Есенғали Раушанов: Кеңсайдың жолы қиын жол, оны қиындатқан өлілер емес, тірілер
2016 ж. 30 желтоқсан
4162
1
Өмірі де, өнері де ешкімге ұқсай бермейтін, білім-білігі, ойының озықтығы жағынан да өзгеше белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушанов бұл сұхбатында бәрімізге белгілі, толғандырып жүрген тақырыпқа орай тосын ой өрбітіп, пікір, ұсыныстарын ортаға салады.
[caption id="attachment_1467342" align="aligncenter" width="460"] Есенғали РАУШАНОВ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері[/caption]Ол кездегі Алматы басқа еді
Тілші: Әлеуметтік желілерден сіздің жыл сайын өзіңіз сүйіп жырлайтын күз маусымында жас ақындарды ертіп Кеңсай қорымына жерленген ақын-жазушылардың басына зиярат жасайтын әдетіңіз барын оқыдық. Сауапты іс екен.Е.Раушанов: Жоқ, ондай әдетім жоқ. Желілерің желдіртіп жіберген ғой, шамасы. Кеңсайға барып тұратыным рас, бірақ, ел бастап барады дегені енді… асыра сілтеу. Бейітке жалғыз барған дұрыс… Күзде баратынымда да ешқандай лирика жоқ. Ертең қар аралас жаңбырлар басталып кетеді, Алматының лайсаңында одан әрі ақ қар, көк мұзында тауға шығу қиын. Кеңсайдың жолы қиын жол. Оны қиындатқан өлілер емес, тірілер. Жаңа айттым ғой, желі-пеліңді оқымаймын деп. Ұзынқұлақтан естіп жатам, біреулер сол интернетте ара-тұра мені мақтайтын көрінеді, енді бір топ даттайды дейді. Даттайтындарды түсінем, әрі аяймын, ал мақтайтындарды түсінбеймін. Не тауып мақтайды екен, тоба?
Тілші: Осы жолы сізге еріп барған жас ақындар туралы не айтар едіңіз?
Е.Раушанов: Олар ғажап. Бөліп-жаратыны жоқ. Жаңағы айтқан Шерхан Талап, Айбол батыр, фамилиясы есіме түспей отыр, Бекзат Смадияр, Аслан Тілеген (Мусин емес), Әріби-Әрібек Дауыл (атының өзі керемет екенін айтып тұрған жоқ па, би де өзім, бек те өзім деп?), Ретбек Мағаз (Мағаз, бірақ, Масанчи емес), Нұртас Тұрғанбекұлы, Тұрсынбек Башар (Башар Асадқа түк те қатысы жоқ), Жандарбек Жұмағұл, Еділбек Дүйсенов, Еламан Хасен, Айдын Байыс… осылардың қай-қайсысы да мықты. Кейбірінің аты-жөндерін шатастырсам ренжімесін. Олар тобын жазбай баспаға келіп тұрады, оған мен қуанамын.
Тілші: Олардың Кеңсайдан алған әсері керемет шығар?
Е.Раушанов: Әрине, солай болады. Кезінде мен де Кеңсайға ағаларыма еріп талай барғанмын. Сол Қадыр, Тұманбай, Сағи, Жұмекен, Сырағаң, Қуанағаң, Ғафекеңдердің… өздері бұл күнде Кеңсайда мәңгі ұйқыда жатыр. Әр бейіттің өз мінезі бар. Мысалы, ұзақ уақыт бармай кетсең, Тұмағаңның құлпытасы бір түрлі “өкпелеп” тұрады, Қадекеңе тас түйін дайындалып бару керек, әйтпесе табан астынан тауып айтып “шалқаңнан түсіретіндей” көрінеді. Сағи мен Жұмекен ағайлар момын, ”и-и-и, айналайындар, келдіңдер ме, аман-есен жүрмісіңдер” деп күліп тұрады. Сырағаңа көп сөйлемеу керек. Қуанағаң бекзаттықты ұнатады. Олпы-солпы жүрсең, абзалы бармай-ақ қой. Жарасқан, Тынышбай, Жұматай, Дәуітәлі… — бұлар бір-біріне ұқсамайды.
