Жазушылық ұлылығына қарамастан тірлікте өте қарапайым еді...
2017 ж. 10 қаңтар
3731
0
Серік Қирабаев, ҰҒА академигі
Күзде опера мен балет театрында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Төлеген Тоқтаров» атты операсы қойылды. Ол кезде жаңа спектакльдерді Қазан төңкерісінің жылдығына арнап қою салты болатын. Студент достарыммен бірге, таласып-тармасып театрға, премьераға бардық. «Таласып-тармасып» деп жатқаным – онда театрға кісі көп баратын. Билет табылмайтын. Әсіресе, премьераларға билет алдын-ала сатылып қойылатын. Біз де ертерек билет алғанбыз. Сол театрда алғаш рет Мұқаңды кезіктірдік. Қасында Сәбит пен Ғабиден бар. Сәбитті алдында өткен жас жазушылардың кеңесінде, одан бұрын Мәжит Сейфуллинмен бірге Жазушылар одағында көргенім бар. Бәрінің де суреттерін кітаптарынан көргенбіз. Көзіміз қанық. Сонда да өзін көрудің жөні бөлек қой. Көзімізге оттай басылды. Оның үстіне Мұқаңның тұлғасы, бас бітімі таңырқатпай қойған жоқ. Оларды біз сырттай тамашалап тұрғанда үшеуі екінші қабатқа көтеріліп кетті. Осы кезде алақтап біздің бір жолдасымыз келді де: «Мұхтар мен Сәбит жүр дейді, көрдіңдер ме, қайда?» деп сұрады да, біздің жөн сілтеуімізбен екінші қабатқа жүгіре жөнелді. Қолындағы шылымын да тастамапты. Екінші қабатта шылым шегуге болмайды екен, кезекші оны ұстап, айып алыпты. Кейін біз оған «Мұхтар мен Сәбиттің көрімдігі ғой» деп күлгенбіз. Үзіліс кезінде астыңғы вестюбльдің кең алаңында айналып, қыдырыстап жүрген үшеуінің артынан ере, әңгімелеріне, қалжыңдарына құлақ түре, біз де жүргенбіз.
Соның артынша кешікпей біздің студенттер жатақханасында КазГУ-де Мұхтар Әуезовпен кездесу болады екен деген хабар тарады. «Абай» романының екінші кітабы шығып, жаппай оқып жатқан кезіміз. Соған бардық. Ол кезде КазГУ мен КазПИ қатар, қазіргі Қазыбек би көшесінің бойында (26, 28-үйлер) болатын. Кездесу екінші қабатта, 24-аудиторияда өтті. Халық сыймай кетті. Ел көрші аудиторияға кіріп, екі бөлменің арасындағы қабырғаның жоғары жағындағы терезеден қарап тұрып тыңдады. Мұқаң ұзақ сөйлеп, романның жазылу тарихына, өзінің Абай өміріне қатысты деректерді жинау жолына тоқталды. Әлем әдебиетіндегі тарихи адамдар, әсіресе, ақындар жөнінде жазылған романдар жөнінде әңгімелеп, олардың жетістіктері мен олқылықтарына тоқталды. Өзінің Абайды таныту концепциясы туралы айтты. Кейін жазушының «Абай романының жазылуы жайынан» атты мақаласын (1955) оқығанда еске түсті – сол мақаланың сүрлеуін Мұқаң бізге сол кеште айтқан екен. Роман да, оның авторы да, айтқан әңгімесі де ұмытылмастай әсер қалдырды.
