Серік Тұрғынбекұлы: Ақын ұлт жағында жүруі тиіс
2016 ж. 26 қазан
4880
0
Торғайдың Тосын құмынан шығып, қосын әдебиет ауылына тіккен арқалы ақын, Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы өрелі өлеңдерімен, тұлғалардың өмірінен сыр шертетін дастандарымен, драмаларымен ел-жұртына танылды. Ақынның сөздеріне жазылған әндер де осы күндері халық аузында жүр. Астана ауысқанда Алатаудан Арқаға қоныс аударып, ерке Есіл бойында керегесін керіп, уығын қадаған ақындардың алғашқы легінде де Тұрғынбекұлының аты аталады. Жетпістің жотасына көтерілсе де, шабыты шау тартпаған ақынның шығармашылық жолы қалай басталды? Осы жолда ол қандай өткелдерден өтті? Жалпы, әдебиетке қояр талаптары қандай? Ақынмен осы жөнінде "Астана ақшамы" газетінің тілшісі сұхбаттасып, Астана жайлы ойларын біліп қайтыпты. Аталмыш сұхбатты назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.
Әр өнердің өз бастауы болады
– Серік аға, халқыңызға ақын ретінде танылдыңыз. Осы ақындық қасиет сізге қайдан келді деп ойлайсыз? Арғы тегіңізде ақындар болды ма? Әлде өзіңіз шыққан Торғайдай киелі топырақтың әсері бар ма? – Тегін, кездейсоқ ештеңе болмайды. Адамға ғайыптан тайып өнер қонады дегенді айту қиын. Әр өнердің өз бастауы болады. Менің ұлы шешем Қостанайдың Әулиекөл, Наурызым жағынан еді. Бұл төңіректі Сүгір деген ру жайлайды. Осы рудан шыққан ұлы шешем ағып тұрған ақын екен. Бұл кісі не айтса да, өлеңмен ағытатын болыпты. Қарасөзінің өзі өлең болып төгіліпті. Шындыққа, әділдікке жақын адам еді. Сол кездегі әкімқаралардың өзі ұлы шешемнен қаймығып жүреді екен. Осы күні ойлап отырсам, ел мен жер туралы шындықты айтып, ұлтыма жанашырлық жасап жатсам, сол қасиет маған ұлы шешемнен жұққан сияқты. Қазір менің ақындық мінезім сол Бижан дейтін ұлы шешемнің ағыл-тегіл ақындығымен, туралығымен үндесіп жатқан секілді. Әкем де қара жаяу болмай, өнерге жақын жан еді. Бір басына жетіп артылатын әзілқойлығы да бар-тын. Домбыра тартып, қисса, дастандарды жырлайтын. Бірақ ол кісі небәрі отыз жеті-ақ жыл өмір сүрді. Ұлы Отан соғысына қатысып, жараланып келді. Қабырғасының астында қалған оқтың зардабынан өмірден ерте озды. Мен әкемнен бес жасымда қалдым. – Ал өзіңіз өлеңді қанша жасыңызда жаза бастадыңыз? Алғашқы өлеңіңіз есіңізде ме? Оның жазылуына не түрткі болды? – Он екі-он үш жасымда өлең жаза бастадым. Бесінші-алтыншы класс оқып жүрген кезімде өлеңдерім аудандық, облыстық газеттерде шыға бастады. Оныншы класта жырларым республикалық газеттерден де көрінді. 1964 жылы, мектепті бітіретін жылымда, бір топ өлеңдерім «Жұлдыз» журналында жарияланды. Ол уақытта осы басылымға шығу үлкен мәртебе болатын. Торғайдың Тосын деген құмында, Ақтөбенің Ырғызымен шекараласып жатқан қазіргі Шақшақ Жәнібек шаруашылығында дүниеге келдім. Ол уақытта жұрт сатираны өте жақсы көріп, әзіл өлеңдерді сүйсініп оқыды. Ауызекі әңгімеде де қалжыңды көп айтатын. Үлкен, кәсіби ақындардың өлеңдеріне көп мойын бұра қоймайтын. Мәселен, мен Сырбайды бірден түсіндім деп айта алмаймын. Есесіне, аймағымызда Нұрхан Ахметбековтің дастандары халық арасына кең таралды. Соны жыраулар таңды-таңға ұрып, айтып отыратын. Сол дастандарды бүкіл ауыл болып үйіріліп тыңдайтын кездер көп болды. Біз Нұрханның дастандарымен өстік. Осы күні өзім дастан жазып жүрсем, бала кезімде жаттаған сол дастандардың әсері, Нұрхан дастандарына деген балаң шағымдағы құштарлығым шығар деп ойлаймын. Торғай