Қазыбек Иса. КҮЗ ӘУЕНДЕРІ

 kuz-5КҮЗ ДЕМI 

 

Жақынырақ сезiлуде күз демi. 

 Көрiнедi-ау,  ертең құстар тiзбегi. 

 Жебiр уақыт жетегiмен жоғалған

  Бiр нәрсенi көңiл байғұс iздедi...   

 Жетiмсiреп жердiң  барлық желегi, 

 Терең  ойға батып кеткен терегi. 

 Жапырақтың жиектерi сарғайып 

 Жүрегiме iзiн салып келедi...   

 Қоңыраулап шеңгел  дәнiн салғанда, 

 Қурай сыңси  бастайды екен бар маңда... 

 Сүмбiл шашын жинай алмай қамыс тұр, 

 Сүмбiле кеп...су да суып қалған ба?..   

 Күз керуенi кеп қалды ма iргеге, 

 Жыңғыл ғана бастапты ғой түрлене. 

 Не екенiн айта алмаймын, әйтеуiр, 

 Маған бүгiн жетiспей жүр... бiрдеңе...  

  kyz-1 

 КҮЗ 

 Күз келдi. 

 Күрең тарттық бiз де ендi... 

 Қар жаумай-ақ жапырақ,

Жасыруда жаздан қалған iздердi...   

 Күз келдi. 

 Күрсiнуде қыз да ендi... 

 Қиялданып ол мұңлық

  Iздер ме екен iзсiз кеткен бiздердi...   

 Күз келдi. 

 Құстар тiзбек тiздi ендi,

 Жүрек байғұс жүдедi, 

 Сыр беретiн жөнiң бар ғой, сызда ендi...

 Күз келдi...   

   kuz-3   

  АУРУХАНА  АУЛАСЫ

Жапырақтар  құлап жатыр, 

 Құлап жатыр нелiктен? 

 (Сондай сұрақ болады ма? 

Ессiз неме ерiккен), 

 Жауапсыздау  жүрiсiмдi кiнәлаған  сияқты, 

 Аурухана әйнегiнен қыз қарайды. Зерiккен.    

 Аурухана ауласында, 

 Ауырып тұр әншi бақ. 

 Жапырақтар  жылап жатыр, жаңбыр  жасы тамшылап. 

 Терезеден телмiредi дертi күштi қыз маған 

 дегендейiн мықты болсаң,  су астында көр шыдап.    

 Ән етерлiк дәнекерлiк  тауып алып әйнектен, 

 Сүп-сүйкiмдi саусағымен атын жазды бойжеткен. 

 Әрiптердiң әрқайсысын 

 Аққан жұлдыз сияқты  ағызады тамшы бiткен – 

Ақымақтық ой, неткен!..   

 Әйнекке  қыз жазып жатыр, жатса жаңбыр  жасырып, 

 Әлемге бұл сәндi есiмнен жатты сәуле шашылып, 

 Өшiрмек боп тасырлаған тамшылардан тартып ап, 

 Көңiлiмнiң әйнегiне көшiремiн  асығып...   

 Қыз қиялы қиырда ғой, қиналатын сыңайлы,

 (Құстар қайтып кеткен шығар?) 

 Әлденеге мұңайды. 

 Арамызды жатыр бeлiп тас қорғаны тағдырдың,

 Жылап тұрған әйнек емес,

 Қыз жылайды, жылайды...   

 Жүдеу өңдi жүзi таныс жiгiт тағы келдi деп,

 Көркiмен ол көңiл тербеп, көз алмайды мөлдiреп. 

 Мүмкiн менiң  есiм дұрыс екенiне күмәндi, 

 Мүмкiн қарап тұрған шығар сырт дүниеге соңғы  рет...    

 Бақ құсы емес, бiр жапырақ терезеге қонғанда,

 Қимай қарап жабырқады, жан ауыртып жалғанға. 

 Қол бұлғады қоштасқан қыз, күлiмсiреп ақырын,

 Көрiнбедi  содан кейiн, көп сандалдым сол маңда.   

Өмiр  бойы күткенi оның,  бiлем, бақыт құсы едi, 

 Дәрi иiсiнен үрiккен бе, құстың ұмыт түс-өңi... 

 Көшедегi қозғалысқа  қарау оған күш едi 

 Қызыл-жасыл  шар байлаған көлік көңіл өсірсе, 

 Операция арбасынан жүрекке iз түседi...  

 Жатқан  ұшып жапырақтың, құс-қауырсын  түрiнен, 

 Жаныма бiр жамау iздеп, жалғыз жүрдiм күнiмен. 