1947 жыл – Мұқаң өмірінің ең бір ауыр жылы. 1946 жылғы партияның Орталық Комитетінің «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы» қаулысының жаңғырығы Қазақстанға да жетіп, қазақ жазушылары шығармаларынан саяси қателіктер іздестіріле бастаған. 1947 жылдың бас кезінде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы» деген қаулы қабылдады. Мәдени мұраға сын көзімен қарамағаны, өткенді дәріптегені үшін деп, көп адам таяқ жеді. Соның алдыңғы легінде Мұқаң болды. Оның «өткендегі қателіктері» қазбаланып, еске алынды. «Социалистік Қазақстан» газетінде Сақтаған Бәйішевтің «Профессор Мұхтар Әуезов өткендегі қателердің шырмауында» деген мақаласы басылды. Жазушының тарихты жазуға құмарлығы, бүгінгі заман тақырыбына елеулі шығарма бермегені кінә боп тағылды. Сол жылы елуге толған жазушының туған күні де аталмай қалды. Осындай ауыр таяқ астында жүрген жазушыға «Абай» романының шығуы, оған оқырман қауымның жылы ықылас танытуы үлкен демеу еді. Партиялық басшылықтың көзқарасына қарамастан, жазушы беделі халық арасында арта түсті. Оның үстіне роман орыс тіліне аударылып, одақтық көлемде үздік бағаланды. Атақты орыс жазушылары (А.Фадеев, Б.Горбатов, В.Иванов, т.б.) жылы лебіздер білдірді. 1949 жылы жазушыға бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлық (кейін Мемлекеттік сыйлық болып өзгертілген) берілді. Романның сыйлық алуына арналған Алматыда, филармония залында үлкен жиналыс өтті. Онда Мәлік Ғабдуллин баяндама жасады. Жиналыс соңында Мұқаң сөз сөйледі. Романның жазылуы мен Абай өмірінің деректері, оны пайдалану жолдары жайында ұзақ әңгімелеп, ол өз еңбегін бағалаған партияға, Сталинге рахмет айтумен аяқтады. Бұл – бір жаңалық болды. Бұған дейінгі жазғандары мен сөйлеген сөздерінде партияға, оның көсемдеріне сөз арнау Мұқаң әдетінде болмайтын. Ол – басшылыққа елпілдеп, қошамет сөз айтпаған жазушы. Сөз Сталинмен басталып, Сталинмен аяқталатын заманда Мұқаңның мұндай мінезі қыңырлық, іштей жаңа өкіметті қолдамауы деп саналатын, оның басынан таяқ кетпегені де осыдан. Осы әдетті Мұқаң бүгін бұзды. Жазушының жазғандарын оқыған, сырын түсінетін адамдар (Айқын Нұрқатов екеуіміз бірге отырғанбыз) тағы да айтпай кетер ме екен деп қипыжықтап отырды. Жұрт разы боп қалды. «Кеңес өкіметі бәрін беріп жатыр ғой, қасарыса беріп қайтеді?» – деп ойладық біз де. Дуылдап қол соғылды. Бірақ Мұқаң сөзінің бұл бөлігін созбай, езбей, «рахмет!» деген бір ауыз сөзбен қысқа қайырды. Төгіліп-шашылған жоқ.
1946-1947 жылдардағы қаулылардың, партияның идеологиялық саясатының салқыны қоғамды билей бастады. «Абай» романын мақтағанмен, жазушының басқа еңбектеріне сын көбейді. Әсіресе, ғылыми-әдеби фольклорлық зерттеулері жөнінде іліп-тартқан мақалалар жиіледі. 1948 жылы «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы Мұқаң редакциясымен шығып еді (фольклор бөлімі), ол қатты сыналып, қолданудан шығып қалды. Мұның аяғы 1950 жылы «Правданың» «Қазақстан тарихы маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаласына ұласып, жазушылар мен әдебиетші, тарихшы ғалымдардың бір тобы қуғынға ұшырады. Мұқаңның бұл тұстағы өмірі, Алматыдан пана таппай Мәскеуге кеткені, Мәскеу университетінде сабақ бергені елдің көбіне мәлім.
Елуінші жылдардың басында Жазушылар одағы маңында (Қазақтың көркем әдебиет баспасы, «Әдебиет және искусство» журналында) жұмыс істеуім менің белгілі аға жазушылармен танысуыма, әдеби-сыншылдық еңбегімді дамытуға едәуір көмектесті. Сонда Мұқаңды да жиі көретін едім. Ол кісі одақтың президиумы жиналысына келеді, әдеби талқылауларға қатысады, бәрінде де белсеніп сөйлейді. Түйінді сөзді елдің сол кісіден күтетінін біледі.
Осы жылдары менің байқағаным – Мұқаң әдебиетке келген кейінгі жастардың жазғандарын оқып қадағалап жүреді екен. Оларды әпербақан сыннан қорғаудан да ол бой тартқан емес.
