Ақмаржанның соңғы арманы...

Ақмаржан. Осы бір қаламгер досты, асыл ананы, мейірімді жанды, қамқор апаны жоғалтқанымызға қырық күн болып қалыпты... Әттең, дәл бүгін арамызда болса, «Туған күніңмен!» деп құттықтаушыларға марқайып, төбесі көкке жетер еді. Қос құлыншағын иіскеп, құшағы гүлге толар еді. Әріптестері: «Зейнеткерлікке есен-сау жетуіңізбен, Ақмаржан Бақытқызы!» десе, көгінде бақыт құсы қалықтап ұшар еді. Жайықтың жайсаңдарына сыйлы, қара басы кім-кімге де қадірлі қаламгер, журналист, редактор Ақмаржан Таубаева дәл бүгін елудің сегізіне бір секіріп шығар еді. Әттең, не шара?! Ақын қыз ерттеген ақбоз ат қапияда сүрініп кетті. Ол ескен тірліктің қоңыр қайығы өмір көшінде теңіздің тұңғиығына жете алмай кілт тоқтады өзі жайқалып өскен Жайықтың жағасында.

Біз бәріміз жолаушымыз. Бұдан бес жыл бұрын Ұлы Отан соғысының ардагері, жерлесіміз Шамақ Нуповтың туылғанына жүз жыл толып, еске алу кешінде «Нұр бейнесі айналды сағынышқа, Шара бар ма тағдырға, жазмышқа. Шамақ ата аруағы жебей берсін, Өмірге адам қонақ қой, жолы қысқа!» деген жыр шумақтарымды оқып едім. Енді, міне, тағы да сол өлең тілімнің ұшында тұр. Кеше ғана қасымызда жымиып жүрген Ақмаржан дәл осы өлеңді ойыма оралта береді. Шынында, біз жолы қысқа өмірдің базары мен ажарына тоймай көшпен бірге кетіп бара жатқан жолаушымыз... Ал жолаушылар қай жерде, қай қиырда, қай қиылыста астындағы тұлпарынан, қасындағы сұңқарынан көз жазып қалатынын білмейді. Ескермейді. Көлеңкедей қуалап қасында ажал келе жатқанын сезсе де сенбейді. Біздің аяулы Ақмаржан да мешін жылғы қазанда қаза боламын, «ажалдың жез тырнағына» ілініп, жаза боламын демеген шығар.

Былтыр көктемде Жайықтың аққулары сыңсып жылап, қаздары шулап, ғалым-ұстаз Серікқали Шарабасовты соңғы сапарға шығарып салдық. Оралдағы ат төбеліндей ақын-жазушы есімізді жия алмай есеңгіреп жүрдік. Сол сәтте Ақмаржан түн болса сегізкөзі сырқырап, кірпік ілмейтінін маған сыбырлап айтқан. Сөйте тұра, сәуірдің 14-і күні Қадыр Мырза Әлінің орталығында өткен шығармашылық кешіме келген гүл ұстап. Суретке түсіп, әп-әдемі болып Ғайсағали, Аманкелді, Темір, Дариға, Абат, Мұрат сынды зиялылардың қатарында отырған. Бұдан әрі тіршіліктің әнін айтып жан-жаққа кете бардық тағы да. Сол екі арада мамыр мен маусым, ыстық шілде өте шыққан. Тамылжыған тамыздың жиырмасыншы жұлдызы-ау деймін, Ақұштап апа телефон соғып: ­ – Ақмаржан қатты ауырып қалды, білесің бе? Ауруханаға жатқызып, дәрігерлерге аманаттадым. Бүгін кешке қымыз бен шұбат алып барамын, –­ деді. Қобалжыдым, әрине. Іле «басын көтеріпті, тәуір екен» деген хабар көңілді бірледі. Тірліктің қамымен жүріп, қасиетті Құрбан айт күні қаламгер досқа арнайы жиналдым.