Ол кездегі Алматы басқа еді. Суық емес еді. Кеңсай шағын болатын. Оның үстіне біздің жасырақ кезімізде қазіргі белгілі ақын, зерттеуші Байбота Қошым Ноғай, ол кездегі фамилиясы Серікбаев болатын, Кеңсайдың етегіндегі бір шағын көшеде пәтер жалдап тұрды, демалыс күндері жастар сол аулаға жиналып өлең оқитынбыз, сосын Кәмиләнің тамағы піскенше сыртқа шығып бейіттерді аралап келуші едік. Мен ол күндерді ұмытқам жоқ.
Кеңсай ерекше мекен. Оған барып тұру кісіні ойландырады, көп нәрсеге басқаша қарайтын боласың, асып-тасып бара жатқан кездеріңде сабырға шақырады.
Тамара ханумның шын аты-жөнін білесіз бе?
Тілші: Шет елдерге жиі шығасыз ғой, олардың да өз Кеңсайлары бар шығар?
Е.Раушанов: Иә, мен қай қалаға барсам да сол елдің көне бейіттерін көруге уақыт табуға тырысамын. Әсіресе, Еуропаға жолым түссе, саяхатымның бір бөлігін мазарларға арнау қашанғы әдетім. Мұнда бір тылсым бар. Францияға алғаш барғанымда Сент Женеве Де Буа қаласындағы ортодокс мазарстанына арнайы соқтым. Бала кезімнен көрсем деп жүретінмін. Ол туралы кезінде Иван Бунин туралы мақаламда жаздым да. Кейінгі сапарларымда да аталмыш қалаға бармай кеткен кезім жоқ. Айтпақшы, менде сол сапарда түсірген бір сурет бар. Көптен сақтап келемін. Бұл асылы кезінде қызылдардан үрке көшкен орыс ақсүйектерінің қорымы ғой, мына бір Байтуғанов деген кісі, бәлкім, соларға еріп барған бір бейбақ болар. Байтуған деген орыс болмайды, мүмкін, тегі қазақ шығар деп суретке түсіріп алғам, қазақ екені рас болса, кім біледі, туыстары табылып қалар. Осы суретті газеттеріңе шығарсаңдар оңды болар еді.
Лондондағы Һайгейт мазаратына арнап атап барғанымда жолбастаушының “Сіз Карл Маркске келген боларсыз?”деп сұрағаны есімде қалыпты. Шынын айтсам, мен Карл Маркстің мұнда жерленгенін білмеуші едім. Һайгейт көне қорымнан гөрі демалыс паркіне немесе күтіммен өскен орманға ұқсайды. Сыңсыған тал-теректердің арасында атақты әл Құддыс балқарағайы (самырсыны) өсіп тұр. Палестинадан бұл маңға қалай келіп, қалай жерлескенін ешкім айта алмайды. Биіктігі қырық, елу метрге дейін жетеді. Әлібек Асқаров жазып жүрген біздің Алтайдың алып самырсындарымен тұқымдас, бірақ, сорты бөлек. “Кәләм шәрифте” баяндалатын баяғы топан судың кезінде Нұх осы ағаштан кеме жасапты деген де аңыз бар. Асылы самырсын туралы Сүлеймен патша, Нұх пайғамбар және Әлібек Асқаров бізден гөрі жақсы біледі.
Тыныштық. Мұнда құстар да бөлек бір дауыспен сайрайды. Мүк басқан құлпытастарға үңілсеңіз, алды бес жүз жыл, соңы жүз жыл бұрынғы жәдігерліктер екенін көресіз. Ағылшынның атақты жазушысы Чарлз Диккенстің әкесінің бейіті осында. Ол кезінде Англияның атақты шенеуніктерінің бірі болса керек. Бірақ, оның бейітінен гүл үзілмейтінін мұндағы жұрт баласының абыройымен байланыстырды. Марқұмның өз уақытында не жұмыс істегенін тарихшылар болмаса, былайғы жұрт білмейді, құрметтесе баласы үшін құрметтейді.
Стамбулды қақ жарып өтетін жалғыз трамвай жолын жағалап отырсаңыз, Осман патшалары заманындағы көне бейіттерді көптеп кездестіресіз. Олардың архитектурасы бөлек әңгіменің желісі. Христиан әлемі әдетте қайтқан кісілерді шіркеу маңына жерлесе, мұсылмандар мешіттің маңына жерлеген. Осылардың бәріне ортақ бір ерекшелік бар. Адамдар өлі әруақтарды қадірлеу арқылы тірілердің жиі соғып, өзін- өзі қайта танитын бір мекен жасағанын білді ме екен?