елінің өз мақамы бар. Жасымда өзімнің домбыра тартатыным болды. Сол мақамға, жыраулардың сарынына салатынмын. Соның бәрі ақындыққа әкелетін жол. Сол кезде бізден үлкендеу Сейіт Кенжеахметовтің сатиралары шығып, халық арасына жақсы таралды. Сатираға деген жұрттың ықылас-ынтасын байқап, алғашқы өлеңдерімнің бірі әзіл-қалжыңдық сипатта жазылды. Ол уақытта ауылымызда арақ ішіп, желпілдеп жүру деген мүлдем жоқ болатын. Бұл жағымсыз әрекет өткен ғасырдың жетпісінші жылдары келе бастады. Балалық шағымда киіз үй тігіп отырған ауылға бір мас адам келіп, бейқам отырған жұртты дүрліктіріп жіберді. Ол адам Ақтөбе жағынан келді ме, маған беймәлім. Біз, балалар, соны қызық көріп, соның соңында жүрміз. Таңертең қарасақ, мас кісі ауылдың сыртында жатыр екен. Маңайына иттер жиналған. Сол жайт маған төтенше жағдай сияқты болып көрінді. Содан: Көрмессің мұндай салақты, Итке де аузын жалатты. Үйіне келген қонақты, Бөтелкемен сабапты. Осының бәрі байғұсқа, Ішкен соң болды-ау арақты, – деген бас-аяғы үш-төрт шумақтан тұратын өлең жаздым. Осы өлеңім «Социалистік өмір», кейіннен «Жаңа өмір» аталған газетке шықты. Өлең шыққан соң, ауылдағы жұрт оқып, шешеме құтты болсын айтып, соншама құрметке бөлендім де қалдым. Солай болатынын өзім де сезбеген едім. Әйтеуір, осы оқиға тойдан кем болған жоқ. Ауылымызда Нұрханның шәкірті Назарбек Бектемісов деген мықты ақын болды. Ол кісі осы күндері көзі тірі Асқарбек Бектемісов деген ел тарихына қатысты біраз дүниені жазып тастаған жазушы-журналистің әкесі. Назарбек ағай бір күні «Социалистік өмір» газетіне «Он бес жасар ақын» деген тақырыппен алғысөз жазып, бір бетке өлеңдерімді бастырды. Бұл сол уақытта газетке шыққан ең көлемді дүнием болды. Осы оқиға да жұрттың назарын менің есіміме аударды. Мұғалімдердің алдында беделімді көтерді.
Алдыңғы буынның сенімін ақтауға тырыстық
– Сол заманда ақын боламын деген адам Алматыға барып, сонда түбегейлі қалуға талпынатын. Өзіңіз Алатау баурайындағы әсем қалаға қалай бардыңыз? – Алматыдан бұрын қазіргі Астананы, ол уақыттағы Целиноградты көрдім. 1965-1966 жылдары Тың өлкесі ақын-жазушыларының республикалық кеңесі өтіп, соған аймағымыздан Сейіт Кенжеахметов, Таңатқан Сәтбаев деген ақын үшеуіміз делегат болып қатыстық. Бұл жиынға Алматыдан Ғабит Мүсірепов бастаған Жұбан Молдағалиев, Ғали Орманов, Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев сынды үлкен ақындар келді. Мен Ғали Ормановтың секциясына түсіп, сол кісі өлеңдеріме оң бағасын беріп: «Алматыға кел, сенен жақсы ақын шығады екен» деген кеңесін айтты. Кеңеске қатысқан Зейнолла Қабдолов арқамнан қағып, Алматыға оқуға шақырды. Бұл қыркүйек айы болатын. Содан ойланып, Алатау баурайына тарттым. Кеңшілік менен екі жыл бұрын сол қалаға кеткен. Оқуға әлі түспеген екен. Содан ақын досыммен қайта табысып, институтқа түстік. Осылай жүріп, сонда қызметке орналастық. – Қатарластарыңызды айтпағанда, Алматыда қай ақындармен жақын араластыңыз? – Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков сияқты белді-беделді ақындарды аға, арқа тұтып, солардың қасында жүрдік. Олар кеудемізден итермей, өзіне тартып, бағамызды біліп, ақындығымызға қуат беріп, жанымызға шуақ шашты. Осы ақындардың да сенімін ақтауға тырыстық. Басқа ақындарды айтсақ, Мұқағалидың соңына еріп, Жұмекен Нәжімеденовпен жақсы сыйластық. Сағи, Қадыр, Тұманбайлардың туған інісіндей боп кеттік. Мысалы, Кеңшілік