Дидар Амантай: Қаза ауыр, қайғыдан қан жұтамын...
2016 ж. 21 қараша
3988
0
Әмірхан Балқыбектің рухына!
ЕҢКІНІҢ[1] ЖӘНЕ БОРХЕСТІҢ КІТАБЫ[2]
Книги Энки и Борхеса/ Books of Enki and Jorge Borges[3]
“И создал Господь Бог человека из праха земного,
и вдунул в лице его дыхание жизни,
и стал человек душою живою”
(Бытие 2:7)
“Сыңғырлап тұрған кепкен балшық-тан
тиісті мүсінге келтіріп, адамды
Біз топырақтан жараттық”
(Құран Кәрім, “һижір” сүресі. 15:26)
“Адамды Ол ұйыған қаннан жаратты”
(Құран Кәрім, “Алақ” сүресі, 96:2)
Ей, Әмірхан!
Сен – Тәңірмен тілдестің!
Қасқыр құдай болған кезді шын дестің.
Тақуадай кітап оқып күн кештің!
Жолықтың ба Рұм патшаларына?
Шумер халқын көргеніңді білмеспін.
Жалын тартып, асау мініп алыстың,
Құла дүзде желмен ойнап жарыстың,
Ат үстінде бала сүйіп, жар құштың.
Жүрсің бе енді ұжмақ кітапханаларында –
Жұмбақтарын шешіп екі ғарыштың.
Қыпшақтардың жорық жырын айбат үн
Рұмды шапқан сапарда айтып қайтатын.
Шылбырыңды ұстар, байлар қай қатын.
Соңғы кітап жазылады бір күні
Бар кітаптың мазмұндарын айтатын.
Нибиру[4] – көк аспандағы құт әнім.
Қаза ауыр. Қайғыдан қан жұтамын.
Ануннаками[5], нені қастер тұтамын.
Енді ешқашан оқымайды адамзат
Еңкі жазған кітаптардың кітабын.
Тақтан тайма, отыр мәңгі күрсіңде.
Құлақ түріп сырттан жеткен дүрсілге,
Кітап күтіп елегізіп күрсінбе.
Құдайды іздеп қолжазбаңды сүйретіп
Құс жолында қамырығып жүрсің бе.
Атқан таңы ассирия[6] сібірлеп,
Өткен аккад[7], хананея[8] дүбірлеп!
Хетта[9], хуррит[10], арамея[11] түбірлеп
Қыштан жазған ұлы поэмаларды
Өзіңе-өзің оқисың ба күбірлеп.
Жусан иісі космоста бұрқырап,
Отырсың ба оңашада жыр құрап.
Тұңғыш нұсқа, соңғысына – қыр жұтап,
Қос лұғатты бір-біріне тұр жұптап,
Енді ешқашан оқылмайды ғаламда
Сен оқымай кеткен жалғыз бір кітап.
О, уақыттар!
Дешті-қыпшақ даласын –
Оятамын!
Қырға тізген қаласын!
Көне шаһар оттары еске саласың...
Ұмытпаңдар орда құрған
Шыңғысхан
Сүйген Бөрте әулетінің баласын!
02-03.07.2015
[1] Тәңірі. Шумер және аккад құдайы.
[2] Сөзі мен әні: Дидар Амантай.
[3] Испанша.
[4],2 Аккад халқының сөзі, вавилондықтар Мардұқ құ-дайымен теңестіретің аспан денесі, шумер мәтіндеріндегі 12-ші планета, аннунаками халқының күн жүйесіндегі
[5]мифологиялық мекені.
[6] Ассирия – екі мың жыл бұрын өмір сүрген көне мемлекет; аккад, араб, иврит, арамей сөздерінің туындысы (б.д.д. XXIV – б.д. VII ғғ.)
[7] Аккад – (б.д.д. XXIV – XXII ғғ.) көне халық, семиттер тобына жатады.
[8] Хананея – финикийліктер, иврит, араб сөзі. Сирия, Ливан, Израиль, Иордания жерінде қалыптасқан ел, бұрынғы атауы – Финикия. Бір тараптан, Ханаан, яғни “Жерұйық” (“Земля обетованная”) деп те аталады.
[9] Хетта – қола ғасырдағы үндіеуропалық жұрт.
[10] Хуррит – Солтүстік Мессопотамияда б.д.д. ХVІ – ХІІІ ғ.ғ. мемлекет құрған ел.
[11] Арамея – арабтарға дейінгі Иран мен Сирия тұрғындары