Абай және Қайым
2017 ж. 06 қаңтар
3500
0
Қазақ әдебиетінің көсегесін көгертуге атсалысқан ақынның айнымас жырларын жаңа белеске көтерген аз ғалымдардың жуан ортасында жүріп, сөз сиқырының қиян шыңына көтерілу айтуға ғана оңай: Әйтпесе Қайым Мұхаметханов үшін үлкен уақыт сыны - қияметтің қылкөпірі болғандығы белгілі.
Қазақ тарихымен, Абайдың ақындық айналасымен ұстазы Мұхтар Әуезов арқылы көмбеде жатқан көп сырды алдымен ашқан Қайым тарихшылар айтпаған ақиқатты алдымен айтты. Ақын жырларының құдірет күшін түсіну, түйсіну үшін сен де ақынның сырын, жұмбақ жанын ұғатын ұлағат иесі болуың керек. Ақындықтың дарын деңгейіне көтеріліп, сезімтал назымен, сөз сиқырының кілтін аша білген Қайым Абай өлеңдерінің жанашыр жақыны болды. Әдеби шығармалардың мәтінін (текстін) автордың қолжазбасы негізінде, сондай-ақ бұрынғы басылымдармен саластырып, тексеретін сенімді деректер бойынша анықтайтын филология ғылымдарының саласы - текстология. Шығарма текстінің жаңылыс оқылған, қате басылған жерлері табылса, тиісті түзету енгізу қажеттігі.
Абай өлеңдерінің текстологиясы да осы бағытта туған. Өз қолжазбасы сақталмай басқалардың қолжазбасы арқылы жеткен шығарма, кейіннен әртүрлі дерек жазба негізінде жарияланып, текстологиялық тексеру жұмысын жүргізу қиындай түсті.
Сондықтан да Қайым үшін Абай шығармаларын жинау, оларды бастырудағы текст өзгешеліктерін зерттеу мен анықтаудың мәні үлкен болды. Ақынның 1909 жылы басылып шыққан алғашқы өлеңдер жинағынан бастап, 1921 ж, 1922ж, 1933ж, 1948 ж 1954ж жылдардағы жарияланған өлеңдер тым асығыс, тым үстірт жасалғандықтан берілген түсініктерде қайшылық, қателіктер көп кездеседі. Ақын шығармаларының жазылу тарихы, қате басылып жүрген жеке сөздерді түп-нұсқасына келтіру жұмысы Қайым Мұхаметханов үшін аса жауапты жылдарға созылды.
1909 ж жарық көрген Абай жинағынан бастау алған Абай өлеңдерінің мың сексен алты сөзіне түзету енгізілді. 1945 жылы жарық көрген «Толық академиялық жинақта: «Абай шығармаларының жыл мезгілдерін белгілеу, текстологиялық кемшіліктер негізінде «академиялық жинақ» дәрежесіне көтеріле алған жоқ» - дейді Қайым Мұхаметханов.
Әдеби мұраны шынайы ғылыми тұрғыдан зерттеп, ғылыми талапқа сай толық жинақ ретінде қолымызға тигені 1959 жылы Қайымның «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» атты еңбегі. Абайдың күні бүгінге дейін дау туғызып келе жатқан кейбір сөздері нақты дәлелдермен зерттелді.
Абайды зерттеу мәселесін биік ғылыми дәрежеге көтере отырып, ол кезде Қазақстанда полиграфия базасының болмауы, баспасөз мамандарының жоқтығы, Абайдың алғашқы жинақтарының сапалы болып шығуын қамтамасыз ете алмағандығын айтады.
Петербург қаласында басылып жатқан Абай өлеңдерінің корректурасын Семейде отырып Кәкітай және басқа Абай балаларының жүргізуі осы қиыншылықтардың айғағы. Ескі араб әрпімен басылған жинақта таза қазақ сөздерінің дәлме-дәл берілмеуін сол сияқты граматика ережелерінің сақталмауын еске алғанда Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағының көп кемшіліктермен шыққанын, түпкі нұсқаның дәл сақталмағанын көрсетеді. Мүрсейіт ақын шығармаларын түгелдей Абайдың тура өз жазбасынан көшірген емес. Ол да ел аузындағы, қолжазба қалпындағы халыққа тараған Абай шығармаларының жинағын көшіріп жазған.
Сондықтан Абай шығармаларын баспаға әзірлеуде тек 1909 жылы шыққан кітаппен Мүрсейіт қолжазбаларын ғана текстологиялық негізге алу жеткіліксіз екенін түсінген Қайым, жоғарыдағы еңбектермен қатар Абай шығармаларын көшірген басқа адамдардың да қолжазбаларын пайдаланды.
Оразке Жандыбаев, Мәди Әсенов, Әкімал Мамырбаев, Сапарғали Әлімбетов, Әрхам Ысқақов, Рақымжан Машырқазов сияқты Абай өлеңдерін жадында сақтап келген адамдардың мағұлматтарымен салыстырды.
Абай өлеңдерінің баспасында көшірме қолжазбаларында кеткен қателіктердің көпшілігін түпкі нұсқасына келтіруге ақын шығармасының өзіне тән ерекшеліктері жетекші бола алды.
Қате басылып жүрген түп нұсқасын тауып, қалпына келтіруде адастырмас темірқазық етіп Абайдың өзін алдына қойған ғалым адасқан жоқ.
