Қол бұлғармын шалғай жақтан сағынып...
2011 ж. 11 сәуір
2171
0
Райса Ақанқызы 1976 жылы ҚХР Тарбағатай аймағы, Қызылтоғай елді-мекенінде дүниеге келген. Аймақтық Ауылшаруашылық техникумын тәмамдаған. 2003 жылы Қазақстанға қоныс аударған.
Анама
Шай ішкен алтын кесемен,
Ошақтың отын көсеген.
Шабытым шалқып келгенде,
Сырластым туған шешемен.
Мейірі терең теңізден,
Ақ омырау емізген.
Бесігімді тербетіп,
Әлди-әлди дегізген.
Қайран менің анашым,
Сен де бір шалқар даласың.
Құлпырған гүлің мен едім,
Таң қалтқан адам баласын.
Тым нәзік едім кеше, мен,
Сенсіз қайтып өсер ем.
Анам деп өлең тумаса,
Шабыттың жолын кесер ем.
Мәпелеп баулып өсірдің,
Бағытын түзеп көшімнің.
Ананың жаны ақ қағаз,
Жырымды саған көшірдім.
***
Күн нұрлымын демейді,
Шұғыласымен бөлейді.
Өзін-өзі мақтайтын,
Адам бірақ, көбейді.
Ай жарықпын демейді,
Сәулесімен бөлейді.
Арын сатқан мансапқа,
Алаяқтар көбейді.
Көл тұнықпын демейді,
Толқынына бөлейді.
Туған ұлтын менсінбес,
Туажаттар көбейді.
Жер алыппын демейді,
Байлығымен жебейді.
Жар басынан итерер,
Жалақорлар көбейді.
Жаңбыр екеш жаңбырда,
Жер көгерттім демейді.
Қалталылар шекиіп,
Халық қамын жемейді.
Мұқағалидың рухына
Елге деген айнымас сертің мықты,
Оқырманың іштегі дертіңді ұқты.
Тілім, халқым, отан деп тебірендің,
Үш бақытың осынау болсын құтты.
Даланың бөрісіндей намысты ақын,
Біледі сені бүгін алыс, жақын.
Топастардың созса да қолы жетпес,
Ай-күні толықсыған ғарыштасың.
Ай-күні жарқыраған шар аспанда,
Ағажан, болады енді адаспауға.
Сен барсың бұл дүниеде өлеңің бар,
Сен барсың тәуелсіз ел, Алаш барда.
Әйел деген халықпыз
Ана деген халық – біз,
Қараңғы үйге жарықпыз.
Алпамысты дүниеге,
Алып келген алыппыз.
Секілденіп арай күн,
Бағын аштық талайдың.
Әлди-әлди тербеттік,
Ақ бесігін Абайдың.
Төбелерді тау қылып,
Мейірім шуақ жаудырып.
Қабанбайдай батырды,
Ерлік іске баулыдық.
Әлсіздерге әл бердік,
Жансыздарға жан бердік.
Бибигүлдей бұлбұлға,
Омыраудан бал бердік.
Тамыры терең көк шынар,
Дауыл, желге көп шыдар.
Адамға ана болудан,
Артық бақыт жоқ шығар...
*************************************************************************************************************
Бексары Ботагөз, 1992 жылдың 10 ақпанында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Қаракеткен ауылында дүниеге келген. Қазір Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің 2 курс студенті.
« Топжарған» ақындар студиясының, «Алқа» әдеби ұйымының, « Лағыл» қыздар клубының мүшесі. Қалалық, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы.
Жетелейді бір әуен
әлі күнге....
Табанымнан сыз өтіп,
Тарылды үміт,
Тірі үмітті
бір үміт жаңылдырып.
Тарғыл-тарғыл тастайын тағдырымның
Жаз-жұмағы жүрген-ді....сағындырып...
...Тағы... сұр күз....
Сіресіп таңғы ызғары,
Тосқан алдан жұтынып сан құздары.
«Кел-кел» деген өбектеп өгей өмір
Өтіне
Ықтағанмын жалғыз барып.
Меңіреу,
Мең-зең күйде
Мен мың күн кеп
Торлауыт терезеңнен телмірдім көп.
Тағдырдың
зауал төнген заматтарын
Сын деп ойлап,
Ойды оған көндіргім кеп...
...Құлшынам.
Жұмбақ әуен талмай демеп,
Жетелейді сол жаққа.....
Баурайды ерек.
...Талмай демеп қайырылған қанатымнан,
Бұлдыр үміт үзігін жалғай демеп.........
...Жетелейді бір әуен әлі күнге...
Кейде
Тағдырдың татып бір сәт құйын дәмін,
Кім білген аласұрған күйім барын.
Мұқалсам, жұқарсам да әлі күнге
Өмірдің кешіп келем бұйырғанын.
Кейде жүрек толқиды теңіз болып,
Кейде отырам жанымды қобыз көріп.
Боздаған жат әуеннің ырғағымен
Кейде кетем адасып, көне ізге еріп.
«Тағдырдың аралында» сабыр жидым,
Сәл тайғанда сенделіп, абыржимын.
Кейде қатты түңіліп ӘЗ ӨМІРден,
Кейде лаулап, шаттанып, тамылжимын.
