Ибрагим ИСА: Бұл жалғанмен қоштасар күн келеді
2017 ж. 10 қаңтар
4195
0
2017 жылдың 7 қаңтарында қазақтың аяулы ақыны Ибрагим Иса 68 жасқа толар еді. Ақынның осынау ғұмырда жазып кеткен өлеңдері бүгінде оқырманның үлкен сұранысына ие. 2017 жылдың қаңтар айында "Өнер" баспасынан жарық көреді деп жоспарланған "Талғам таразысы" кітбынан ақынның бір топ өлеңін назарларыңызға ұсынамыз. Аталмыш өлеңдер бұрын-соңды ешбір жерде жарияланбаған. Бұл ақынның ең соңғы өлеңдері. Ақынның бұл өлеңдерін жинастырып, бізге ұсынған әулетіне зор алғысымызды айтамыз.
* * *
Жүрегімде жазбаған толғаныс көп, Соның бәрі жүреді қорғаныш боп. Бір сәттілік, білемін, болатынын, Мен өзімді жүремін алдан іздеп. Талпынсам да қаншама, бұрын маған Күндерім көп, мойыны бұрылмаған. Қондырсам деп ойлаймын ұясына, Арманымды талай жыл шырылдаған. Жоғалған жоқ үмітім бойымдағы, Туған да жоқ оңынан Айым да әлі, Қалмаса екен тұншұғып деп ойлаймын, Осынау бір тіршілік ойымдағы. Отырғам жоқ қарап мен жер ошаққа, Үміт үзбей қараймын болашаққа. Мен биікте тұруға тиістімін, Ей, өлеңім, сен мені аласартпа!* * *
Өзіме өзім кей-кейде бал ашамын, Тыңда, кәне, ей менің болашағым! Сүйікті ұлын ел қалай көтергенін, Биіктігін көресің аласаның. Жүрегінен халқымның жарық табам, Бұл сөзімді көп ойлап анықтағам. Бұған дейін еш жерде жолықпаған, Өлең деген ақ құсым қалықтаған. Баптап-баптап құсымды енді ұшырдым, Қанатының талмасын сол құсымның Сездім дағы, алаңсыз сендім бүгін, Қонатының басына енді шыңның. Құсым менің, еңсемді түсірмегін, Бұған дейін мен сені түсінбедім. Самғайтұғын уақыты келсін дедім, Түсін мені, аяулы құсым менің!* * *
Кезе берме, ей ақын, Қиялыңмен қияңды. Жазылмайды қанатың, Жаза алмасаң ұяңды. Ағайының, досыңды, Не ғыласың құр мақтап. Өлең сенің қасыңда, Ұшып, қонып жүр қаптап. Олар сенен қашпайды, Жақсыларын қал ұстап. Ұстай алсаң ұшпайды, Ұшса кетер алыстап. Келеді ол шақырсаң, Қонады ол ұяңа. Өзің баптап ұшырсаң, Қалықтайды қияға. Орындалсын тілеуің, Ұшсын жырың алысқа. Ұшырдың ба біреуін, Ал, біреуін тағы ұста!ҮМІТ
Жүргеннен соң адам боп өмірге кеп, Орның да, жүретін жолың бөлек. Келетұғын күніңе сенім керек, Өкінбе, дос, қаншама өкінгенмен, Кетпейді одан өмірің көңілді боп. Саяз болар кезі бар, тереңнің де, Үміт әсте қашпайды сенен мүлде. Үміті бар, көруге соқырдың да, Үміті бар, естуге де кереңнің де. Шаршағанда дұшпаның басынғанда, Таяқ жейтін кезің бар досыңнан да Қайратың мен айбатың оянады, Үмітің мен сенімің қосылғанда, Арман деген асау ат теуіп кей күн Кетсе де, үміт – жуас ат үрікпейтін. Үміт қана жібітіп жібереді, Жүрегіңді ешкім де жібітпейтін. Түскен кезде қандай бір басқа қайғы, Арманың мен сенімің дос бомайды. Тұрсаң дағы ажалдың ауызында, Үміт жалғыз сені әсте тастамайды. Уақыт бітсе, уақытты кім береді, Бұл жалғанмен қоштасар күн келеді. Мәңгілікке жүрегің тоқтағанда, Өзіңменен үмітің бірге өледі.ҰҚСАСТЫҚ