Облыстық клиникалық аурухананың ең шеткі екінші корпусы. №3 палата. Көрмегелі көп айдың жүзі өтті. Маған өкпелі шығар деген күпті оймен есікті имене қақтым. Іштен өзі шықты. Сап-сау. Өңі ажарлы. Екеуміз дәліздегі жұмсақ диванда дидарластық. Бұрынғыдан да әдемі көрінді көзіме. Кейде шаршап жүретін. Тыныққаны байқалады албыраған жүзінен, мөлдіреген көзінен. Соңғы кезде төбесіне түйіп қоятын қоңыр шашын желкесіне дейін қиып, қара түске бояп тастапты. Жылқының қылындай қайратты шаштары жылтырай көрінеді. Аман-саулықтан соң әйелдігіме басып: «Сізге қара шаш жарасады екен. Маңдайыңызды ашып, тіптен сұлуланып кетіпсіз, Ақмаржан апа» деп еркінсідім.

– Ауруханада жатсам да өзімді күтейін деп. Шетелден бір жас дәрігер оқып келіпті. Қазір бар үмітім сонда. Дәрісін егіп, емдеп жатыр. Айтпақшы, мана ән салдым. Ән айтқан жақсы екен­. Ішімді босаттым...

– Дауысыңызды шығарып па?

– Жоқ. Қасымда бір келіншек бар. Қатты дауыстап айтпасам да, ыңылдап палатада әрлі-берлі жүрдім. Кейде ұйқым келмейді. Өлең жазайын десем, дәрігер ұрсады. Шаршайсың, көп ойланба, жүйкеңе жүк түседі дейді. Жазу жұмысы адамның жүйкесін қажытады екен ғой.

– Ә, солай ма. Жазғанда байқамайсың. Талай өлең жазасыз әлі. Үлгересіз бәріне..., – дегенімше, дәлізге қарсы палатадан екі иығын балдаққа сүйеп, аяқтарын сілти басқан ұлты өзге келіншек шықты. ­

̶ Бұл кісі де көптен ауырады. Уақтылы емін алып тұрады екен. Дәрігер маған осы кісі секілді әлі біраз жүресің ­дейді.

̶ Аузына май. Айттым ғой, ертең-ақ сауығасыз құлан-таза! Әнаруды ұзатып, Әнасылға келін әпереміз.

– Көкелерім десеңші! Қызым жаз бойы қасымда болды. Тіпті оқуына барғысы келмей қиналды. Алматыға әзер кетті. Сабағыңды тастама дедім. Қыздар педагогикалық университетінде оқып жүр ғой,­ – деді Әнарудың болашағына үміт артып. Осылайша шүйіркелесіп отырғанда Рысты деген үзеңгілесі хабарласты. ­Оған менің келгенімді, ішер ас-судың толып тұрғанын айтты. Сосын маған қарап: – Естіген бойда Шалқыма апай келді жылы-жұмсағын алып. Ұжымымды ертіп Софья Салахатдинқызы да жетті. Үзілдік пен «денсаулықтағы» Жұпар екібастан. Өтебай ағаның үй-іші. Апаларым, келіндерім, інілерім, тумаларым. Бәрі-бәрі күн құрғатпай келіп жатыр. Айналам толы екенін енді білдім. Қадіріңнің бары мен жоғы басыңа іс түскенде көрінеді. Шүкір әйтеуір. Баламды Шалқыма Хайроллақызына тапсырдым. Әнасыл қазір колледжде жұмыс істеп жүр. Тек осы аурудан жазылып кетсем болғаны, – деді сабырлы қалпымен.

Мен Ақмаржанның жігерлі болмысына, шамалыға мүжілмейтін мінезіне іштей разымын. Жылы сөзіміз жарасып барады. Дегенмен, Қайрат Жұмағалиев айтқандай, «ұры уақытқа» бағынып, кетуім керек. Алтыға таяу келіп едім. Сағат тілі жетіні төңіректепті. Күздің жауын-шашынды кеші көмескі тартқан. Содан Ақмаржан баспалдаққа дейін шығарып салды да, бетіме тіке қарап:

– Рахмет, Мира. Енді келме. Онсыз да уақытың жоқ. Менің рухани қолдаушым болсаң жарайды. Ылғи «апалап» жүресің. Саған ризамын. Сен менің ақ Мирошымсың ғой!– деп кемсеңдесін. Сосын даусы дірілдеп, кілт бұрылсын палата жаққа. Оның жыламсырап бара жатқанын білдім. Жоғары қабаттан төмен сырғып түскен сайын көзімнен ақ бұршақтай жас ытқыды. Айналама қарамастан аурухана ауласынан тез сытылып шықтым. Сол кеште үйге кіре алмай, көпке дейін сыртта жүрдім. Жүрегіме құдықтағы мұздай бақаны тартып қойғандай солқ-солқ, дір-дір... Әп-әсем қарсы алып, тәмам кетерімде көңілі нілдей бұзылып, қыстығып жылағаны жанымды жай таптырмады.

Елеңдеп, арада үш-төрт күн өткенде телефон шалдым. «Тәуірмін. Үйге шығарады» деді. Көп кешікпей дүкеннен Үзілдік Елеубаеваны кезіктірдім. «Кеше тым жақсы еді. Бүгін ас батпай тұр. Таңдайына басатын мұз кәмпит алып бара жатырмын» дегені. Сәлем айттым. Қолдан келер қайран қайсы?!

* * *

6 қазан. Ұялы телефоным әндетті. «Ақмаржан ақын» деген жазу кішкентай экранға атып шықты. (Қазір бұл телефон ұлы Әнасыл мен інісі Қайыржанның қолында жүр. Мен де нөмірін кетіре қоймағам. Әлгінде Қайыржан хабарласқанда өзіме-өзім сенсемші?!)

Бұл оның соңғы хабарласуы екен. Даусы саңқылдап естілді. Үйінде екенін, жаңа өлеңдер жазғанын жеткізді. «Қарашаның он жетісінде елу сегізге толам. Бұйыртса, зейнеткерлікке шығады апаң! Ұжымым алғыс хат сыйлап, қошеметтер. Ал одан әрі...» Арада сәл үнсіздік. – Неге бұлай дейсіз. Алланың күні таусылмасын. Рахаттанып өлең жазасыз. Демаласыз.

– Білмеймін. Денсаулық кемімесе, тәуірленбес.

– Түһ! Асан қайғыны тағы бастадыңыз ба? «Жақсы сөз – жарым ырыс».

– Ақұштап апа келді ме? Қалада ма? Телефоны өшірулі. Түнәукүнгі шаруа не болды? Жазушылар одағына айтты ма екен?

Ойын түсіне қойдым. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Жазушылар одағына мүшелікке Ақмаржанды өткізуге Ақұштап Бақтыгереева ұсыныс берген.

– Жыл соңына дейін одаққа өткізсе ғой. Айсұлу Қадырбаева Алматыға барып келіпті. Ғалым Жайлыбай маған сәлем айтыпты. «Ертеректе бірге оқыдық. Былтыр облыстан мүшелікке жігіттер өткенде, ол ескерілмей қалыпты. Осы жолы ұсынса біз өткіземіз» депті. Ақұштап апа қалаға келсе, айтшы. Тездетіңдерші.

– Апай біледі бұл мәселені. Келген бойда пысықтаймыз.

– Мен ешкімнен кем өлең жазған жоқпын, Мира.

– Әрине. «Нұр апасы Жайықтың» өзі неге тұрады?! Партизан Нұрғаным Байсейітованы жазған сіз! «Жайықтың ақ самалының» авторы сіз! Өлеңіңізге шыққан әндер қаншама. Баяғыда айттым сізге өтіп алыңыз деп. Құнттамадыңыз.

– Иә, салақтық таныттым. Ескермедім. Осылай жүре беремін деп ойладым ғой. Кім біледі енді не боларын. Мені қолдап жүр! Рухани досымсың ғой! Кеше де біраз өлең жаздым. Жазсам жазылып кетем...