Қ.Шаңғытбаев, С.Сейітов, Қ.Жармағанбетов шығармаларын талқылау кезінде ол жас ақындардың (сол тұстағы) өлеңдерінен саяси қате іздемей, таза көркемдік баға беруге тырысты. Алайда, партия нұсқауына сәйкес туған әпербақан сын бой бермей, адал пікірлерді басып кететін.
1953 жылы Айқын марқұм екеуіміз Жазушылар одағына мүшелікке өткенде, Мұқаң бізге ықылас танытты. Сонда біздің алғашқы мақаларымызды оқып жүргенін, келешегімізден үлкен үміт күтетінін айтып, одаққа қабылдауды қолдайтынын білдірген. «Айқын мен Серіктің басқа жанрға жалтақтамай, таза сынмен айналысқаны маған ұнайды. Өскен әдебиетте әр жанрдың өз маман кадрлары болуы керек. Есмағанбет, Қажым, Бейсембайлар сыннан алыстап жоғары мектепке, ғылымға кеткен кезде, мұндай кадрлар бізге қажет» деп сөйлегені есімде.
Мұқаң осы ықыласын 1954-1955 жылдары өсек-жалалардан құтылып, әдеби-ғылыми қызметіне қайта оралған тұста да танытты. Осы кезде Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтында Қазақ кеңес әдебиеті тарихының очерктерін жазу күн тәртібіне қойылды. 1949 жылғы Қ.Жұмалиев редакциясын басқарып шығарған очерк сынға ұшырады да, енді жаңа дәуір әдебиетінің жолын ғылыми қорытындылайтын жаңа еңбек жазу қажет болды. Очерктің бас редакторлары етіп Мұқаң мен Сәбеңді (Сәбит Мұқанов 1954 жылы Академияға толық мүше боп сайланған) бекітті. Ұйымдастыру жұмыстарын институт басшылығымен бірге Мұқаң жүргізді. Әдебиетші ғалымдарды жинап, очерктің проспектін талқылап, әр тараудың авторларын, материалдарды тапсыру мерзімін белгіледі. Сонда Мұқаң сол кезде сынмен айналысып жүрген Тәкен Әлімқұловты, Тахауи Ахтановты, Айқын Нұрқатовты, Мұқаш Сәрсекеевті, мені – очеркке авторлыққа тартқан еді. Маған Ғабиден Мұстафин шығармашылығы туралы тарау жазу тапсырылды. Тарауды жазу үстінде Мұқаңмен ақылдасып, бір-екі рет оңаша кездескенім де бар. Ол Ғабиден шығармаларын жақсы білетін, ол жөнінде пікір айтып жүретін еді. Ғабиден елуге толғанда «Литературная газетаға» мақала да жазған. Сондықтан, менің Ғабиден туралы жазғандарыма Мұқаң көп ақыл қосты. Очерктің жазылуы созылып, ол тек 1958 жылы ғана жарық көрді. Ал, мен өз тарауымды толықтырып, жеке кітапша етіп 1956 жылы бастырып жібердім. 1957 жылы ол орыс тілінде шықты. Мұқаңның маған деген мейірімі, ықыласы кейін де жалғасып, ұлы талантқа деген менің сүйіспеншілігімді оятты. 1956 жылы мен «Спандияр Көбеевтің әдеби қызметі» атты кандидаттық диссертация бітіріп, соған оппонент болуын өтініп барғанымда, «Пәлі, болам, болмағанда ше; әдебиетке, сынға араласып жүрген бірқатар жас жігіттер – анау Төкен, анау Тахауи, анау Зейнолла (бәрі де сыннан бастаған ғой), – бәрің де кандидат болуларың керек, ғылымға араласу керек» деп зор ілтипатпен қарсы алғаны есімде. Сонда ол очерк жазуға тартқан авторларын енді ғылымға баулуды ойлаған екен ғой. 1956 жылдың күзінде қорғалуға тиісті менің диссертациям, сол кезде Жоғары Аттестациялық Комиссияның ережесіне бір өзгерістер кірді де, жаңа жылдың басына қарай ауысып, 1957 жылдың 5-қаңтарында қорғалды. Ол кезде Академияның бүкіл қоғамдық ғылымдар бөлімінде бір-ақ диссертациялық кеңес болатын. Төрағасы – вице-президент С.Бәйішев, орынбасары – институт директоры І.Кеңесбаев. Мен осы кеңесте қорғадым. Мұқаң бірінші оппонент болды. Сонда сөйлеген өзінде ол менің сыншылық еңбегіме айрықша тоқтап, мына диссертация сол еңбектердің заңды жалғасы деп, әрі қарай жалғастырып алып кетіп еді. Осылардың бәрінде ұлы жазушының кейінгі жастардың еңбектерін қарап, кімнен не күтуге болады деп байқап жүретіні анық еді.
