ЕСКІРМЕЙТІН естелік

KaltaiҚАЗАҚТЫ МАЗАҚҚА БЕРГІСІ КЕЛМЕГЕНІ ҮШІН ҚАЛТАЙ КІТАП СЫЙЛАДЫ

Нақыпбек Сәдуақасов – заңгер-экономист, кезінде Республиканың Ғылым Академиясында, Юстиция, Материалдық ресурстар министрліктерінде, Жоғарғы Кеңесте-Парламентте, «Alembank Kazakhstan», КАБ «Туранбанкте» жауапты қызметтер атқарған. Ұлтымыздың абзал, дарынды тұлғалары Қадыр Мырза Әлі, Сағат Әшімбаев, Жарасқан Әбдірәшев сынды халықымыздың адал ер-азаматтарымен сыйлас, жолдас болған ұлтжанды азамат. Еңбектері мен мақалалары монографияларда, арнайы ғылыми жинақтарда, «Жұлдыз», «Жалын» журналдары мен республиканың басқа да басылымдарында жарық көрген. Ескірмейтін естелік парағын бізге жіберген Нақаңның Қалтай Мұқамеджановтан қолтаңбамен кітап алуының да өзіндік хикаясы бар екен. Белгілі «Желтоқсан» оқи­ға­сынан кейін Одақтық ком­мунистік партиясы Орталық Ко­митетінің қабылдаған қаулысына сай қазақтарға қарсы жариялаған ақпараттық «соғысының» қызу науқан кезеңі. Елім деп бас көтергендердің көбісі сотталып, жұмыстан қуылып, басқалары КГБ-нің қатаң бақылауында болған кезең. Қалекең - Қалтай Мұқамеджанов – елміздің көр­некті жазушысы – драматургі, көзі тірісінде «халқымыздың ары» деген атақ алған алып тұлға - ол кезде республикалық «Ара-Шмаль» сатиралық журналының Бас редакторы болатын. Қалекең Нақыпбекті ертеден біле, іш тартып, ағалық ақыл - кеңесін айтып жүреді екен. 1987 жылдың ақпан айының 4 күні Нақыпбек республикалық «Ара-Шмель» журналының соңғы санының бірінші бетінде еуропалық нәсілді екі адам (ол кезде халқымыз олардың бәрін орыс деп түсінетін) қызмет креслосында шалқая отырған беті табақтай жалпиған, мұрны таңқиған, көздері сығырайған, құлақтары қалқиған, аузы көнтиген тұнжырап отырған біреуді иықтарымен көтеріп келе жатқанын салған карикатуралы суретті көзі шалады. Карикатурының ойы айдан айқын. Ажуа, келеке – мазақ етіп тұрғаны қазақ. Намысқа ұрып тұр. Ойлары креслоға жабысқан жексұрын дәрменсіз қазақтарды орыстар қашанда алып жреді дегені. Қайсысының болсын сиқы осы дегендей. Осындай «баттиған типаж» миллиондаған тиражбен тіпті бүкіл Одақ көлеміне таралып, әркімнің санасына терең бойлаған еді. Солай қазаққа келемеж сипат жабысты. Ал нақтылы айтылып отырған карикатураның авторы журналдың суретшісі Казанцев болуы ықтимал. Сол кезде журналдың карикатураларының көбісін салатын сол болатын. Ниеті қара екені айдан айқын. Ал «желтоқсан» оқиғасынан кейін қара ниеттілердің көбісінің тіпті беттері ашылған. Соққы үстіне соққы бергісі келеді. Сол кездері журнал Қазақстанда шыққандықтан тек қазақтарды ғана келекелеуге болады даген жалған пікір етек алған болуы керек. Ал қазақтар туған елінде зұлымдық саясаттың құрбаны болып, басқа ұлт өкілдерімен салыстыра шаққанда бар жоғы 26 пайыз құрап қалғаны ешкімнің есінде жоқ. Кезінде қазақтың беткеұстарларын ататындарын атып, сататыдарын сатып, қуатындарын қуып, қалғандарын итжеккен жаққа айдап, жеті қабат жер астындағы кен қаздыру қара жумыстарына салып, жалпы халықты аштыққа ұшыратып қырғандары аздай, содан қалды ендігісі бас көтертпеу саясаты етек алған шақ. Іші ыза-намысқа толы Нақыпбек редакцияға келе Бас редактордың кабинетіне кіріп, сәлемдескеннен кейін, аталған журналды Қале­кең­нің қолына ұсынып: - Қалеке, қараңыз, мынау масқара ғой. Бүкілодақтық КП ОК қазақтарды ұлт­шыл­дар ретінде танып, ол туралы одақтық қаулы қабылдап, ашы сынға ала көзі ашықтардың бәрін қудалап жатыр, ал Қазақстанда 100 – ден аса ұлт өкілдері тұрып жатыр деп дүниеге паш етсе де, тек қазақтарды ғана өз отанында келеке - ажуаға алып, мазақ етіп көрсету керек пе? Тек қазақтарды ғана құбыжық, жиркенішті етіп көрсету керек пе? Қазақтар өз елінде, өз жерінде кім-көрінгеннің көзі алдында келемеж болуы керек пе? Қазақтарды осындай жексұрын ретінде жасанды қалыптастыру дұрыс па? – деген ашу-ызаға толы назын айта келе Нақыпбек - Адамды құрту үшін оны ату міндетті емес, оны ажуа-келеке, мазақ етсе болды. Сол сияқты халықты да құрту үшін оны келеке-күлкі, мазақ етіп өзіне өзін жиренішті етсе жеткілікті – ол мәңгүрт халықа айналып, қазақ біткеннен ат-тонын ала қашады. Балакеш-баланың өзі де мазақтан бүйе тигендей қашады, осылардан кейін қай қазақ баласы қазақ болғысы келеді?! Қазаққа жағымсыз бейне, жағымсыз кескін қалыптасуын тоқтату керек. Ғылыми тұрғыдан қарағанда қазақ таза монғолоид нәсіліне жатпайды, еуропалық және монғолоид нәсілдерінің арасындағы көшпелі нәсілге жатады, сондықтан қазаққа өзіне ғана тән сипат беру әркімнің парызы. Қытай мен кәрістер арасындағы қазақты айыратынымыз сол себепті. – деп аяқтайды Нақыпбек. Қалекең журналдың бірінші бетіне үңіле қарап, Нақыпбекті аса зейінмен тыңдайды да, онымен келіскен кейпін білдіріп, әң­гі­менің соңында оған өзінің кітабін ескерткіш ретінде өз қолымен арнау жазып, сыйлапты. Сол күннен бастап Қалекең «Ара-Шмель» журналының бетте­рінде қазақтарды мазақ­тауды доғартып, келесі санда­рындағы карикатуралар кейіп­керлерін «нейтральный» ғылып (ешқандай халықтың өкіліне ұқсас емес етіп) шығартыпты. Наджи Бектен