Ырзалық
2017 ж. 27 қаңтар
11797
1
Сейiлхан әжем ақын едi, шешен едi. Аузынан шыққан екi сөзiнiң бiрi өлең болып өрiлiп, ағылып кете беретiн. Әжемнiң осындай әңгiмелерiн сағынған, аңсаған кездерiмде әдейi арнап барушы едiм. Менi баласынбай келiнге сыпайылап қана ишара жасап, арнайы сыбағамды қазанға салдыратын. Шәй iшiп, қонақасы желiнiп болғанша әңгiме үзiлмейтiн еді-ау, үзiлмейтiн. Кесiмдi пiкiр, ұтқыр ұйқас, ащы мысқыл, өткiр әжуа, кейбiр пенделердiң қылығына, түс-тұрпатына лайықты әжемнiң адам баласының ойына келмейтiн, қапысыз теңеулерiн ой елегiнен өткiзiп, үйге келгенше керемет бiр кино көрiп қайтқандай әсерде болушы едiм. Алашаның қанша ұлы-қызы болса, қайынсiңлi-қайныларының бәрiне өзiне лайықты ат қойып алған-ды әжем. Қайын сiңлiлерiне қойған аттарына онша мән бермеушi едiк, бiрақ қайныларына қойған аттарын естiген адам баласының бiр мырс етпеуi мүмкiн емес. Кейде мен: Япырай, осының бәрiнiң қалай үде-барасына шыға бередi? – деп қайран қалатынмын. Шiркiн, көненiң көздерi, ескiнiң адамдары-ай! Кiшiге iзетiн, үлкенге құрметiн саф алтындай таза қалпында сақтаған, дәстүр сыйлаған, арды ойлаған асыл аналар-ай десеңшi!
Көненің көзі демекші, құйма құлақтардан естіген бір жайтты айта кетейін.
1959 жылы Көленбай құдықта қой қашырымның кезінде Әбілда аға Айжамал жеңешеме үйленіп, ұлан-асыр той болып, жеңешемнің бетін Бәштай аға домбырамен ашыпты. Беташардан соң ауылдастар алқа-қотан отырып, Сейілхан әжемді қолқалап, ән айтқызады ғой. Содан онша-мұнша ішімдік ішкені бар, оның үстіне өнерге жаны құмар Қыздарбек нағашым Сейілхан әжеме «Жеңеше, мені мақтап өлең айт», – деп қоймапты.
Сонда әжем кідірместен:
Басыңнан айналайын айдан аппақ,
Басыңда бит тұрмайды тайғанақтап.
Мен көргелі құдай сүйер қылығың жоқ,
Сені де отырмын-ау тойда мақтап, – деп аңырата жөнелген екен.
Ел-жұрттың бәрі қыран-топан күлкіге батып қалған, Қыздарбек нағашым өлеңнің сөзіне мән де бермей, атының аталғанына мәз болып, әжеме қарай он сомдықты атып жіберіпті.
Ауылдың тойларында әжеме сөз кезегi берiлгенде, жұрт сiлтiдей тына қалатын. Тойға деген тілегін айтып болып iле-шала әнiн шырқап қоя бергенде ел-жұрттың бәрi нақ бiр көптен ойда жүрген арманы орындалып қалғандай сатұр-сұтыр шапалақ ұрушы едi, ырзалықтан.
Қу тiрлiктiң қамыммен шапқылап жүрген заман ғой, бiрде ауылға бара қалсам, апам: Балам, Әжең тымауратып қапты, көңiлiн сұрап қайтайық, – дедi. Соған дейiн құнттамағаныма iштей өзiмдi бiр кiнәлап алдым да, апам екеумiз Досжан ата ауылына тартып отырдық.
Әжем төсекте жатыр екен. Аз-кем амандық-саулықтан соң жөн-жобамызбен төрге жайғасқанбыз. Алтын келiн ылдым-жылдым ас қамына кiрiсiп кеттi. Ә дегенше, дастархан жайылып, буы бұрқырап самаурын да келiп қалды. Әжем шынында да шаршаңқырап қалыпты.
– Шешей, қалайсыз, – деп, келiнге тән ибалықпен сәлемдескен апам, әжемнiң аяқ жағына тiзе бүктi. Әжем кеудесiн кере күрсiнiп, ауырлау тыныстап алды да апама сәл-пәл мойынын бұрып әңгiмесiн бастап кеттi.
«Айнажан, шырағым, бұрындары “ауырып тұрдым – аунап тұрдым” деп жүре берушi едiм. Бұл ауру сiрә, маған төтеннен келген сияқты... Е,е,е бұ жалғанда кiм қалар дейсiң? Алланың мұнысына да шүкiр, көңiл жетер жердегi ағайын-туыс, абысын-ажын барлығы келiп жатыр.
«Ар ма деген әлге қуат». Жақсы келдiң ғой, Айнажан! Айтайын дегенiм, балалық шақта бiрге жүрдiк, бiрге өстiк. Тұлымшағымыз желбiреп қуыршақты да бiрге ойнадық. Сенiң жасаған қуыршағың әдемi болушы едi. Мен әлiмжеттiк қылып тартып алатынмын... Сөйтiп жүрiп бойжеткен соң екеумiз де бiр елге келiн боп түстiк. Iзiмдi басқан өкшелес келiнiмсiң, жаным. Сыйлас болдық, сырлас болдық... Әке-шешеден қағажу көрмей өскеннен бе, жоқ әлде отағасымның еркелетiп ұстағанынан ба әйтеуiр, шайпау тiлдiлеу болдым ғой!..
Айнажан, айналайын... абысындық жолымды алға тартып әлдеқалай тiлiм тигендей болса, кешiргейсiң шырағым.
Жабы мiнген жөнделмес,
Тiрiде пенде не көрмес.
Көтергенмен кеудесiн,
Жақсыға жаман теңелмес.
Өлшеулi демi бiтпесе,
Қырық жыл қырғын болғанмен
Ажалы жетпей ер өлмес,
Ойналық та күлелiк.
Сайран етiп жүрелiк,
Өлген соң дәурен бiр келмес – демеп пе едi, iлгергiлер?
Бұл жалғанға кім келіп, кім кетпеген? Өмір деген көш керуен екен ғой. Ырза бол қарағым!»
Жүрегiм аузыма тығылып, жанарым жасқа шыланып, апама қарасам, ол кiсi де екi көзi мөлтiлдеп абысынының аяғын уқалап отыр екен.
– Ырзамын, шешей, ырзамын, – деген өксiк аралас үнi емiс-емiс қана естiлдi...
Әбдіғаппар АЙДАРОВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.
qazaquni.kz