Мұқағали Мақатаев: ҚҰРМЕТТЕҢДЕР ЖИЫРМАСЫНШЫ ҒАСЫРДЫ!
2017 ж. 08 ақпан
6314
0
Ақпанның 9-күні қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Осыған орай "Қазақ Үні" порталы оқырман қауымға ақынның бір топ өлеңін ұсынады.
[caption id="" align="aligncenter" width="788"] Алматы қаласындағы Мұқағали Мақатаев ескерткіші[/caption]ТАҒДЫРМЕН БЕТПЕ-БЕТ
Хабар жоқ саған кеткен елшілерден, Ей, Тағдыр! Сөйлесейік, келші бермен. Қаншама соқпақтарға бастасаң да, Сенімен сөйлесуді ерсі көрмен.
Білесің бе? Мен саған бағынбаймын! Бар ма тағы беретін зарың, қайғың?! Көлденеңдеп жолымда тау боп тұрсаң, Мен - мұнартқан басыңда сағымдаймын! Сондықтан да жібер деп жалынбаймын.
Heгe жаның ашымай тірі адамға, Heгe сала бересің бұралаңға? Өз тағдырым - өзіме ана емес пе ең, Жұбатпайсың неге сен жылағанда?
Жақсылықтың қимайсың қалдығын да, Қарғысың ба, қалдырған жарлығың ба? Мен дегенде жыландай жиырылып, Керісінше істейсің барлығын да...
***
Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылыңта. Ақын болсаң жарқыным, алысқа аттан, Күнделікті тірлікке бой суытпа.
Айшылық жол... Шөлдейсің, зарығасың, Армандайсың, аңсайсың, сағынасың. Жол азабын көресің, көресің де Ашынасың, біресе бағынасың.
Даламенен жүресің, тау асасың, Сезесің биігін де аласасын. Кенезең кепкенде бір, лай суға Кез-келген мақұлықпен таласасың.
Сапар ұзақ. Тағы да аяңдайсың, Алыпқашпаң басылып, баяулайсың. Ел шетіне жетесің, жетесің де Көргеніңнің бәрісін баяндайсың.
Міне, осылай өлеңнің кілті деген, Құйттай жүйең қалмайды сілкімеген. Аттанам деп алысқа, айдалада Адаспайтын болғай-ды шіркін өлең.
ҚҰРМЕТТЕҢДЕР ЖИЫРМАСЫНШЫ ҒАСЫРДЫ!
Біздер жүрміз дер кезінде туылып, Суға түсіп, отқа өртеніп, жылынып, Жетімдердің ұясына тығылып, Жесірлердің көз жасына жуынып, Әйтсе дағы, дер кезінде туылып!
Біздер мына дәуірменен бірге өстік, Қарап соның қабағына, күн кештік. Уақыттың үніменен тілдестік, Уақыттың көшіменен бір көштік.
Адамзатты қорғай жүріп, қан бастық, Адамзаттың азғынымен арбастық. Аласапыран арпалыстан аман қап, Адамзаттың өмірімен жалғастық.
Бұл дәуірдің бетін біздер ашқанбыз, Болашаққа солай қадам басқанбыз. ...Біздер - әлі жан баспаған асқармыз, Біздер - әлі жазылмаған дастанбыз.
Біз жараттық мынау ғажап ғасырды, Тарихы оның біздерменен ашылды. Біздің мына қолтаңбамыз басулы, Құрметтеңдер, жиырмасыншы ғасырды!
***
Қаздар қайтып барады мекеніне, Қанаты бар мақұлық кетеді де. Қаз-қаз басып, қалтырап қария тұр, Дәрмені жоқ таяғын көтеруге.
Қарашаның қалықтап желіменен, Қаздар кетті қоштасып көліменен. Қайтқан құстың қария қанатына Қарайды көзін сүртіп жеңіменен.
Қаздар қайтып барады тізбектеліп, Іздеп кетті көктемді, іздеп келіп. Қарашада қалтырап қария тұр. Тағы да бір сұп-сұрғылт күзді өткеріп.
Қаздар кетті, құлақта үні қалды, Жазды әкетті, Әкетті тұнық әнді. Қайтқан құстан қара үзіп қалса-дағы, Қалтылдаған қария, тұрып алды.
Қарашаның ұлыса желі гулеп, Түсіне бер қаңтардың желігі деп. ...Қисайып бара жатқан қарияны Сүйей берді баласы, келіні кеп...