Кісіліктің көркем үлгісі
2016 ж. 04 қазан
5466
0
немесе заңғар қаламгер Тахауи Ахтанов келбетіне кескіндеме
Кімнің қасында кімдер жүрмеген?! Кім өз заманында кіммен дәмдес болмаған?! Тахаңның да қасында талай таңды бірге атқызып, талай кешті бірге батқызғандар болды ғой. Мысалы, аудармашы. Бір роман аудару бір пұт тұз жеуден оңай деп кім айтыпты?! Әуелі студент кезінде, сосын сол Алматыда қызмет атқарған шағында Тахаңмен жиі сырласқан, аудармашы ғана емес, жақсы іні болып кеткендердің бірі – Амантай Өтегенов. Қазақстан Жазушылар одағының және Халықаралық Пен-клубтың мүшесі Амантайдан Тахаңның 80 жылдығы тұсында сыр тартқан едік.
– Әбеке, Тахаңды алғаш рет қашан көрдіңіз? – Әуелі соңғы көргенімді айтайын. Тахаңа «Қазақстанның Халық жазушысы» деген ресми атақ берілген кез. Өзі сол шамада әлдебір сапармен Ақтөбеге келе қалыпты. Бір топ жігіт тізіліп барып, қолын алдық. Халық жазушысы атануымен құттықтадық. Әппақ, келісті сақал өсіріпті. Тамағын қырнаңқырап, асықпай сөйледі. Әлгі атақ алуымен кұттықтауымызға: «пережитки социализма ғой», – деді де қойды. –Тамағын қырнап сөйлегені несі? – Енді... мен ұлы Әуезов Мұхтарды көргем жоқ. Дегенмен, ол кісі кербез сөйлейді деп естігем. Бәлкім, сол кісіден қалған үлгі шығар. Қалай болғанда да Тахаң да, Әбең де (Әбдіжәміл аға Нұрпейісовті айтамын) салдыр-салақ, асығыс-үсігіс сөйлемейтін, әр сөзіне қарауыл қойып отыратын тұлғалар ғой. Ал, Мұхаң Мәскеуде операцияға түсер кезде хат жазғанда осы Тахаңа да, Әбеңе де өте жылы ықылас білдіргені күллі елге мәлім. – Сосын әлгі... «пережитки социализма» дегені калай? Социализмді жек көріп пе еді? – Тахаң социализмнен зардап шекті деп айта алмаймын. Талай тәуір қызметтер атқарды. Дәлірек айтқанда, зейнеткерлікке шыққанға дейін жаяу жүріп көрген жоқ. Кітаптары бөгеусіз шығып жатты. Пьесалары қойылды. Дегенмен, сол социализмнің бал татқызып отырып, у ішкізіп жіберетін қитұрқылықтарын жүрегінен әбден өткізген ғой. Қазақ жұртының өгей бала рөліндегі бейнесі көз алдынан кетпеген болуы керек. – Дегенмен, әлгі сұраққа оралайық. Алғаш рет қалай таныстыңыз? – ҚазМУ-дің журналистика факультетінің екінші курсында жүргенімде стипендиясыз қалдым. Күнкөріс керек. Жамбылдық Асылбек есімді досым арқылы жазушылар Тәкен Әлімқұловпен, одан Есенжол Домбаевпен, сол арқылы Қалтай аға Мұхаметжановпен танысқам. Жағдайымды түсінген Қалағаң шағын қызметке алды. «Жаңа фильм» журналына. Әйтеуір, мен тиын-тебен тапсын деген ой да. Қалағаңа Тахаң жиі келетін. Сонда таныстық қой. – Қалағаң мен Тахаң мықты дос болыпты ғой. – Бір-бірін ыммен түсініп еді деуге болар. Әзілдері де жарасымды еді. Бірде былай болды. Совминнің (Министрлер Кеңесі ғой) демалыс үйінде Тахаң «Шырағың сөнбесін» романын жазып жатыр, мен Қалағаңның пьесаларын аударып жүрмін. Әлі есімде, 9-мамыр күні де Тахаң күндегі әдетінше қозғалмай жұмыс істеді. Түскі тамақты үшеуміз бірге іштік. Даяшымен есептесіп болған соң Қалағаң: «Таха, бүгін Жеңіс күні, мейрамыңыз ғой, бір коньяк алатын ретіңіз бар емес пе?», – деді. Тахаң сөзге келген жоқ, алды. Асханадан жатын орын оншақты метр жер болуы керек. Жолда Тахаң