Баянғали Әлімжанов - Смағұл ішкен у (Поэма)

Картинки по запросу баянғали әлімжанов

Сократ, Моцарт және Смағұл

  Тоқталмайтын ықылымнан Тағдыр, тарих, Тартыс, талқы тұр есте, Аяулы Айса пайғамбар да Отыз үшке шыққан екен Керілгенде кіреске, Отыз үште қаза тапты Смағұл, Алаш ұлы, Ақиқаттың жолында , Ұлт азаттық күресте! Құрбан болды Жасына кеп Айсаның, Кетті ішінде Қаншама арман, қанша мұң! Жазығы не, Қыршынынан қиярдай ? Көкейінде тұрған сұрақ баршаның, Кім айтады Кім жойғанын халықты, Қыр астында Қырылғанның дәл санын? Жұлдыз еді, Жарқ етті де ағып кетті Смағұл, Намыс туын жауға бермей Алып кетті Смағұл, Қара орманды қаптай шалған қалың өрттің ішінде Алты Алаштың алауы боп жанып кетті Смағұл ! Қара дажал құрсауында қазақтығын армандап , Азаттықтың Түп қазығын Қағып кетті Смағұл! Бүгінгі жас сондай іске барар ма? Тым болмаса есіне алып, ой назарын салар ма? Көктен түсе қалды дейтін көк қошқар, Байырғыда Ыбырайым пайғамбар Жалғыз ұлы Смағұлды Құрбандыққа шаларда , Барлық малын садақаға берсе де Алаш баласы, Арыстарын Аман алып қалар ма? Сайыпқыран Сейіт ұлды шейіт қылған неткен у? Жауыздықтың тамырынан жеткен у, Қаһар атып, заһар шашқан замана, Жан түршігер зұлымдықпен Жас жүрекке төккен у! Асыра алмай амал, айла қу жұрттан, Сұмдық жала ақ жүзіне шын жұққан, Қазағы үшін отқа күйіп қылшылдаған қыршын жас, Оққа барып, у жұтқан! Арқасына ел арманы , нар көтермес қос артқан, Жат түгілі есімінен жақыны да бас тартқан, Ажал уын біліп тұрып , күліп ішкен Сократ, Дос ұсынған бал шарапты білмей ішкен Моцарттан , Смағұлдың тағдырының қасіреті кем бе еді, Қас батыр боп қасқа туған қас-сақтан! Зұлымдықтың улы ұңғысы ежелден, Ізгілікке қилы-қилы кезеңдерде кезелген, Қанша жұмбақ, құпияны айта алмай, Жасырып тұр күнге күйген балбал тас, Еріндері кезерген, Жер астында қурап жатқан сүйектер, Қолжазбалар, Жұлым-жұлым, сап-сары боп қоймаларда көнерген, Қырып-жойып, езіп-жаншып, Қантөгіске тоймайтын, Тарих неге өлермен? Бәрінен де аман қалып, шүкірінен танбаған, Халық неткен төзермен! Селт етпестен біріне де баяу жылжи беретін, Уақыт қандай көнтерілі көрермен!  

