Құндылық туралы көзқарастар әр кезеңде әртүрлі сипатқа ие болып отыратыны бар. Алысқа бармай-ақ, 90-жылдардың басындағы жағдайды еске түсірейік. Ауылдағы кітапханалар жабылып, ескі кітаптар өртелген, өрттен аман қалғандарын қызығушылық танытқандарға шүлен үлестіргендей ғып таратқан бір науқан өткен еді.
Еліміз бойынша қанша кітапхана жабылғанын тап басып қазір айтып бере алмаймыз, сондай-ақ, қанша кітаптың жоқ болғанын да санау мүмкін емес. Есесіне сол тұстардағы осы бір олқылықтың орны жаңаша бір жақсылықтармен, жаңалықтармен толығу үстінде. Біздің өміріміздегі әдебиеттің орнын, кітаптың орнын ешқандай да қара күш басып ала алмайтынын сондайда бір түйсінесің. «Алтынды тот баспайтыны», «алмас қылыштың қын түбінде жатпайтыны» сияқты кез келген құндылықтың өз деңгейінде әспеттелетін межелі уақыттың болатынын өмір өзі дәлелдеп келеді. Өткен жыл да жақсы кітаптардың, құнды кітаптардың және маңызды кітаптардың адымы ұзаруымен, оқылу жағрапиясы кеңеюімен есте қалды. Кітап арқылы елімізді, халқымызды танытудың мүмкіндіктері туды. Еліміз тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесіне тарту ретінде әлемнің сегіз елінің Ұлттық кітапханаларында «Қазақ әдебиетінің орталығы» ашылды.
Қазақ халқы туралы, оның әдебиеті мен мәдениетінен, салт-дәстүрінен хабардар ететін бұл маңызды жобаның авторы – Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана. Корея, Қырғызстан, Мажарстан, Түркия, Ресей, Финляндия, Армения, Қытай елдерінің кез келген білім қуған жастары еліміздің тарихымен, әдебиетімен, өнерімен және осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімен танысты. Мұндай ақпараттармен интернетте танысудың жөні бір бөлек те, кітапты ұстап көріп, оны қызығушылықпен оқып танысудың жөні бір бөлек қой.
Жоғарыда аталған елдердің маңдайалды кітапханаларындағы «Қазақ әдебиетінің орталығына» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандық жол», «Тарих толқынында», «G-Global – ХХІ ғасырдың әлемі» атты кітаптары, қазақ халқының мәдени мұрасы болып табылатын «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі», «Қазақ халқының өлеңдері», «Қазақтың батырлық эпостары» жазылған CD-дискілер, басқа да бірқатар әдеби кітаптар қойылды.
«Қазақ әдебиетінің орталығы» ең алдымен, Сеул қаласындағы Ұлттық кітапханада ашылған болса, Қырғызстандағы орталық ТМД елдерінің ғылыми және шығармашылық интеллигенциясының ХІ форумы аясында Бішкек қаласында ашылды, – дейді Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы, педагогика ғылымдарының докторы Үмітхан Мұңалбаева.
Дәл осы Бішкек қаласындағы Ұлттық кітапханада ашылған «Қазақ әдебиетінің орталығында» Ү.Мұңалбаеваның «Кітапхана педагогикасы» кітабының тұсауы кесілген. ТМД-ның 25 жылдығы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, ТМД елдеріндегі білім мерекелері тұсында Қазақстан мен Ресейдің мәдени қарым-қатынасы және достығының нығая түсуі үшін Ресей Мемлекеттік кітапханасында ашылған «Қазақ әдебиетінің орталығы» да еліміз үшін маңызды бір оқиға. Жалпы, Мажарстанда, Финляндияда, Түркияда, Армения мен Қытайда ашылған орталықтар да Қазақстан атты іргелі елдің бар екенінен, оның әдебиеті мен мәдениетінен, салт-дәстүрінен хабар беріп, қызығушыларды өзіне тарта түсері сөзсіз.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
Дереккөз: Егемен Қазақстан