ойына әлдене түсті ме: «Ай, Қалаға, Гитлерді жеңген – мен. Онда коньякты неге мен алуым керек?», – деді. Дұрыс қой. Қалағаң соғысқа қатыспаған, мен – екібастан. «Ай, Қалағаң канша сөзге шебер болса да осы жолы тұтылған-ақ шығар», – деп ойладым. Қалағаңнан сөз қалған ба? «Таха-ау, мүйізіңіз шықса, Германияның талай коньягін іштіңіз ғой. Сонда Алматыда Қалтай бар-ау, Амантай бар-ау деп ойлаған да жоқсыз. Мынау сол ішкен коньяктарыңыздан бізге әкелген сарқытыңыз емес пе?», – деді. Тахаң мәз болды. – Екеуі жақсы сыйласқан екен ғой. – Екеуінің достығы ерекше еді. Мысалы, Қалағаң Тахаңнан бес жас кіші. Бірақ Тахаң еш уақытта Қалтай деп көрген емес. Ылғи «Қалаға» дейтін. – Әбеке, сіз Әбеңді де, Қалағанды да, басқа біраз белгілі қазақ жазушыларын да аудардыңыз. Дегенмен, Тахаңмен аудармашылық бірліктегі жайыңыз қалай болды? – Өйбу-й, Әбең, несін айтасың, өзін де аямайды, өзгені де аямайды, теріңді сығып алады ғой. Ал Тахаңмен жұмыс істеу рахат еді. Мысалы, бір сағат аудармамен отырсақ, екі сағаттай серуен құрып әңгіме айтатынбыз. – Сол әңгімелерден есте қалғандары көп пе? – Баршылық қой. Бірақ барлық әңгіме жариялауға жата бермейді. Екі адамның арасынан әріге өрістеуге тиіс емес тұстар бар. Оның үстіне... Жақында Әбең Ақтөбеге келіп кетті. «Амантай, осы сен ғой біздің талай қызық әңгімемізге куә болдың. Соларды күнделікке түсіріп жүрдің бе?» – деп сұрайды. «Менің есте сақтау қабілетім жақсы ғой», – деп құтылдым. Дегенмен, пендеміз, тап осындай сәттерде сол әңгімелер дереу ойға орала қоймайды екен. – Сонда да... – Сонда болғанда... Ә-ә, мысалы, бірде әдеби шығармадағы кейіпкерлер образы туралы сөз қозғалды. Сонда Тахаң анау Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолохов орыс әдебиетіне нағыз орыс еркегінің образын әкелгенін сүйсіне айтқаны есімде калыпты. Әрине, орыс әдебиетінің алтын ғасыры дейміз бе, сол кезеңдерде есте берік ұсталып қалған талай образдар жасалды ғой. Мысалы, Ленский немесе Печорин дегендей. Бірақ, олар инфатильный дейміз бе, әйтеуір, күйреуіктеу боп келетін. Ал Григорий Мелихов нағыз орыс еркегі емес пе?! Бұзып шығады, жарып шығады... – Тағы да... – Енді... күндегі тірліктен де сөз өрбітеміз. Тахаңның саяжайында жиі болатынбыз. Сол саяжайдың дәл қасында Орталық партия комитетінің қоймалары болушы еді. Жалтыраған машиналар келіп, тиеліп кетіп жататын. Осыған Тахаңның зығырданы қайнаушы еді. «Бұларға халық несіне керек, ел несіне керек», – деп түйіліп қалатын. – Сырттай солай дейді ғой... – Көзбе-көз де солай. Тахаңның әлдекімдердің алдында иіліп, бүгілгенін ешкім көрмеген шығар. Тентек емес, текті еді, бас асау емес, бекзат еді. Жүріс-тұрысы қандай, киім киісі неткен талғампаздық. Келісті келбет иесі екендігі өз алдына ғой. – Есенғали ақынның «Тік жүріп, тік құлаған сені көрдім, қазақы қара сөздің жолбарысы» дейтіні сол ғой. – Сол, әрине. Әлі есімде, сексенінші жылдардың орта кезі болуы керек, Алматыда аудармашылардың одақтық бір үлкен конференциясы өтті. Былайғы республикаларды айтпағанда, Мәскеудің өзінен небір ығайлар мен сығайлар келді. Сол ығайлар мен сығайларды Тахаң мінбеде тұрып сойып