Әдебиеттегі Әлихан бейнесі
2016 ж. 17 қараша
5689
0
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімі алты Алашқа көзінің тірісінде аңыз болып тарады. Ерін ардақтаған қалың қазағы оның отаршылдық қорлықтағы елін азаттық пен рухани жаңғыруға бастаған кемел тұлғасын адалдық пен әділдіктің, қайсарлық пен өрліктің кіршіксіз бейнесі ретінде қастерледі. Ол «Жолдастарыма жұрт һәм Отан игілігіне еткен жұмыстарына өнім, береке берсін деп тілеймін. Қайда жүрсем де бар күшімді Отанның бағы һәм еркі жолында сарп етпекпін» деген күрескерлік ұстанымын өнегелі ісімен дәлелдеп, ұлтқа қызмет ету ұлағатына ақтық демі таусылғанша адалдық танытты.
Саналы ғұмырын күрескерлікпен өткізген Әлиханның қайраткерлік болмыс-бітімін барша исі қазақ айрықша бағалады. Патша түрмесінде зарыққан қиын қыстау күндері де қайсар перзентін рухани және материалдық тұрғыдан қолдап, елдік мінез танытты. Ғұмар Қараш сынды кескекті ердің сойы өмірге жаңа келген өреніне Әлихан есімін берді. Болашақта текті тұлғаның кекті жолын ұстанып, теңдік күресін жалғастырарына үміт артты.
Бастапқы Ресей отаршылдығы кейінгі кеңестік тоталитарлық жүйе цензурасында жаншылған қазақтың асыл сөзінде, литоның жіті сүзгісінен өткен түрлі сипаттағы әдеби басылымдарда Алаштың өшпес рухындай Әлиханның қазаққа қадірлі есімі мен азаттыққа адастырмай бастайтын серке сөзі елшіл ұрпақтың санасына құйыла берді. Ұлтсыздандыру саясатын жүргізген кеңес билігінің сан жылғы әпербақан саясаты да Алаш ұлт-азаттық қозғалысы көсемінің жарқын бейнесін ел жадынан өшіре алмады.
Қыр перзентінің саяси және рухани қайраткерлік тұлғасы көзі тірісінде-ақ ХХ ғасыр басындағы Алаш ұранды әдебиетте барша табиғи болмысымен сомдалды. Әлиханның Ресей Мемлекеттік думасына сайлануына орай ең алғаш Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Сөз шықты біздің қазақ баласына» («...Жиылыс, дума деген хабар шықты, Қайратты ерлер барар оған мықты. Бас қамын, жан пайдасын ойлаңыздар, Тастасып партия мен араздықты. Думада анық болды сайлау бары, Құны асар артылғанның сонда шары. Бәрі де бір ауызды болып жатыр, Оянып бізден басқа халықтың бәрі...», патша өкіметі тарапынан қудалануы және де кейіннен большевиктер тұтқынына алынуымен байланысты Көкбай Жанатайұлының «Қарағым жалғызымсың қазақтағы» («Қарағым, жалғызымсың қазақтағы, Ұл тумақ сендей болып аз-ақ тағы. Өгіз өліп, болмаса арба сынып, Өмірің өткен жансың азаптағы...»), Ахмет Байтұрсынұлының «Достыма хат» («Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай! Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай! Үйілген өлексені өрге сүйреп, Шығармақ қыр басына іңкәрің-ай!..»), Әріп Тәңірбергенұлының «Міржақып Дулатұлы мен Әлихан Бөкейханұлына!» («Міржақып, Бөкейханов – екі саңлақ, Жұрт үшін бейнет көрген жанды жалдап. Сапарың қайырлы болсын барған бетте, Тілектестік білдіріп жаздым арнап. Жаужүрек қыран көзді арыстаным, Жан қиып халқың үшін қарысқаның. Қатардан қазақ сорлыны қалдырмасқа, Бәйгеде ұлы дүбір жарысқаның. Шешен тіл саясаттың саясында, Ететін талмай қызмет данышпаным. Атқан оқ, сермеген қол қата кетпей, Түскей-ақ аяғыңа бар дұшпаның»), ел бастаған ерен тұлғаның қайталанбас қасиеттері Ғұмар Қараштың «Ғ.....ға» өлеңдерінде («Ірі жұмыс қолға алып, Айға шапқан арыстан. Таза жүрек ақ бейіл, Терең ақыл, данышпан, Тайғақ кешу жерлерде. Тар қапулар келгенде, Ұлт намысын қолынан, Жібермеске шалысқан, Қалың бауыр жұрты үшін, Жасанған қолды бұзам деп Жарып өтіп озам деп Тізгін бермей қарысқан. Жүлдені қалай берем деп, Жатқа не деп ерем деп, Ақиық айқын ерлермен, Белсеніп шығып алысқан...») шынайы көрініс тапты.
