Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: ӘДЕБИ КИЛЛЕР
2017 ж. 13 қаңтар
3695
3
Ұлттың қазір Күні де жоқ. Ай да жоқ, Руханият кеңістігін жайлады от; Өртеп жатыр! Өзегінде-қызғаныш, Күншілдердің киллерлері пайда боп...
Дарынсыздар- Арландайын араны, Бетіне алып шықты қиян даланы. Мұқағалидан бастады да, бас салып,, Ұлықбекке дейін итше талады...
Мағжандардың қаны ақса да жосылып, Көрген емес ойындары осылып; Барлық елдің пролетары сықылды, Барлық елдің дәлдүріші қосылып!-
Қара құрттай халтуршиктер-соңында. Кім болса да таптап өтпек жолында; Бір-бір киллер жалдап алып мәз-мәйрем, Қалам емес,-қара пышақ қолында...
Менің-дағы қоймай... қазып түгімді, Тыныштықбекке күрек ала жүгірді; Халық - қалды... Қара тобыр - алдында, (Қарабет боп) - соған келіп жүгінді...
Бір кездері қарасудай тулаған, Сәкенді де, Әкемді де... улаған; Түсі таныс, Дауыстары қарлығып: "Халық жауы-Мағжан!" деп шулаған...
Қолға қалам алған, інім, байқашы, Ғұмыр бақи бітпейтұғын шайқасы; Әдебиет - Сонау атамзаманнан, Моцарт пенен Сальеридің айқасы...
Серік Ақсұңқарұлы