Стамбулды айтқан соң есіме түсіп отыр, осындағы археология музейінде Ескендір Зұлқарнайынның табыты (саркофаг) тұр. Баға жетпес ақ мәрмәрдан қашалған жәшік пішіндес тас табыт. Маңында кезінде “әлемді уысымда ұстаймын” деген нешеме шынжыр балақ, шұбар төстердің саркофактары қаздай тізіліп тұр. Олардың кім екенін жұрт бүгінде ұмытқан. Менің айтпағым ол емес, менің айтпағым, бір кезде жарты әлемді тітіркендірген Александр Македонскийдің тас табытын осында жеткізерде оның сүйегін саудыратып төгіп тастаған болуға керек, саркофагтың іші бос. Дүние жалған дегенді бұрынғы шалдар осындайды көп көрген соң айтса керек. Күнде таңертең еден сыпырушы әйел “туу, есіз қалғыр, осы жәшікке-ақ шаң жиналғыш екен” деп қарғап- сілеп, шаңсорғышын дүрілдетіп тазалап жатады Ескендір Зұлқарнайынның табытын. Ол әйел бұның кімнің саркофагы екенін білмеуі де мүмкін, бәлкім, білетін болар. Білсе ше? Есіл Ескендір патшаның сүйегі қай сайда қалды екен? Әрбір патша, әрбір президент, оны айтасыз, әрбір әкім өзін Македонскийден кем сезінбейді, әттең.
Ташкентке бара қалсам, Шағатай қабірстанына соқпай кетпеймін. Өзбек зиялыларының пантеоны Фараби даңғылында. Бас-аяғы бес алты гектар ғана жер, бірақ, керемет абаттандырылған. Шараф Рашидов, Усман Юсупов, Ғафур Ғұлам, Айбек, Абдулла Қаһар, Пірімқұл Қадыров, Батыр Закиров, Тамара ханумдар осында жерленген. Бір ауыз сөз, Шараф Рашидовтың бейіті туралы. Ол бір емес, үш рет қайта жерленген адам. Әуелі әспеттеліп, өзі жаңғыртқан әзім Ташкенттің қақ ортасындағы үлкен алаңға қойылды. Горбачевтің бұлғағы басталып, Гдлян мен Ивановтың қылышынан қан тамып тұрған кез еді ғой, арада көп уақыт өтпей сүйегі ол жерден қазып алынып, туған жеріне, Жызақ уәләятына көшірілді. Заман тынышталған соң кешегі өткен Ислам Каримов ұлт зиялыларын ардақтайық деп бастама көтереді. Сөйтіп, марқұмның мүрдесін қайта аршып алып, Шағатай пантеонына әкеліп қайыра көмдіреді. Ал өзі болса, неге дүр атақты Шағатайға емес, туған жеріне, ата- ана, бауырластарының жанынан «орын алуды» жөн санапты. Шынында, не ойлады екен? Ал мына Тамара ханумның шын аты-жөні Тамара Артемовна Петросян. Бірақ, христиан бола тұра мұсылман бейітіне жерлеуді өсиет еткен, бұл жәйт сіздің есіңізге біздің Герағаңды, Герольд Карлович Бельгерді түсірмей ме?
Шағатайға тақау Бұхара жөйттерінің де қорымы бар. Онда да түп-түзу тартылған көшелердің екі бетіне қатар тізілген құлпытастарды көресіз. Түп-түзу тартылған көшелерге біз әлі ораламыз.
Біз өзі қандай ұлтпыз?
