Қ. Ергөбек: Әдебиет болмаса - мемлекет құраушы ұлтқа айнала алмаймыз
2017 ж. 03 сәуір
3424
4
«Айқын» газетінің жүйрік журналисі Төреғали Тәшеновпен ойласу)
«Тіпті данагөй Бейсенбай Кенжебаев 1968 жылы Тоқашты, сөз жоқ – жақсы ақын дей отырып, екі өлеңін сәтті шықпаған деп ащылау сынапты» («Айқын» №31(2907) 1 наурыз, 2016 ж.)
…Ернінің ебі, қаламының желі бар, жап-жақсы ақын, жүйрік журналист Төреғали Тәшенов осылай деп жазды бірде. Ып-ырас. Дұп-дұрыс. Бірақ журналистің мақала арасында айтып өткен осы бір пікірі маған ой салды. Пікір астарында профессор Бейсембай Тоқашты сынады деген салқын қабақ жатыр. Осы күреңқабақ маған жақсы ақын, үздік жазушы сыналмауы керек деген жайсыз тенденцияны аңғартады. Осы дұрыс па?
Бірде Нұрқасым Қазыбеков Мұқағали Мақатаевты «Жұлдыз» журналынан қызметтен босатып қоя берген журналдың бас редакторы Шерхан Мұртаза деп жазғаны бар. Бірсыпыра жұрт Нұрқасымның осы мақаласын оқып, Шерхан Мұртазаға да, тіпті мақала авторына да ренжігені есте. Неге?
Тағы бір көңілде кілкіген ой. Сағат Әшімбаев жас шағында Мұқағали Мақатаевтың бірсыпыра өлеңін қаттырақ сынап мақала жазды. Сыншыға Мұқаңның өзінен бастап ренжіді. Тағы бірде сыншы ағамыз Қадыр Мырзалиевтің поэзиясына қаттырақ келді. Сыншыға Қадекеңнің өзінен бастап ренжіді. Сол реніштің табы болуы керек, сыншы жары – Шәрбану Бейсенова әлгі екі мақаланы әлі күнге Сағат ағамыздың бірде-бір жинағына енгізген емес. Осы дұрыс па? Бұл сынға деген не қылған салқындық? Ақынды не жазушыны сыншы сынаса жек көргендіктен сынай ма екен? Сыншы атын жамылып жүрген жүрегі жоқ бір құдай ұрған болмаса, сыншы әдебиет мүддесін қорғап, қаламгерді жақсы көріп отырып сынайды. Әйтпесе, іліп алары жоқ шығармасымақты сынап сыншы қашан абырой тапқан? Халтураға уақыт жіберіп, сынап мақала жазу – сыншы мұратына жатпаса керек.
Енді айтылған жайларды талдап көрелік.
Бейсембай Кенжебайұлы Тоқаштың екі өлеңін «ащылау» сынағаны қате ме? Тоқаш – Бейсекеңнің баласы Шыңғыспен бірге соғыста болған бозым. Ұлы Отан соғысы аталатын атаңа нәлет сұрапылдан өмірлік қайғы арқалап оралды ақын. Соғыстан оралған соң, Тоқаңның түскен үйі – Бейсекеңнің шаңырағы. Бейсекең Тоқаңды да, баласы – Шыңғысты да Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түсірген. Тамаша қамқорлық. Ұлындай көретін, жарықтық. Тоқаң да Бейсекеңді әкесіндей көрді десем артық болмас. Бұл – ақын мен сыншының өмірдегі қарым-қатынасы. Бейсекең Тоқаңды «жақсы ақын» деп еміренетін. Емірене отырып, «тентек ит талантын дұрыс пайдаланбай жүр» дейтін ренжіп. Осыдан ой түйсем, Бейсекең Тоқаң поэзиясы туралы мақала жазса, елегені, ескергені. Бейсекең Тоқаң поэзиясынан кемшілік көріп, ащылау сынаса – дарын қуатын халқына дұрыс жұмсаса, құдай берген дарын жан-жақты гүл ашса деген ағалық тілек, сыншылық алғаусыз пікір.