Диссертация қорғаған соң, мен Мұқаңды үйіме қонаққа шақырдым. Ол кезде Мұқаң Төлебаев көшесіндегі жаңа үйіне көшкен болатын. Бұрын да екі-үш рет барғам. Мұқаңа диссертациям мен кейбір басылған еңбектерімді апарғам, жазған пікірін алғам. Мұқаң ерте тұрып, 7 мен 8-дің арасында далада қыдыратын да, жас ғалымдарды, аспиранттарын сағат сегізден тоғызға дейін қабылдайтын. Тоғызда таңертеңгі асын ішіп, жұмысына отыратын. Есікті өзі ашатын. «Ешкімді де жұмсамаймын. Өйткені қонақ маған келеді ғой» дейтін. Өзімен бірге есіктің алдында Дос деген иті тұратын. Маған әуелі барғанда, «7-де келсең, қораның ішінде болам, сегізден соң келсең, есік қақ» деген. Қаңтардың бесінде, қорғаған күні үйде ере келген жора-жолдастарым болды да, ертеңіне Мұқаңды шақыруға бардым. Ол кезде қазіргідей алдын-ала, бір жеті, он күн бұрын шақырып қою салты жоқ. Шақырып келіп, қой сойып, сол күні де қабылдай беретінбіз. Ерте тұрып, сағат жетіден өте Мұқаң үйіне барсам, өзі қорада жүр екен. Әуелгі үй салған кезде Мұқаң қоршаудың іш жағынан жағалай екі қатар плита төсетіп, соны айналып қыдыратын еді. Бір жолы мен ерте барғанымда, көрсетіп, осыны бірнеше рет (санын атап еді, ұмыттым) айналып жүретінін айтқан. Сол әдетімен жүр екен. Сәлемдескен соң, «Мұқа, кеше жора-жолдастарым еріп жүрген соң, мазаңыз болмай ма деп шақырмап едім, бүгін әдейі шақыра келдім, кешкі сағат алтыда біздің от жаққан жерімізді көріп, шай ішіңіз» – дедім. Мұқаң ықыласпен қарсы алды. «Бәрекелді, барамыз, Валентина Николаевна екеуіміз» – деді. Мен адресімді беріп, сол мезгілде сыртта күтетінімді айттым.
Мұқаңның ерекше бір қасиеті – уәделі жерге дәл келетіні еді. Бұрын да кешікпей жүретінін көргем. Бұл жолы да дәл алтыда келді.
