Төлеген Айбергеновтың 80-жылдығына орай жыр кеші өтті
2017 ж. 04 наурыз
6430
1
ҚР Ұлттық академиялык кітапханасында ақиық ақын Төлеген Айбергеновтың 80 жылдығына орай «Сен мені ізде, аяулым» атты ән-жыр кеші өтті.
Кешке мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дәстүрлі әншілер және Төлеген Айбергеновтың қыздары Салтанат, Айнар, Хұсни Айбергеновалар мен Төлеген Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаттары қатысты.
Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Төлеген Айбергенов 1937 жылы наурызда Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында туған. Ақынның туған жерге деген албырт сағыныш пен мөлдір махаббатқа толы бір топ өлеңдері 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақта басылды. Қазақ поэзиясына өзіндік жаңа ырғақ, тегеурінді екпін әкелген поэтикалық жыр кітаптары әр жылдары: «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968), «Мен саған ғашық едім» (1970), «Аманат» (1975), «Бір тойым бар» (1981), «Бақшаға саяхат» (1985) деген атаулармен жарық көрді. Сондай-ақ, орыс тілінде «Мир созвездия» (1987) деген атпен таңдамалы өлеңдері аударылып басылды. Ал, «Ақерке Жайық» «Жаңғырған Маңғыстау», «Қазақстан», «Сені ойладым», «Мені ойла», «Ақ қайыңдар», «Бір тойым бар», т.б. өлеңдеріне жазылған әндер ел арасына кеңінен танымал.
Төлеген Айбергеновтің 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған бұл іс-шара ақын шығармалары мен зерттеу еңбектерін насихаттау, жастардың ой-өрісін, шығармашылық ізденісін дамытуға бағытталған. Кеш барысында ақындар Төлеген Айбергенов шығармалары мен Төлегенге арнаған жүрекжарды жырларын оқылып, әдеби-сазды кешпен жалғаспақ.