"Көкбөрінің бүгінгі азған ұрпағы, Қорадағы қойға қалды масыл боп…" - Жұмаш Көкбөрі
2017 ж. 26 наурыз
5724
3
КӨКБӨРІ
Екі көзі — жанып тұрған от па еді?
Қарашығы — қоздап жанған шоқ па еді?
Өр Алтайда — жүреді екен әлі де
Түз еркесі, көкшулан түс көкбөрі…
Тұрқын алсаң — есік пенен төрдей-ді,
Маңғаз басып,
Қара Ертісті өрлейді…
Апай төсі, күдірейген желкесі,
Қатты екпіні — су қоғасын тербейді…
Іші — жарау, аяқ-қолы — балғадай,
Секіреді — ой-шұңқырды талғамай.
Сәл тықырды сезіп қалып, кенеттен,
Қос құлағы тікірейіп қалғаны-ай!..
Түз тағысы!
Қайда сол бір қылығы?..
Сағыныш-ау…
Бір дауыспен құнығы,
Екі кештің ортасында Көкбөрі,
Ұзақ-ұзақ Айға қарап ұлыды!..
…Тітіреткен дандайсыған шың ұлын,
Еске алды ма көк семсердің шыңылын?
Бөрі даусы басып, басып кетеді,
Қара Ертістің арқыраған шуылын…
Басқа ұлудан — бұл ұлуда мән бөлек,
Ол кездегі Ерлер шапқан шаң бөлек!
Екі жақ та, беріспейтін өліспей,
Есебі жоқ — судай аққан қан да көп!..
Ала шапқын…
Бір бітпейтін —"Кек!" еді,
Олардың да Байрақ түсі — Көк еді!..
Көкбөрінің тас жүрегін жібіткен,
Ол заманда Баһадұрлер — Бек еді!
Өтті содан — қанша мың жыл арада,
Ауысыпты — қанша ма ұрпақ, бала да…
Сендіруің қиын бүгін — десең де:
"Болды сондай мынау ұлы далада!.."
Бұл далада — енді олардай Батыр жоқ!
Баяғыдай — Көкбөріде Ақыл жоқ!
Көкбөрінің бүгінгі азған ұрпағы
Қорадағы қойға қалды масыл боп…
Міне, осы екен, дүниенің кезегі,
Ақыл, сана — бәрін іштей сезеді…
Көк Түріктің — Көкбөрісі қалжырап,
Қазағымның сар даласын кезеді…
Жұмаш Көкбөрі