екеуміз Алматыға алғаш келгенде, Ғафуға да, Сырбайға да бармай, Тұманбайға сәлем бере бардық. Ол кісі үйіне шақырып, дәм татырды. – Адамның жас кезінде белгілі бір тұлғаға еліктейтін кездері болады. Өзіңіз біреуге еліктедіңіз бе? – Сырбайға еліктеген кездерім болды. Сырбайдың дауысына салып, Сырбайша күркіреп өлең оқыған кезеңдерім басымнан өтті. Өйткені, бұл ақынды Алматыға бармай тұрғанда көрген едім. 1963 жылы Сырбай мен Ғафу Нұрханның 60 жылдық мерейтойына байланысты елге келді. Жаңа өлең жазып жүрген кезім. Соларды көрген соң, Сырбайға еліктедік те қалдық.
Әбіш пен Ақселеудің бағасы
– Аға, поэзиядан кейін драматургияға құлаш сермедіңіз. Осы күндері бірнеше шығармаңыз театрларда қойылуда. Драма жазуға сізді не итермеледі? – Камал Смайыловпен жақсы сыйлас едім. Сол кісі бір күні «Ақиқат» журналының редакциялық алқасының мүшесі әрі бөлім бастығы боласың деп, мені қызметке шақырды. Кейіннен Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасына алдырды. Содан осы алқа құрамында жүріп, қалай драматург болғанымды да байқамай қалдым. Спектакльдерді қабылдап, сол жанрдың ішіне кіріп кеткен болуым керек. Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар және жасөспірімдер театрының әдебиет бөлімі меңгерушісі қызметін атқарғаным да бар. Абайдың 150 жылдығы кезінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын негізге алып, «Абай-Біржан» драмасын жаздым. Бұл – драматургия жанрындағы алғашқы еңбегімнің бірі. – Аға, драмаларыңызға көбінесе тарихи тұлғалардың өмірін өзек етіп аласыз. Тақырып таңдаудағы сырыңызды ашсаңыз. – Оның ешқандай сыры жоқ. Жаңа Нұрхан Ахметбековтің дастандарын оқып өстім деп айттым. Драматургиядағы бірінші қадамым да «Нұрхан» пьесасын жазудан басталды. Ол Арқалық театрында қойылды. Кейіннен мені Кейкі батыр тақырыбы қызықтырды. Алғаш бұл тұлғаға арнап дастан жаздым. Биыл өзі ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы ғой. Жасымда ақсақалдар, үлкен адамдар Кейкінің атын жасырынып жүріп, ауыздарына алатын. Сонда: «Нағыз батыр Кейкі ғой» деген сөздерді естідім. Кеңес заманында Амангелді дәріптелді. Ол саясат екенін кейін білдік. Бірақ, Амангелді де үлкен батыр екенін айтпай кетуге болмайды. Кейкі екеуі де – ұлт-азаттық көтеріліс кезінде көзге түскен адамдар. Алайда, саясат екеуін екіге бөліп жіберген. Кейкі сол заман саясатына сыймады. Советтік цензура өте қатал еді. Тәуелсіздік алғанымызда ғана бұл тақырыпқа жол ашылды. Сол егемендігіміздің елең-алаң шағында оны қаузай бастадым. Астанаға келгенімде «Кейкі батыр» дастаны кітап болып шықты. Тарихи дүние ғой деп, Әбіш Кекілбайұлына көрсетіп едім, ол кісі бір күн, бір түн отырып, алған әсерін үлкен мақалаға айналдырды. Бұл – Кейкі батырдың тұлғасының поэзияда алғаш көрінгені. Бұдан бұрын Ақан Нұрманов ол туралы «Құланның ажалы» деген роман жазды. Бірақ, жазушы батырдың атын атай алмады. Оның үстіне шығарма аяқталмай қалды. Қалихан Ысқақов кейіннен аяқтады. Бұл – классикалық шығарма. Ал менің дастаныма Әбіштен кейін Ақселеу Сейдімбек назар аударды. Ол да шығарманың ұнағанын жазған мақаласы арқылы білдірді. Осындай екі мықты тұлғадан жақсы баға алғаннан кейін дастандар сериясына отырдым. Кейкі батырға арнап пьесаны да жаздым. (С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры қойған «Құлан Қыпшақ Кейкі батыр» драмасын биыл Астанада өткен «Сахнадан сәлем» фестивалінің аясында тамашаладық – А.Қ.).
