кісіге ашыла бермейді. Сөз тыңдамайтын жерлерде көбіне үнсіз қалады. Өз ортасын тапқанда ғана сөйлейді.
Сыпа. Үстіне қылау жұқтырмайды. Киімді өте ұқыпты киеді. Топылиы үнемі жарқырап тұрады. Баскиімінің астыңғы жағы желініп қалмасын деп жұмыстағы шкафына арнайы банкі әкеліп қойып, құлақшынын соған «кигізеді».
Үстелінің үсті де жылан жалағандай тап-таза. Артық қағаз, шашылып жатқан газет көрмейсің. Бөлмесінде сағат пен күнтізбенің болуына, олардың орналасуына қатты мән береді. Алдында міндетті түрде бірнеше түсті қаламсап пен ұшталған қарындаш, өшіргіш, сызғыш болады. Материал оқығанда, қолына қалам мен сызғыш алып оқиды. Тақырыптың астын қарындашпен сызады, қатені қызыл түсті қаламсаппен белгілейді, уақыты мен күнін қояды, сөйтіп, тап-тұйнақтай етіп ұсынады. Ал өз материалдарын үйде жазып әкеледі.
Өте кіді. Кейде таңертең қатты айқай шыққанда, бірдеңе болып қалды ма деп жетіп барсаң, кезекші не корректор бір үтірдің орнын өзгертіп, не алып тастаған болып шығады. Басқа адам болса, бұған мән де бермеуі мүмкін, ал бұл кісі үшін – трагедия. Содан біраз уақытқа дейін кіржіңдеп жүреді.
Өз принциптері бар. Жеке шаруасымен біреудің алдына бара бермейді. Туған-туыс, жора-жолдас, бала-шағаның шаруасы дегенді тіпті айтпаңыз. Әркім өз мәселесін өзі шешуі керек деп есептейді. Айналасындағылар да бұның сол мінезіне үйренген, артық әңгіме айтпайды.
Ал енді жұмыста осындай мәттаһам Ертайыңыз үй тірлігінде аса пысық еркек емес. Көп шаруаны Күләй апамыз өзі тындыра береді. Тоқсаныншы жылдардың ортасында үш бөлмелі үй алғанша, пәтер іздеп табу, оған көшу деген «мәселелерді» өзі шеше беретін болыпты. Ерекең телефонмен айтылған адреспен үйді тауып барады екен. Бүгінде де отағасының шағын Ақтөбе қаласының түкпір-түкпіріндегі ағайын-туыстың үйлерін тауып барардағы «компасы» — келіншегі. Күләй барда ештеңеге басын ауыртпайды.
Әпенділігі де жетеді. Ақтөбеде «Колхозный» деп аталатын базар бар. Үлкен деп айтуға келмейді. Сәл әсірелеп айтсақ, бергі шетіндегі қатынның айқайын арғы шеттегі қатын еститіндей-ақ аумақ. Құдая тоба, сол базарға кірген Ерекең адасыпты. Шығатын есікті таба алмайды. Қатты сасады. Мұндайда адам жан-жағынан жөн сұрайды ғой. Ал бұл кісі бірден телефонға жармасады. «Күләй, қайдасың ойбай, адасып қалдым...». «Қай жерде тұрсың?». «Мынадай жерде. «Апельсин» деген жазу бар....». «А, ендеше, сол жерден кері бұрыл да, тура жүре бер...». Ерекең содан кейін әлгі базарға кірмейді...
Бұл кісіні баяғы феодал шалдардың жұрнағы десе де болады. Бірде Күләй қатты ауырып, түн ішінде жедел жәрдем шақыртады. «Шұғыл ауруханаға жатқызу керек...» депті дәрігерлер. Апамыз Ерекеңе бұрылады: «Бірге жүр, мені орналастырып келерсің...» «Қойшы, ұят емес пе?» депті бұл кісі. «Өй, несі ұят, мен сенің заңды әйелің емеспін бе?». «Жоқ, ұят, бармаймын...». Ақыры апамыз жалғыз кетеді...
Күлекең бұндай әңгімелерді айтқанда, ішегің түйіледі. Күйеуі де әңгіме мүлде басқа біреу туралы айтылып жатқандай, күліп отырып тыңдайды.