Кіші Октябрь . Қарсылық

Қимылы да, бұйрығы да ұқсар ала құйынға Сандырақ ой сағат сайын құбылатын миында, Қазақстан Крайкомын қолына алған таяуда, Голощекин жаңа жоспар ұсынып, Талап қойды баршаға үлкен жиында: - Жаңа дәуір кең далада , Кезі келді басталар, Жөні бар ма кедей таптың Бай-бағланнан жасқанар, Қарап тұрсақ, Түк өзгеріс болмағандай далада, Мыңғырған мал, Талтаңдап бай мастанар, Кіші Октябрь төңкерісін жасау керек далада, Тайталасқан табан асты тасталар! Қаһарынан қара боран соқтырды, Қаталдықпен аты шыққан қасқалар, Әулетімен тізіп қойып подвалда Патырлатып патшаны атқан пәтшағар, Қиын емес қырып - жою халықты , Бұйым емес олар үшін басқалар! - Байдың бәрін кәмпескелеп, Жер аудара саламыз, Малдың бәрін ортақ іске Аша тұяқ қалдырмастан аламыз, Ортақ жұмыс – жаңа қоғам құрамыз, Ортақ қазан, Қолымызды маламыз, Барша халық бақытты боп, Қарық болып қаламыз! Бағытынан бәлшебектің шошыған, Қалай ғана көнеміз деп осыған, Малы кетсе айналмай ма молаға Байтақ дала арғымақтар жосыған ? Ашып берді крайкомның пердесін, Арам ойын ар жағына жасырған, Жарқылдады жау алдында жасындай, Өткір ойлы, жаны жалын жас ұлан. - Ой жүгіртіп , зер салайық тереңге, Шолақ шешім, зорлық істен Дұрыс өнім өнер ме? Бұл- қателік, Зор қатерге соқтырар, Мен қарсымын, Ел де қарсы, Кіші Октябрь дегенге! Көкпеңбек боп, Қанын тартып ішіне, Зымияндық Ызғарменен ісіне, Голощекин Ызбарлана тіл қатты: - Не деп тұрсыз? Жастықпенен адасып, Сенбейсіз бе Октябрьдің төңкерісшіл күшіне? Я болмаса қасақана шалмақсыз ба аяқтан, Қарсымысыз Сталинге... Орталықтың ісіне?! Сіз –жассыз ғой, Тереңірек саясатты біліңіз, Партиялық ту астында Тыныш қана жүріңіз!- Садуақасов ақ сұңқардай саңқ етті: - Ен даланың еркін өскен ұлымыз, Күн көрісі жер мен малға байланған, Қазақ жолы - ерекше жол, Шындап ойлап, ұғыңыз! Голощекин күлді сонда мұртынан: - Садуақасов – щина! Бізге қарсы, қастандық қой мұныңыз! Садуақасов қадап айтты:- Мұның несі қастандық, Бұрын біздер бодан едік, Ақ патшадан жасқандық, Заң бойынша қабылдаған советтер, Барлық ұлтқа берілген ғой бостандық, Нағыз сұмдық сол болады күні ертең, Жағдайымен жұртымыздың санаспай, Жасар болсаң асығыстық, астамдық! Голощекин даңғырлады, Секілді бір дәу шелек: - Барлық ұлтты тұтас халық, бауыр деп, Жариялап, жарылқайды бәлшебек, Билік біреу, бағыт біреу, біліп қой, Оны кімдер өз бетінше өлшемек? Ерік беріп қоя алмаймыз әркімге, Бүтіндігін советтердің бөлсе кеп! Не болады одақтағы әрбір ұлт, Өз бетінше жолын таңдай берсе кеп! Қаһар сөзден қаймықпады Смағұл: - Бәлшебекке сенбеуге де бар себеп! Отаршылдың қызылы не, ағы не, Озбыр болып қала бермек бәрі де, Азатсың деп алдап-сулап, ақыры, Оралады үстемдіктің әніне, Біздің қазақ құтылған жоқ азаптан, Азаттығын алған жоқ қой әлі де! Барлық ұлттар тапсын деген жарасым, Жалған ұран , бар онымен таласым, Қазақ байын туған жерден қудалап, Құлақтарға қамқорсына қаласың, Коммунистік идеялар әдемі-ақ, Іс жүзінде қайда әкетіп барасың?! Шовинистік саясатын жүргізген, Коммунист колонизаторлармен, Құрсап алған даласын, Азаттығын туған елдің аңсаған, Бір қазанға сыймайды ғой Алашым! Голощекин ақырды кеп аюдай, Қып-қызыл жын, қаһар еді бұ да бір, Көкбөрінің өлмес рухы дем беріп, Айбаттанып, жанып тұрды Смағұл, Ащы тілін безегенде, Темір найза кезегенде крайком, Ақыл-ойын қалқан қылып, Қайраттанып қағып тұрды Смағұл! Арыстандай атылды кеп ажалға, Кең далаға төніп келген дажалға, Біліп тұрып, тартынбады ұлт үшін, Ілінгенін суық ұңғы назарға , Голощекин сұмдық ойлап ішінен, Ләм деген жоқ, жиналысы тарарда, Орталыққа арқа сүйеп, жоспарын, Кіргізіп ап, қаулы менен қарарға, Арыз айтып Смағұлдың үстінен, Біржолата шығарды оны жаманға, Даласынан аластады арысты , Ауыстырып сылтау – қызмет бабымен, Алынбайтын Мәскеудей тас қамалға! - Су табылар сөндіретін жалынды, У табылар күйдіретін жаныңды, Темір тәртіп тырп еткізбес торында , Болсаң дағы неше жерден дарынды!- Миығынан күлді мыстан , араққа , Тойып алып, сипап қойып қарынды! Қаскөйлікпен қанды қақпан құрылды, Қас тұлпардың қос өкпесі сығылды, Кең далаға сыймай жүрген тастүлек , Тар бөлмеге Мәскеудегі тығылды, Құтқара ма қорқылдаған қорқаулар, Қоршауына бір түскен соң құлынды, Темір заман табанына таптаған Әділеттік, ұят-аят ұғымды, Тағдыр жолы тар ұйыққа тірелді, Бабалардың ізіменен бұрынғы, Ебін тауып у ішкізді бекзатқа , Ымы-жымын білдірмейтін жырынды, Бір тамыры Алашымның қиылып, Бір ағашы түбірімен жұлынды, Жан азабын боздақтардың кешегі Қыз-бозбала ұғар ма екен бүгінгі!  