Талай уақыт, заман кетті өтпелі, Біз білмейтін құпиялар көп тегі. Бір-бірінен айнымайтын батырлар Шығып жатыр жұлдыздардай көктегі. Бір-бірінен айнымайды пішіні, Бір-бірінен айнымайды мүсіні. Қайдан алып, салып жатыр демейді. Суретшілер, мүсіншілер осыны. Тірілермен сөйлеспейді өліктер, Тек солардың салғанына сеніпті ел. Суретші мен мүсіншілер бұл күнде Болды нағыз данышпан мен көріпкел. Ойлай ма олар, батыр да адам екенін, Батырлар да ұлы осы өлкенің. Осы – сол деп келе жатыр ұсынып. Өздерінің құрастырған ертегін. Е, сол болса, сол шығар деп сенеді ел, Батырларға толды қазір төбелер. Атқа мініп, шығып жатыр тіріліп, Дулыға мен сауыт киген денелер. Қымбатымыз көп қой біздің жоғалтқан, Соғыссыз да талай бейбіт таң атқан. Миллиардтаған бет-пішінін адамның, Бір-біріне ұқсатпаған жаратқан. Жаратушы неткен шебер деп кейде, Қиялыммен ой жіберем өткенге. Батырларды бір-біріне ұқсатпай Салуға да қазір ақыл жетпей ме? Ұрпақтарға болу үшін өнеге, Батырларды тұрғызамыз төбеге. Мұның бәрі бір адам ғой демей ме, Ертең біздің немере мен шөбере. Олар бізден ақылдырақ болса егер, Ескерткіштер жасар, мүмкін, ел сенер, Сонда біздің талғамымыз бүгінгі, Ақымақтың деңгейімен өлшенер. Қанша алға ұмтылсақ та секіріп, Ой-санамыз кеткен жоқ-ау жетіліп, Құлағыңмен естігенің – бос қиял, Көзіңменен көрмегенің – өтірік! Шындығымыз болып кетті ертегі. Ертек болмай тұрғанда елдің ертеңі... Одан дағы бір батырдың астына, Бар батырдың атын жазсақ қайтеді?!ОҚЫРМАНМЕН СЫРЛАСУ
Ең құнарлы жерге жақсы шығады ғой дән ексе, Қай кезде де жақсы өнімге күтім керек ерекше. Бір кездегі Ару-өлең, жазғыштардың «күшімен», Өлексе боп кетті қазір, кейбіреуі жезөкше. Құнарсыз бір жерге сепкен дән сияқты кей өлең, Еш дәмі жоқ көп өлең, сол өнімді жеуім керек неге мен? Ақындар да кетті азайып, намысы бар, ойы бар, Оқырман да кетті азайып, көңіл-көзі көреген. Ей, оқырман, бүгін сенің таразыда талғамың, Өлең деген ақ құсыңды неге қорғай алмадың? Ертең қайтіп өркен жаяр махаббатың, мақсатың, Ақын айтқан асыл ойдың, сезінбесең салмағын. Тыңайтқыштың күшіменен ерте піскен дәніміз, Бола алмайды сәніміз де бола алмайды нәріміз. Болашаққа жалғанбастан қалады ғой үзіліп, Будандасқан өлең менен будандасқан әніміз. Жақсы өлеңді қуат қылып, көрінуші ек кезінде, Жақсы