Мұқаңмен өткен сол кеш тек ішіп-жеудің, арақ ішудің кеші емес, әңгіме-дүкен құрып, ғибрат боларлық өнегесі мол кеш болған еді. Оған Ісмет Кеңесбаев, Нұрымбек Жанділдин (ол Орталық Комитеттің бөлім меңгерушілігінен босап, Ғылым Академиясына философия мен құқық секторын басқаруға келген), Қали Қайшыбаев (партия қызметкері), Зәки Ахметов (менің екінші оппонентім), Ислам Жарылқапов (менің жерлесім, ол кісі асаба қызметін атқарды) сияқты аз ғана топ қатысты. Жұрттың бәрі Мұқаң аузына қарайды. Ол кісі қонақты кешті ішіп-жеуге арнамай, мәдениетті дем алуға айналдыру керектігі жайлы айтып отырды. Европаның қонақ күту дәстүрінің жақсы жақтарын қабылдап, оны ұлттық дәстүрмен байланыстыру керек. Қазақтың қонағы тек ішу мен жеуден, былапыт арақ ішуден тұрады, оның өзі адамды шаршатады, ауырлатады. Мәдениетті жұрт сөйлегенде «господа, дамы» деп бастайды. Осыны да қабылдау керек. «Мырзалар», «арулар» десе, қандай жақсы. Әсіресе, Зия, Әлия сияқты әдемі жас келіншектерге «ару» деген сөз қандай жарасады (Мұқаң жас келіншектерді қошаметтеп, мақтап отырғанды ұнататын. Зия мен Әлия аттары аталғанда, қысылып қалғаны есімізде), «ару» деген сөзді кексе әйелдер де жақсы қабылдайды, оларға да ұнайды» – дей отырып, сөзінің аяғын тостыға айналдырды. Отырған арулардың саулығы үшін ішіп қоюды өтінді. Арасында әзіл-қалжыңдар айтылып (оны бастайтын Ісмет ағай), әдемі де сыпайы өткен кеш болып еді. Кетерде Мұқаң жақсы кеш болғанын, дем алғанын айтып, бірге өткізген азаматтарға ризалық айтты. Бізге Әлия екеуіміздің аттарымызды атап тілек білдірді. Асыл ағаның ақ тілегі қабыл болған болар – кейінгі өміріміз жаман өткен жоқ.
Бұдан кейін де менің Мұқаңмен дастарқандас болғаным бар. Мұқаңның қонаққа кешікпей дәл уақытында келетінін, үй иесіне, дәмдес жолдастарына жылы сөз айтып, кең отыратынын сол тұста да байқадым. Бірде Ғазиза Бисенованың (Кейін Ғабитке тиген) үйінде бірге болдық. Көп жыл өзіне машинистка болған осы кісінің үй алуына Мұқаң көмектесіпті. Сейфуллин – Виноградов көшелерінің қилысындағы екі бөлмелі пәтеріне Мұқаң мен Валентина Николаевнаны шақырып, Ғазиза апай рахмет айтты. Ғазизаның сіңілісі Ғафураның жолдасы Жиенбек Рсалдин маған жерлес, жолдас еді. Солар арқылы араласып жүретінбіз. Мұқаңмен бірге біз Жиенбек екеуіміз ғана (әйелдерімізбен) болдық. Сол кеште де Мұқаң Ғазизаны, оның үйін мақтап, қошамет жасап отырды. Ара-арасында бізді де еске алып қояды. Ғазизаның үйін, бөлмелерін, балконын аралап көріп мақтағаны есімде.
– Ой, какой балкон! Валя, смотри какой большой, просторный балкон! – деген қошаметін естіп, Жиенбек екеуіміз күлгенбіз.
Бір жолы Ғабиденнің үйінде дәмдес болғаным бар. Онда да Мұқаң көңілді әңгімемен жұрт назарын аударып отырды, үзіліс кезінде Ғабит пен Ғабиден карта ойнауға отырғанда Мұқаңның ренжіп:
– Пәлі, бұлар сөйтеді енді... Өнбес іске жандары құмар. Мәдениетті ортада әдебиет, өнер жайында әңгімелер айтып, ақындары болса, өлең оқып отырмас па! – дегенін естігем. Ғабит пен Ғабиден картаға шақырып, ойынды мақтап, Мұқаңды «Сіз бізді ұтып аласыз» деп алдарқатқанда да Мұқаң көнбеді:
– Білем сендердің қулықтарыңды. Бірдеңе ұтқызған болып, артынан алдап ұтып алатындарыңды, – деді.
Сондай бір оқиғаның болғанын өздері күліп еске алысты. Мен ол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінде әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі болып істейтінмін. Газетте Мұқаңның шығармаларынан (жазылып жатқан «Абай жолы» романынан) үзінділер, өзі туралы творчестволық очерк жарияладық. Жазушылармен байланысымыз жаман болмайтын. Елуінші жылдардың бас кезінде газет зиялы қауымның атына артық-кем сөздер айтып, олардан қол үзіп қалып еді. Мен әлім келгенше осы қарым-қатынасты қалпына келтіруге тырыстым. Жазушылардың жаңа шығармаларын беріп тұрдық. Осы газет бетінде сынға көп ұшыраған Әбділда Тәжібаев әуелде мен хабарласып, жаңа шығармаларын сұрағанымда, өкпесін айтып біраз шамданды да, кейін сабасына түсті. Оның Пушкин үлгісімен жазған шағын трагедияларының бір-екеуін басқанымыз есімде. Осылардың қатарында Мұқаң да газетке таянып, жиі хабарласып тұрды.