Бұл екеуміздің соңғы сөйлесуіміз екен. Тағы да «Ал жақсы, сау болыңызбен» алақанымнан титтей телефон ажырады. Біреу жан алқымынан алғандай аласапыран күй кешіп тұрғанын қайдан білейін. Алыс сапарға әлдене асықтырды ма. Түсінде ата-әжесі аян берді ме? Әлде, соңғы өтінішін айтып қалайын деді ме...

Арада тура алты күн өтті. Қазанның он екісі, сәрсенбі еді. Редакцияда қызу жұмыс. Газеттің кезекті нөмерін баспаға дайындап отырмын. Телефоным шырылдап, бөтен сандар шықты тізіліп. Хабарласып тұрған журналист Руслан Қалиев екен. Зайыбы Жұпар екеуі Ақмаржанмен дәмдес, сырлас, дос еді. Іле, суық жағдайды естіртті. Дәл сол сәтте оның «Жазушылар одағына» не үшін тезірек өткісі келгенін ұқтым. Ақмаржанда арман-қиял көп еді. Бұл оның соңғы армандарының бірі дедім. Қоңыр күзде бұтағынан селдіреген жапырақтай асыл армандар, тәтті қиялдар сабағынан қиылып, желмен ұшты. Алдамшы тірлікке дауа бар ма?! Ақын көңілі өмірдің сағаттары тық-тық соғып, байқатпай өтіп жатқанын кеш сезіп, жанталасты-ау. Бәлен жыл «Жайық ұстазы» газетіне қол қойып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып, игі-жақсыларды ұлағаттап мақала жазып, жырларын моншақтай жіпке тізіп, қаламын жанына қуат еткен ақын Ақмаржан Жаратқан маңдайына өлшеп берген қысқа ғұмырында Жазушылар одағының мүшесі болып, қалың топтың тізімінен табылғысы келді-ау. Жалғыз ол емес, қаламгер біткен осы одаққа өтуді аңсайды. «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп данышпан Абай айтпақшы, алайда мүшелік билеті бар сегіз жүзге жуық ақын-жазушыға «әділ бағаны» уақыт пен оқырман береді. «Өнер алды – қызыл тіл» бәйгесінде кімнің тұлпары жүйткіп, кімнің құлдырап бара жатқаны түйсігі терең қауымға қашанда аян. Ал біздің Ақмаржан аталмыш одаққа мүше болып, халқыма қаламымен әлі де қызмет етсем деп армандады. Мұнысы айып па? Өмірге ғашықтығын мойындап алға ұмтылған рухани досымның өзіме әдейілеп айтқан «соңғы арманын, соңғы назын» көңілімнің сандығына сақтап қоя алмадым. «Аманатқа қиянат қылмай» осы бір өтінішін Алматыдағы Жазушылар одағына жеткіздім. «Әттеген-ай! Маржан қыздың жаны жайсаң еді ғой. Рас, партия мектебінде біз бірге оқыдық. Көзкөрген құрдасым еді. Неге ертерек ескертпеді екен. Өлеңдері де жақсы еді. Оның бұл арманын орындай алмадым-ау. Ол Жазушылар одағына өтуі керек еді. Енді бәрі кеш» деп өкініп қалды ҚР Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, алашқа әйгілі ақын Ғалым Жайлыбай.

Ақұштап апа да жерлес сіңлісінің жылы ұядан ажырап, мәңгілікке аттанғанына қапаланды. Алыс жолдан келген бойда Ақмаржанның қаралы қазасынан табылды. Мұңайып өлең оқыды. Жақсыларға шаң жуытпайтын Ақ Жайықтың аспаны ол соңғы сапарға аттанған күні шәйдай ашылып, Ақмаржанның аруағын аялап тұрды. Үнемі мәдениетті қолдап жүретін, өнерге көз қарасы түзу өңір басшысы Алтай Көлгінов бастаған атқамінерлер ақынды өкінішпен жоқтады. Алматылық қаламгерлер атынан «Қазақ әдебиеті» газеті Ақмаржан Таубаеваның жанұясына қайғырып қазанама жазды. Мұштанның Дариғасы қаламдасын жырмен іздесе, Дәулеткерей Атауұлы өлкедегі қалам ұстағандарға таңсәріден телефон соғып, көңіл айтты. Бұл біздің елдігімізді, бірлігіміз бен тірлігімізді, қуанышта ғана емес, қайғыны да бірге бөлісетінімізді дәлелдейді. Осының бәрі ботадай боздаған Әнару мен Әнасылдың жаралы жүрегіне жамау... Көңілдеріне медеу. «Жазмыштан озмыш бар ма?!» Әттең, оның бүгін көп жылғы еңбегінің қайырын көре алмай, қанаты сынып, үміті үзіліп, жұлдыздай ағып түскені жанымызға аяздай батады.