Менің Шағатайға арнайы ат басын тірейтінім — мұнда қазақтың даңқты перзенті, академик суретші Орал Таңсықбаев пен хан Кенесарының ұрпағы ғалым Натай Кенесарин жерленген. Сәл жоғарыда Шайхантауырда Төлебидің күмбезі бар. Олардың қазақтан кетіп, неге өзбек жеріне сіңгені бөлек әңгіме. Әсіресе, Натай Кенесариннің тағдыры қазақ баласын қатты ойландырады. Орал ағаның құлпытасын ертеректе бір барғанымда суретке түсіріп алып едім, мынау сол. Оған өзі жанындай сүйіп, талай суретке тартқан Алматысынан де емес, ата-бабасының ежелгі қонысы Сарыарқадан да емес, жеті қиян жер түбіндегі Шағатайдан топырақ бұйырыпты. «Адамның басы Алланың добы» деген бұрынғы шалдар. Сол сапар Натай төренің де бейітін суретке тартқанмын. Қағаздардың арасынан таба алмай отырмын. Екі арыстың да бейіті әрқашан күтімде. Қашан барсаң да тап-таза. Өзбектің бізге деген құрметі осылай болғанда, қазақтың өзара сыйластығы қандай? Біз өзі қандай ұлтпыз? Енді сол туралы бір ауыз сөз. Жасыратыны жоқ, қазақ бейіттері көбіне-көп руластар қорымы сияқты көрінеді. Бір рудың адамдары бір бөлек жерленеді. Мен мұны жақсы демеймін, жаман да демеймін. Мен мұны кез-келгеніміз күнде көріп жүрген шындық деймін. Егемендіктің алғашқы жылдарында елімізге қандастарымыз сеңдей қаптап, судай ағылды емес пе? Сол күндердің бірінде төбемізден жәй түскендей әсер еткен бір сұмдық әлі күнге жадымызда. Ажал қашан айтып келуші еді, шет жерден «қазағым, елім» деп аңсап, шаршап әрең жеткен бір азаматтың қарындасы кенеттен қайтыс болып, әдеттегідей ауыл сыртындағы бейітке жерлейді. Көп уақыт өтпей қаралы үйге бір топ кісі сау етіп кіріп келеді. «Оралман ағайын, сен біздің бейітке қарындасыңды жерлепсің. Бұлай болмайды. Бұл біздің рудың бейіті». «Маған не істе дейсіз, бұл жақта менің руымның бейіті жоқ қой». «Сенің Қытайыңда (әлде Өзбекстаныңда, Моңғолияңда, бәлкім, Ресейіңде — әңгіме онда емес) қандай дәстүр барын біз білмейміз, мынау біздің бейіт. Онда басқа рудың адамдары жерленбеуі керек. Сөздің қысқасы…». Иә, сөздің қысқасы, еңірегенде етегі жасқа толып отырған қаралы үй ертеңіне жаңа қойылған жас мүрдені қайтадан қазып алып басқа қорымға көмуге мәжбүр болған. Бұған қандай баға берер едіңіз?! Ұлты жөйт Карл Маркс ағылшындардың арасында, ирландиялық Оскар Уайльд француздардың қорымында жерленген. Ешкім жөйт Израйльге, ирландық Дублинге жерленсін деген жоқ. Демейді де. Біздікі не танту? Бұл не көргенсіздік? Мұндай тексіздікті, осыншалықты жабайылықты, бұншалық жаһил надандықты қай елде, қай ұлтта, қай мемлекетте көргеніңіз бар? Адамдар айуаннан ажырап, алғашқы қауымдық құрылысқа енгенде де осындай бассыздыққа бармаған шығар, қанша дегенмен ол Адам баласы ғой. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. 2,7 миллион шаршы шақырымнан оралман қызға бұйырған шаршыдай ғана жер сонша дау тудыратындай не көрінді бұл елге? Бір қызығы, сіз бен бізді басқарып, сіз бен біз төлеген салықтың арқасында күн көріп отырған ресми билік осындай оспадар оқиғаларды көрсе де көрмеген болатыны несі? Егер өздері туралы ащы шындық айтылса ғой, шабына ши жүгірткендей тулайды. Құдайшылығын айту керек, Кеңсайда ру-руға бөліп жерлеу жоқ. Өкінішке орай, онда қайтқан кісілерді рет-ретімен, белгілі бір жүйемен қою тағы жоқ. Әлбетте, бұл тұста жер рельефінің қиындығын айтып ақталуға болады. Түйетайлы беткейлер кісі жерлеуге қиындық туғызары хақ. Бәлкім, әуел баста бұл осыншалықты үлкен аймақты алатын мазарстан болады деп жоспарланбаған да шығар. Бірінші Кеңсайдағы кезінде «ЦКовский» атанған айлақта ғана мүрделер белгілі бір тәртіппен, жүйемен жерленіп, көгалдандырылған, абаттандырылған. Пантеонға ұқсаса тек осы бөлік қана ұқсайды. Райымбек бабаның бейітінің қарсы бетіндегі көне бейітте Мұхтар Омарханұлы Әуезов, Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтар, тағы басқа ұлт зиялылары жерленген.
Тілші: Ал кейінгі бейіттердің орналасуына келсек ше?
Е.Раушанов: Жоқ, Райымбек даңғылындағы бейіт бұл күнде жабық. Мұхаңа, Қанекеңе, Күләш апайға тағзым үшін ара- тұра баратындар болмаса, адам аяғы сирек.
