ДӘУІТӘЛІНІҢ «ЖҰМАҒЫ МЕН ТАМҰҒЫ»
2017 ж. 27 ақпан
3812
1
Осы жас буынның дидарына қарасам, көзіме өзімнің періштедей балауса бала күнім, кеудемде жыр тулаған, қайран, жиырма бесім елестейді. Әлі есімде... Ресейде, Пенза қаласында әскери борышымды өтеп жүрген кезім. Бір күні шешемнен қалың хат келды. Ашып қалсам, алтынмен апталғандай әп-әдемі кітап — «Көктем тынысы»! «Жазушы» баспасынан жарық көріпті. Көлемі он баспа табақтай! Ол кезде бұл біздің түсімізге де кірмейтін дүние. Қырық шақты ақынның жыры. Бейне бір антология секілді! Несіпбек Айтұлы, Исрайыл Сапарбай, Жұматай Жақыпбаев, Заида Елғондиева, Иран Ғайып алғаш рет оқырмандарымен осы кітап арқылы жүздесті. Дәуіт ағам (Дәуітәлі Стамбеков) кітап құрастырушыларға жалынып-жалбарынып жүріп, мені әзер қосыпты. Беташарын қазақ әдебиетінің классигі Тұм-Ағам (Молдағалиев) жазған. Екі-үш ақынмен қоса менің де аты-жөнімді атаған екен. Жүрегім лүпілдеп, жүрелеп отыра қалғаным есімде... Бұл 1975-жыл. Мен жиырма бес жаста едім.
Бірінші кітабімді шығару мен үшін азап болды. «ХХ-ғасырдың жиырма сәтін» алты жыл арпалысып жүріп, отыз төрт жасымда, жалғанның жарығына әзер шығардым. Көлемі бір баспа табақтай. Цензураның қатал тезінен өткен. Редактор шимайлаған... Өлеңдерімнің нобайы бар да, өзі — жоқ! Қазіргі жас ақындардың алғашқы кітабы Мұқағалидың тұңғыш таңдамалысы «Өмір өзендей» - бір том! Тәңірі жарылқаған Тәуелсіздіктің арқасы – бұл!
Дәуітәлінің есімін естіген сайын әлі күнге дейін егіліп отырамын мен... Алматыда туған-туысым, арқа сүйер көкем, ат басын тіреп түсетін үйім жоқ. Дәутәлінің үйі — Сарыарқаның алтын бекетіндей. Алаштың бүгінгі айтулы ақыны Ғалым Жайлыбай, талантты жазушы Роза Мұқанова осы үйден шығып, Коммунистер даңғылындағы 105-ші үй — Қазақстан Жазушылар Одағына имене кірген-ді...
Ол Қасым мен Пушкинді өлі өлгенше пір тұтып кетті.
Дәуітәлі Станбековтің мына жарық дүниге ақын болып келмеуі ақылға сыймайтын дүние десе болады. Кіндік қаны түскен топыраққа қараңыз: Алашорданың үш бірдей арысы Әлихан Бөкейхан, Ақпайдын Жақыбы, Әлімхан Ермековтің туған жері. « — Совет өкіметі Ақтоғайды неге жек көреді?! Білесіңдер ме?»- деуші еді кейде Дәукең ашуына мінген бір кезіңде. Үндемей құтыламыз. «- Ақтоғайға неге шойын жол тартылмаған?!» – дейді Дәукең одан сайын қахарына мініп. «-Оны мен қайдан білейін?». «- Оны білмесең, қолыңа қалам ұстап, несіне кісімсініп жүрсің?!» Көкемнің мінезі өзіме белгілі. Үндемей құтыламын... Біраз уақыт үнсіз отырады да: «-Совет өкіметінің үш қас жауы осы топырақтан туған! Соларға кеткен өшін алу үшін бізді құс ұшып, құлан жортпас құладүзге қалдырып отыр!» - деуші еді... Мұны естігенде Ақтоғайдың коммунистерінің зәре-құты ұшып, орындарынан тұра-тұра қашатын... Солардың көбісінің көзі әлі тірі. «Совет өкіметін иттің етінен де жек көрген қазақтың үш боздағы осында туған!». Не деген сөз?! О кезде мұндай сөзді айту үшін адамға арыстан-жүрек керек-ті. Әсіресе—қазаққа!
Ұлқаш (Есдулет) совет өкіметі кәріне мініп тұрған 1972 жылы Дәутәлінің Каз ГУ-де өткен бір поэзия кешінде «Совет өкіметі құласа(?!), Маяковскиді ешкім оқымайды!!!» дегенін өз құлағымен естігенін аңыз ғып айтып жүр!
«Ассалаумағалейкум, Ақырзаман!» - деп жазды ол сол кезде.
Біреулер заманның балын жалап жатқанда, ол уын ғана ішіп жүрді...
«Достарым менің - ұрылар! Достарым менің - бандиттер!» - деп жазды ол 70-шы жылдары. Совет өкіметіне ерегісіп айтқаны!
Халықаралық «Алаш» сыйлығына ұсынғанда ол өлім аузында жатқан. Лауреат болғанын естімей кетті марқұм. Соңғы кітабы — «Жұмағым мен тамғұмды» қолына ұстай алмай да кетті.
Ол маған бір өзі бір әдеби ортадай болған тұлға еді. Алматыға келсем, ат басын Дәуітәліге тіреймін. Буырқанып Қазақстан Жазушылар Одағының үйіне келеміз. « — Қашан келіп едің?» - дейді Қадағам (Қадыр Мырзалиев). « — Келгеніме 2-3 күн болды» - деймін күмілжіп... « — Ендеше, өзіңе-өзің келіп ал...Соңсоң, маған келесің ғой!»
Әдеби ортаға алысқанмен-алысып, жұлысқанмен-жұлысып жүріп, мені сүйреп әкелген — сол! «Менің пірім-Сүйінбай» деген Жамбыл тәтем. Менің пірім — Қасым мен Дәутәлі! Алдында Дәуітәлідейін адуынды азамат ағасы болмаса, мына дүниеде мендей Серік Ақсұңқар деген басы жүмыр пенде болар еді. Ақын болмас еді! Алматыға келсем, көзіме Дәуітәлі елестейді. Бәрі — бар. Дәуітәлі — жоқ...
Ақынның алдында- Алла, арқасында- Аруақ болу керек! Екеуінің ортасында – Алаш! Басқа ешкім болмауы керек! Ақынның «Жұмағым мен Тамұғым» атты жыр кітабы—соның бір нышаны. Алаштың ақылы-алтау, ойы-жетеу болып тұрған 90-шы жылдары жарық көрді де, әдеби орта мен қалың оқырманның көзіне түспей қалды...
Серік Ақсұңқарұлы,
Қазақ Үні