1960 жылдары Тоқаң сыннан көз ашпаған ақын деуге болады. Мәлік Ғабдуллин қаттырақ кеткені, оған ұлы Мұхтар Әуезовтің ара түскені және жәмиғатқа мәлім. 70-жылдары Тұрсынхан Әбдірахманова, Серік Қирабаев қаттырақ сынаған ақынды. Ашынған Тоқаң жауап жазып, академик Мұхаметжан Қаратаев ара ағайындыққа жүріп сынды таразылағаны да есте. Сол сынның дені көбінекей Тоқаштың тұрмыста өзін-өзі ұстауына, яки өмірлік факторға байланысты да туып кетіп жататын. Ал Бейсекең сыны?
Бейсембай Кенжебайұлы – өмірлік фактормен санасып жатпайтын фидайы әдебиетші, не айтса да түбірінен қозғап сөйлейтін ғалым. Танығанын тұтады, тұтқанынан (ұстанымынан) өмірі айнымайды. Пендешілік ауылынан алыс жан еді, жарықтық. Пендешіліктен бойын таза ұстауды шәкірттеріне үнемі айтып, ескертіп отыратын. Тіршілігінде ғылыми полемикаға жиірек барып, көбірек ұстасқан Қажым Жұмалиевтің бетіне келгені үшін Мұхтар Мағауинге ренжіген, Ысқақ Дүйсенбаевты келекелегені үшін Мұхтар мен Рымғали Нұрғалиевтей қос шәкіртіне тіпті қатты кейігенін білемін. «Бәлі, сендер мені олармен айтысса – жау көреді деп ойлайды екенсіңдер ғой. Біздің айтысымыз – ғылымның қамы, ұлттың мүддесі…» дегені бар. «Өздерінен көрсін» деді Мұхтар қайтпай қайқайып, «Кітабын темпланнан сызып тастасақ, өз ағамыз ғой…» деп Рымғали қалжыңға бұрған. Сонда да шал жібімеген. «Мені надан әдебиетші, – дегені рас. Бірақ кісілік өлшемі ұлы Абай болмас па?! Ғылым адамы пендешіліктен жоғары тұруы керек» деп тұнжыраған Бейсекең. Сөйткен Бейсекеңнің ол жылдары терісінен танылған Тоқаш поэзиясы туралы арнап мақала жазуының өзі – үлкендік. «Сөз жоқ – жақсы ақын…» деп сөз бастаса, ботасына сүйсінгені, ішкі байламы, ал ащылау сынаса – бауырына басқан ботасын тарпып сүюі, Алла бойға берген дарынға қарай дүрлеп, гүлдеп өсуін тілеген жүректің үні! Сүйгенін шұнағым дейді…
Төреғали әлгіндей пікір сабақтағанда Тоқаштың бүгінгі даңқына иіліп тұр. Ау, ол кезде жағдай басқаша ғой, Төреғали-ау! Оның үстіне үздік ақынның шығармасын сынамау керек деген ұғым түбірімен қате ғой. Асылында, сын мін бар жерде айтылады. Сын – бұйырмағаннан дәмететін, соны ұялмай ілетін халтурщикке емес, сынды көтеретін, айтылған сынды ойланып қабылдап, жөндейтін, жөндей алатын, алда алатын асуы, нық басып жүрер жолы бар жөндем дарынға айтылады. Өйткені халтурщик (ол жарықтық қай заманда да бәйге атымсып алқымдап алда отырады) қандай жағдайда да әдебиеттің өсуінің көрсеткіші емес. Халтурщиктің даңқы – жел сапырып үйген жәй құмтөбенің уақытша халі. Философ жазушы Л.Леоновтың «Біздің заманда Достоевскийдің орнына Бабаевский, Белинскийдің орнына Зелинский жүреді…» деген кезінде. Қаламгердің қанатты сөзінде гәп бар. Қайда сол, бәленбай мәрте Сталиндік сыйлық алған жазушысымақ Семен Бабаевский?! Қайда сол сыншысымақ Константин Зелинский?! Қайда бүгін «қазақ совет әдебиетінің негізін салушы» – менің жарты өмірімді жұмсап зерттеген Сәбит Мұқановым? Қайда бүгін ардақты ұстазым, «сын патриархы» (Р.Нұрғалиұлы) Мұхамеджан Қаратаев? Сын таланттың тұқымын құрту, аздырып тоздыру үшін айтылмайды, қанаттандыру, қатарынан оздыру үшін айтылады. Ұлы орыс сыншысы В.Белинский мәңгілік Достоевскийдің алғашқы туындысын тас-талқан еткені мәлім. Бірақ сын үшін өкпелеген Ф.Достоевскийді ешкім білмейді. Қайта замандастары ұлы жазушының аяусыз сыншыға ризашылығын өнеге етіп қалдырыпты. Жақсы ақында да нашар өлеңдер болады. Айтулы Қасым Аманжоловтың «Жаман өлең жақсы өлеңді асырайды…» дегені жұрттың жадында болар, сірә!
