Тұлғатану бағытындағы еңбек
2016 ж. 01 қараша
3130
0
Қазіргі оқырмандардың басым бөлігін қызықтыратын дүниелердің бір парасы – қазақ тарихында айтулы орын алған көрнекті тұлғалар туралы жазылғандар. Байқауымша, мұндай шығармалармен танысуға деген ынтаның арту себебі бірнешеу. Базбір оқырмандарды танығысы келіп жүрген тұлғаның жеке басы, өмірбаяны жайындағы мәліметтер қызықтыратын болса, екінші біреулердің назарын аударатыны – сол адам өмір сүрген кезеңдегі әрқилы тарихи ахуалдарды айқындап алуға деген ықыластың зорлығы. Енді біреулердің назарын өзі білетін автордың жаңа туындысын қандай деңгейде алып шыға алғаны, қаламының айшықты іздері аудартады. Осы үстіміздегі 2016 жылы жарық көрген «Мәлік Ғабдуллин» атты кітапты қолымызға алдырған – осы үш себеп.
Өйткені, осы уақытқа шейін қазақ руханиятында елеулі із қалдырған бұл адам жайында әр жылдары тиіп-қашты жазылып жүргенімен, негізгі параметрлер бойынша тұтастай қамтыған дүние өмірге келе қойған жоқ еді десек, артық айтқандық болмас. Қазақ әдебиеті деген ауқымды әлемнің төңірегінде еңбек етіп жүрген мамандарға Мәлік Ғабдуллин есімі жақсы таныс болғанымен, жалпы қазақ оқырмандарына жетпей жатқан жерлерінің едәуір көп екендігін осы аталған кітап беттерін аударыстыра отырып, көз жеткізесіз. Бір мұқабаның астына зерттеліп отырған тұлғаға тікелей қатысты көптеген қызғылықты деректер, нақты фактілер мен көзі көріп, әңгімесін естіген азаматтардың ауызша айтқан естеліктері жинастырылған. Сонымен бірге кейіпкердің жеке басына тікелей қатысты болмаса да, оның қайраткерлік, қоғамдық әрі азаматтық бейнесін ашуға септігін тигізетін, кезең шындығын ашып бере алатын жанама штирхтар да баршылық.
Еңбек мазмұнының осындай әртарапты сипатына қарай отырып, автордың мейлінше ізденіс үстінде болғанын байқау қиын емес. Тіпті өзі керек деп тапқан кейбір деректерді тірнектеп, екшеп жинастырғанын аңғартатын ізденіс іздері де көрініп қалып жатады. Бірақ осылардың барлығын автор кітап бетіне қалай болса солай шаша салмай, есесіне жүйелеп жеткізуге ерекше мән бере қарағандығы аңғарылып отырады. Басқасын айтпағанда, жинастырылған материалдарды бөлімдердің «Өсу жолдары», «Майдан жылдарында», «Мәлік Ғабдуллин – ғылым майданында», «Халық қызметкері», «Мәлік Ғабдуллинның әдеби көзқарасы және әдеби ортасы», «Жартыбайдың шәкірті» деген аттарының өзі-ақ айғақтап тұрғандай.
Небәрі елу сегіз жыл ғана ғұмыр кешсе де, артында едәуір жазба мұрасымен бірге жұрттың аузында жүрер педагогтік, қайраткерлік және азаматтық тұлғасын айшықтай түсетін деректердің оқырманға ұсынылуы тәсілінің формасы да тартымсыз емес. Мәлік Ғабдуллинның игі істерінің бәрі тек қағаз жүзінде қалмағанын, оның көптеген ұйымдастырушылық жұмыстарының нәтижелі болғанын автор тағы да нақты естеліктер мен көзін көрген кісілердің ризашылықтары арқылы жеткізеді. Патриот ғалымның әрі шебер ұйымдастырушы болғаны және сол ұйымдастырушылықтың оң нәтиже беріп отырғанын еңбек авторы Серік Негимов көтеріңкі көңілмен баяндаған екен.
Осы еңбекті дайындау барысында автордың құжаттар, жазбалар, ауызша естеліктер сияқты түрлі материалдарды пайдаланғаны жайында жоғарыда ишаралап өткенбіз. Сондай құнды материалдардың бірі – кейіпкердің өзінің өмірбаянына қатысты қалдырған жазбалары. Сол материалдар керек жеріне қарай еңбектің біраз тұстарында дәйексөз ретінде пайдаланылған, тіпті төлеу сөз ретінде қолданылып автордың өзі мазмұндап беретін тұтстары да бар. Жалпы осындай танымдық бағыттағы туындылар осындай арнайы алынған құжаттардан, жазылған еңбектерден алынған дәйексөздер арқылы тек көрекейіп қана қоймай, тағылымдық тұрғыдан да салмақтана түсетіндігі тәжірибеден белгілі. «Мәлік Ғабдуллин» кітабының формалық болмысы кітапқұмар жандардың алдында сол жағынан да ұпайға ие.