1957 жылы Мұқаңның «Еңлік-Кебек» атты пьесасы кезекті бір өңдеуден өтті де, қазақ драма театрында қойылды. Осы пьесаның қойылуы республиканың мәдени өміріндегі үлкен бір оқиға болып еді. Неге екенін білмеймін, Орталық Комитет те оған ерекше көңіл бөлді. Комитет хатшысы Н.Жанділдин қорытынды репетицияны барып көрді. Олардың ыңғайымен біз де жүгіретінбіз. Мен күнделікті репетицияларға да қатысып жүрдім, қорытынды репетицияға да бардым. Мұқаң ерекше сергек, көңілді жүрді. Мен оны репетицияға барған сайын кездестіретін едім. Театрдың ұлы шеберлері (Қалибек, Қапан, Серке, Елубай, т.б.) тұтас кезі ғой, олар да спектакльді жақсылап шығаруға күш салды.
«Еңлік-Кебек» Мұқаңның ұлы шығармаларының бірі ғой. Ол бір ғасырға қызмет етті. Заман өткен сайын әр сөзі жаңаша естіледі, ел мұңы, халық трагедиясы әрқашан жаңаша жаңғырығып еске салынады. Сол күндері сондай бір оқыс оқиғаның куәсі болғанымды да айта кетейін.
Премьера екі күн бойы жүрді. Бірінші күні республика басшылары келе алмай қалып, екінші күні Орталық Комитеттің бюро мүшелері түгелге жуық келіп көрді. Мен екінші қатардың шет жағында (директордың кабинетіне шығатын есік аузында) отырдым. Бәрі де кәукілдесіп, Еңлік пен Кебектің, Есеннің мінез-құлқын әңгіме етіп, күлісіп отыр еді, бір кезде сахнаға Абыз шықты да атақты монологын айта бастады.
– Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер, аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер, – деп бастаған Қаллекей (Қалибекті жұрт солай атайтын) бірте-бірте сахнаның алдына таянып, бірінші қатардағы ел басшыларына төніп келіп: – Бәріңнің де нәрің жоқ, елім қайтіп күн көрер?! – дегені.
Тебіреніп, тепсініп тұрып, қадалып айтты. Біз қорқып кетіп, бұғып қалдық. Бірақ орнын тауып айтылған сөз, ретін келтірген ұлы актер істерін істеп кетті. Абыз халық көкейіндегіні айтқан, Қаллекей оны қалай жеткізді – көрермен мең-зең. Жұрт ду ете қалды, ұзақ қол шапалақталды. Ұлы шығарма қашанда бүгінгіше естіледі деген осы да.
Осындай мәңгілік сарын Мұқаң шығармаларының көбіне-ақ тән еді. Ол кесек, кең масштабта ойлайтын. Драмада ол Шекспир ұстанған ұлы мұраттарды жырлады. Эпос кейіпкерлерін тірілтіп, аңыздан өмір үшін, адам бақыты үшін күрескен қайсар тұлғаларды ашты. Тіпті, сахнаға шығып үлгермеген «Дос – бедел достың» өзінде де сахнаның тар шеңберіне сыймастай тарихтың кең бейнесі танылатын. Мұнда жазушы XX ғасырдың қайшылықты тарихын басынан кешкен адамның көзімен заман өзгерістерін бейнелеуге тырысты.
Ол ескі сүрлеумен жүрмеген, ылғи жаңадан жол салған жазушы еді. «Абай жолы» романын қалай жазғанын, жаңалығын өзі де айтқан. Зерттеушілер де жазып жүр. «Қилы заман», «Қараш-қараш та» әр дәуірдің кесек туындылары. «Өскен өркенде» де ол өз заманының ұлылығын ашуға ұмтылды.