салды. Олардың басқа ұлттар әдебиетін орыс тіліне менсінбей, қалай болса, солай аудара салатындарын беттеріне басты. Былай қарасаңыз, Мәскеуге Тахаңның өзінің де күні түседі ғой. Шығармалары орыс тілінде жариялануы керек. Жоқ, Тахаң бұғып қалмады. Шыбын ызыңы білінетін залда шындықты айтып-айтып тастады да, мінбеден түсіп жүре берді. Ешкім жағаға жармаса алмады. – Соның бәрі зор білімнің арқасы ғой. – Өзім Алматыда аралас-құралас болған аға жазушылардың ішінен осы Тахаң мен Қалағаңның білімділігіне ерекше тәнті болушы едім. Әлем тарихы дейсіз бе, әлем әдебиеті дейсіз бе... шемішкедей шағатын. Әрі-беріден соң ойлаймын, осы екі ағамыздың аса жақын дос болуы сол білімдарлықтың деңгейлестігінен де туындаған шығар. – Сол білімді қалай жинаған? – Қалағаң Ташкентгегі ГИТИС-те, сосын А.В.Луначарский атындағы Театр өнері институтында оқыған ғой. Ал Тахаң... Өзінің аузынан естіген әңгімемді айтайын. Тоғызыншы класс бітірген соң Алматыға келеді. Бұл біліммен оқу орны қабылдамайтыны белгілі. Сосын орта мектеп бітірді деген подделка (өзі осылай деуші еді) құжат жасап алып, екіжылдық мұғалімдер институтына түсіп кетеді ғой. Бірақ мәселе жоғары білімде ме? Жоғары білімі жоқ орыс жазушысы Валентин Пикуль қандай шырқау шыңға шықты. Өз есебімде мен Тахаңның білімін жоғарыдан да жоғары деп есептеймін. – Бір мысал... – Бір мысал мынау. Тахаң сол кезде айдарынан жел есіп тұрған «Литературная газетаға» Джоконда (Мона Лиза) туралы мақала жазды. Аса терең дүние. Меніңше, ұлы тұлғалар дүниедегінің бәрін білуге міндетті емес. Әркімнің өз саласы бар. Тахаң да өнер зерттеушісі емес екені мәлім. Бірақ әлгі дүниені сонша тамсантып жазды. Қайталап айтайын, Тахаң дүниежүзілік шеңбердегі білімі бар тұлға еді. – Ал соғыс... соғыс туралы әңгімелеуші ме еді? – Соғыс жайын әңгімелеуге құмарлығы жоқ-ты. Әлде біз сұрап жарытпадық па екен? Бір есімде қалғаны, «әй, ақымақ екенбіз-ау, әскери училищеде жүргенде соғысқа жіберуді сұраймын деп күніне бір рапорт жазушы едік», – дегені бар. Әрине, акымақ деген сөзді албырт жастықтың қызу қандылығы мағынасында қолданғаны ғой. Әйтпесе, ақымақ пенде Отанын қорғау үшін қан майданға өзі сұранып барушы ма еді? – Тахаңның жазу әдісі қандай еді? – Мына... әдебиетте қара жұмыс деген бар. Мысалы, бір жазылған дүниені бес-он рет түзету немесе қайта жазып шығу мысалдары көп. Тахаң да, әрине, жазғанын үстінен қайта қарап отырған шығар. Бірақ, меніңше, әлгідей қара жұмысқа жегілген жоқ. – Әңгіменің жарасы жеңілдеу ғой. Ал романда кейіпкер көп. Сол образдарды қалай тапқанын әңгімелеген жоқ па еді? Себебі, әр кейіпкерді өмірден ойып алу мүмкін емес қой. – Бір әңгімесі әлі есімде. «Шырағың сөнбесін» романы бір гарнизонның күнделікті тірлігін мол қамтиды ғой. Қаптаған офицер әйелдері. Өздерінше әйелдер кеңесі бар. Сол романның бірер тарауын Тахаң санаторийде жатып жазған екен. Онда әр саладағы ұсақ-түйек қызметтерді ылғи әйелдер атқарады ғой. Әсіресе, орыс әйелдері. Міне, Тахаң әлгі офицерлердің әйелдерін осылардың іс-қимылына, жүріс-тұрысына, сөз-сөйлемдеріне қарап кағазға түсіре беріпті. Сөйтіп, офицер әйелдері галереясын осы