Салтанат Айбергенова: Әкем өмірден өтіп кетсе де, келіп қалар деп үміттендім
2017 ж. 08 наурыз
6010
2
...Өмірден өткен кезде Жазушылар одағына «Қайтыс болды» деген хабар келеді де, бізге «Қатты ауырып жатыр» дейді. Сағынғали Сейітов аға ести сала одаққа жүгіріп келсе, дәлізде Мұқағали аға жылап тұр екен. Сағынғали аға мен Мұқағали аға анам мен Дәуренді алып Нүкіске ұшты. Нүкістен келіп түскенде анам машинаның ауруханаға оңға емес, зиратқа қарай солға бұрылғанын көрген кезде әкемнің өмірден өткенін біліп, есінен танады.
– Салтанат апай, сіз қазақ поэзиясы аспанынан құйрықты жұлдыздай ағып өткен Төлеген Айбергеновтей жыр дүлдүлінің қызысыз. Төлеген ақын халқына өлмес туындылар сыйлап, небәрі 30 жасында дүниеден өтті де кетті. Әкеңіз өмірден өткенде сіз қанша жаста едіңіз? Әке бейнесі жадыңыздан ұмытыла қоймаған болар?
– Әкем өмірден өткен 1967 жылы мен 7 жастағы бүлдіршін қыз едім. Әкем есімде жазу жазып, домбыра тартып отырған күйінде қалды. Ол жазуға кіріскенде үй темекінің көк түтініне толатын. Айналдырған бір бөлмелі үйде кішкентай біздер у-шу болып жататынбыз. Ондай кездерде әкем анамызға «Балаларыңның барлығын ал да, далаға кет», – дейді. Анамыз балаларды алып далаға кетеді. Мен болсам, қалайда әкемнің жанында қалып қоюды көздейтінмін. Отбасында әке мен шеше балаларды бөліп алады ғой, сол үрдіспен мен әкемнің қызы болатынмын. Алғашында әжем – Жібектің қызы едім. Төрт жасымда әжем қайтыс болды да, әкемнің қарауына өтіп, әкемнің қызына айналдым. Менен кейінгі Махаббат нағашы әжемнің қызы, Дәурен анамның баласы болды. Әкем мені бар балаларынан ерекше жақсы көретін. Оның өмірден өткені жеті жасар мен үшін де ауыр соққы болды. Анамның айтуынша, екі-үш жылға дейін бойым да, салмағым да өспей қалыпты. Өйткені, көріп-біліп, қасымда жүрген әкем бірден жоқ болып кетті. Әкем ылғи асығып жүретін қағілез адам болатын. Ол жай ғана жүріп бара жатқанда, жанындағы мен жүгіріп отыратынмын. Сол кезде есін біліп қалған жалғыз мен болуым керек, менің сөздерімді, қылықтарымды айтып отыратын. Сондайда «Әкем неге менің айтқанымды қайталап айта береді екен?» деген ойға кететінмін. Кейіннен түсіндім, өз баласын қызықтап отыру әр ата-анаға тән қасиет екен ғой. Кім келсе де «Салтан!» деп дауыстайды. Мен тұра қалып, «Менің Қазақстанымды» жұлқына орындап шығамын. Қайта ойыныма кірісіп кеткенде, екінші рет шақырады «Көзімнен бір ұшқын, ұшты ма білмедім...» деп, орындап бола сала әртістерше басымды иіп жүгіріп кететінмін. Репертуарымда сол екі ғана ән болатын. Үйге келген Шәмші Қалдаяқов, Тоқаш Бердияров сияқты ағалар кейде айлап жататын. Мен ол кісілерді өзіміздің отбасының бір мүшесі деп түсінетінмін. Тек қана өзіміз қалатын кез менің көз алдыма елестей бермейді. Біздің үйдің есігі ешқашан жабылмайтын. Сол жабылмаған есік, жабылмаған күйде келе жатыр. Әкем көпшіліктің арасында домбырамен адуынды әндерді орындайтын. Өзі талантты бағалай білетін адам болғанын естеліктерден біліп жатырмыз. Сол кездердегі жас таланттар біздің үйге келіп өлең оқитын, ән айтатын, күй орындайтын.
– Сөз арасында «Әкем мені ерекше жақсы көретін» деп айтып қалдыңыз. Сізді ерекше жақсы көруі үйдің тұңғышы болғаннан кейін бе, жоқ әлде басқа бір себебі бар ма?