Сол секілді, Мұқағалиды қызметтен шеттетті деп Шерағаңа ренжуге бола ма? Болмайды ғой. Журналға, журналдың бас редакторына жақсы ақын да керек, жақсы ақыннан бұрын танымпаз, тәртіпті, талапқой, еңбекші редактор керек. Мұқаңның «Жұлдыз» журналынан шеттетілуін, тіпті Жазушылар одағынан шығып кете жаздауын, өзгеден емес, сол заманадан, замана қасіретінен көруге тиіспіз. Күнбе-күндік журналистикаға білек сыбанып араласпаған мені де Шерағаң «Социалистік Қазақстан» газетінен «қуып» жіберген… Онда тұрған не бар?! Оны кек тұтсақ, жүрекке қақ тұрмай ма? Қақ тұнған жүрек халыққа махаббатпен мінсіз қызмет ете ала ма? Кезінде баспалар жанында редакторлық совет болды. Қаламгердің қолжазбасын сұрыптап пікір айтатын «жабық рецензия» деген жүйелі іс жүрді баспа ісінде. Жас кез көз талмайтын, көңіл ортаймайтын.Тұрақты мүше болдық. Талай қолжазбаға кемшілігін көрсетіп (кітап болып шыққанға дейін) «жабық пікір» айттық. Бірде жайсаң ақын, жақсы араласатын Жұматай Жақыпбаевтың «Ләйла» жинағына жабық пікір жаздым. Жетістігін аз мақтап,(жабық рецензияның шарты солай) кемшілігін недәуір көрсетсем керек. Жұмекең жарықтық жарық көрген «Ләйла» жыр жинағының сурет рәсімі басылған бетіне – суреттің жоғары жағына «Ер Құлыбекке!» деп, портреттің төменгі жағына: «Көрдіңіз ғой, төбемізге көтеріп барамыз» деп жазып сыйлап еді. Жинақты оқып шыққанда ақын сыншы сынының бірсыпырасын қабылдап, жөндегеніне куә болдым. Ризашылықтан әрі шынайы ақындығы үшін алдына керме жиі тартылатын шын ақынның тамылжыған тамаша жыр жинағының шып-шырғасы шықпай жарыққа жақсы шыққанына қуанып: «Қолжазбадан кітапқа немесе жабық рецензияның ашық сипаты» (Қ.Ергөбек «ӨЛЕҢСӨЗ» 512 б.) атап арнайы мақала жаздым баспасөз бетінде. Жұматайдың «Ләйласы» қазақ поэзиясына жаңа үн – жаңалық болып қосылғаны секілді, менің аса талантты ақынның образды поэзиясын талдап жазған мақалам әдеби сындағы тың форма ретінде қабылданды сол жолы. Бейсекеңмен іні-ағадай, менімен аға-інідей сыйласқан Тоқаң – Торқысбектен туындап кетіп жатқан әңгіме. «Тоқашқа айналған Торқысбек» («Жалын» журналы. №4. 2011 ж.) аталатын арнайы мақаламда үшеуара сыйластықты әп-әдемі айттым білем… Бұл орайда, даңқты ақынымыз Мұқағали тағдырына қатысты сол бір сәтті қағазға түсіріп, кейінгі ұрпақ құлағына іле салған Нұрқасымға да ренжудің орны жоқ. Ақынды ұлы ететін – пендешілігі емес, поэзиясы! Келісесіз бе? Келісесіз! Ал сол ұлы ақыныңыздың бар жазғаны бірыңғай алтын ба? Олай емес қой. Ақынды ұлылық биігіне көтеретін аса үздік он, әрі