санаторийде осылай жасап шығарыпты. – Нақты фактілерді қолданған сәттері де бар шығар? – Қазір жұрттың аузында жүрген, күлкі шақыратын «танымайтын орыспен қалай әңгімелесем» деген сөйлем ауылдағы бір ағасының аузынан шыққан сөз, болған оқиға екен. Және романда сол сөзді айтқан адамның есімі нақты айтылады. Сосын офицер Қасымбек Нәзираны алып кетерде кәрі енесі Нәзираны біржола тапсыра отырып, күйеу балаға: «Қарның ашса қуырып же, шөлдесең қайнатып іш, бәріне шыдайды. Тек қорлық көрсетуші болма» дейді ғой. Тахаңа осы тіркесті бұрын естімегенімді, таң қалып отырғанымды айттым. Сонда Тахаң жеңгемізге үйленіп жатқанда, сол ауылдың азулы бір әжесі: «Шырағым, татарға неге үйленіп жатырсың, қарның ашса қуырып жейтін, шөлдесең қайнатып ішетін өз қазағыңды неге алмадың?» – деп салғанын айтқаны бар. Сол уытты сөз уақыт өте келе Қамқа әженің атынан қағазға түскен ғой. – Әбеке, осы «Шырағың сөнбесін» романы сіздің Тахаңның шығармаларына қатысты алғашқы аудармаңыз емес шығар? – Университеттің үшінші курсында оқып жүргенімде Тахаңның «Майданнан тыс қалғанда» атты әңгімесін аудардым. Кейін екі томдығында жарияланды. Аудармашы ретінде менің фамилиям жазылмапты. Несін жасырайын, қоңырайып қалдым. Сосын «Шырағың сөнбесінді» аудардым. Мұнда да менің фамилиям жоқ. Петр Краснов деген жүр. Өкпелеп, Тахаңа хат та жаздым. Мұны айтып отырғаным, Тахаңа ренжіп калған сәттерім де болғанын кұпиялағым келмегені. Өтірік көлгірсудің кажеті не? Көлгірлік Тахаңның да табиғатына тым жат еді ғой. Сосын Тахаңның оқта-текте қайталап қоятын мынадай нақылы бар еді: «Кемеңгердің ішінде де ит өліп жатады». Қалай, ә? Ал, жалпы, сол кезде кітаптың шекесіндегі аудармашы мәскеулік болуы жазылмаған заң еді. – Тахаңның шығармаларын аудармай тұрып-ақ зерделеген шығарсыз? – Мынаны айтайын. Мен «Қаһарлы күндерді» үшінші класта жүргенде оқығам. Бұл – бір. Екіншіден, 1966 жылы Орынгүлдің папасы он жас шамасындағы қызына арнап Тахаңа «Боран» романына қолтаңба қойғызып алады. Орынгүл менің зайыбым ғой. – Тахаңнын пьесалары туралы айта кетсек... – Оның бәрін тізбелеу ұзақ шаруа ғой. Ал өзім куә болған бір жайт, балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасына Тахаңның «Әке мен бала» драмасы шықты. Ұлттық ділдің бұзылуынан әке мен баланың арасына жарықшақ түседі ғой. Міне, осы спектакльден соң Алматыдағы зиялылар арасында балаларын қазақ мектебіне беру күрт көбейді. Әне, сұңғыла сөздің салмағы. Ал берідегі «Ант» туралы жеткілікті айтылып жүр. Бұл – өлеңмен жазылған трагедия. Сонау Эсхид Софокл, Шекспир... тәрбиесі көзге көрініп тұр. Әйтпесе, берідегі Пушкиннің «Борис Годуновымен» туыстас ірі дүние. Қазақтың екі оттың ортасында қалған кездегі ауыр тағдыры ғой. – Сұңғыла жазушы Асқар Сүлейменовтің «Ант – классика» деген тасқа басылған сөзі бар ғой. Одан кем баға беру қиянат болар. Ал күнделікті тіршілікте қандай еді? – Кәдімгідей. Жастардың туындыларын шамасы келгенше бақылап отыратын. Камқорлайтын... Бір оқиға. Ақтөбеге енді келіп жатқан кезім. Педучилищеде Ахтанов пен Нұрпейісов кездесу өткізеді дегенді естіп, сол жаққа тарттым. Сәл кешігіппін. Кездесу басталып