ҚЫТАЙДА ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ МЕН МӘДЕНИЕТІ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ (ФОТО)
2016 ж. 15 желтоқсан
3783
0
Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен Қытай Ұлттық кітапханасында Қазақ әдебиеті және мәдениеті орталығы ашылды. Бұл оқиға Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған аса маңызды мәдени шараның біріне айналып отыр.
Бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы шетел оқырмандарына Қазақстанның жетістіктерін кітап және электронды ресурстар арқылы жеткізу мақсатында Қырғызстан, Оңтүстік Корея, Венгрия, Түркия, Финляндия, Армения Ұлттық кітапханаларында және Ресей мемлекеттік кітапханасында Қазақстан әдебиеті орталықтарын ашқан болатын.
Орталық ашудағы мақсат – Қытай Халық Республикасындағы оқырман қауымға қазақтың аса бай әдеби мұралары мен қазақстандық көркем әдебиетті жан-жақты насихаттау. Сонымен қатар, қазақстандық авторлардың еңбектеріне, ғылыми-зерттеу базаларына, білім беру ісі бойынша ақпараттарға және басқа да сапалы ресурстарға көрші Қытай зиялыларының да қолжетізумен қамту.
Жаңа орталық Қазақстан туралы бірден-бір ресурс орталығына айналады. Сондай-ақ қытайлық оқырмандар қауымы қазақ елін танып біліп, қазақ халқының мәдениетімен жете танысуға мүмкіндік алады.
Орталықтағы сөрелерге 150-дей кітап қойылған. Сол қатарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары, Елбасының ерекше еңбек жолдарын сипаттайтын туындылар, көркем әдебиеттер, ғылыми-танымдық, тарихи әдебиеттер бар.
Салтанатты жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева қазақ-қытай мәдениетінің түп атасы – кітап екендігін алға тартты.
«Кітап – ежелден-ақ кітап өркениетінің өлшемі болып саналады. Кітапхана – мемлекет мәдениетінің көрсеткіші, – демекші кітап пен кітапхана тарихына қарап, Қытай мәдениеті әлемдегі ең озық мәдениет екендігін білеміз. Қазақ елі ежелден Отырар кітапханасымен мәшһүр болды. Әлемде екінші орынды иелеген Отырар кітапханасы туралы қытай саяхатшысы Лу-Цзин былай пайымдайды: «Отырардың даңқы әйгілі кітапханасымен шықты». Қытай мен Қазақстан достығының, тату көршілігінің тамыры тереңде жатыр. Бүкіл әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолы екі ел арасындағы ғасырларға жалғасқан достықтың нақты айғағындай. ...Ал қазақ халқы асыл сөз іздесе, Абайдан табады. Қытай халқы үшін даналық ойлар, кемеңгерлік шешім қытай данышпаны Конфуций ілімімен байланысты...», – деді Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева.
Бұл оқиға Қытай Халық Республикасы мен Қазақстанның өзара мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарын әрі қарай нығайта түседі деген сенімдеміз.
Жаңа орталық Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің тікелей қолдауының арқасында ашылып отыр.
Орталықтың ашылуы барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қытай Халық Республикасы Ұлттық кітапханасы арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Әкбар Мәжитұлы, Қытай еліндегі қазақстандық студент жастар, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева және осы кітапхана мамандары Динара Қынабаева мен Дамира Маханова, Қытай Ұлттық кітапханасының басшысы Хань Юньцзинь, Қытай Ұлттық кітапханасы басшысының орынбасары Чэн Ли, Қытай Ұлттық кітапханасы халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Чжан Сю, Қытай Ұлттық кітапханасы коллекциялық әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі Ван Чжигэн, Қытай Ұлттық кітапханасы әкімшілік бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сунь Байбо, Қытай Ұлттық кітапханасы халықаралық ынтымақтастық бөлімі басшысының орынбасары Ма Цзянь, Қытай Ұлттық кітапханасының халықаралық ынтымақтастық бөлімінің маманы Гуо Ни, Қытай Халық Республикасы Мәдениет министрлігінің халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Гун Цзяцзя, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.
qazaquni.kz