әнді шуақ қылып берілуші ек сезімге. Рухымыз қайда кетті, майда бопты мақсаттар, Бұған себеп таппай қойдым, ұқпай қойдым өзім де. Қалай ерте тартылып тұр көңілдердің бұлағы, Ұрпағымыз болашаққа қалай бетін бұрады? Қуаты жоқ ас сияқты өлеңіміз, әніміз, Оқырмандар мас сияқты, есеңгіреп жүр әлі. Бізді жөнге салатын кім? Жолға салар енді кім? Тарылтыппыз даланың да, көңілдің де кеңдігін. Тамсандырған өнеріміз, өлеңіміз не болды, Ей, оқырман, білесің бе, бір себебін сен мұның? Салмағы жоқ өнер менен өлең басып кеткелі, Халқымыздың өшіп бара жатыр жайлап өткені. Шарласақ та іздеп көкті, бүлінбеген не қалды, Көңілдердің күз боп кетті күлімдеген көктемі.МАХАББАТ ЖАЙЛЫ
Адам адам болғалы, бұл өмірде өлшем көп, Өмір сүру – арманы, ойлаған жоқ өлсем деп. Алғашқы ақын бір қызды сүйген шығар, білмеймін. Бұл тақырып өлеңге, қосылғанын қашан кеп. Шарласа да дүниені, қиялдағы ой-арман. Махаббатқа жаңалық қосайыншы дей алман, Ғашықтардың сезімі арқау болып өлеңге, Тыныш жатқан жүрек сол, қай уақытта оянған? Сол алғашқы ақынның ғашық жайлы жырынан, Талай жүрек жібіген шығар-ау деп ұғынам. Қай уақытта туды екен, сезімдерді оятып, Сүйгеніне арналып айтылатын шырын ән? Қоштамасын біреулер, мейлі, біреу қоштасын. Жүректерге заманның қосып алдық қоспасын. Махаббаттың қадірін тереңірек білер ме ек, Сол алғашқы өлеңнің тапсақ, шіркін, нұсқасын! 2014 жылКЕШІР, АҒА, БІР ЖЕРГЕ АСЫҒЫС ЕМ
Бір жігітке жыр оқыдым ұғымды, Танысымдай болмаса да бұрынғы. Жыр тыңдауға зауқы жоғын байқадым, Есік жаққа қайта-қайта бұрылды. Автор Түсінбеді-ау ол менің өлеңімді, Неге кетті білмедім, неге келді. Сөздері де сияқты салауатты, Көздері де сияқты көрегенді. Бірақ өлең ол басқа ұяламай, Түсіп қапты құлақтан домалап-ай. Өскен-ау деп ойладым жастау кезде, Өлең деген өрісті араламай. Құя берсін кірпішін қиыстырып, Сол құрылыста талайлар жүр ысқырып. Жіберетін өлеңді сезбейді екен, Адамдар мен адамды туыс қылып. Рухы оның ақшаға байланғасын, Өлең жаққа бұрады қайдан басын. Ол өмірді өмір деп түсінеді, Қарны әбден тамаққа тойғанда шын. Әр жолында өлеңнің несібе бар, Азайды ғой адамдар осыны ұғар. Рухы жоқ, тойынған қарныменен, Қара жерді жүреді басып олар. Жаны жүдеу болмайды басы бардың, Абыройыңды бір сәтке шашып алдың, Құлазиды көңілің, балалары, Кім болады екен деп осылардың. Не ойлайды екен осынау басыменен, Тербетпесе жүрегін ғашық өлең. Отырды да қипақтап кетіп қалды, «Кешір, аға, бір жерге асығыс ем». Асыққаның бар болсын өлең ұқпай, Өлең оқымаймын десе ғой орағытпай. Қарадым да, күрсініп қала бердім, Реңі жоқ бетіне жаялықтай.КЕШІКТІҢ НЕГЕ?