– Басқа себебі бола қоймас, өйткені, басқалардан ерекшеленіп тұрған ештеңем жоқ. Мүмкін анасының бауырындағы бала болып, анасы дүниеден өткеннен кейін, мен анасының көзі сияқты ыстық көрінген шығармын.
– Төлеген Айбергенов:
Мен ұл ем. Сендер ең үш тамаша елік,
Төртеуміз бір әкенің баласы едік.
Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын,
Өстік біз бір омыраудан таласа еміп, - деген екен «Апаларым» атты өлеңінде. Әкеңіз жалғыз ұл болған ба?
– Әкем жеті атадан бері жалғыз. Үш әпкесі болды. Үлкенінің аты – Үміт, кейінгілерінің аттары – Мақпалша, Балқия. Әжем Жібек кезінде мықты жоқтаушы болған екен. Өмірдің өзі солай келтірген болуы керек, 16 жасында 48-дегі ұлы жоқ Өтепберген деген бай кісіге ұзатылады. Жиырма бір жасында ол кісіден жесір қалады. Туған-туыстары қалған малды жеті бөлікке бөледі де, бір бөлігі әжеме тиеді. Сол бөліктің бір бөлігі үш келе түйе түйекешімен (бір келеде 30-40 түйеден болады), бір үйір жылқы, үш-төрт отар қой мен ешкі болады. Әжем алтын, күмістен де біраз үлес алады. Одан кейін әжемізді Өтепбергеннің Өтеген деген інісі баласы Абдуллаға алып береді. Ол жерде күндесі күн көрсетпейді. Туған баласы алты айлығында шетінеп болып кетеді. Сонда жиналған жұрт «Жесірді қорлау үшін алмайды, егер әмеңгерлікпен алатын болсаңдар бәйбішелеріңмен келісіп алыңдар немесе өз туысқандарын, бауырларын тауып қосыңдар» деген ауыл ақсақалдарының сөзінен кейін Өтегеннің туыс інісі Түкті әйелімен келісіп әжемізді алады. Одан алты құрсақ көтереді. Сол балалардың ішінен Мақпалша мен Балқия ғана тірі қалады. Түкті атамның бәйбішесімен Жібек әжем өте тату болады. Бірақ сол жылдары елге колхоздастыру кезеңі келіп қуғын-сүргін басталып кетеді де «Ашаршылықта бір ауыл елді егін салдырып, балық аулатып аман алып қалған екен» дегенді естіп Түкті атам аталас інісі Айбергенді іздеп шығады. Бірақ өзі жолда ауырып қалып, анамды көшке қосып жібереді. Әжелерім үлкен қиыншылықпен Әмудариядан өтеді де, Түкті атам «тынышталып қалды» дегенді естіп, Ақтөбеге қарай барады. Сол жақта өмірден өтеді. Жесір қалған әжем Айберген ауылында қыздарымен өмір сүріп жатады. Сондай күндердің бірінде Айберген атам түс көреді, түсінде «Қасыңа келіп қонған күңнің қалтасында алтын қанжар бар, неге алмайсың?» – деп аян беріледі. Түсін Теңге деген әпкесіне жорытқанда, ол «Сен Жібекті ал, мүмкін ол саған ұл туып берер», – дейді. Айберген атам бәйбішесі Ақсұлуға Жібекке үйленуі керек екендігін айтқанда, бәйбіше бірден қарсы шығады: «Үйленсең, жастауына үйлен, өзім де осыны айта алмай жүрген едім, ертеңгі күні біздің ізімізді басар, мына үйдің иесі болатындай тұяқ керек қой. Сенің айтып отырған жесірің отыздың ортасына келген әйел, бала таба қоя ма, босқа өмірің өтіп кетеді», – дейді. Түсін айтқан соң, мән-жайды ұққан Ақсұлу: «Онда неден жасқанамыз? Қасыма көшіріп әкел. Шынында да Құдай беріп жатса, баланы өзім бауырыма басамын, оған еміздірмеймін», – деп тікелей шаруаға кірісіп кетеді. Аяғы ауырлаған Жібек әжемді қасына алдырып, қызғыштай қорып, жақсы қарап, не дәмді болса, соны аузына салып, өзінің үлкен келініндей күтеді. Солай біздің әкеміз дүниеге келеді. Одан бұрын Айбергеннің бес ұлы, Үміт деген қызы болған. Бес ұлы бірей ашаршылық кездері алды 30-да, арты 16-да айналасы 2-3 жылдың ішінде қайтыс болып, тек Үміт атты қызымен қалады. Әкем дүниеге келгенде «сол бесеуінің орнын төледі» деп, атын «Төлеген» қояды. Әкемнің «Апаларым» деп отырғаны Түкті атамнан туған Мақпалша, Балқия, Айберген атамның қызы – Үміт. Ал, ер баладан жалғыз болған. Одан кейін әкеміз де Дәурен деген жалғыз ұл көрді, оның да Алмат атты жалғыз ұлы бар. Әкем анама «Егер сен Дәуренге сыңар ұл туатын болсаң, онда біздің тұқымдағы жеті атаға дейінгі жалғыздық жоғалар еді. Атын Мәулен қойып, үлкен той жасар едім», – дейтін көрінеді. «Бір тойым бар» өлеңі сол себепті жазылған. Бірақ ол айтқаны болмай, Дәуреннен кейін егіз қыз дүниеге келді.