Қатардағы оқырман үшін ғана емес, әдебиетті зерттеушілер үшін де осы дәйексөздерге берілген түсіндірмелердің де ғылыми маңызы төмен болмаса керек. Өйткені уақыт өтіп, замана желі баршамызды алдыға қарай дедектетіп ұзата түскен сайын, көрнекті тұлғалардың эпистолярлық мұрасының бағасы да артып, құндылығы еселене бермекші. Жоғарыдағы аттары аталған бөлімдер арқылы Мәліктің өмір жолындағы түрлі кезеңдердің де нақты суреттері бадырая түсіп, оның тұлғасының өркештене беретіні анық.
Ұлы Отан соғысының нағыз бел ортасында жүріп, ең жоғарғы атақ Кеңес Одағының батыры атағына қол жеткізуі – тек жауынгер Мәлік үшін ғана емес, жалпы қазақ халқы үшін де мақтануға тұрарлық үлкен жеңіс. Бірақ сол жеңістің қолға оңайшылықпен түсе қоймаған шаруа екендігі жайлы әңгімені автор қисынды өрбітеді.
Мінезі жайдары, сөз саптауы жұмсақ, жалпы болмысынан ызғар байқала қоймайтын жуас жанның қан майданда қаны құтырып, батырлыққа қол жеткізуінің себебінің тамыры тереңде. Отанды қорғау сияқты қасиетті борышын жүзеге асыру барысындағы іс-әрекеттері тек кейіпкердің өзінің ғана емес, жалпы қазақ халқына тән қаһармандық табиғатының нышаны сынды еді. Сонымен бірге жауынгер Мәлікті осы көзсіз өжеттікке жетелеп әкелген күш Отанға деген қуатты сүйіспеншілік, мызғымас патриоттық сезім екендігіне беттерді парақтаған сайын көз жеткізе түсесіз. Жалпы кітаптың ішіне дендеп енген сайын, Мәлік Ғабдуллинның бойындағы басқа да ұлағатты да ұнасымды қасиеттердің аспаннан түсе қалмағанын, сол өз халқының табиғи қасиеттерінен нәр алып, үйлесімді ұшасып жатқандығына көз жеткізесіз.
Автор үшін өз қаһарманы – қайталанбас феномен, ерекше дарынды тұлға. Кітапты жылы сезімге толтырып, оқырман жанын жылытып тұрған тағы бір көркемдік фактор – автордың өз кейіпкеріне деген көзсіз сүйіспеншілігі, публицистік тегеуірінді сезім күйі. Және бұл жағын жасырып-жауып жатпастан, ол әр тұста іште үйірілген эмоциясын оқырман есіне рақаттана салып отырады. Осы пікірді дәлелдеу үшін кейбір жекелеген мысалдарды көлденең тартып өтейік. Кітаптың әр тұсында кездесетін: «Есіл сабазым! Ерлігің ерен, өшпейді өнегең. Қанай атаң қолдап жебеген» (1,10. Негимов С. Мәлік Ғабдуллин. – Астана: Фолиант, 2016. – 416 б.)
«Иә, ол жастайынан естілігімен, елгезектілігімен, ұшқыр қабілетімен ел көзіне түскен жас жайнақтың өзі, қас жақсының көзі еді» (1,15)
«Арманы асқақ, алғыр да арлы, жалынды да, жігерлі жас алабөтен еңбегімен ұстаздар көзін түсті» (1,30...).
«Жақсылықтың, жаңаықтың дабылшысы бола білген. Тіршіліктің, тұрмыстың ағысына, пайдасына жарауға ұмтылған. Әдепті, сыпайы болмысына сұңқарлық, сұңғылалық, зиялылық тән екен-ау! Бекзат болмыстың сәулесі балаң жігіт кезінде де нұр шашыпты» (1,30...) деген тәрізді тамсанулар, сүйсіне асқақтаулар автормен бірге оқырманның да кейіпкерге деген сүйіспеншілігін арттыруға қызмет етіп жатады. Жалпы көсемсөз сипатындағы дүниелерде авторлық эмоцияның ерекше реңге ие болып, кітап бетінде позитивтік ахуал қалыптастыратыны оқырмандар тәжірибесінен белгілі екендігін де еске сала кетсек те, артық болмас.