«Мұқағалиды» Мәмбетов жаздырды
– «Мұқағали» драмасы Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының репертуарына енгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Осы туынды қалай жазылды? – Астанаға көшіп келгенімде, Әзірбайжан Мәмбетов мені тауып алды. «Анау-мынауыңды қой, бірге жұмыс істейік» деп, театрдың әдебиет бөлімі басшылығына қойды. Содан Мұқағали туралы драманы жазуға тапсырма берді. Желтоқсан тақырыбына да шығарма жазуды ұсынды. Бірақ, ол тақырыпқа келе алмадым. Ал, Мұқағалиды жаздыртты. Бас кейіпкердің бейнесін Мұқағалиға тұлғасы да, түрі де келетін, ақынның дауысын сала білетін Жанқалдыбек Қалдыбаев деген актер жақсы алып шықты. Режиссер Болат Ұзақовтың үлкен еңбегін де жоққа шығаруға болмайды. Біраз жыл болды, репертуардан түспей келеді. Бұл – Мұқағалидың да құдіреті шығар.
Тәуелсіздік адымымызды ашты
– Аға, кеңес заманындағы цензура жайлы айттыңыз. Шолоховтың «Біз бәріміз жүрегімізбен жазамыз, бірақ жүрегіміз партияныкі» деп айтқаны бар. Өзіңіздің досыңыз, марқұм Кеңшілік Мырзабеков жүйеге қарсылық секілді «Боз бие немесе тың жыртқан жыл» деген өлең жазды. Ол өлеңі он сегіз жыл бойы еш жерде жарияланбай, ақынның кітаптарына кірмеді. Ал өзіңіздің шығармашылығыңызға сол заман тұсауын салмады ма? – Менің де кітаптарыма кірмей қалған біраз өлеңдер бар. Мәселен, алғашқы кітабым «Қобыз» деп аталады. Мен «Қобыз» болсын деген жоқ едім. Ол уақытта Қадыр Мырза-Әлінің «Домбыра» деген жыр жинағы шығып, жақсы қабылданды. Сол кісі: «Домбырам» жақсы қабылданып отыр, сенің тұңғыш кітабың екен, соның ішінде қобыз туралы жақсы өлең де бар екен» деп, осы атауды ұсынды. Ол баспаның поэзия бөлімін басқаратын. Содан өткізіп, кітап атауы Орталық комитеттен бекіп келді. Ол уақытта жоғарғы органнан бекіп келген кітаптың атын ешкім өзгерте алмайды. Алайда кітаптың ішінде «Қобыз» деген өлең болмай қалды. Сөйтсе, цензура алып тастапты. – «Тәуелсіздік – бұл, ең алдымен, рух бостандығы» деген сөз бар. Биыл еліміздің егемендігіне 25 жыл толып отыр. Тәуелсіздік ақын ретінде өзіңізге не берді? Еркін жырлай алдыңыз ба? – Кеңес заманында «Жусан» деген өлеңім, «Дала» циклдары болды. Өсіп, есейе келе ұлт туралы сөз айту керектігін сезіне бастадым. Советтік кезеңде іштей ғана жүйеге қарсылық білдіріп жүрдік. Тәуелсіздік келгеннен кейін адымымыз ашылды да, оның арқасында «Кейкіні» жаздым. Қаншама батыл ойлар айтып, ұлтымызға қажет сөздерді жеткізе алатын жағдайға жеттім. Не керек, жүрек сөзін айта алатын болдық. – Бүгінгі әдеби үрдіске қандай баға бересіз? – Қазір «жаз» дегенде жаза алмай жатқандар бар. Кеңес өкіметінен қалған ұлықты мақтау дертінен арылмай келеміз. Ақын ондай болмау керек. Ұлт қай жағында, ақын да сол жағында жүруі тиіс. Шын мәнінде демократия, адалдық, туралық ақынның өлеңдерінде үстемдік етіп тұруы керек. Халық ақынды сонда ғана жақсы көреді. Ұлттық ұғым бірінші орынға шықпаса, бізге басқа ұлттардан озық болып көріну қиын болады. Рухымыз күшті болуы үшін ұлттық дәрежемізді, рухани күш-қуатымызды көрсетіп отырсақ, басқа ұлттардан кем болмаймыз және осы жердің иесі, киесі екенімізді сезінеміз. Қазір ақшаң болса, кітабыңды шығарып, тарата бересің. Кітаптың сапасы туралы ешкім сөз қозғамайды. Бұрын талқылау деген болатын. Мысалы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романын сыншылар тас-талқан қылған кезді көрдім.