Әңгіме Кеңсай туралы боп отыр емес пе, жоғарыда айттым ғой, қай мемлекеттің, қай діннің мазарларын көрсеңіз де бір моланы екінші молаға мінгестіріп, үшінші бейітке баратын жолды мүлде жауып тастау деген жоқ. Мұндай ретсіздік тек Кеңсайда ғана бар. Әсіресе, соңғы жылдарда кісі жерлеуге жер бөлудің қандай тәртіппен жүргізілетінін түсіну қиын болып барады. Мысалы үшін деп айталық, Бейсенбайдың басына барып Құран оқу үшін Сәрсенбайдың бейітін басып-жаншып, Дүйсенбайдың моласынан аттап қана жетесіз. Кей тұста көш құлаш жерді алып көсіліп жатқан Сейсенбайлардың бейітін айналып өтуге тура келеді. Оның моласында үлкен құлып тұруы да мүмкін. Бейнекамера тағы бар. Онда да жете алсаңыз. Тіке жолдар жоқ. Жабылған. Соңғы жерленген адамның қоршауы бұрын жерленген кісінің бейітіне барар жолды бөгеп тастайды. Қалай барсаң, солай бар. Ең бастысы, өзінің әкесінің (шешесінің, ағасының, апасының, т.б) бейіті кеңірек болуға тиіс, өзгелерге қарағанда айбаттырақ, әсемірек, көрнектірек болуға керек, басқаларында шаруасы не?
Кеңсайда өзге жұрттың қорымдарындағыдай бейіттердің арасынан жалғыз аяқ соқпақ қалдыру жоқ. Соның үшін жұрттың бәрі жолдың жиегінен орын алуға тырысады. Егер бейітаралық жолдар тартылса, көгалдандыру да оңайырақ болар ма еді. Бір кездері көлік айналу үшін, техникалық қажеттіліктер үшін арнайы қалдырылған айналмалар жыл сайын тарылып барады. Алда-жалда қысты күні барып, аңдаусыз тар «көшеге» түссеңіз айналып шыға алмауыңыз әбден мүмкін. Жолдар мұнда тұйықталып қалған.
100 мың долларға көтерілген бейітте жатқан адамның халық үшін не еңбек сіңіргені туралы айтудың өзі артық. «Ақша менікі, қалай, кімге, не үшін жұмсасам еркім, менде кімнің не шаруасы бар?». Ал не дейсіз? Оның етегінде елеусіз қалған қоңырқай ғана төмпешіктің астында ұлтым деп өткен аса дарынды қаламгер немесе кемеңгер ғалым жатқанын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Оның үстіне біз соңғы жылдары жазушы қауым мен өнер, ғылым адамдарын зиялы қауым деп танудан гөрі, пайдасы да, зияны да жоқ, сүйкімі аз, жалыныштылау, жақыбайлау, жалпоштау бір тобыр дейтұғын пікір қалыптастырғанымыз жасырын емес.
Қала қазынасынан жыл сайын Кеңсай қорымына арнайы қаржы бөлінеді. Өзінің әкімшілігі, жұмыскерлері, қадағалаушылары бар. Бұл жерде қаржы қайда кетті деп дау шығарғымыз жоқ, оның заңға сәйкес жұмсалатынын қадағалаушы орындар бар және олар өз жұмыстарын біледі деп ойлаймыз. Тексеру, қадағалау біздің ісіміз емес. Біздің айтпағымыз, қайтқан кісілерді ақтық сапарға жөнелту, олардың «басын қарайтуда» бірізділік керек, жүйе керек. Қай көлемдегі жерге қанша кісіні жерлеуге болады, бейіттердің арақашықтығы қандай болуға тиіс, тазалық, абаттандыру проблемалары арнайы қарауды, талқылауды керек етеді.
Осман патшалары тұсында марқұмның «басын қарайту» бәсекеге айналған көрінеді. Қабыр басына неше түрлі керемет құлпытастардан бастап зәулім сарайлар да салынған. Абай айтатын бекер мал шашудың өзі. Кейін Мұстафа Кемал Ататүрік бұл салада да тәртіп орнатқан көрінеді. Қазір түрік молалары стандартталған, аядай ғана жер, оған қойылар құлпытастың мөлшері де шақтаулы. Бейберекет тасып-төгілу, «аттан қалма, байталымдап» жарыса шабу мұнда атымен жоқ. Асылы өлген кісіге бізден керегі алтындатқан ақ сарай емес, ақ көңілден оқылар дұға болса керек, тап қазір яки бас-басымызға би болып тұрған мына заманда оны айтсаң қазаққа сенен асқан дұшпан жоқ.