Осы арада айта кету керек, «Мәлік Ғабдуллин» кітабы бірыңғай ғылыми еңбек емес. Мұндай бірге көсемсөз жанрына тән сарындар әр тұста ұшырасып жататын ғылыми пайымдаулар мен сараптамалық ой-толғаныстарға қарағанда басымырақ ұшырасып жатады. Оқырманды еліктіріп, тартып отыруға қызмет етіп отыратын тағы бір көркемдік ізденісінің нышаны – автордың бір жанрдың ауласынан екінші жанрға қарай ойысып кетіп отыруы сияқты формалық ізденістер.
Бірақ осылайша сүйсініспен сомдалған қаһарманның өмір жолы біркелкі болмаған, әр жылдарда алдынан моральдық тұрғыдан еңсені езіп жіберетін түрлі қиындықтар, психологиялық бөгелістер, дау-шарлар оның алдынан көлденеңдеп шығып отырыпты. Айбынын қанша асқақтатқанмен, Мәлік Ғабдуллин де адам баласы, оның да жіберіп қоятын ағаттықтары, елемей қоя салуға болмайтын кемшіліктері кездескен. Әңгіме соның бәріне сынып кетпей, жасып қалмай, нардың мінезіне салып көтере білгендігінде, қайыспастан өз жолын таба алғандығында жатқан жоқ па. Автордың кейіпкері жайында айтқысы келген ойларының тағы бір ұшқыны осы төңіректен қара көрсететіні де сондықтан.
Мәлік Ғабдуллинның басында үлкен сынақ ретінде орын алған оспадарсыз оқиғалардың бірі – 1953 жылы ҚР Ғылым академиясының ұйымдастыруымен өткен қазақ эпосы жөніндегі талқылау жиналысы. Сол аталы жиында «Қазақ эпосын оқып-үйренудің жай-күйі мен міндеттері» атты бас баяндаманы жасаған да – Мәлік Ғабдуллин. Сол сәтке шейін қалың бұқараға да, сала білгірлері үшін де шашасына шаң жұқпас жүйрік болып көрініп келген Мәлік енді өзі сүйіп, маманданған қазақ эпосы жайлы әңгіме өрбітеді, тек қана өрбітіп қоймай, сол эпостық мұралардың кейбіреулерін жерден алып, жерге салады. Өзінің сүйікті ұстазы, қазақтың ұлы тұлғасы Мұхтар Әуезовпен айтысуға мәжбүр болады. Сол жиналыстан сақталған стенограммалық жазбаларына қарап отырсақ, қазақтың рухани қазынасы эпосты қолдаушыларға қатысты едәуір сын айтқан. Жиналыстағы ахуал шегіне жетіп, ушыға түскен.
Ал аталған кітаптың мазмұнына қарап отырсақ, бұл мәселені талқылаушылар өзара тым қатты кете қоймағанға ұқсайды, автор өзінің сүйікті кейіпкерін мүмкіндігінше ақтап шығуға тырысқандай әсер етеді.
М.Ғабдуллинның бейнесі тек майдангер батыр, зерделі әдебиет зерттеушісі ғана емес, жан-жағына сәуле шашып, шамасы жеткенінше айналасындағы адамдарға қамқорлығын жасап жүрген мәрт тұлға ретінде де есте сақталып қалады. Автордың бұл мәселені тиянақтай түсуге қатысты ұсынатын аргументтері, дәйекті дәлелдері аз емес. Мысалы, Мәлік Ғабдуллинге тек қазақстандықтар ғана емес, басқа да одақтас республикалардан хат жазып, тікелей көмек сұрап отырған адамдардың хаттары мен жазба құжаттарды еңбек авторы тиісті жерінде сәтті пайдалана алған. Бұл арадағы ең үлкен бір артықшылық –кітап авторы Серік Негимовтің өзі осы ұлы тұлғамен студент кезінен-ақ тікелей қарым-қатынаста болғандығы, ұстаздық алдын ғана емес, адамгершілік қамқорлығын да көргендігі.
Әрине, жинақталған мол материалды игеріп, жүйелеп шығу, әрқайсысына обьективті түрде түсіндірме жазып шығу оңай шаруа емес. Кітапта ішінара фактологиялық қайталаулардың кездесіп қалуын осындай себептермен байланыстырғанымыз жөн.
Құнарлы деректермен дәйектелген осынау еңбек қызыққан жанның қай-қайсысы үшін де қажетіне қарай, мұқтаждығына орай кәдеге асатыны сөзсіз. Жалпы қазақ сөз өнерінде Мәлік Ғабдуллин тәрізді кесек тұлғаның болмысын әр қырынан ашып көрсететін бір еңбектің зәрулігі сезілетін, енді сол рухани сұраныстың орны толды деп ауыз толтырып айта алатын жағдайға жеттік.
Нұрдәулет Ақыш,
жазушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері
qazaquni.kz