Халықты тәрбиелейтін тіл
– Қазір жас ақындарға қатысты жырлайтын тақырыбының аясы тар, тілі жұтаң деген сөздер айтылып жатады. Бұл әдеби сынның жоқтығынан ба? Осыған сіздің көзқарасыңыз қандай? – Қазір расымен сын жоқ. Сойып салатын сыннан басқа, салиқалы сындарға да мұқтажбыз. Негізі сын қаламгерге шоқпар болып тимеу керек. Сарабдал сыншылық қажет. Қазір тіл байлығына да, ойдың таяздығына да ешкім қарамайды. Тіл жұтаңданып бара жатқанына өзім қатты алаңдаймын. Өзге ұлттардан ауысқан сөздерге әуес болып барамыз. Содан кейін жеңіл тақырыпқа бой ұрып кеттік. Бұлдырлатып жазатындар да көбейді. Ауыр, кәдімгі резіңке шайнағандай өлең көбейіп кетті. Абай айтқандай, айналасы жұп-жұмыр, теп-тегіс өлеңдер аз. Құр жалаң сөз, құрғақ ой қаптап кетті. Өлеңде Абай, Мағжан, Сұлтанмахмұттардың ұлттық дәстүрі сақталып тұру керек. Бұл – ескішілдік емес. Өйткені, тілің – сол тіл. Әдеби тілге назар аударуымыз қажет. Қазір журналистиканың тіліне қарай ауысып бара жатырмыз. Өлең олай болмауы керек. Оның философиялық ойы, ұлттық бояуы мықты болмаған кезде, халықпен бірге өмір сүре алмайды. Халықты тәрбиелейтін де сол тіл. Кейде бір өлеңді ұстап тұруға бір сөз жеткілікті болады. Оған мән беруіміз керек. Жұрт түсінбейтін өлеңге ұрыну, бұл – әдебиетті лайлау деген сөз. Мәселен, Мұқағали жалпақ жұртқа түсінікті етіп жазды. Жұмекеңді де түсініксіз деп айтуға болмайды. Оның стилі ғана өзгешелеу болды да, өлеңдерін оқыған кезде көкірегіңе қона кетеді. Жазғанда, ұлтты ырза қылатындай жазу керек. Ұлттың рухын тұлғалар көтереді
– Астанаға қоныс аударған ақындардың алғашқы легімен келдіңіз. Ол уақыттағы Астана қандай, қазір көзіңізге қалай көрінеді? – Мен Астанаға келгенде «осында неге келдім?» деп кейбіреулер сияқты қиналған жоқпын. Өйткені, өзімнің елім, жерім, Қостанайым, Торғайым Астанамен шекараласып жатыр. Әрі-беріден соң бұл да – қазақтың жері. Астананың алғашқы кейпі, әрине, келген адамды құлазытып жіберердей еді. Оған батпағы мен масасының көптігін, бөгде ұлттардың басымдылығын қосыңыз. Алматыда, біріншіден, әдеби орта болды. Екіншіден, сол қалада ұлттың рухы да күшті еді. Себебі, онда Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов сынды жазушылар, одан кейінгі қаншама қарымды қаламгерлер, академиктер, қайраткерлер, ғалымдар өмір сүрді. Олар ұлттың жүгін қайыспай көтерді. Бір сөздерінің өзі халықтың рухын аспандатты. Астанаға да Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова сияқты ұлттың рухын көтеретін ақын-жазушылар келді. Ұлттың сөзін сөйлейтін халық қалаулылары да осы жерден табылды. Ұлттық өнердің де үрдісі шыға бастады. Сырттан келіп, миды улаған өнерпаздар азайды. Дәстүрлі жиын-тойлар көбейді. – Қазір Астанада әдеби орта қалыптасып үлгерді ме, қалай ойлайсыз? – Салыстырмалы түрде айтсақ, бұрынғыға қарағанда біраз қалыптасып қалды. Өйткені, әдебиетшілер шоғыры, ақын-жазушылардың саны көбейді. Қазір Астанада Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері жүзден астық. Бірақ, Алматыда одақтың жеке үйі, жазушылардың демалыс орындары болды. Ал, Астанада Жазушылар одағының мекенжайы да жоқ қой. Қаламгерлердің бас қосатын жері болмай, Астананың рухын әлі де көтере түсу оңайға соқпайды. Әрқайсымыз бет-бетімізбен, өзімізше жазып жүрміз. Әдеби кештер, басқосулар болуы тиіс. Мәселен, мен С.Сейфуллин мұражайын басқарғанда, Әбіш пен Фаризаны шақырып, жиындар өткізіп жүрдім. Қазір, әйтеуір, Ұлттық академиялық кітапханада қаламгерлердің басқосулары өткізіліп тұрады.