кеткенде жиырма өлеңі! Қалған өлеңдері ше? Қалған өлеңдері ақынды ұлылық биігіне көтерген әлгі он, жиырма өлеңді дайындаушы тұғыр-өлеңдер. Олардың арасында үздігі де, жақсысы да, тіпті сын көтермес нашары да кездеседі. Кездесуі – мейлінше заңды. Ондай өлеңдерін сынау да – сыншы үшін мейлінше заңды. Келте талантты былай қоялық, тіпті құзар шыңға шыққан тау таланттың да құлдырайтын сәті болады. «Қилы заман», «Абай жолы» секілді ғажайып романдар берген Мұхтар Әуезов аяқталмағандығымен ақтауға болмайтын нашар «Өскен өркенді» берді. Қайтесіз, енді?! Сіз бен біз айтып отырған Бейсембай Кенжебайұлы нашар «Өскен өркенді» сынамай, атақты «Абай жолы» эпопеясын сүйсіністі тілегімен қоса сынап, ұлы жазушының қолына тапсырған. Әр кітабын «Ұдайғы дос көңілден» деп бастап, ағыл-тегіл тілек сөзімен сыйлайтын Мұқаң біз әңгіме етіп отырған Бейсекең, Бейсембай Кенжебайұлының сын пікіріне ден қойған, сын тілегі шын тілегі – екенін біліп қапысыз қабылдаған…
Олай болса, «данагөй Бейсембай Кенжебаевтың» 1968 жылы Тоқаш Бердияров поэзиясын «ащылау» сынауын да, сол Бейсекеңнің тайжарыста татаусыз таныған шәкірті – сыншы Сағат Әшімбаевтың ұлы ақындарымыз – М.Мақатаев, Қ.Мырзалиевтің шығармашылығы туралы сын мақаласын да біржақты сыңаржақ қабылдамай, дұрыс қабылдаған жөн. Біз Тоқаштың бүгінгі даңқына құл болмай, кешегі ақындық табиғатын кезіндегі тануымызбен тап-таза қабылдаймыз да, Бейсекеңнің дайындалып жатқан көптомдығына Т.Бердияров шығармашылығы жайында «ащылау» айтылған сын мақаласын, қолжазбасымен мәтіндік салыстыру жасап, енгіземіз. Сол сияқты Сағат аға Әшімбаевтың жалындаған жас кезінде жазған әлгі сыншыл (тіпті міншіл болса да) мақаларының оның келер күндері құрастырылар жинағынан орын алуы орынды болады деген пікірді сыншы жары – Шәрбану жеңгеміздің құлағына ілеміз!
Төреғали Тәшеновке айтарым: сын айта білу – әдеп, айтылған сынды қабылдай білу – мәдениет! Бүгінгі таңда сын айтып, жөн көрсетер көркем әдебиет те, бола қалса – жетістік-кемшілігін әділ саралап пікір айтар сын да жоқ! Жазушылар ойында: «Оқитын оқырман жоқ, кім үшін жазамыз?» деген жалғыз сауал, сыншылар ойында: «көркем әдебиет тумаса, сынды кімге айтамыз, кімге арнап айтамыз?» деген жалғыз жауап! Әдебиет болмаса – руханият болмайды, руханият жаңғырып отырмаса, ұлт есеймейді, ұлт өспесе – қазақ мемлекет құраушы ұлтқа айналмайды, қазақ – мемлекет құраушы ұлтқа айнала алмаса, мемлекеттілік, т.б. бәрі бекер! Мұны «Айқынның» оқырмандары қаперіне саламын!
Құлбек ЕРГӨБЕК,
Дереккөз: Айқын