Қайда кеттің, қайда кеттің сен ұзақ, Маған, мүлде, жатқандардың бәрі жат. Келсейші тез, келсейші тез күлімдеп, Біздер бірге баратын жол әлі ұзақ. Кешіккенің ойламаған түрің бе? Менен қашып жүрсің білем бүгін де. Сенсіз менің тумайтындай айым да, Сенсіз менің шықпайтындай күнім де. Сағынған жан тез келеді қашанда, Сонда сені отырам да тосам ба? Менен артық ақын таба алмайсың, Қанша сұлу, қанша ақылды босаң да. Сондықтан да қайда жүрсең, мені ойла, Асығам деп қалма ұрынып, абайла. Мен кешіксем сендерді ойлап кешігем, Мен кешіксем, себебі бар алайда. Кейде мені түсін мейлі, түсінбе, Бір сағыныш жүреді ылғи ішімде. Мен кешіксем кешігемін әдейі, Сені қатты сағындыру үшін де.АСЫҒУ
Анаған да, мынаған да еркелеп, Уақытымды босқа құрттым ертерек. Ойымдағы, мойнымдағы жүгімді, Шашып алмай тез жеткізер жол керек. Бұл өмірде менің дағы бар ізім, Мойнымдағы жүгім – елге парызым. Жүретұғын жолым менің алдағы, Байқап тұрсам, әрі қысқа, әрі ұзын. Қарайлауға мүмкіндігім жоқ енді, Ең бір қымбат уақытымның көбі өлді. Асығамын, апаратын жеріме, Жеткізсем деп ойымдағы өлеңді. Алға қанша ұмтылсам да адымдап, Жүгім мүлдем бара жатыр ауырлап. Ой тұтатқан өлеңдерім, бықсымай, Күннен күнге бара жатыр жалындап. Қимылдауым керек еді сәл бұрын, Мағынасы, мәнісі жоқ қалды күн. Қалай ғана жиып-теріп үлгірем, Деп қиналам енді соның барлығын. Бірақ, Алла өмір сыйлар деп әлі, Ойды басқа жоғалтпаймын қаралы. Басталатын шығар, мүмкін, асығу, Адамдардың таусылғанда амалы. Соншалықты болмасам да көреген, Енді менен қаша алмайсың, ей, өлең! Болашаққа үнім жетсе болғаны, Сен қаласың, күнім жетсе мен өлем.АҚЫН СЫРЫ
Ойлар келіп тұрмаса бір үкілі, Өлең жаза бермеймін күні-түні. Әдемі бір ойларым оянғанда, Жіберемін құрбан ғып түн ұйқыны. Қуат алам тыныштық, жарық күннен, Мен өзімді өлеңнен танып, білгем. Ақ қағаздың бетінде шайқасады, Кейбір батыл ойларым сауыт киген. Тіршіліктің ақынға таңсық бәрі, Тырысқанмен кей-кейде қол шықпады. Иіріліп түседі кей өлеңім, Иірілген жіптей боп ұршықтағы. Күні жетпей өмірге ерте кеген, Тумаса деп ойлаймын сырқат өлең. Әлсірейді ақынның әсем жыры, Жаза салған ойланбай бір қатеден. Асыл сөздің асықпай біл бағасын, Ойда піскен сөздерің сорғаласын. Сорғаласа, қаламың жорғаласын. Нәрсіз ойды өлеңге тықпалама, Жаз деп өзі мазалап тұрмағасын. Өз ойың ғой өзіңе ақылманың, Сезу керек жүрекпен ақын бәрін. Суып қалса бір рет, жылымайды, Сенің әлсіз жырыңа оқырманың. 2014 жыл* * *
Ей, соңғы өлең! Мен өмірге бір келем. Жолдарымда бірге жүрдің жүрмеген, Көз ілмеген күндеріме куәсің, Сезімдерім сен арқылы гүлдеген. Сен арқылы сездім уақыт қымбатын, Ауа болдың, бақыт болдың бір татым. Сен арқылы абырой да таптым мен, Сен арқылы ел есінде қалды атым. Сен арқылы абыройлы, асқақпын, Маған қанша туыс таптың, дос таптың, Сен арқылы сездім дәмін бақыттың, Сен арқылы сездім мәнін мақсаттың. Қаншама жыл өмір өтті өзіңмен, Қаншама түн өзіңді ойлап көз ілгем. Сені іздедім жүрегімді боздатып, Сияқтымын бота іздеген бозінген. Жүрген кезде сені таппай ойланып, Өзің таптың жанымды шыр айналып. Ойланбай-ақ кеттім кейде, табыстық, Қалғандай-ақ мен өзіңе байланып. Жоқ болса да сенде менің аласым, Күнде келіп есігімді қағасың. Сен арқылы таптым елмен жарасым, Сен арқылы сездім өмір бағасын.Барлық құқықтар қорғалған. Көшіріп басу үшін "Қазақ үні" ұлттық порталына міндетті түрде гиперсілтеме көрсетілуі тиіс.