...Адамның басында неше түрлі жағдайлар болады ғой. Кейде тастүнек қараңғыда отырып, бойыңды үмітсіздік билегенде әлдеқайдан бір жарық сәуле түседі. Өлмеген құлға Тәңірінің берері көп. Анабір жылдарда бұл кісі де біраз торықты. Жұмыстан шығып қалған сәттер де болды. Өзін қоғамға керексіз сезінген де шақтар өтті бастан. Сол тұста Ақтөбедегі «Нобель» баспасының директоры Нұрлан Жұмағалиев өзі іздеп келіп, ақынның «Ұя» атты жинағын шығарып берді. Ұядай әдемі, шағын кітап Ашықбаевтың көңілін сергітті, қолына қаламын қайта ұстатты. Сол жылдың (2004 жылы) аяғына қарай Алматыдағы «Жазушы» баспасынан «Ғашықтар мектебі» атты жинағы шыққанда төбесі көкке сәл ғана жетпей қалды. Тынысы ашылды. Бұл өлеңді, өлең бұны сағынып-ақ қалған екен.
2007 жылы қазақ әдебиетінің тарихында осыған дейін фольклорлық тұлға саналып келген Қарақыпшақ Қобыландының тарихи болмысы нақтыланды. Бұл – ел тарихындағы бірінші рет болған жайт. Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Жиренқопа ауылында батырға арналған зәулім кесене бой көтерді. Ұлан-асыр той жасалды. Бір кезде Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұландар армандаған іске осылай нүкте қойылды. Міне, осы оқиғаға арнап, Ертай Ашықбаев «Қобыландының қонысы» атты поэма жазды. Арғы заман мен бүгінгі күннің арасын жалғаған, Қобыланды дәуірінің асқақ рухы мен «аяғымызда шідер болмаса да, жіліншігіміз қақсай беретін» (Есенғали Раушанов, — Б.Б.) бүгінгі кейпімізді дәл суреттеген поэма, автор жазғандай, ақынның «өзі жайлы бір үзік дастаны» еді. Формасы жағынан ерекше, тілі құнарлы, салмағы атан түйенің белін қайқайтатын дастанның бағасын болашақта әдебиеттанушылар береді деп ойлаймын. Айтпақшы, сол поэма «Жұлдыз» журналына жарияланғанда, қазақ әдебиетінің классигі Есенғали Раушановтың: «Ертайдың поэмасын оқып жатырмыз...» деп маған звондағаны бар. Мен оны кірпияз ақынның дастанды ұнатқаны деп түсіндім.
Өлең – ақынның айнасы. Бірақ айна да кейде кісіні зорайтып көрсетеді. Өлеңінде жалаңтөс батыр, өмірде көптің бірі болып шығатындар аз емес. Ал менің ағамның өлеңдегі бейнесі өмірдегісінен аумайды. Өтірік күшену деген бұл кісіде жоқ. Қашанда бекзат қалпынан айнымайды. Тіпті әңгіме айтқанда да, бірдеңені қосып айту деген ғадетінде жоқ. Белгілі публицист, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев «SOS белгісі» атты мақаласында Ерекеңнің жоғарыда айтылған «Жарыссөз» атты өлеңін тұтас келтіре отырып: «...Сондықтан да кейбіреулеріміз: «Сол кезден-ақ «күрескер едік» деп көпіріп жүргендей емес, Ертай Ашықбаев айтқандай, момын ұрпақтың өкілі болғанымызды мойындауымыз керек...» — деп ағынан жарылғаны бар. Айтпақшы, көргендердің айтуынша, «Егеменнің» бас редакторының үстелінің үстінде Темірхан Медетбектің «Көк түріктер сарыны» мен Ертай Ашықбаевтың «Ұясы» жатады екен...
«Айтпа, достым, тақырыптың тарлығын, Меніңше, ол — жарлы ұғым. Мен жалғыз-ақ туған жерді сүйемін, Сол арқылы сүйемін мен барлығын...» — дейді Төлеген. Сол айтпақшы, Ақтөбе өңірінде Ертай өлеңге қоспаған тұлға, ауыл аз. Оның өлеңі бірде Құдайберген Жұбанов болып күңіренсе, бірде Әлия Молдағұлова болып ерлікке үндейді, енді бірде Қазанғаптың күйі болып төгіледі, Әжібай мен Арал би болып аруақ шақырады, Ыбырайым ахун боп жоқтайды. Тіпті Ақтөбенің «Сантехник Алпамысы» мен «Фототілші Хайреденіне» дейін «өлеңге кіріп» кетеді.
Алдарына келген жас талапкердің Ақтөбеден екенін естігенде астаналық немесе алматылық қаламгерлердің: «Е, Ертайдың ауылынан екенсің ғой...» – дейтінін жиі естиміз. Демек, қалам ұстаған қауым үшін Ақтөбе, ең алдымен, Ертайдың ауылы!