Мұқаң жазушылық ұлылығына қарамастан, тіршілікте қарапайым, кішіпейіл адам еді. Менмендігі, астамшылығы болмайтын. Кейде алды тар, әңгімені еркін айтуға мүмкіндік бермей, адамды жасқап отыратын бір пенделер болады. Мұқаң олай емес-ті. Онымен еркін, қысылмай әңгімелесуге болатын еді. Ол кім болса да өзімен тең санап, тең сөйлесетін. Тек қытығына тиіп алмасаң болғаны. Қытығына тисе, мұрнын жұлқып, ашуланып, қап-қара боп түнеріп кететін, кейде қатты сөздер айтып тастауға да баратын. Елуінші жылдардың айтыс-тартыстарында оның мұндай мінезін де көрдік. Өзін сыйлай білгенге құшағы кең, мейірімі мол еді. Үйіне барғанда, есігін қиналмай ашып, «бәрекелді, жақсы келдің» деп қарсы алатын. Сөзге сенгіштігі сондай – кейде бала мінезді болатын. Кім бұрын барып айтса, соның айтқанына сеніп, кейін барған оның қарсыласына қырын қарап отыратын кезі де болатын. Бірақ жаны күймей қатты сөз айтпайтын. Сыпайы, мәдениетті, боқтау дегенді білмеген кісі. Ең қатты айтқаны (өзінің бір қарсыласы боқтағанда): «өзіңнің барлық боқтық сөздеріңді өзіңе қайтардым» дегенін естігенбіз.
Бір кеште қонақта көңілді күйдегі Мұқаң әріптестері мен келіншектерді мадақтап, мақтау сөздер айтып отырады. Солардың ішінде өзіне тете сыйлас інісі С...нің әйелі Ж...ның атына да қошамет сөздер айтыпты.
Сөйтіп мақталған келіншек оқыс бір сұрақ қойып, Мұқаңды ашуландырып алыпты. Мұқаң қап-қара боп түнеріп, кешікпей қайтып кетіпті. Бұған мазасынданған үй иесі ертеңіне таңертең телефон соғып Мұқаңның көңіл-күйін сұрағанда, ол:
– Пәлі, ол – өзі бір дөкір , әйелдік сыпайылығы, нәзіктігі жоқ, еркек сияқты адам. Мұрт қойса, Әбдіғали Сариевтен (сондай бір халық ақыны болған) аумай қалар еді, – депті.
Бұл да бала мінезді Мұқаңның сезімталдығын, тез өкпелегіш, тез жазылғыштығын көрсетеді.
Мейірімі мол Мұқаң қатар жүрген адамдардың орынсыз ренжімегенін қалайтын. Ондай бола қалса, жұбатуға тырысатын. Аққал Қалыбаева (Хасенова) докторлық диссертация қорғап, құлап қалғанда Ахмет Жұбанов бастаған бір топ адамдарды ертіп барып жұбаныш айтқанын көргенбіз. Диссертация қорғау сәтсіз аяқталып, ел тарай бастағанда, Мұқаң біраз адамды тоқтатып:
– Жүріңдер, Аққалдың үйіне барайық. Жайған дастарқаны бар, өзін жалғыз жіберу әрі ұят, әрі обал ғой, – деген.
Сол кеште ол:
– Қорғау деген де бір қара жарыс. Сен озып келдің. Бірақ бәйге бермеді, не істейсің, тағдыр солай, – деп сөз сөйлеген.
Шешен, тапқыр, ойлы сөйлейтін. Тіл заңын еркін меңгергені сондай, кейде сөз жасап тұратын. Орысшасы да сондай болатын. Бірақ бүкіл ойлау жүйесімен қазақ еді. «Орысша жақсы білесіз, неге орысша жазбайсы?» деген сұраққа:
– Пәлі, орысша жазу үшін орысша тіл білу жеткіліксіз. Орысша түс көру керек. Мен ылғи түсті қазақша көремін, – деп жауап берген.
Жай сөйлегеннің өзінде бейнелі сөздерді көп қолданатын.
Ғабитке бір ашуланғанда:
– Өй, сен өзің, бұзаулай алмай жатқан сиырша ыңыранасың да отырады екенсің, – деген.
Шәкен Аймановқа бір ренжігенде:
– Өй, сен өзің, бет-аузың өгіздің әукесіндей болып ... – деген сөздері ел есінде.
1955 жылы қазақ жазушылары мен журналистерінің бір тобы шетелден келетін бір делегацияны қарсы алуға жиналды. Күн демалыс еді. Зейнолла Қабдолов («Әдебиет және искусство» журналының редакторы) екеуміз (мен «Пионер» журналында редактор) елуге толған Әбу Сәрсенбаевтың үйінен шығып, бардық. Аэропортта Мұқаң бастаған біраз адамдар жүр екен. Шетел қонақтарын күту дәстүрі қалыптаса қоймаған кез ғой, неге екенін білмеймін, Мұқаңның қолына гүл дестесін ұстатып қойыпты (кейін оны қыздар тапсыратын болды ғой). Мұқаң оны басын төмен салбыратып ұстап тұр екен. Кенет үкімет адамдары шыға келді. Басшысы – Қазақстан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Төлеген Тәжібаев. Төкең Мұқаңның қолында басы төмен салбырап түрған гүлдестені көрді де:
– Мұқа, ұстап тұрғаныңыз сыпырғыш емес қой, – деп қатқылдау ескерту жасады.
Мұқаң шарт ете қалды:
– Өй, сен өзің, аузын шымшып тіккен қап сияқты, тырсыясың да тұрады екенсің! – деді.
Мұқаңнан қалған мұндай ұтымды сөздер көп. Бірде Мұқаң бір себептермен шақырған үйге кешігіңкіреп келеді. Келсе, төрдегі орынның бәріне ел отырып қойыпты. Қарапайым чиновниктер жазушы келді деп ысырылып орын ұсынбапты. Мұқаң төмендеу отырып қалыпты. Үй иесі бұған қысылыңқырап:
– Мұқа, төмендеу отырып қалдыңыз-ау! – деп, бір жағы бұған, бір жағы қонақтарға қарап жалтақтағанын көрген Мұқаң:
– Уақасы жоқ, қарағым! Мен отырған жердің бәрі төр ғой, – деп жұбатыпты.
Бірде мезгілсіз қайтқан жас адамның үйіне барып отырып, әке-шешесіне:
– Өлім арсыз ғой. Көрінбей келіп ұрады. Жас адамды аямайды. Егер көзге көрінсе, қолыма түссе, мен оның осы арсыздығын айтып, бетін шиедей қылар едім, – деп көңіл айтқан.
Мұқаң – өмірі қанша күрделі, ауыр жағдайда өтсе де, бақытты өмір сүрген адам. Әсіресе, елуінші жылдардың екінші жартысынан бастап, бұрынғы қиындықтардың бәрі артта қалып, шалқып бір жүрді-ау жарықтық. Шығармалары шет ел тілдеріне аударылды. Өзіне сенім көрсетілді. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Лениндік сыйлық алды. Мәскеуде Лениндік және мемлекеттік сыйлықтар комитетінің тұрақты мүшесі болды. Шет елге шықты. Онда Кеңес жазушылары атынан сөздер сөйледі. Өзі де творчестволық бабында, шаршамай, қажырлылықпен еңбек етті. Қазақстан ғылымы мен Жазушылар одағы Мұқаңа сүйенді, соның беделін пайдаланды, өзін алға ұстады. Ол әдебиеттің қамқоры бола білді. «Қазақ әдебиеті тарихының» көп томдығын дайындау, «Әдеби мұра және оны игеру» атты конференциялар Мұқаң бастамасымен, басқаруымен өтті. Азия, Африка жазушылар қозғалысына белсене қатысты. Қазіргі өз атындағы Әдебиет пен өнер институтын Тіл білімі институтынан бөліп алып, оның штатына шейін ойластырып еңбек етті. Жақсыға әсерленгіш жан еді, халық, ел сенімін ардақтады. Жүзі нұрға бөленіп, өмірден рахат тауып жүрген кейпі әлі де көз алдымызда. Оның мейірімі, адамға деген ықыласы, қолпаштау сөздері жалпақшешейлік емес, байсалды, ұстамды тілектестіктен туатын. Осылар оның адамдық келбетін де айқындады.
Ұлы жазушы біздің көз алдымызда Ұлы адам болып та қала береді.
qazaquni.kz