– Арманыңды ақтармын ба, жүрегімде тербесем,
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзіңді теңдесі жоқ, құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық, жердің тарту күшінен – деп, Төлеген ақын жыр арнаған анасы Жібек қандай жан еді? Ақындық әкеңізге анасынан дарыған ба?
– Әжеміз Жібекті 16 жасында Өтепберген деген байға бергенін жоғарыда айттым ғой. Сонда әжеміз өзінің бәсіреге берген түйесін дауысы естілмейді-ау деген жерге айдап әкетіп, өлең шығарып, ән салып жүреді екен. Әжем тұрмысқа шыққаннан кейін шешесі артынан бір-ақ рет іздеп келеді. Ол қазақтың көшпелі кезі. Сонда әжем елін, жерін сағынып, әндетіп жоқтау айтып отырады екен. Ал бертін келе әжемнің ауылында біреулер қайтыс болса, жоқтауды әжеме айтқызатын болыпты. Ал Айберген атам шаруаға мықты адам болған. Кезінде атын атай алмайтын келіндері «Сегізқұлып» деп атайды екен. Өйткені, қойманың, контордың, колхоздың басқа да зат сақталатын бөлмелерінің кілті атамда жүріпті. Кейбір келіндері «Контур қайнаға» деп те атапты. Өйткені атам Қоңырат ауданының картасын сызуға да араласқан екен. Ауа-райын дәл болжағаны, айтқанының дәл келгеніне қарап кейбір келіндері «Жаманауыз» деген де көрінеді.
– Әкеңіздің балалық шағы қалай өтті екен?
–Атамның бәйбішесі Ақсұлу апа әкем туыла салысымен, Жібек әжемнің уызын да еміздірмей, бауырына басады. Баланы ешкінің сүтімен асырауға тура келеді. Өзі бағады. Ол кезде Айберген атамның шешесі әлі тірі екен. Сол кісі әжемізге «Сен Ақсұлу емізбе дегенге мүлде емізбей қойма. Ақсұлу жоқта тығылып баланы уызға тойдырып қой», – депті. Бір күні Жібек әжеміз әкемізді емізіп жатқан жерінде бәйбішенің дауысын естіп қалып, сасқанынан қолындағы нәрестені лақтырып жібереді. «Шыр етіп жылап қалған баланың бір жерін ауыртып қойдым ба деп, көпке дейін қорқып жүрдім», – деп әжеміз айтып отырады екен. Сондағысы, ана кісі ренжіп, күрсініп жүрмесін деген арадағы сыйластық қой. Әкем өз шешесін ешқашан «Ана» демепті, «Кемпір» деп атайды екен. Үш анасы, Түкті атамнан қалған екі қыз, Айберген атамның бір қызы бар, барлығының ортасында әкем еркін өседі. Ақсұлу апам адуынды, мінезді адам болса да, әкемді әбден еркелеткен екен. Бетінен қақпай өсіріпті. Әкем жеті жасқа келген кезде Ақсұлу апамыз қайтыс болады. Әкем мектепке бармаған кезінің өзінде-ақ әртүрлі сөздерден ұйқас тауып отырады екен. Ал мектепте оқығанында сондағы қабырға газетінің «Әжуа, сықақ» бұрышына өлеңдер жазады. Мектепке келмеген, жаман оқитын балаларды сынап өлең жазатын көрінеді. Сондай бір бұзық баланы жазамын деп, сол баладан таяқ жеген де кездері болыпты. Ал 14 жасқа келген кезде Айберген атам қайтыс болады. Сөйтіп, әкем Қарақалпақстандағы М.Горький атындағы жетімдер үйінде оқуын жалғастырады. Оны бітіргеннен кейін Низами атындағы педагогикалық институтқа түседі.