Жалғыз арба соңында

Әлиханы, Алты Алаштың , Ақыл-оймен алға бастар асылы, Тегін емес, Хан тұқымы , асылзада нәсілі, Жан-дүние арпалысын шығармайтын сыртына, Тәкаппарлық қанында бар, әсілі, Сталиндік темір билік Мәскеуде, Тар қапаста тырп еткізбей тұсады, Астаң-кестең өтіп жатты ғасыры! Бөкейханов тас қаланың тас төселген жолында, Жолдас та жоқ қаумалаған оңы менен солында, Қызы Лиза Жан жарына жоқтауын да айта алмай, Үнсіз өксіп, тұншығады қасіреттің торында, Қазақ көшін келешекке бастайтұғын кемеңгер, Келе жатыр Смағұлды ұзынынан сұлатқан, Сықырлаған жалғыз арба соңында, Табасынан тығылғандай тобырдың, Оранып ап түлкі жаға, ұзын қалың тонына, Құп-қу болып , рухтас күйеу баласын, Ақиқаттың ақиығын Аттандырмақ ең ақырғы жолына, Тапсыруға туған жердің қойнына, Мәйітін де бермейді екен қолына, Крематорий... Қазір оның өртемекші сүйегін, Күлі ғана қалады екен Күн сәулелі күрескердің соңында! Алтыбақан әуелеткен Арулармен айлы жаздың кешінде, Кең далаға қайраткер боп Келген уақыт көшінде, Кім ойлаған, Жасын ғұмыр осылайша бітерін , Таскеуденің Мәскеудегі Кісі өртейтін пешінде!.. Қарсы тұрған озбырлықтың заржақ, қужақ қыртына, Қалтқысыз зор қызмет жасап ұлы дала ұлтына, Қиянаттан қаймықпаған, Қияларға қанат жайған қаһарман, Қалай ғана сыйып кетпек, Құйттай ғана құтыға!? Туған елге сәуле шашқан нұрлы адам, Қара бастың қарекетін қумаған, Көзі қиып жайнап тұрған өренді, Ебін тауып кім, қалайша улаған? Осы сауал үлкен-кіші қазаққа, Маза бермей, ауық-ауық тулаған. Кім тексермек Бұл қылмысқа кімнің қандай қатысын, Майдан бөлек, Көресің ғой дұшпанның оқ атысын, Тағдырыңды, Тарихыңды таразылап көрші бір, Амалың не, Тапқан жаулар қашанда ердің қапысын. Атамызды аты аңызға айналған, Алдап-сулап, Уландыру Аттиладан басталған, Адал ниет аңғал дала баласы Ақиқат сыр, Ағын жырды іздейді ғой аспаннан, Биік ойлы ізгі жандар бейхабар, Қақпанынан сұм ажалдың аяғына тасталған , Ақыл-ойы теңескенмен, амал не, Асыруды білмеген ғой айла, қулық қастардан! Сабақ алмай келеміз ғой, қайтерсің, Оқысақ та неше әпсана, дастаннан! Күрсінеді, күңіреніп, күдер үзіп кемеңгер, Күтсе де үміт келешектен, жастардан! Хан тұқымы әрең тежеп көз жасты, Лизажанын қолтықтады, Қолдасты: -Сабыр,қызым... Амалың не, адам адам болғалы, Бірін бірі билеп, төстеп, табанына қан басты, Көнбегенді қырып-жойып, Алдамшыға таласты, Тату-тәтті, тең халық боп бар елмен, Тұрсам деген Смағұлдың жазығы не? Жазығы не Алаштың? Ойлағаны – қазағының елдігі, Болмасын деп ешкімнен де кемдігі, Бар болғаны азаттығын армандап, Аңсағаны - өзгелермен теңдігі! Жоқ дейді оған, жол бермейді, Неліктен? Жетпегендей дүниенің кеңдігі, Еркіндік пен теңдігі елдің болмаса, Мән қалды ма тірліктегі ендігі?! Кең әлемге сыйдырмайтын адамды, Күштілердің әділетсіз жарлығы, Ниетінің зұлымдығы - дүниенің тарлығы, Жау атанып, Қудаланып, Қырылады неліктен, Теңдік іздеп, Елін сүйген арыстардың барлығы?! Күмән болып үмітпенен күткені, Тұман болып күн шуақты құт көгі, Түбірімен құртып жатыр түк қоймай , Асылдардың қопарылды түп-тегі... Тұншықтырып сызды ауасы Мәскеудің, Күрсінеді Әлиханы Алаштың , Сықырлаған жалғыз арба соңында... Құла дүзден жетпегесін оттегі!  