Ерекше көркемдік түр мен терең идеялық мазмұны қабысып жатқан Абай өлеңдерінің «бөтен сөзбен былғанып» тұрған жері болса зер салып үңіле қарап, айнытпай тапты. Аңғармаған адамды адастырып әкететін жазба деректерге аса сақтықпен қараған Қайым қара өлеңге қайыспай қарымды еңбек етті. Ақынның «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі 1954 жылғы жинақта:
Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті - дейді.
Өлеңнің соңғы жолына үңіле қараған Қайым мағана - мазмұн жағынан өлеңдік қисын жағынан да ойсырап, Абай сөзіне «бөтен сөз» араласып тұрғанын көрді. Осы өлеңнің келесі шумағындағы:
Осы үш сүю болады иманға гүл, Иманның асылы үш деп сен тахиқ біл - деген жолдарымен салыстырады Абайдың өзіне сүйенген көреген ғалым.
Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және сүй хақ жолы деп әділетті - деп түзету енгізеді. Абайдың айтып отырған үш сүюінің сыры осылай ашылады.
Абайдың 1882 жылғы жазған «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңінде:
Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп, Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға. Көре тұра қалады қашқан түлкі, Құтылмасын білген соң құр қашқанға - дейді.
Осы жолдағы «көре» деген сөз өлеңнің мағынасын бұзып тұр. Осы өлеңге берілген түсініктемеде «1909 ж басылым бойынша алынды» деп түсініктеме берілген. Шындығында олай емес екенін арабша жетік меңгерген Қайым араб әрібімен «Кере тұра қалады» - деп басылғанын дәлелдейді. Яғни дұрыс басылған сөзді зерттеушілер өздері бұрмалап жіберген.
Ақын бұл арада аспанға шығып алып, шүйілген қыраннан құр қаша бүргенмен құтыла алмайтынын білген түлкінің жанын қорғау үшін қайрат қылмақ болып «кере», яғни керіліп тұра қалған жайын ақын дәл суреттеп отыр. Түлкі аңшыны көргенде тұра қалмайды қашады. Үстінен төніп келген бүркіттен қашып құтыла алмайтын болған соң «кере» тұра қалады. Қайым осылай дәлелдейді.
Әлі күнге дейін терең зерттеуді қажет ететін, ақынның жинағына 1933 жылдан бастап қана енген «қарасөздері» Қайым еңбектеріндегі жұлынды сала. Мүрсейіттен басқа да бірнеше адамдардың қолжазбаларында сақталған. Олардың ішінде бізге мәлім Дайырбай Қожанұлы мен Рақым Жандыбайұлының қолжазбалары. «Ғақлия кітап» деп аталатын қолжазбалардағы сөздерді салыстырғанда осы күнге дейінгі жинақтарда басылып жүрген тәртібі, әрбір сөздерінің соңынан жазылған уақыты дерексіз, дәлелсіз ой-жота берілген - дейді ғалым.
Бұл сөздерде де қолжазба мен жинақтар арасында текстологиялық қайшылықтар әлденеше рет кездеседі. Отыз алтыншы сөзінде Абай ұят туралы айтып келіп, шын ұят екі түрлі болатынын түсіндіреді. Онда; «Біреуі - ондай қылық өзіңнен шықпай - ақ, бір бөтен адамды көргенде сен ұялып кетесің. Мұның себебі сол ұят істі қылған адамды есітгендіктен болады» - дейді.
Қайымның көзіне түскен мұндағы «бөтен сөз», «есіткендіктен» Абайдың айтып отырған ой-пікірінің мағынасын кетіріп, сиқын алып тұрған сөздің дұрысы «есіркегендіктен» болады деп түсіндіреді ғалым. Қолжазбада, Абай жинақтарында дұрыс берілген дұрыс сөз 1945, 1954 ж жинақтарда бұрмаланып басылған. Мұхтар Әуезов «Абай жайын зерттеушілерге» деген мақаласында өз пікірін айрықша қадап айтқан. Ол:
«Абай сөзі деген сөз - бірақ сөз болса да Абайша шықса жарасар. Абайдың Абайлығы да сонда шығар. Осы Абай өлеңдерінің санын көбейтейік деп өзеурегенше бар сөзінің кенеуін кетірмейік. Абай сөзін көбейтеміз деп көбік етіп алмайық» деген.
Дүниеде ақылды адамдар көп, әйтсе де өзге кісінің орнына өзін қойып, жүрегімен жүрегінің жылуын жалғастырып, жағдай бөліскендер некен-саяқ. Адамдардың ештемеге қызықпайтын, ештемені менсінбейтін, немқұрайды қарайтын қатыбас болып бара жатқанын - заманнан көреміз.
«Сал демеймін сөзіме ықыласыңды. Қайғылы өлең еттім өз басымды" - деп Абай айтқан бейнетқордың өзі Қайым Мұхаметханов.
Ендеше Абайдай кемеңгердің алдында-жүрген жүрісімен, азды-көпті ісімен жұртқа жақсылық жасап, жан шуағын тарата білген Қайымдай ғалымдардың ісі қазақ қауымына ілгері бастап бара жатқан ойлы, сауатты адамзаттардың ниеті адал, ісі ғақыл, бағыты дұрыс.
Әрине, Абай салған жол өзінің ұшығына жеткен жоқ. Мерейлі шақ әлі алда.
Алмахан Мұхаметқалиқызы,
qazaquni.kz