АЛҚЫНБАЙ ШАБАР АРҒЫМАҚ

0
4168

Арманымыздың алтын ұясындай көрінген Алматыға жете алмай ауылда жүргенімізде газет-журналдардан оның отты жырларын оқитынбыз. Талай тұлпарға тықыр таянтар тай жүйріктің аяқ тастасы талғампаз әдеби ортаны еріксіз елең еткізгенін алыста жатып-ақ еститін едік.

Асқақ Алатаудың аясындағы ару қалаға біз келсек, жасындай жарқылдаған жас ақын «талдан асса да, жардан аспайтын» қалыптағы қоғамның қағидаларына қайыру бермей, ақыры арқанын үзіп арқырап қияндағы Қызылордасына қайтып кетіпті. Бірақ ол жайында Бауыржан Үсенов, Қайрат Әлімбеков, Светқали Нұржанов секілді ҚазГУ-де қатар оқитын қаламгер жігіттер аңызға бергісіз әңгімелер айтатын.
Сонымен қойшы, шалғайдағы Шаһизада Әбдікәрімов­ті бір күні Жазушылар одағында көрдік. Республикалық «Жігер» фестиваліне қатысуға келіпті. Алқалы топтың алдында атақты «Гладиаторын» аңыратты. Екіленген екпіні есімізде ерекше қалып қойыпты. Дүйім жұрттың дүркірете қол соққаны риясыз қошемет белгісіндей көрінген.
Одан бері отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Мерзімді басылым беттерінен Шәки шайырдың шынайы шабыттан туған шығармаларын көзіміз шалса, шыңыраудан шымырлап шыққан тұманың тұнық суына бас қойғандай мейіріміз қанып, кереметтей рухани рахатқа кенелетінбіз. Аз жазса да саз жазатын ағамыздың қалам қуаты қайтпағанына қатты қуанатынбыз.
Әнеубір жылдары бәрімізді теледидарға телмірткен Әбдікәрімовтің құлақ құрышымызды қандырған қоңыр даусын көрермен қауым әлі ұмыта қоймаған болар. Баяғы Кеңестер Одағы кезінде Мәскеуге бағынып, Тәуелсіздік алған соң Қазақстанға жартылай қараған Байқоңырдың мәйекті мәселелерін көтерген сүбелі сюжеттері «Хабар» телеарнасынан екі күннің бірінде берілетін. Бұл тұста көкірегі ояу көпшілік оны ойлы журналист ретінде танып білгені талассыз. Өңірдің өткір проблемалары «қабырғасынан» қойылып, күрмеуі қиын күрделі істерді қалай шешу қажеттігі батыл баяндалғанда бас шайқап, таңдай қаққанымызды қалайша ұмытайық.
Елгезек тілшінің еңбегі еленбей қалған жоқ. Қызылорда қаласында қоғамдық телеарна ашылғанда оның басшылығына Шәкеңнің шақырылуы осы ойымыздың айғағы болса керек. Қазір бұл электронды ақпарат құралы Сыр өңірінде аса жоғары беделге ие екендігі әмбеге аян.
Осыдан жеті жыл бұрын ол кісімен жақынырақ танысудың сәті түсті. Бауыржан достың (Омаров) ауылына бармақ болып, Астанаға қарашаның алғашқы қары түскенде апыл-ғұпыл Қызылордаға аттандық. Алдымыздан аңқылдап Шәкең қарсы алғанда жолымыздың оңғарылатынын сезіп, мәз-мейрам болғанымыз жадымызда жиі жаңғырады. Несін айтасыз, бұл өзі қилы-қилы қызықтарын айтып тауыса алмайтындай тамаша сапар болды. Сонда Шәкеңнің құтты шаңырағында Сыр бойының аузымен құс тістеген айтулы азаматтарымен түн ортасы ауғанша сырлы сұхбат құрып, Тұрсын жеңешеміздің жарқын қабақпен жайған берекелі дастарханынан дәм татқанымыз сірә, естен кетер ме?!
Ертесіне ағамыз бізді автокөлігіне мінгізіп алып аудандарды аралатты. Сол жолы мен Шәкеңнің туған жерінің тарихына жетіктігіне, арғы-бергіден әңгіме ақтарғанда арқаланып кетер шешендігіне, әлемдік әдебиеттің жауһарларын жатқа соғар білімділігіне, арасында қай-қайдағыны айтып, ішек-сілеңді қатыратын қалжыңқойлығына қайран қалдым. Сонау жер түбіндегі Барсакелмеске барып, келгенше шертілген шежіре өз алдына бір төбе. Арнасы кепкен Аралдың ақ сортаңға айналған табанымен төтелей тартқанның өзінде төрт-бес сағаттық жол үстінде не айтылмады дейсіз. Құм шағылдар арасынан қашқан қу түлкіден басқа көзімізге ештеңе түс­пей еріксіз есінеген тұстарда Шәкең атты адам түсіп, жаяу адам жатып тыңдардай кезекті хикаясын жібереді қисы­нын келтіріп. Соның арқасында алыстан арнайы кел­ге­німізбен құлан түгіл, жылан көрмесек те есебіміз түгел-тін.
Алпыстың асқарына ауыздығымен алысқан арғымақтай алқынбай шыққан Шәкизада ағамның арынды шабысынан жаңылмайтынына өз басым шек келтірмеймін. Ендеше, өмірдегі және өнердегі алар асуларыңыздың биіктей беруіне тілектеспін. Жазар көбейіп, қаламыңыздың сиясы кеппесін!

Талғат БАТЫРХАН,
журналист

qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз