ЖАМБЫЛДЫҢ КӨЗІН КӨРГЕН ӘЖЕ
2016 ж. 15 қараша
2779
0
Жамбылдай сыр сүлейді тереңнен тану үшін алдымен оның көзін көрген жандармен сырлас болған жөн бе дейміз. Себебі, бір ғасыр өмір сүрген жыр алыбының біз білмейтін қырлары мен сырлары кім-кімді болса да қызықтыратыны анық қой. Әрі естіп білудің өзі бір мәртебе!
Алайда осыдан 170 жыл бұрын дүниеге келген кісімен жүздескен жанның жасының өзі нешеде болмақ деген сауалдың туындайтыны бар. Сұрастыра келе, ондай адамның бар екенін және біздің көршілес ағайындарымыздың мемлекетінде тұратындығын білдік. Оның есімі – Майрамкан Абылкасымова. Қырғызстан елінің атақты ақындарының бірі.
Майрамкан апайдың өмір жолына қысқаша тоқтала кетейік. Мұғалімдердің отбасында дүниеге келген апайдың жасы қазір сексенде. Жеті жылдық мектепті бітірісімен педучилищеге оқуға түсіп, кейін Қырғыз қыздар педагогикалық институтында білім алады. Алғашқы еңбек жолын Ош облыстық газетінде әдеби қызметкер ретінде бастайды. Бірнеше жыл газет-журналдарда қызмет атқарған Майрамкан апай қазір зейнеткерлік демалыста.
Биыл Қырғызстан мемлекетінің 2016 жылды тарих пен мәдениет жылы деп жариялағаны белгілі. Осыған орай Қырғызстан мемлекеті көптеген маңызды іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Соның бір айғағы ретінде жақында ғана Бішкекте болып өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің шығармашылық жəне ғылыми зиялы қауымының ХІ форумын айтпай кетпеске болмас.
Форум демекші, Майрамкан апайдың да зейнеткерлік жасына қарамай, алыс-жақын елдерден келген қонақтармен жүздесіп, осы жиынға қатысқан жайы бар. Шығармашылықтың адамы үшін творчествомен айналысатын адамдармен жүздесудің өзі ғанибет. Форумға қатысушалардың алдында сөз сөйлеген Майрамкан Абылкасымова халық поэзиясының өкілі Жамбыл Жабаев атамызды бала кезінде көргені туралы айтқан болатын.
* Әлі есімде. Бала кезімізде Жамбыл ата келе жатыр дегенді естігенде алдынан шығу үшін ауылдың барлық балалары жүгіре жөнелетінбіз. Дәл осы көріністі көрген атамыз домбырасын шертіп-шертіп жіберіп, қазақ-қырғызша ән айта жөнелетін. Ауылдың ақсақалдары да қазақ бауырын көре салысымен, үйлеріне қонақ қылуға асығатын. Тіпті кезекке де тұратын. Қазір ойлап отырсам, қандай бақытты кезеңді басымнан кешірген екенмін, – дейді ол.
Майрамкан Абылкасымова апай кезінде халық жазушысы Фариза Оңғарсыновамен кездескенін де айтады. Көптеген шығармалары шет тілдеріне аударылған Фариза Оңғарсынованың поэзияға деген құштарлығына, тебіренісіне, ақындық қасиетін биік ұстайтынын және қазақ дүниетанымындағы нағыз әйел бейнесі байқалатынын тілге тиек етті. Қырғыз елінің атақты ақыны Майрамкан апай қазақ әйелдерінің осындай ақыл-парасаттылығын жоғары бағалайтынын да сөз арасында айтып өтеді. Ол
сондай-ақ, қазақ ақындарының ішінде шоқтығы биік ақын қыздардың бірі Марфуға Айтқожинамен дәмдес болғанын айтады. «Жыр аққуы» атанған Марфуға апайдың да бойынан қазақ әйеліне тән намыс пен ұлттық рухты көретінін және ақындық поэзияда өзіндік орны барын қуанышпен айтып жеткізді.
Елуінші жылдардың басында шығармашылыққа ден қоя бастаған Майрамкан Абылкасымованың туындылары әлі күнге дейін қазақ тіліне аударылып келеді. Бұл дегеніңіз қырғыз қазақ бауырлас ағайындардың жүріп өтер жолы да бір, тыныс-тіршілігі де бір деген сөз. Неге олай демеске? Дәл сол форум аясында Қырғызстан мен Қазақстан мемлекеті екі жақты келісімге келіп, меморандумға қол қойды емес пе? Бекітілген меморандумда көрсетілгендей Қырғызстан ұлттық кітапханасында «Қазақстанның әдебиет және мәдениет орталығы» ал, Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасында «Қырғызстанның әдебиет және мәдениет орталығы» ашу көзделді. Нәтижесінде тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдығы қарсаңында Қырғызстанның ұлттық кітапханасында «Қазақстанның әдебиет және мәдениет орталығы» ашылды. Орталықтың мақсаты – егеменді еліміздің тарихындағы әдеби және мәдени істерді жария етіп, әлемге паш ету.
Қазір орталыққка жүзден аса кітаптар қойылды. Кітаптар коллекцияларында Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, қазақстандық жазушылардан Ілияс Есенберлиннің, Бақыт Қайырбековтың, Сұлтан Оразалиннің, Махмуд Қасымбековтың және т.б. авторлардың кітаптары бар. Ерекше атап өтетіні – қазақша-орысша және орысша-қазақша 31 томдық терминологиялық сөздіктің кітапхана төрінен алғандығы. Бұл сөздікте ғылым мен техника, өндірістік қажеттіліктер және мәдениет саласы бойынша ақпараттарды кездестіруге болады. Міне, осындай мәдени және әдеби байланыстан тұратын мәнді де мағыналы істер екі елдің де мәртебесін биіктете түскендей. Ал, жүз жасаған Жамбыл атамызды қалай қадірлейді десеңізші! Өздерінің ақындарындай құрмет тұтпаса, кем көрмейді. Кезінде Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбет сияқты ақындықтың мектебінен өткен Жамбыл бабамыз қырғыз елінің поэзиясымен де таныс болғаны белгілі ғой. Қырғыз елінің атақты ақын-жырауларының шығармалары қатты қызықтырғаны соншалықты Балық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағымбек сияқты ақындармен айтысқа түседі.
* Қазақстан елі Жамбыл атаның 100 жылдығына да, 150 жылдығына да мені шақырды. Барып келдім. Жамбыл атаның ұрпақтарымен танысып қайттым. Дәл сол кездесулерде мен қазақ халықының қонақжайлылығына және текті халықтың ұрпағы екеніне тағы бір рет куә болдым. Жамбылдай асыл ұлды дүниеге әкелген бауырлас қазақ халқының достық қарым-қатынастығы мен ынтымақтастығына, адалдығына мен басымды иемін, – дейді Қырғызстан елінің халық ақыны Майрамкан Абылкасымова.
Егеменді еліміздің абыройын асқақтатып, бауырлас екі елдің арасындағы достық қарым-қатынас жалғасын таба берсе екен дейміз. Қазақстан
әдебиетінің орталықтарын ашу алдағы уақытта Кореяда, Қытайда, Финляндияда, Венгрияда, Түркияда, Малайзияда және басқа да бірнеше елдерде ашу жоспарлануда. ҚР Ұлттық академиялық кітапхансы дәл осындай идеяны жүзеге асыруға атсалыса бермек.
Әсем Сағиқызы,
qazaquni.kz