– Ал, анаңыз екеуінің таныстығы қалай басталған?
– Анам мен әкем Низами педагогикалық институтында, филология және тарих факультетіндебес жыл бірге оқыған. Нағашыларым ауқатты адамдар болған. Анам өсіп-өркендеген шаңырақтан еді. Бірінші курста анамның әкесі қатты ауырады. Ташкенттегі дәрігерлік орталыққа көріну үшін таңнан кешке дейін кезекке тұру керек екен. Кезекке тұруға таңғы бесте қорыққан анам, бірге оқитын жігіттерге өтініш айтады. Әкем баруға келіседі. Ал кейін мақтаға барған кезде анам әкеміз үшін мақта тереді екен. Әкем үйдің шаруасына қыры жоқ адам болыпты. Үйдің еркесі болып өскеннен кейін үй шаруасына араласпаған болу керек, мақтаны да жинай алмайды екен. Әкем нағашы ағам Бөрібекпен дос болады. Бөрібек ағам әкеме арнайы мықты шеберге тапсырыс беріп, домбыра да жасатып берген екен. Әкем студент кезінде домбыра шертіп, кештер ұйымдастырып, белсенді студент болыпты. Бірақ би билей алмайды екен. Есесіне, биді мамам жақсы билейтін. Қысқасы, әкем мен шешем институт бітіріп, отбасын құрарда нағашы атамның алдынан өтеді. Бұл кезде анамды басқа адамға атастырып қойған екен. Тіпті қалыңмалын да алып қойыпты. Қысқасы, олар келісіп, әкем анамды алып қашқан болып кетеді. «Көп кешікепей ел-жұртқа айтып, құда жіберіңдер» деп нағашы атам Қарақалпақстанға шығарып салады. Бірақ бұл жаққа келгеннен кейін әкем қасында жалғыз анасы бар, пәтерден-пәтерге көшіп жүргенде арада бір жыл уақыт өтіп кетеді. Оның арасында мен дүниеге келемін. Қысқасы, олар нағашыларыма мен бір жасқа толғанда әрең келеді. Ол кезде де өздерінен басқа ешкім жоқ. Сонда нағашы атам өзі базарға барып, киім-кешектің бәрін сатып алады да, сол жердегі туған-туысқандарды шақырыпты. «Қарақалпақстаннан құдалар келе алмады, мына дүниелерді беріп жіберіпті», – деп атам өзі той жасап беріпті. Кейіннен Зәкір аға Асабаев себепші болып, Сарыағаш ауданына көшіп келдік. Сарыағашқа келген кез әкемнің шығармашылығының өрлеген уақыты болды. «Арман сапары», «Өмірге саяхат» деген екі кітабы шықты. Алматыға көшіп келгеннен соң «Құмдағы мұнаралар» деген кітабын баспаға дайындайды, бірақ жарыққа шыққанын көзі тірісінде көрген жоқ.
– Әкеңіздің мінезі қандай болып еді?