* * *

«Құй сен, құй сенбе!», Ақмаржан дос осылайша тәтті тірлікке қол бұлғап, кете барған... Оның нәзік те батыл жүрегінде ескірмейтін махаббаттың сазы қалған...

Ол «вальс королі» Шәмшінің ізін жалғап, інісі атанған талантты композитор Қалдыбек Құрманәлінің бір кездері асыл жары болған. Бұл жайтты көңілден кетірсең де, тарихтан өшіре алмайсың! Менің теңеуімше, «мінезге сараң, әнге бай сал-серіден» Әнасыл мен Әнаруға жарық сыйлаған. Бөпелерін бесікте тербетіп, мейірімді ана атанған. Балапандарын тістелеп жүріп өсіріп, қол-аяғын балғадай ғып адам еткен. Өнерлі азаматтан ұрпақ өрбітіп, аналық қуанышқа кенелген. Ол бірде бақытты, бірде бақытсыз күй кешкен. «Ақын емессің» деп табалаған замандасты да үнсіз жеңген.

Ол Фариза Оңғарсынованың рухани сіңлісі атанып, ақынның қолдауымен Оралда баспаналы болған. Көңілі көктемдей құлпырып, тірліктің теперіштерін ұмытқан. Сөйтіп, Жайығында жайлы өмір сүрген.

Ол құйттай ғұмырында жақсы жандардан өнеге алып, өмірге ұмтылған. Қиындықтарды қиып өтіп, арайлы таңдарды қарсы алған. Ол адами ар-намысын биік ұстап, адамгершілігімен ұлттық құндылықтарды қадірлеп, ана тілдің абыройын ойлап, заманға үн қосқан. Айналадан шапағат тауып, қаламын жырмен тербеткен.

Оның «Жайықтың ақ самалы» кітабына иісі қазаққа танымал ақын Ибрагим Иса «Өлеңі өмірімен өзектес ақын» деп алғы сөз арнаған. Біз бірде елеп, бірде елемеген Ақмаржан өзі армандаған Жазушылар одағына мүше болмаса да, ертеректе «Күз әні» деген өлең жазған. Онда:

Жалбыр, жалбыр, жалбыр күз,

Сағынтып ән салдыр күз.

Ана жақта ол – жалғыз,

Оралымда мен – жалғыз,

Екеумізде жалғызбыз.

Күз келіпті Оралға,

Сары уайым – сары күз.

Аққу қайта қонар ма?

Қоштасып бір қалыңыз, – деген жолдар бар.

Мінекей, осы өлеңі арқылы да өткінші өмірмен қоңыр күзде қоштасарын Ақмаржан баяғыда білген. «Таңғы елес, таңғы елес. Бұл өмірде ештеңе де мәңгі емес» деп айтылар әннің қайырмасындай қайталанбайтын, қайта оралмайтын бұл фәниге пенде біткен қонақ! Бұл жалғанды саяхаттап жүрген әрбір «жолаушы» жалт бұрылып өте шығар тірлікте бір-бірін бағаласа болғаны!

Аспанда қалқып ұшқан Ақмаржанның аруағы бозторғайдай шырылдаған ұл-қызын, жақын-жұрағатын желеп-жебеп, мәңгілік ұясында ұйқысы бұзылмаса болғаны. Сонда ғана ақын рухы «Тірілермен тірімін» деп ұзақ жасайды.

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА,

жазушы-журналист

Дереккөз: baq.kz