 Кең  көшенi кесiп өтiп бара жатыр екенмiн, 

 Естi жиып алдым кенет, «Жедел жәрдем» үнiнен...  

  kuz-6 

   * * * 

 Күз келгенде киiмiмен сары  ала, 

 Саулығыма оянады күмәнiм. 

 Сағынышым бас көтерiп санада 

 Сау басымды тау мен тасқа ұрамын.   

 Құрбаны боп кете жаздап қалғанмын, 

 Сағыныштан  сарсаң  болған кезiмнiң. 

 Жеткiзбесiн бiлмей кетiп арманның, 

 Жетегiмен iс қыламын сезiмнiң...   

 Сүрiнетiн кезi келген шығар-ды, 

 деп қуанды иiсшiлдер, iшiп ем... 

 Құдай сөйтiп қойған болса бұларды, 

 Мен қайтейiн, жағдайларын   түсiнем.   

 Балағымды бiраз иттер тiстеп ед,

 Бәтеңкемдi жалағандай сезiндiм... 

 Аяп кеттiм қылықтарын iстеген, 

 Аяғымды ауырсынбай өзiмнiң.   

 Сұлулыққа шөлдеген соң  iшкемiн, 

 Басайын деп басы қатты өртiмдi. 

 Өсекпенен өсiп кеткен тiстерiн, 

 Жұмсап олар, асқындырды дертiмдi.   

 Кеттi бiр қыз қарай-қарай қиылып, 

 Шығарып сап, Күте алмадым, өкiнем... 

 Туған жердiң  кеңдiгiне  сүйiнiп, 

 Астанадан мен де сосын кетiп ем...   

 Сары күзде сенделуге құмармын, 

 Сағыныштан жанарыма жас толып. 

 Қызу дейдi,

 Мүмкiн жүрген шығармын, 

 Сол бiр қыздың  елесiне мас болып...   

 Қыр басынан желпи соққан жел, бiлсең, 

 Жiбередi жан сарайын кеңiтiп. 

 Iштi дейдi, ес жия алмай мен жүрсем,

 Туған жердiң  ауасына елiтiп.    

Бұл күйiңмен жұрт жұмысы болды ма? 

 Еркiндiгiң ел аузында ойнайды. 

 Көп алдында...жыр оқудың  орнына 

 Сөз есiтiп, сорың  бiраз қайнайды.   

Домбайлаған «достық» сынын мен үшiн, 

 Тыңдаған  боп тұрғаныммен ұйып тым. 

 Маған берiп жатқанда олар сөгiсiн, 

 Мен сенi ойлап тұрған едiм, сүйiктiм...  

  kyz-2 

ЭЛЕГИЯ 

 Күз де келдi. 

Сарыуайымға  салып бәрiн жеткеннен, 

 Өкiм айтты өркеуде күз өктеммен. 

 Ағаштардың иығынан сыпырды, 

 Киiп келген көйлектерiн көктемнен.   

 Жердiң миын шығарғанша тарамас, 

 Бұлттан ығып бүрсеңдеген тал, ағаш. 

 Сорасы ағып, баса алмай тұр солқылын, 

 Су астында қалғандықтан  жалаңаш.   

 Көңiлшек көк егiлдi ерте ерiксiз, 

 Келiншекке көрiндi өлке көрiксiз.

 Сақинасын  сипалайды ол, ал қарттың

  Сақинасы ұстап жатыр келiп күз...   

 Уақыт тағы бiр жазыңды сызды әйгi, 

 Өткен күндер жүрегiңде сыздайды. 

 Сыр тыңдатып, сыртылдатып тамшылар 

 Шатырларға жыр жазуда күз жайлы.   

 Күллi бояу көретұғын  күреңнен, 

 Күн көретiн көк   жүзiнен түнерген. 

Әрбiр күннен бiр өзгерiс күтумен, 

 Қалың ойдың қамауында жүрем мен.  

 Ашылғанда аласа аспан түндiгi, 

 Жауынның да деген кезде тынды үнi. 

 Ағаштардың көз жасымен ойнайды, 

 Ала бұлттан сығалаған күн нұры...   

 Жылынумен  шоғына үмiт-отымның, 

 Бiр-бiрiнен  аумай eтiп жатыр күн. 

 Жаңбыр жауып, күн шықса да артынан,

 Түк болған жоқ... 

 Түк бiтiрмей отырмын...   

 Күн өтуде, 

 Қимылдайық ендi бiз. 

 Көп кешiкпей көмкередi  көлдi мұз. 

 Келдi деген күз де кетiп барады, 

 Өмiр  осы. 

 Ал бiреуге соңғы  күз... 

  1984-1987 жылдар 

  Қазыбек ИСА 

  qazaquni.kz