Ескендір

Тұншықтырған темір құрсау түнекке Төгілмейді ешқашан да көктен нұр, Көктің сырын қайдан ұқсын миғұла, Тас қалада өсіп өнген тас жүрек, Түп-тамырын тектілердің кескен құл , \ Қарабеттер, қарғыс айтып , келешек жұрт кектенгір!\ Тепкісінен көп теперіш көрсе де, Өз атасын ұмытар ма үлгі көріп өскен дүр, Көзден бұл-бұл ұшты дала, туған жер, Көкжиегі күнге асылған Көксеңгір, Қол бұлғайды қызғалдағы қызықтырып түсінде Қырда күлген көктем гүл. Жастайынан жау баласы атанып , Қиянаттың қасіретін кешкен дүр, Улы Сталин уысында өлгеннен де уланып Оққа ұшқанды Отан үшін жөн көріп, Майдан барған жасына жас қостырып, Қыршынынан қиылып, Отқа оранып өшкен дүр, Екі бірдей текті атаның тұқымы, Әлиханның жиені Смағұлдың жалғыз ұлы Ескендір! Ессіздікті селт еткізген ескерткіш Өтті уақыт, Куә боп үнсіз өзгеріс пен дүбірге... Тәуелсіз елдің Қалықтап туы көгінде... Солтүстікте, Ақжарда ,алыс ауданда, Күндерде бір күн, Ел іші толды күбірге: - Келе жатыр тексеріске көп кісі! Жөпшенділер жөткірінді дірілдеп, Әкім жігіт дөкейлерді қарсы алды, Смағұлға өз қолынан қойдырған, Ескерткіштің түбінде. Осы жердің азаматы, Әкім жігіт істің ретін білетін, Өз елімде еріктімін, Еркінмін деп күлетін, Кеше кеңес кезінде де Смағұлдың кім екенін түсініп, Жерлесім деп мақтан тұтып, Іштен тынып жүретін. Үзілгелі темір тәртіп алаш елін құрсаған, Қаһарманға назар салды-ау тұңғыш рет мұнша адам, Үнсіз тұрған топты өзіне қаратып, Сұрқы басқа үлкен бастық түс суытты әкімге: - Смағұлдың тас мүсінін осы жерге қоюға, Рұқсат берді кім саған? Әкім айтты: Сәдуақасов осы жердің түлегі, Бар қайратын Алаш үшін жұмсаған! Бұрын мына тас тұғырда тым берік, Ленин тұрған...Оны бір кез Күн дедік, Заман , уақыт өзгерген, соң ақырын, Ап тастадық...Жатыр оны кім көріп? Орынына бір барыстың тас мүсінін құйдырып , Қойған екен... Ретсіз екен бұл дедік. - Мысық құрлы болмады ма Смағұлдай арысым! Деп қайнады қариялар, кеңсемізге мың келіп: - Ескерткішін көтерейік ел болып, Намыстанып , жүргенше біз күнде өліп! Ел айтқан соң, алдық қолға осыны, Қаулы да бар, Рұқсат та бар, Емес істің тосыны, Ол қазақтың қаһарманы, Жанып кеткен ел үшін, Жоғалмаған қасиетті есімі! Туған жерде ардақ тұту Смағұлдың тұлғасын, Көпшіліктің, мәслихаттың шешімі! Әкім сөзін