Өлеңдерінен Ақтөбе облысы аумағында өсетін барлық өсімдіктің исі аңқитын Ертайдың шығармашылығында Ойыл мен Қиылдың, Ырғыз бен Торғайдың, Жем мен Сағыздың, Қобда мен Бабатайдың, Елек пен Қарғалының жылы ағысы бар. Ашықбаевтың он кітабы қазақ әдебиетінің дариясына осы он өзен болып қосылды. Ендеше, Ақтөбенің «Ертайдың ауылы» екеніне, оның есімі әдеби орта үшін өңірдің төлқұжатына айналғанына таңғалуға болмайды.
2000 жылы Ақтөбеге осы өңірдің тумасы, ірі ақын, көрнекті публицист Мейірхан Ақдәулетұлы келгелі облыстың мәдени өмірінде біраз өзгерістер болды. Мәкеңнің мұрындық болуымен осы елде туып-өскен арғы-бергі жыраулардың, ақын-жазушылардың шығармалары топталған «Жәдігер» атты антология, Әлия Молдағұлованың 80 жылдығына арнап фотоальбом мен қос томдық, Ахмет Жұбановтың 100 жылдығына арналған бір томдық, «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен әзірге 24 кітап жарық көрді. Осының бәрін құрастырып, редакторлық еткен – Ертай Ашықбаев.
Осы өңірдің даңқты перзенттерінің мерейтойларын түгендеп мақала жазатын да, кітапханалар ұйымдастырып жататын түрлі шаралардың қонағы болып, өңірдің ғана емес, ұлттың мақтанышына айналған тұлғаларды тынымсыз насихаттайтын да – осы Ашықбаев.
Ертай Ашықбаевтың тағы бір ерекшелігі – балалар әдебиетіне қомақты үлес қосқандығы. Біздің осы салада жазатын қаламгерлеріміздің бір кемшілігі, сол баяғы өзі бала күнгі жайттарды, сол шақтардағы сезімдерді қағазға түсіреді. Компьютер ғасырының баласы оны түсіне бермейді. Ал Ерекеңнің өлеңдерінде дәл бүгінгі күн, баланың күнделікті өмірі бар. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіні...» де содан болса керек.
Ертай Ашықбаев қазақ тілінде «сөйлеткен» Хуан Рамон Хименес, Ярослав Сейферт, Стефан Георге, Герман Гессе, Пауль Целан, Райнер Мария Рильке, Збигнев Херберт, Уильям Батлер Иетс, Джон Китс сияқты әлем әдебиетінің классиктерінің шығармалары ұлттық әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтіп, сан түрлі бояу қосты. Ал оның қатарластары туралы жазған мақалалары топтастырылған кітабын ең кіді оқырманның өзі жылы қабылдады.
Ертай – өнімді жазатын ақын. «Шіркін, баршылыққа не жетсін...» деп Қадыр ағам айтпақшы, өлеңі де, әдебиет туралы мақалалары да жетерлік. Сол көп өлеңнің бәрі өзіне ұнай бермейді. Соны үнемі айтып жүретін. Биыл қыста суық тиіп, қатты ауырғанда үш мың жолға жуық өлеңінің көзін құртыпты. Үйдегі қағаз күйіндегісін ғана емес, демалыс күні жұмысқа келіп компьютердегі нұсқасын да толық жойыпты. Бұл да көп адамның қолынан келе бермейтін ерлік!
Оның шығармашылығы туралы әр жылдарда Ғафу Қайырбеков, Марфуға Айтқожина, Зейнолла Серікқалиев, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ұлықбек Есдәулет, Серік Ақсұңқарұлы, Есенғали Раушанов, Светқали Нұржан секілді дүрлер пікір білдіріпті. Тіпті ана жылы Ақтөбе өңірінде жасаған ірі істерімен елдің есінде қалған осы топырақтың қадірлі перзенттерінің бірі Елеусін Сағындықов облысқа әкім болып бара жатқанда Фариза апай: «Ана Ертайды ұмытпаңдар...» — деген көрінеді. Елеусін Наурызбайұлы сол аманатқа қиянат жасаған жоқ...
...Иә, жылдар жылжып барады. «Мешін жылы Бабатайда туғалы...» да алпыс жыл зулап өте шығыпты. «Өмірім де өлеңімнің өзіндей, Бірде жақсы, бірде жаман шумағы...». Рас қой. Тек сол « бірде жақсы, бірде жаман» өмір жолы ұзара бергей.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,
Ақтөбе қаласы
"Айқын" газеті