«Кіл мықты, өңшең алып айнала елің, Сен кімсің, танымадық, қай бала едің?»
Тілші: Қазақ пантеоны туралы әңгіме көп. Соңғы кездері оған бөлінетін қаржы жағдайы көбірек сөз болуда. Бұған қалай қарайсыз?
Е.Раушанов: Біз қаржы маманы болмағандықтан, бұған мардымды бір сөз алып қоса алмаспыз. Ерте ме, кеш пе, оның салынатыны ақиқат. Бүгін болмаса, ертең бұл туралы нақты әңгіме қозғайтын боламыз. Мен Римдегі біздің заманымыздың 126-жылы Адриан қаған салдырды дейтін Пантеонды да, жоғарыда айттым ғой, Париж Пантеонын да көрдім. Қай-қайсысы да ұлт зиялылырының мәңгі қонысы ретінде мәлім. Осылардың арасында маған ерекше ұнайтыны — Тбилисидегі Мтацимида пантеоны. Әуелі мұнда Пиросманидің бейітін іздеп барғанмын, таба алмадым. Сөйтсем, оның бейіті жоқ екен. Бұл туралы тағы бірде айтармыз. Қазір оны Кеңсай туралы сөзге араластырмайық. Мтацимидада Грузияның атақты ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлері жерленген. Кездейсоқ кісілер жоқ. Кезінде ата даңқымен сөз өтеді, мата даңқымен бөз өтедінің керімен жақындарын осында жерлеуге омыраулай кіріскендер аз болмаса керек. Ел оған үзілді-кесілді қарсы болған. Сол әдет әлі күнге сақталып келеді. Әдетте, грузиндер бірінші кезекте ақын-жазушылар деп бөліп, арнап атап айтады. Өткен ғасырдың басында қазіргі біздегідей грузиндерде де «ұлт неге ақындар мен жазушыларды алғы планда ұстауы керек?» деген керітартпа әңгімелер болса керек. Ерте заманнан қалыптасқан ескі жұрт, көне мәдениет иесі ретінде грузин қоғамы жаңа байшікештер мен оларды қорғайтын басшылыққа елдің есінен кетпейтіндей ғып жауап берген. Иә, қоғам әртүрлі кезеңде әртүрлі жылдамдықта, санқилы моральды, түрлі әдеп ахлақ, таным білікті ұстын ғып дамитынын көріп отырмыз. Әсіресе, біз секілді халықтарда…
Әлбетте, қоғам жаңарады.
Әлбетте, көптеген құндылықтар қайта екшеледі.
Әлбетте, қазақ қоғамы Елбасымыз айтқандай, Мәңгілік елге айналады.
Заман дегеніңіз сан өзгереді, өзгермесе құбылады, ол әлімсақтан солай. Тарих қызық. Кейде өте қайғылы. Ұлт пантеонына кімдер қойылады дегенде асығыс шешім қабылдаған елдер кейбір кісілерін кейін қайта жерлеген… керісінше, кейде өз заманында қадірленбеген тұлғалардың мәйіті жер түбінен әкелініп, қайыра Пантеоннан орын тауыпты. Жаңа ғана Шараф Рашидовты айтып өттім ғой. Көне грек поэзиясында эпитафия деген жанр болған. Әдетте, түзу тұрмай, қаршығадай қайрылып сатираға қарай бұрылып тұрады. Соның бір-екеуін мен де аудардым. Менің аудармам ұнамаса оқымассыз, ұнаса патша көңіліңіз білсін деймін дағы… Мысалы, ескі гректер пантеонға “ жаңбыр жаңбырдың арасымен келіп, байқатпай кіріп кеткен” бір бейіттің құлпытасына мына егіз жол лайық депті: «Халқымыз бұл кісіні сүймеді ғой, Үйткені ол аморальный тип еді ғой». Екінші “өз орынын таппаған” келесі бір молаға жазылған екі жол: «Кіл мықты, өңшең алып айнала елің, Сен кімсің, танымадық, қай бала едің?».
Ал абзалы тірі жүрген яки өмір сүрген. Мен сізге де, сіздің оқырмандарыңызға да ұзақ өмір тілеймін. Аман жүрейік.
Тілші: Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – П. Алпамыс