– Әкемнің мінезін мен елдің естеліктерінен білемін. Анам «Адамға бауырмал, біреудің қайғысына қоса қайғырып кететін, қолы ашық, кең адам болатын. Біреудің тарлығын көрсе, қатты күйзелетін», – деп айтып отыратын. Әкем анамды еш қызғанбайды екен. Керісінше, той-томалаққа барса, біреулерге «Үрнисаны бір биге шақыршы», – дейтін көрінеді. Оған анам ашуланады екен. Әкеміздің сондай мінезіне орай анамыз да ол кісіні еш тергеп-тексермейді екен. Кейде ақын-жазушыларға еріп кетіп қалған кезінде мектеп директоры «Ау, пайғамбарша! Пайғамбар қайда? Сабақта жоқ қой!» – дейді екен. Ондайда анам әкемнің орнына да сабақ жүргізе береді. Әкемнің шатақ мінезі де баршылық болыпты. Әділетсіздікке жаны қас, біреудің бір нәрсесі жақпай қалса бетің бар, жүзің бар демейді екен. Қазірге дейін үлкен ата-әжелер біздің бір мінезімізді байқап қалса «Өй, әкеңнен айнымай қалыпсың», – деп жатады. Ерке мінезімнің арқасында кейде анамнан таяқ та жеп қалатынмын. Сондайда ең бірінші қорғаушым әкем болушы еді. Бір күні әкем жолсапарға жиналып жатты да, бәрімізбен қоштасып, үйден шығып кетті де, бір уақытта бір нәрсені ұмытқан адамдай жүгіріп кірді. Сөйтті де: «Үрниса, қолың қышыса, Дәуреніңді ұр, ал менің қызыма тиіспе», – деді. Мамам болса: «Ұзақ жолға кетіп бара жатып, неге кері қайтасың? Қайтып келгендегі айтайын дегенің осы ма?» – деп ұрысқан. Расында да, мен үйде әкем жоқ болса кәдімгідей жетімсірейтінмін. Анам мені үйдің шаруаларына жұмсайтын, дұрыс істемесем ұрсатын еді. Ерке өскендіктен мен мұндай шаруаларды істегенді аса жақтыра қоймаушы едім. Сонда папам маған: «Қызым, жақында екеуміз өзі әдемі, өзі ұрыспайтын басқа мама тауып, кетеміз», – дейтін. Мен күнде таңертең: «Папа, жаңа мамаға қашан кетеміз?» – дейтін едім. «Ертең, ертең» деп күнде мені әкем «жұбатып» қоятын. Сөйтіп жүргенде өзі кетіп қалды...
– Достары көп болушы ма еді?
– Әдеби ортада жүргеннен кейін әкемнің достары өте көп болған. Анам бір тамақ істеп жатса, «мына тамақты жейтін адам қазір тауып келемін» деп үйден шығып кетеді екен де, қиналып жүрген біреулерді ертіп келеді екен. Ол ертіп келген адамы өлең тыңдай алатын адам болса, тіптен қуанатын болыпты. Қонақ келген сайын әкем домбырамен ән салатын. Көбіне Ғарифолла Құрманғалиевтің мақамымен адуынды әндерді орындайтын. «Үйдің иесі болған соң, үлгермей жатсам, оны да анау-мынауға жұмсайтын едім ғой. Сонда әкең мен жұмсамау үшін қонақтан бұрын өзі төрге шығып алатын», – деп айтатын анам. Кезінде жақсы араласқан адамдары –Зәкір Асабаев, Мұхтар Шаханов. Мұхтар ағаға «Мен сені іні тұту арқылы, өзімді ағалыққа тәрбиелеп жүрмін», – дейтін. Содан кейін Шәмші Қалдаяқовты жақсы көрді. Бірге ән жазып, бірге жүрді. Тоқаш Бердияров, Еркінбай Әкімқұлов, Қалаубек Тұрсынқұлов Өмірзақ Қожамұратовтармен де жақсы араласты.
– Ауыр да болса, әкеңіз өмірден өткен күнді бір есіңізге алып көріңізші?
– Біз әкем өмірден өткен кезде ештеңені біле қоймадық. Мен – 7 жастамын, Махаббат – 5 жаста, Дәурен – 3 жаста, Хұсни мен Айнар – 8 айлық. Біз Алматыға көшіп келгеннен кейін екі жыл бойы әкем жұмыссыз жүрді. Бар арманы әдеби қызметкер болу болыпты. Сол жылы ғана мамырда Жазушылар Одағының насихат бөліміне әдеби қызметкер болып орналасқан еді. Сөйтіп, Қарақалпақстанға қазақ ақындарының кездесуін ұйымдастырмақшы болып барады. Өйткені әкемнің өз туған жеріне де баруы керек болды әрі басқа ақын-жазушыларды күтіп алып, кешті ұйымдастыруы қажет еді. Сондықтан біз Қарақалпақстанға кеш болардан бір ай бұрын бардық. Біз барғаннан кейін екі-үш аптадан соң ауыра бастады. Сол жақта жүргенде елде қалған «Хұсни мен Айнар ауырып жатыр», – деген хабар келді де, анам, Дәурен, Махаббат төртеуміз жолға шықтық. Әкем сонда қалып қойды. Біз біраз жүргеннен кейін әкем «Салтан!» деп, артымыздан айғайлады. Мен артыма қарап, әкемді көріп соған қарай жүгірдім. Ол мені құшақтап, құшырлана иіскеп тұрды. Мен әкемнен қанша ажырағым келмесе де, анамнан қалуға болмайтынын білдім. Сол менің әкемді соңғы көруім еді. Біз Алматыға келгеннен кейін әкем артымыздан қайта-қайта хат жазды. Онда өзінің жақсы болып қалғанын айтып, Хұсни мен Айнарды сұрай беріпті. Қателеспесем, ел жақта 36-37 жерде кездесу ұйымдастырыпты. 28 тамыз күні қайтыс болды. Бұрын дәрі ішіп көрмеген адам еді. Бас-аяғы бір айдың ішіндегі аурудан сылқ құлады. Мен ол кісіге «көз тиді» дегенге сенемін. Өмірден өткен кезде Жазушылар одағына «Қайтыс болды» деген хабар келеді де, бізге «Қатты ауырып жатыр» дейді. Сағынғали Сейітов аға ести сала одаққа жүгіріп келсе, дәлізде Мұқағали аға жылап тұр екен. Сағынғали аға мен Мұқағали аға анам мен Дәуренді алып Нүкіске ұшты. Нүкістен келіп түскенде анам машинаның ауруханаға оңға емес, зиратқа қарай солға бұрылғанын көрген кезде әкемнің өмірден өткенін біліп, есінен танады. Әкем жатқан аурухана бөлмесіндегі біраз қағаздарының ішінен мына өлең табылды:
Оқушым, риза бол, аз барыммен,
Зергер де болғаным жоқ сөзге әлі мен.