кеткен. Шеткі орындықтардың біріне отыра кеттім. Сол кезде мені Тахаңның көзі шалып қалғаны. Қолымен қайта-қайта ымдап, қасына шақырып алды. Өздерімен бірге президиумға отырғызып қойды. Ол кезде Амантай Өтегеновті кім білсін. Тахаң сөйткен. Ал жетпіс жылдық тойына келгенде ше?! Театрға Тахаң есімін берейік деген ұсыныс айтылғанда: «Жоқ, театрға Қуандық Шаңғытбаевтың есімін беріңдер» дегені сол кешке қатысқандардың әлі есінде шығар. Дастарқан басында Тахаңа қамшы салудың кажеті жоқ еді. Әсерлі әңгімемен, әдемі әнмен жұртты бірден билеп ала қоятын. Тамаданың қажеті болмай қалатын. Кекірею, кісімсу дегенді білмейтін. Жалпы, Тахаңның қасында жүру бір ғанибет еді. Университеттегі профессорлар әлденеше лекцияға созып түсіндіре алмайтын жайттарды Тахаң сейіл кұрып жүрген әңгіме барысында миға құйып жіберетін. – Сонымен Тахаң... – Мен үшін былайғы жазушылар – теңіздегі толқын, ал Тахауи Ахтанов – мұхиттағы «Тоғызыншы вал». Ертай АШЫҚБАЕВ Құснихат ТАХАУИ ІНІМЕ Қадірлі іні, дос Тахауи! Сен берген кітабыңды түгел оқып шығып, осы хатты жазып отырмын. Әрине, сенің үлкен еңбегің, өзіңді кең кұлашыңмен, өнімді өріс-өрнегіңмен емін-еркін танытқан шығармаң «Қаһарлы күндер». Мына шығармаларда «бертін соқтың», «кемшін келдің» демекші емеспін. Бұларда сен әдейі кіші жанрлардың әр алуанын талғап көруді мақсұт еткенсің. Өз ішіңдегі басылмаған пернелеріңді де тіл-үй қаттырып, тебірентіп көрмек болғансың. Әрі сен пьесалар да жазып жүрсің. Сценарийді де қолға аласың. Осының бәрі заңды іздену жолындағы бел-белестер. Сол ретте, әрине, «Махаббат мұңы» жақсы повесть. Өзгелер қонымды, ұнамды әңгімелер (рассказ, новелла). Бұлардың бәрінің тақырыбы, адамдары, шындықтары – жалғансыз, риясыз, зорлықсыз – әділ шындықтар. Сонысы ұнайды. Екінші – сен бір жақсы соныға түсе бастапсың. Ол интеллигенция туралы жазу, өзіңмен замандас, қанаттас қатарыңды жазу – соларды және ішкі мәдениет өресіне қарай – ішіне үңіле, сезіміне бойлап жазу бар. Өте орынды, өте асыл іздену. Бұл жолда алда көп-көп ыстық тартымды, аса қызу-қызғылықты, шын шабытты құштарлық туғызатын болмыстар, сәттер, шындықтар бар. Осы адамдар: жақсы, ойлы, саналы, арлы болса – халқыңның, қауымыңның да болашағы ғой. Осыларды көрсетумен бірге, сынаумен бірге баулу, бастау – қалыптау да керек. Сен шынайы қызығарлық соныға түскенсің. Соған мейлінше құдіретің де жетеді. Ілгері тереңдей, ірілей тарта түс, тарта бер. Бұл тақырыпта сен ұдайы әділ-адал дәл шындықтың өзінде боласың ғой. Қоспа, бояма, фальш мұнда керек емес. Бәрі өзің жақсы білетін өз ортаң, өзің жүзіп жүрген мекен-көлің. Менде тағы бір қуанышты сүйсінген ойлар ұдайы қатар отырды (осы кітабыңды оқу үстінде дейім). Ол: сенің өзіңе сонша ет-бауыр, шабытыңмен іні-бауыр екеніңді сезіне отыру шақтары. Мен сенің мақалаларыңнан, үлкен романыңның да кей бояуларынан – осы менімен туыстас-ау деп ойлап жүруші ем... Ал мынада мен өзімнің сезімдерімді, сырларымды саған жаздырып, соған барынша сеніп, еліге еріп, ырза боп отырғандаймын. Әрине, әрбір шыншыл шығарма солай еліктіреді де, ал өз жүрегіңе ұқсап соққан жан тамырды жанбауырдай сезбеске шараң