Әнге сөз жазу ақындықтың жетістігі емес
– Қазір ән мәтіндері қалай болса солай жазылып жүр. Мәні мен мағынасы жоқ әндер көбейді. Өзіңіздің бірталай әндеріңіз халық аузында жүр. Әнге сөз жазуыңызға көрнекті композитор Әсет Бейсеуов түрткі болды деп топшылаймыз. Солай ма? – Әсетпен бірге жүзден астам ән жаздым. Өйткені, көрші тұрып, жақсы араласып жүрдік. Бірақ, Әсеттен бұрын, мектепте оқып жүргенімде, Болат Хамзиннің «Торғай қызы» деген әніне сөз жазғам. Елде мықты-мықты композиторлар әлі де бар. Әнге сөз жазуым содан басталды. Бірақ, мен әнге сөз жазып, ақын болам деп ойлаған жоқпын. Әнге мәтін жазуды ұжымдық жұмыс деп есептеймін. Бұл – композитордың, әншінің еңбегі. Сөз – бұл шығармаға ақынның қосқан үлесі. Сөйтіп, үш адам бірігіп, әнді халыққа жеткізеді. Оның біреуі әлсіз болса, жұртқа жетпей қалады. Сондықтан ән мәтіндеріне келгенде, жеке өзімнің табысым демеймін. Себебі, нашар әннің жаман екенін білдіртпей жіберетін әншілер болады. Композитордың еңбегі о бастан үлкен. Әнге сөз жазу ақындықтың жетістігі деп айта алмаймын. Осы жөнінде Қадыр Мырза-Әлінің айтқан бір сөзі өзіме қатты ұнайды. «Ән сөзі – ұзатқан қызың сияқты. Ол барған жерінде баянды болып, бақытты өмір сүріп отырса, сенің мерейің үстем болады» дейді Қадыр ақын. Ақын болуы үшін ән сөздеріне емес, нағыз поэзиямен айналысу керек. Ән сөздері өздігінен өмір сүріп жатады. Мысалы, Тұманбай Молдағалиев жалғыз ән сөздеріне бола ақын болып танылған жоқ. Ол – үлкен ақын ғой! Қадыр Мырза-Әлінің де ән сөздері екінші қанаты сияқты. – Қазір не жазып жүрсіз? – Ахмет Байтұрсынұлының өміріне байланысты «Абақты ғұмыр» деген драманы жазып жатырмын. Ахмет өзі алты рет абақтыға түскен. Алғаш рет он екі-он үш жасында түрме бетін көрді. Шығармамда атаның азапты ғұмырын көрсетпекпін. Бұған қоса, деректі дүниелерге ден қойдым. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің мән-мағынасын халыққа дұрыс жеткізе алмай жатырмыз. Бұл – үлкен трагедия. Сол жөнінде қалам тербеудемін. Кенесары туралы жазуды жалғастырып, Шақшақ Жәнібек жөнінде дастандар жүйесін жазып жүрмін. – Әңгімеңізге рақмет, аға! Өзіңіз айтқандай, ұлтыңызды ырза ете беріңіз.
Сұхбаттасқан: Аманғали ҚАЛЖАНОВ
qazaquni.kz