Қырауланып кей күнім, қылаңданып,
Шайдай ашық күннен де күмәнданып.
Кейде жаным нөсерлеп, жауындатып,
Кейде жүрек бүк түсіп, тұманданып.
....кейде налып тағдырдан қатпары көп,
Суық қарып, кеудемде аптабы үдеп.
Жылылықты сезінген сәттерімде
Жапқандай күн қайғының қақпағын кеп.
ОН ЖЕТІНІҢ КӨКТЕМІ
Кеудеме кеп гүл сепкендей құба таң,
Құлпырамын, әуелетіп, гүл атам.
Жазғы күннің жапырағындай жайқалған
«Он жетідей» көктемімді ұнатам.
Уақыт, шіркін, арбасына жеккізіп,
Керуендетіп бекетіне жеткізіп.
« Он жетідей » көктемім-ау, қош болғын,
Бөлісетін мол қуаныш, көп қызық.
Өзіңде мен тайлығып ем, жылағам,
Тосылып ем, жүдеп-жадап, құлағам.
Пәк сезімді бастан кешкен шағым ең,
Енді өзіңсіз қалайша өмір сүре алам?!
Опық жедім, жабырқадым, жүдегем,
Сырласым – тек «өзің» және бір өлең.
Борандатқан қаһарлы ызғар-тағдырдың
Қарын әркез сабырлықпен күрегем.
Қауызында қызғалдақ-үн жарылып,
Үкіледім сеніменен бар үміт.
Қайта оралмас « он жетінің көктемі» ,
Қол бұлғармын шалғай жақтан сағынып.
Өзің шағым шаттық жайлап, көп күлген,
Жырдың селін ағындатқан, төктірген.
Мәңгі қош бол, « он жетінің көктемі» -
Өмірімде шырағданым деп білген !!!
*************************************************************************************************************
Нұргүл Әбдімұратқызы 1990 жыл 3-желтоқсанда Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Мергенсай ауылында дүниеге келген. Қазір Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің 3-курс студенті. «Топжарған» ақындар студиясының мүшесі. «Жүрегім жырдан ғана жаратылған» атты тұңғыш жыр жинағының авторы.Республикалық мүшәйралардың жеңімпазы.
Бақыт – құбыла
Өмір мені өгей қызым дегендей,
Өлшеп берген қуанышын бұлдайды.
Жанымды жеп жазылмаған өлеңдей,
Жігерімді жаныштайды бір қайғы.
Сонсоң қайта жабысады налам боп,
Гүл – үміттің үзіп тастап сабағын.
Сонда да мен аласұрам бағам деп,
Е-е-х, тоңмойын тірлігімнің қабағын.
Қажытуға құмар неге құлқыны,
Арыла алмай шат күнімді аңсадым.
Жарылардай...
Күмілжіген күлкіні,
Қолдан жасап алудан – ақ шаршадым.
Ойларымды күндерім жүр ойқастай,
Мысықтілеу неге бәрі қас маған?
Менің жаным жақпар – жақпар жартастай,
Толқын ұрып тастаған.
Жанарымның жалынышты етегі,
Бақыт жолын мына маған нұсқар кім?
Кейде аспанға жыр жазғым кеп кетеді,
Қанаттарын қалам қылып құстардың.
Өмір мені өгей қызым дегендей,
Өлшеп берген қуанышын бұлдайды.
Жанымды жеп жазылмаған өлеңдей,
Жігерімді жаныштайды бір қайғы.
Бақыт іздеп бөлдім неге бекерге ой,
Құлақкесті құлшылығым мұратым,
Бақыт біткен құбылада екен ғой,
Менмұндалап тұратын.
***
Көп сұрақты... көкірек тұсымды ала,
Көк – бел оймен көмкердім құшырлана.
...Мен көктемді жыр қылдым, көктемге емес,
Саған ғашық болғаным үшін ғана.
Саған деген шексіз – ді ұмтылысым,
Көңілімді кептейді – ай күрсінісім.
Жүз күнімнен дайынмын безінуге,
Өзіңменен өткізер бір күн үшін.
Ол да қиял...Қиялды үгітті өлең,
Сыр бергендей сырқатым сынып кемеи.
Ұлпа қардай үлпілдек үмітпенен.
Нәрестенің мүбәрак иісіндей,
Сезіміммен тыныстап...жүріп келем.
Аласұрдым, алқындым – бекер мұным,
Қалай, қайтіп ұқтырам, нетем күнім?
Менің мінсіз күлкім мен қуанышым,
Сенің тәтті жеңісің екендігін.
Жәудіреген жанардың жасы күліп,
Күйзелісті мендегі тосып үміт.
Кірпігімнің үстінде жалған күлкім,
Ал астында мұңым тұр жасырынып.
Көңіліме көкбеңбек арман қонып,
Бірде жырға жасаймын жалған жорық.
Осылайша отырам бар ашуды,
Жазығы жоқ өлеңнен алған болып.
Көп сұрақты... көкірек тұсымды ала,
Көк – бел оймен көмкердім құшырлана.
...Мен көктемді жыр қылдым, көктемге емес,
Саған ғашық болғаным үшін ғана