жүре тыңдап, Есінеді дөкей бастық кесірлі, Жиналған жұрт ұсқынынан шошыды! Өмірінде халық үшін бір көрмеген у ішіп, Ауызында бұрқыраған арақ құр, Кердең басып, салықшыға сұқ саусағын сілтеді: - Ескерткіштің бар шығынын санаттыр! Сол мезетте мұздап кетті өн-бойы, Смағұлдың ішкен уын алғандай боп жалап бір, Бас көтеріп, көзін салса, Тас тұғырда – қыран тектес қаһарман , Суық көзбен мұны сынай қарап тұр! Менмен бастық, Мұртын жүрген май қылып, Еміс-еміс жүрген ерлер жайлы ұғып, Отты сауал осып өтті санасын, Шыдай алмай, Кетті көзін тайдырып, - Мен кіммін , ей, арыстардың жанында, Көрсеттім бе асылдарға сай қылық?! Күлі көкке кетсе де ұшып, неліктен, Әлі күнге жоқтайды жұрт қайғырып, Күллі халық ұмтылады нұрына, Күндіз Күн ғып, ал түнінде Ай қылып ! Не болғанын түсінбеді өзі де, Есі кетіп, мағынасыз жай күліп, Кете беріп, Қолын қысты әкімнің, Дегендейін: Ісің дұрыс, Осы бетпен қанатыңды жай жігіт! Ауыр оймен әкім шолды өткенін, Түсінеді, ол күндердің оралмасқа кеткенін, Тілдескендей сезіледі тұғырдағы Смағұл: - Өкінбеймін! Уақыт солай... Отты кешіп, өрттей лаулап өткенім, Қызғалдақтар тербелгенде қырларда, Қарлығаш боп менің де елге жеткенім, Мәңгі бірге жастарымен Алаштың, Менің ерте үзілген гүл көктемім! Әттең , дүние! Ұлтымызды уландырар зұлымдықтың заһарын, Сарқып ішіп, таусып неге кетпедім?! Сақ болыңдар... Ол у қалды... Мың құбылып, уламасын даламды, Жүрегіңді, Ой санаңды, Балаңды, Менің көкке ұшып кеткен жас жаным, Соған ғана алаң-ды! Соған ғана алаң-ды! Әкім жігіт бас изеді еріксіз, Есіне алып уға толған ғаламды, Тағзым етті тұғырдағы қыранға, Бүгінгі ұрпақ біледі деп бағаңды! Бейнетінің еш рахатын көрмей кеткен арыстар, Ақиқаттың ақ семсерін Озбырлықтың өзегіне сермей кеткен арыстар, Ауызында тұрғанда да ажалдың, Қарыс жерін жат жұрттарға бермей кеткен арыстар! Отан үшін опат болған өртеніп , Мәңгілікке ел қазақтың аспанына өрлей кеткен арыстар! Сорға батып, Қырылғанда ел бағына туған ұл, Ердің ері сынбай шыдар сынға бұл, Ел шындығын, сор мен бағын саралап, Мәскеуден де, таскеудеден тайсалмай, Саңқылдаған ақ сұңқардай Смағұл, Асып туған асыл ері Алаштың, Маңдайында жұлдыз болып тұрған ұл, Смағұлдың құрметіне жас ұрпақ Қойса деймін шын ниетпен шыңға гүл!   8.02.2017ж.- 15.04.2017ж.