Тарихи бастауында Әлихан тұрған Алаш Орданың құрылуымен сабақтас елдік туына біріккен барша отаншыл ақ жүрек азаматтардың қажырлы күрескерлік ортақ мұрат-мақсаты Нұржан Наушабайұлының «Алашордаға», Нарманбет Орманбетұлының «Құрылтайға барғанда», Дия қажы Ахметұлының «Қайран, Алаш», Ғұмар Қараштың «Алашқа», «Алаш азаматтарына», Сәбит Дөнентайұлының «Қаулы», «Сарыарқа анамызға», «Адаспаспыз», Ахмет Мәметұлының (Ахмедғали Мамытұлы) «Алашқа сәлем», Жүсіпбек Аймауытұлының «Ұран», «Әскер өлеңі», сонымен қатар «Жас азамат» газетінің 1918 жылғы 26 желтоқсан күнгі №17 санында «М.Н.» деген бүркеншік атпен жарияланған автордың «Он үшінші декабрь күніне арнаймын» өлеңдерімен жинақталып берілді.
Алаш азаттығы, ел мен жер тұтастығы, саяси теңдігі мен рухани кемелділігі жырланған өлеңдер елдік қасиеттерге бұла күш дарытудағы жасампаздық қасиетімен құнды. Ол – Алаш баласына азаттық пен еркіндіктің қаншалықты қиындықтармен келгенін ұғынуына әрі сол жолда ұлы тұлғаларымыздың жаны мен қанын бергенін ар биігінен сезінуіне ой салары хақ.
Бөкейханның Қазан төңкерісінен кейінгі аласапыран жылдар ағымындағы адасқан еліне тұтқа болған азаматтық тұлғасы тікелей және жанама түрде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұтылғанның өмірі», Сұлтанмахмұт Торайғырұлының «Айтыс» (қала ақыны мен дала ақының айтысқаны) поэмалары, Ғұмар Қараштың «Түс» өлеңі, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романында әр қырынан суреттелді. Өз кезегінде шет елдегі қазақ баласын Алаш идеясына жұмылдыру мұратындағы игі қадамдар Ақыт қажы Үлімжұлының «Жығыла ма осымен Алаштың тіккен ордасы?» («Батысты қоршап орыс тұр, Сыртымда қалқа – тор басы. Ғарып Ақыт мекені – Өр Алтайдың өр басы. Айналаң тегіс қоршалды, Заманың қалай, қазағым, Жығылама осымен Алаштың тіккен ордасы?»), Әсет Найманбайұлының «Алашқа» дастаны («...Меллаттың көш бастарлық асылдары. Елі үшін бойға біткен тасыр қаны, Ақ жолға берекемен ұйыта білсең, Жаратқан оңға бастар мұсылманды, Өзіңе-өзің берік бол, елді түртпей. Оятып іргеңдегі масылдарды, Итан, жапон үлгісін үйрете алсаң, Торлаған түнек тұман ашылғаны, Ел болып ірге көмсең қалаласып, Қоралар малмен тозып шашылғаны, Өзің бірден кенеліп кетпесең де, Келешек ұрпағыңның тасыр бағы...»), Таңжарық Жолдыұлының «Ар-ождан, намыс, жігер қайда қалған» өлеңімен («...Ахмет атын бұзып, болды «Маса», Сөз жазды қос қыртысты, беті таса. «Ұйқыңды ызылдасам, бөл» деп еді, Көрмедім, ұққан адам оны да аса. «Сықылды сынық бұтақ төмендемей, Жұлғызба, жемісіңді» – деді, – «Жаса!». Қайтесің, оны да ел тыңдамаса. Жазылды Міржақыптан «Оян, қазақ!», Ескерді оны қашан «ноян» қазақ? Орнына оянғанның ұйқы басып, Қалдың ғой, ши түбінде, қоян қазақ...») көркемдік танымда жаңғырды.
Халқының шексіз сүйіспеншілігіне бөленген Әлихан бейнесі ұлттық сөз өнерінің түрлі жанрында жазылған толымды туындылармен барынша толығып отырды. Әдебиетіміздегі осынау көркемдік үрдісте Ғұмар Қараштың «Ғ.....ға» арнау өлеңі, Мағжан Жұмабайдың «Әлиханға» эпиграммасы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлының «Әлиханның Семейге келуі» мақаласы, Мұхтызар Титақұлының «Мұрат үшін майдан» пьесасы айрықша аталады.
Әлихан Бөкейхан және Амангелді Иманов арасындағы 1916 жылғы көтеріліске қатысты саяси дүниетаным қайшылығы мен азаматтық ұстаным алшақтығы Ғабит Мүсірепов пен Бейімбет Майлиннің бірігіп жазған «Батыр большевик Аманкелді» очеркінде, Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» романында әсіре саясаттандырылды. Ал Әлихан және Жангелдин текетіресі Қалижан Бекхожинның «Дала комиссары» дастанында, Сұлтанмахмұт және Алаш байланысы Дихан Әбілевтің «Арман жолы» роман-трилогиясында, Түркістан легионы және Әлиханның сенімді ізбасар серігі Мұстафа Шоқай қайраткерлігі негізінде Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» кітабында көрініс тапты. Аталған шығармаларда Алаш арысының «жағымсыз» бейнесі шағын әрі қосалқы эпизодтық сипаттарда алынғанымен, тарихи-революциялық, деректі және документальді шығармалардағы тартыс табиғатын барынша үстеп тұрғанын таза терістей алмаймыз.