Жеріген құлындайын өз қағынан,
Бұлбұлдай безіп ұшқан өз бағынан,
Осымен үшінші рет жазғалы мен
Қоштастым сағындырған саздарыммен.
Ойлама соғады деп мені осал,
Әлі де бар сырымды саған ашам.
Мен өзімнің ақындық ажалыммен,
Осымен үшінші рет жағаласам.
Қаусатып қаңтарларды мұз денелі,
Бұл көктем әлі маған жүз келеді.
Күн жақсы көріскенше, ар жұлдызым,
Енді сен басқа ағыстан ізде мені!
Әкем «Салтанымды мектепке өзім апарамын, өңкей лақтың ішіндегі өгізге ұқсап отырамын ғой. Бірге оқимыз, сабақ дайындаймыз» деп күледі екен. Оның бірі де болмай, мен сабаққа көршінің қызына ілесіп кете бардым. Анам бізге «Әкелерің алысқа кетті, пойызбен келеді», – дейтін. Біз тұрған үйге бірінші Алматыға келетін пойыздың дауысы естіліп тұратын. Гүрілін естіген сайын «Не деген ұзақ жүретін пойыз» деп ойлаймын. Бір күні анам мені нанға жұмсады. Дүкеннен нан алайын деп тұрғанымда сатушы «Ауру емес еді ғой, папаң неге өліп қалды?» – деді, төбеден түскендей. Нан жайына қалып, жылағанымды анама көрсетпейін деп қолымдағы тор дорбаны киіп алдым да үйге келдім. Анам көзімдегі жасты көрді де, жылап жіберді. Екеуміз қосылып ұзақ жыладық...
– Анаңызға бес баланы тәрбиелеп, өсіру оңай бола қоймаған болар? Әкеңіз дүниеден қайтқаннан кейінгі өмірлеріңіз қалай өрбіді?
– Сол сәттен бастап біздер үшін өмірдің қиын кездері басталды. Біздің үйге келген адамның барлығы жылап келетін. «Үйге келген адамдардың барлығы неге жылап келеді?» – деп анамнан сұрасам, ол: «Әкеңді барлығы сағынып қалды, сондықтан жылайды», – деп жауап беретін. Маған әрдайым әкем келіп қалатын сияқты көрінетін. Анама қанша қиын болғанмен барлығымызды өсіріп, тәрбиелеуіне тура келді. Ешкімнен кем қылған жоқ. Анам көбіне ақша табу жағында жүрсе, үйдің жұмысы мен балаларды қарау менің мойнымда болды. Нағашы ағам мен жеңгем Махаббат пен Айнарды қолдарына алды. Бізге барынша көмектесті. Барлығымыз жоғары білім алдық. Қазір барлығы балалы-шағалы, тек Дәурен 46 жасында өмірден озып кетті. Бүгінде әкем мен шешемде он шақты немере, жеті шөбере бар.
– Сол ұрпақтарының арасында өлең шығарып, ақындығымен көзге түсіп жүрген біреу жоқ па?
– Барлығымыз әдебиетке жақын болғанмен жарып шыққан ешкім жоқ.
Сұхбаттасқан: Марфуға ШАПИЯН
Дереккөз: Әдебиет порталы