жоқ. Мен сені, Әбдіжәмілді, Зейнолла, Тәкенді, Сафуанды – көптен бастап бөлек санайтұғым. Біз, Хрущев жолдас айтқандай, «жәрмеңкеден қайту бетіндегі» жандарға қосылдық. Енді әдебиет болашағын ойламай болмайды. Сендерді сол болашағымыз дейім. Өзіме етене жақын дегенде сенен – менің жасырақ шағымда өзімнен таппаған жақсы сыпаттарды көремін. Сенің отың менен қызуырақ, сенде ерте түскен ой бар деп сенемін... Әдебиеттің арлы ойы болса керек дейім. Сондықтан, анау бір жылдардан-ақ саған, сендерге мен «безразлично» қарай алған емеспін. Алдарыңнан жауапты ойлы жаңалықтарды өзге бар қазақтан молырақ күткен күйдемін. Екінші бір өнімді топ: Мұхамеджан, Хамза, Зейін. Бұларды сендер көбірек түсіне ойласаңдар әділ болады. Олар жастай кетіп, ұзақ заман тұсалып қалған жігерлі талант, өмірге қомағайлық (жақсы мағынада) ала келген. Шығармашылық шабытқа да сондай қомағайлар. Өнімді еңбек етіседі. Сендердей, осылардай адамдарға байланысты болашақты үдей басатын, алғыдан асатын болашақты ойламасақ кім боламыз? Ал «алғы» дейтін қаншалық? Қанша кен қазына қалың қатпар өткенің жатыр? Шап-шағын ғана емес пе? Әсіресе, ол мәдениетті өнер боп та өсіп-піскен емес қой. Көбінесе көбікті толқын санап жүрміз ғой. Мен операция тосудамын. Сәлем, көп сәлем. Р.S. Әбдіжәміл, Зейнолла, бәрі-бәріне көп сәлем. Республика мерекесі бәріңе құтты болсын. Мен жүрекпен, тілекпен бәріңмен біргемін. Мұхтар ӘУЕЗОВ Мәскеу-Кунцево. 21. VI. 1961 ж. Естелік ӘКЕМДЕЙ ҚАМҚОР БОЛҒАН, ҚАЙРАН ТАХАҢ! Менің барар жер, басар тауым болмай, арғы беттен келіп жұмыс іздеп жүрген кезім. Баспа комитетіне барып Қабдеш ағама жолықтым. Ол кісі мені талантты ақын Жұмекен Нәжімеденовке таныстырды. – Мынау менің Жәркен деген бауырым, мықты ақын, жұмыс іздеп жүр, – деді. Жұмекен бірден Тахаңа телефон соғып еді, орнында жоқ екен. Бірнеше күннен кейін Жұмекен мені Мемлекеттік кітап палатасына, Тахаңның кабинетіне ертіп барды. Екеуі шахмат ойнауға кірісіп кетті. Әлден уақытта шахматтан ұтқан Тахаң маған бұрылып, Жұмекеннен: – Мына жігіт кім болады, – деді. – Бұл жігіт арғы беттен, Қытайдан келген. Төте жазуды біледі екен, Сізге пайдасы тие ме деп ертіп келдім. Маған ұнады, талантты ақын, өзі бойдақ, – деді Жұмекен, сәл езу тарта күлімсіреп. Тахаң мені бірден жеті қыздың басшысы етіп бір айға ауыл шаруашылығы жұмысына жіберді. Ол жақтан абыроймен, алғыс хат алып оралған соң Тахаңа кірдім. Ол кісі қамқор дауыспен: – Жәркен шырағым, жағдайың жақсы ма? Маған жасырмай ойыңды айт. Біздің қыздардың ұнағаны бар ма? Бар болса үйлену тойыңды өзім жасап беремін, – деді. – Тахауи аға, уәде байласқан адамым бар еді. Жағда Бабалықұлының қарындасы, – дедім мен бар шынымды ақтарып. – Ал, олай болса, уәдем уәде, үйлену тойыңды кешіктірме, өзім жасаймын, – деді Тахаң. Ата жұртты аңсап келген мені құшақ жая қарсы алып, қарамағына жұмысқа тұрғызып, үйлендіріп, Алматыдан үй алып беріп, алғашқы жыр жинақтарымды шығарған, әкемдей қамқор болған қайран Тахаңның мәрттігін ұрпағымның ұрпағына үлгі етермін. Аруағына мың салауат, Алла алдынан жарылқасын! Жасаған жақсылығы ұрпағының алдынан шықсын! Жәркен БӨДЕШ qazaquni.kz