Аталған туындыларда «жағымсыз кейіпкерлер» тұрғысында алынған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің толғаныстары таптық танымда, партиялық ұстанымда өрістеп жатуы заңдылық болатын. Десе де қазіргі заман биігінен алғанда кейбір туындылардағы көркемдік айшықтар нақты өмір шындығынан алшақтап кетпейтінін бағамдаймыз. Қ.Бекхожинның «Дала комиссары» дастанындағы Әлиханның Әлібиге қарата айтылған мына бір өлең жолдарына назар аударалық:
« - Сен өзі қазақпысың, кәззаппысың,
Жат жолды жұртымызға жүрген қалап?
Еліңде елден безген атанасың…
Жазыпты «бұзақы» деп сені газет,
Оқы сен Мәдиярдың мақаласын.
Алаштың бетін жыртып жаралапсың,
Уақытша Үкіметті қаралапсың.
Қазақтан қайда шықты сойқан мұндай?..».
Осы сипаттағы қарама-қайшылықтағы суреттеулерден көзі қарақты оқырмандар өздерінің эстетикалық таным-талғамына қарай ой түйері анық.
Алаш көсемінің көркем бейнесін өз шығармаларының жанама немесе шағын ғана эпизодтарына арқау етіп алған сталиндік қуғын-сүргін тепірішін басынан өткерген қазақтың қабырғалы қаламгерлері Әлихан есімімен сабақтас ХІХ және ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ қоғамының күрмеуі қиын мәселелерін сырт айналып өте алмады. Тарихи оқиғаларды көркемдік таным елегінен өткізуде өмір шындығын бұрмалауды ар санаған әрі азаматтыққа сын деп білген М.Әуезов, Х.Есенжанов сынды суреткерлер де болды. Бұл ретте Алаш арыстарының елдік тағылымын бойына сіңірген Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы «Қастықта» бөлімінде қазақ санын статистикалық деректермен тарата баяндап, «Төрт тарабың сай келген, ендігі қазақтың хан-төресі сен екенсің! «Ханым сен, қарашың мен» десем дегендей кісім өзің екенсің! Өзге қазақтың «білдім, болдым» дегенінің бәрі сенің садағаң кетсін!» деген Оразбай бастаған қалың тыңдаушыларын тәнті еткен Әзімхан төре Жабайханов (Әлихан Бөкейхан), «Шайқаста» бөліміндегі Абайдың Петербургта оқитын студент, болашақ адвокат Сақпаевқа (Жақып Ақбаев) көзін тіге отырып, «Бұл топтың ақылшысы басшысы боп жүрген қазақ төресі Әзімқан Жабайханов деген» толғамының астары тарих толқынындағы Алаш кезеңінің тарихи бастауларына жетелейтіні анық. Сондай-ақ Әлихан және ақын Абайдың рухани сабақтастығы Кәмен Оразалинның «Абай ауылына саяхат» туындысында да барша шынайылығымен көрініс тауып жатқанын ерекше атаймыз.
Қорыта айтқанда, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның қазақ әдебиетіндегі көркем бейнесінің сомдалуы өзіндік сипатта көрініс тапты. ХХ ғасыр басындағы Алаш ұранды әдебиетте қыр перзентінің қайраткерлік қайталанбас тұлғасы барынша шынайы табиғатымен, бекзаттық болмысымен бейнеленді. Әлихан бейнесінің сомдалуы ұлттық сөз өнерінде түрлі жанрдағы арнау өлең, эпиграмма, пьесалық туындылармен барынша толығып отырды. Алаш партиясына арналған өлеңдерде, шет елдегі қандастарымыз шығармаларындағы ұлттық идея тұрғысынан көркемдік танымда жаңғырып жатты.
Алаш көсемінің тау тұлғасы социалистік реализм қалыбындағы туындыларда «жағымсыз» сипатта бейнеленіп жатқанымен, кеңестік идеология қысымына қарамастан ұлттық мүддені басты орынға қойған қаламгерлер шығармаларында тарихи шындыққа сай суреттелді. Әрине біз тұманды жылдары коммунистік идеология жетегінде кетіп адасқан ақын-жазушыларды даттаудан да қаралаудан да аулақпыз. Олар адаса жүріп те ұлт тарихында өшпес ізін қалдырған тұлғалардың ерен еңбегін көркемдік танымда жаңғыртып та отырды.
Тоталитарлық жүйенің күйреуімен сабақтас Алаш арыстарының елдік көшін бастаған ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның қайраткерлік тұлғасын тарихи шындыққа сай суреттеу жаңа көркемдік-эстетикалық арнаға ойысты.
Сағымбай Жұмағұл,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университеті қазақ әдебиеті
кафедрасының профессоры, ф.ғ.д.
qazaquni.kz