Бауыржан Қарабек. ШАҒЫЛ ҚҰМ, СЕНІ САҒЫНДЫМ
2016 ж. 17 қыркүйек
10370
5
Құм
(толғау) Шағыл да шағыл, Шағыл құм, Шағыл құм, сені сағындым, Тарылмас жерде тарылдым, Жарылмас жерде жарылдым. Шыныдай кейде шағылдым, Қасыңнан сенің табылдым. Ағынды судай ағылдым, Арзан ойлардан арылдым. Шағыл құм, Жастық шағымның Белгісі сенсің, сағындым, Шағыл да шағыл, Шағыл құм... Толқын да толқын, Толқын құм. Айғағы болдың сол күннің, Басы да болдың толқынның, Жанымды нұрға толтырдың. Белес те белес, Белес құм, Өзіңмен талай кеңестім. Басынан өттім белестің Ұмытқан сені емеспін. Қайран да қайран, Қайран құм, Тас қайрақ болып қайралдым, Талайын көрдім сайранның Дүние, саған қайранмын. Қайран да қайран, Қайран құм...Қара торғай
«Қараторғай ұштың зорға-ай…» (баллада) (халық әнінен) Өткен күнді еске алам Ар атымен, Тағдырымдай тамылжып таң атып ең. Қалың құмның қайнаған аптабында Қараторғай қалқитын қанатымен. Қызық күнде қалған соң қыраттарда, Біз кеткенбіз сол маңнан жырақтарға. Қараторғай ұшатын бағыт алып Мөлдіреген зәмзәмі бұлақтарға. Ұшады екен әйтеуір сезіп нені, Аптаптарға жүретін төзіп тегі. Тасқұдықтың басына қалқа қызбен Мен де барып қалушы ем кезіккелі. Қараторғай, Қалқа қыз, Құла дүзде, Өткен күннен өрілген жыр аңыз де, Мөлдірейді жанары жарқынымның Құс тілі боп жанымнан сұрақ ізде. Көк дөнен күн сәтінде қыр асатын, Қызығына ғұмырдың ұласатын. Қараторғай ән салған қайран күндер! Тасқұдықтың басында сыр ашатын. Құмды кезіп есімде жол асқаным, Қалқа қызбен, Ауылдан адасқаным. Құмның желі толқындай тулап тұрды Сол толқынмен сол сәтте жарасты әнім. Екінді ауа жарқырап ашылды күн, Бала ақынның әлдилеп асыл жырын. Қараторғай дегенде қараторғай Жанарынан қалқаның шашылды нұр. Сусыған құм сөгіліп көбесінен, Жастық шақтың жүзгенбіз кемесімен. Толқып жүрек торғайдай бебеу қаққан Тасқұдықтың түскенде төбесінен. Сағынамын сарғайып сол шағымды, Сол шағымды Сусыған сонша құмды. Қараторғай қанатын қағатұғын Өзің түзеп таққанда моншағыңды. Махаббаттың тасыған өзенінде, Өндір күннің өрімі өлеңімде. Қараторғай, Қалқа қыз, Қайран жастық! Сыр сұлудың қалғандай өзегінде. …Жылдарыңның атқанда таңы арайлы, Алыс қонсын, тілерім ала қайғы. Қараторғай, Қалқа қыз, Құмның желі Жанымыздың жайлауын аралайды. *** Көңіл алаң өзіңе жырым алаң, Айналайын туған жер Сырым – Анам. Күні ұнаған жаныма түні ұнаған Арай еміп өскенмін құбыладан. Қызылқұмның қызыр бар етегінде, Арғымағы арманның жетегінде. Жәудіреген жанары жасқа толып Мұңаяды Шардарам кетерімде, Өлең болып дүние – ай өтемін бе? Ақ жауыны арманның тамшылады, Ақша бұлттан ақ аспан аршылады. Ауылымнан мен алғаш атанғанда Жүрегімнің жарқырап шамшырағы, Шабытымды намысым қамшылады. Шағыл құмның сусылдап жел жібегі, Көлбеп жатқан көк теңіз мөлдіреді. Өлең еді өзекте өндір еді, Сарғайтады дүние сендіреді, Елжіреді ақынға жер жүрегі... Өмір-өзен келемін өтем бе деп, Сағым қырға сарғайтқан жетем бе деп. Беу дүние! Естіртпе, төтен дерек Мұнараға жырымды шығарамын Сыр – Анаға сыр айтып кетем бе деп... *** Айлы аспан ақ құшағын айқарып бір, Жұлдыздай жанарыңнан байқалып нұр. Арман түн арайымен аймаласа Шалқыған шалқар теңіз шайқалып тұр. Сол бір түн бақытымның бал түні анық, Аяулы ағысың боп сарқырадық. Қалытқыдай су бетінде қалтырадық Жалған-ай! Жүрер жолды жартыладық Шабытым шалқарыммен шалқып ағып. Өмірдің өткен күні, Өткен айы, Көгерген көкірегімде көктем айы. Бейнесі әлі менің көз алдымда Жидесі жұпар шашқан көк тоғайы. Бақыттың балдай әнін термелеткен, Балалық бал күндерім сенде кеткен. Өмірім өлең өріп өрден өткен Мәңгілік әппақ нұрға шөлден өткем, Қыз – көктем, Сен де көктем, Мен де көктем. Өмірде шалқыдық па көк теңіз боп, Әйтеуір артымызда өткен із көп. Шығып ем Шардарадан... шартараптан Келемін әлі күнге көктем іздеп.Бағбан Жұрымбай
(баллада) Айналды бал күндердің бәрі асылға, Сол шаққа ертем сені барасың ба? Шалқыған Шардарадай бір ауыл бар Сұлу Сыр, Қызылқұмның арасында. Жан жүрек туған жермен егіз анық, Көктемнің көз алдымда көгі ұзарып. Өткен күн өлеңімнің өзегінде Ауылды кесіп аққан Өгізарық. ...Ойымның орамынан озған ғалам, Жасырар сыр, Айтылмас сөз қалмаған. Өгізарық жағасы өлеңді жер Жұрымбайдың бақшасы көзді арбаған. Сол бақша көзді арбады бала жастан, Күндер –ай аларымды ала қашқан. Маусымда иранбақтай мәуелеген Шие, өрік, анар, алма араласқан. Жүрекем мұраптықтың мұрагері, Шардара –шуақ елі, Шырақ елі. Жасынан Тәшкен кезіп, базар көрген Өткені сәл бұлыңғыр тұман еді. Жадымда жастығымның жылнамасы, Қайнайды Қызылымның құм даласы. Елменен етене өкен сол әулеттің Есепке жүйрік еді бір баласы. Жайнаған Жүрекемнің жұрты қандай, Шардара шалқып –шалқып бір тұнардай. Өзбекше ала шекпен, ала топы Шиырылып ширақ біткен мұрты қандай. Жүйіткіген жүйрік жылдар жарау дастан, Бағбандық кәсіп еді алау жастан. Шақшасын кездігімен қатар байлап Тойларда табақ тартып, палау басқан. Ол кезде ашылмаған гүл екенмін, Ол кезде жазылмаған жыр екенмін. Шағылды шалғай жатқан сол ауылда Бақшасы жайқалатын Жұрекемнің. Ертеңге ертек болар ер істері, Ел едік ен жайлаған еңістегі. Көз жауын алушы еді сол бақшаның Алма, өрік... алуан –алуан жемістері. Көңілдің таусылмайтын тасып сыры, Арындай ата жұрттың асыл нұры. Әр үйдің ауласында алаулайды Жайқалған Жұрекемнің жасыл жыры. Жырменен өткен күнмен тілдескенбіз, Сол күннен гүл кешкенбіз, Нұр кешкенбіз. Жайқалған сол ауылда жасыл құрақ Бағымен Жұрекеңнің бірге өскенбіз. Тағдырым басқан кезде таңға нұрын Білеміз бар қадірін, Ар қадірін. Ұрлауға ымырт түсе барушы едік Жұрекем бақшасының алма -өрігін. Қоршаудан жемістерді қырқып атып, Бір іске кіріскенде бұрқыратып, Сыбдырын сезіп қалса сая бақтың Жұрекем қуатұғын шырқыратып. Ол кезде шуақ едік, шырақ едік, Жүгірген жанталасып, жылап еріп. Балақтан басып қалып тұра беріп, Біріміз бірімізге құлап едік. Сәуле іздеп жолға шыққан шұғыладан, Біледі құпиямды Сырым –Анам. Ұстаса жонымыздан таспа тілер Бақшасын аялаған Жұрым ағам. ...Арайлы ақ таңдардан ақ нұр көргем, Сан рет көздеп атты тағдыр мерген. Жұрекем бізді қуып жіберіпті Байқасам бақшасы емес... бал күндерден. Енді әнді әуелетіп салам бөтен, Тербеген көз алдымда ғалам ба екен? Жұрекем бақуатты деп естимін, Бақшасы сол ағамның аман ба екен?! 2010 жылСақпанда
(баллада) Жалғаным жанның зары еді, Арманым әппақ ар еді. Сыңсыған құмның ішінде, Көкемнің аулы бар еді. Көктемім таяп қалғанда, Арайын төккен ақ таңдар. Ақпандар аяқталғанда Басталушы еді сақпандар. Қиқулап көкте тырналар, Көктемнен айтып бір хабар. Көңілімнің тербеп тереңін Жылап ағатын жылғалар. Өмірін айтып өлеңнің, Қырлардың гүлін теремін. Көктеммен келген көкеме, Сақпаншы бала мен едім. Арайлы таңда айтам ән, Сезімнің селін селдетіп. Қызылдың құмын қайтадан Төлдердің үні тербетіп. Көтерген басын бетеге, Сол бір сәт, бүгін жырланшы! Қоңсы боп қонды көкеме, Қараша үйлі бір малшы. Жүректің алғаш өртенген – Куәсі Ай мен жұлдыздар. Қарақат көзін төңкерген, Қараша үйде бір қыз бар. Көңілден мәңгі өше ме, Сол түндер –жарық шоқ жұлдыз! Таңғы шәй... гүлді кесеге Сүт құйып берді сол бір қыз. Бала қыз - өлең өмірім, Қысылып тұрған секілді. Ақ сүттей әппақ көңілін Ұсынып тұрған секілді. Төреші болса төзімім, Ғашықтық жырын толғар ем. Сүт қыздың уыз сезімін, Сіміре бердім сонда мен. Басына шығып төбенің, Сағынышымды демедім. Уыздай сол қыз сен едің, Сақпаншы бала мен едім. Сол кезді көрем түсімде, Өлеңдей бастан өтті күн. Сыңсыған құмның ішінде, Көкемнің аулы жоқ бүгін. Жанымда сосын жыр тұнып, Дүниенің көрдім дүрмегін. Уыздай қызға ынтығып, Құм кезген қайран күндерім! Тірліктен кейде түңіліп, Кезеңді кештім қатпарлы. Ақ сүтін Ардың сіміріп, Тағы да құштым ақ таңды. ...Естелік қалды есімде, Көкемнің аулы жайында. Сыңсыған құмның төсінде – Наурыз бен сәуір айындаҚызылдың ауыл құмында
Қызылдың ауыл құмында, Сексеуіл өскен түздерде. Қуанышым да, мұңым да, Шағылда қалған іздерде. Байланған көкте қызыл күн, Сәулеңе кезім шөлдеген. Құмында ауыл Қызылдың Бесігін қызыр тербеген. Сағымды кезді сағындым, Алыста қалған арман –ай. Шабытты шағы шағылдың Жалдар –ай, қайран жалған –ай. Тірліктен мынау күйкі алаң, Көңіл де кейде мұздай ма? Бұрымы белін сипаған Балдырған бала қыз қайда? Еседі самал еседі, Дүние тұнып тұрғандай. Шағылмен сағым көшеді, Жөңкіліп көшкен жырлардай. Қызыл таңменен таласып, Шығамыз қызыл жалдарға. Алқызыл жейдең жарасып Алаулап жүзің арманға. Алаулап жүзің, бала қыз, Қарадың сонда сен неге? Алыстап кетсе арамыз – Тағдырдың сыйы пендеге. Жетерміз талай тілекке, Тірліктің тойы тарқамай. Ақ жүзі қалған жүректе Қайран да менің, қалқам –ай... Қырық күн шілде, қызды күн, Күйдіріп шағыл табанды. Қызығым болған қыз –бұрым Оятып кетті санамды. Батпақты белде жүгіріп, Көбелек қуған секіріп. Жылдарға жүрем жүгініп Біреуге бәлкім өтірік... Жыр жазсам бөлек күйге ендім, Белдерден астық талай біз. Бұрымын сонда сүйген күн Арай да жүзі арай қыз. Қырларын гүлдің тере біл, Көгімді көк бұлт, торлама! Өлең боп кетті сол өмір Ақын боп кетті сол бала... Бұрымды сол қыз күйіме, Қосылған мәңгі күй сынды. Аруана –бауыр дүние Ботасын көріп исінді. Қырық күн шілде, Қызыр –күн, Нәсібін талай тергізді. Құмындағы ауыл Қызылдың, Ұмыта көрме, сен бізді... Қайтайық енді ауылға, Шағылдың күні қайнады. Басады бізді бауырға Жылдары, терең сайлары. Жылатып жанды жанарың, Кеудемді түртіп кетті үміт. Именіп саған қарадым Арқамды күнге кептіріп. Бойыма шуақ тез еріп, Көрдің сен бәлки, көрмедің. Бүлдірген ернің кезеріп Шөлдедің... Мен де шөлдедім. Ауылға талай келерміз, Туған жер төсін ырым ғып. Шегенді құдық, сенен біз – Су емес, зәмзәм сімірдік. Жарыстық талай толқынмен, Өрмелеп шығар өр бардай. Қалып та қойды сол күннен Басылмай жүрген шөл бардай. Шағылды кезіп шарқ ұрам, Жалдардан талай асамын. Көңілімді қалай толтырам Шөлімді қалай басамын?.. Көңілді кейде қыздырар, Сапарға талай сайланам. —Сезімді әлі шыжғырар Қызылдың күні –ай қайнаған.Қарағаш
Қысқы кеште ысқырады ысқырық, Қарағашқа қайта келдім із бұрып. Жастығымның жаурап қалған жарығы Көңілімді қыздырып. ...Сол бір елес көңілімде жүр менің, Сыр өзеннің сырын естіп гүлдедім. Қолын бұлғап шақыртқан секілді Сырғанақтай сырғып кеткен күндерім. Сағым күнде сағындырған сырлары, Сары қызбен сырғанағам сырғалы. Құлдырап бір қарағашқа жеткенде Жан жүрегім жырлады. Жырақ күннен бастау алған жыр басы, Сырғып өткен сырларымның сұлбасы. Әніміздің жалғанғандай әуені Сары қыздың сарғайғандай сырғасы. Содан бері келген талай көктемдер, Өткел бермес өткел берді өткелдер. Сары қызбен сыр айтысып сырғанап Сырғи –сырғи осы болды жеткен жер. Сен сұлу қыз, Мен болғанмын талапты ұл. Арманыма арна берген алап бұл. Қайта келдім... Қасиетті қарағаш Қазыналы қария боп қарап тұр. Сол бір күнде жанда жарық бар еді, Әппақ еді аспан мен жер әлемі. Сыңсып салған әуеніндей аққудың Әдемі еді –ау, әдемі еді –ау, әдемі. Қонышынан қайыратын етікті, Қай қиырға қара бала жетіпті. Балалықтың базарындай — Қарағаш Биыл қурап кетіпті... Көңілімнің көк кемерін жыр керсе, Жайқалармыз жапанда өскен гүлдерше. ...Қайта көктеп кетер ме екен қарағаш Сырғалы қыз, Ақын бала бір келсе. Естелік жыр еріп түсті елестен, Достар қайда? Тай құлындай тел өскен. Арман күндер — Жүйріктердің бәйгесі Айдарынан жел ескен. Өмірімнің өзегінде өлеңі, Өрім күнім өрімдей жыр өреді. Кәусар бұлақ зәмзәмінен сімірген Тал шыбықтай тамырларым көп еді. Қырдан қашқан түлкідейін қашты арман, Асқақтадық Асқар –асқар Асқардан Сары қыздың жанарында жас қалған Қасқа жол да қарағаштан басталған. Қарағаштан басталған да жарық із, Әппақ сүттей әппақ еді арымыз. Сағым қуып сайға сіңіп кеттің бе Сары қыз –ау, сары қыз –ау, сары қыз. Түлкі уақыт алдайды да арбайды, Ақындардың жанында жүр бар қайғы. Сары қыздың сағынғанда сырғасын Сырым менің сыбызғы боп сарнайды. Сыбызғы боп сарнағанда сырларым, Көкірегімнің қыл пернесін тыңдадым. Қара жолдың үстіндегі қарағаш Ұқтырғандай мұң барын. Сол сезімге адам түгіл Ғалам мас, Сары қызды сағындырдың қалам қас. Жастығыма кетсем бе екен жүгіріп Жалаң аяқ, жалаң бас.Кекілік
Көктемде қызыл сырға жүзген гүлдеп, Құс үні құйқылжитын мүлдем үдеп. Әуені кекіліктің әсем еді Көмкерген көкорайда іргемді көк. Ауылдың әнге бөлеп атырабын, Кекілік сазды әуезін шақыратын. Самала құралайдың салқынында Қос әуен әсем қоңыр жаңғыратын. Ұшырған қоңыр қазын қамыс, қоға –ай, Жейдесі жиде толы таныс тоғай. Жұпарын желмен желпіп қозы көштен Шалқарым шақыратын алыстамай Қоңырқай келбетіңді күн қаққанда, Ай орақ, Күміс сырғаң тіл қатқанда. Ұқсайды, Ұя көрген ұлан едім Сол бір сәт мені мәңгі жырлатқанға. Назары күміс әуен кекілікте, Елігі ең, Ен даланың еркіндікте. Ессіз шөл алаң –елең елес күннен Күй болып күмбірлеген шертілдік те. Сол шақтан шұғылалы шашырап нұр, Сопақтың соңы тұйық, Басы қатқыл. Шайқалған қызыл сырға жүзгендері Кекілік ән шырқайтын атырап бұл. Нұр шашқан құс жолында жұлдыз дейін, Сырласқан Сыр бойында сырды үзбейін. Астынан алты қырдың ән естісем Қалқатай сізді іздемей, Кімді іздейін...Ғұмыр-дария
Ғұмыр дария, Бір баттым да бір шықтым, Арасында қуаныш пен қырсықтың. Сәл мұңайттың... Көздің жасын ыршыттың Беу, ғұмырым, иіріміңде тұншықтым, Жібіндей боп ширатылып ұршықтың. Ғұмыр дария, Қайран менің ғұмырым, Үрлеп ішкем тұнығыңның тұнығын. Құлдыраңдап қырда ойнаған құлының Жел өтіне қадап кеткен шыбығын, Ғұмыр дария, Қайран менің ғұмырым. Ғұмыр дария, Қайран менің күндерім, Қайда жүрсем өзіңменен біргемін. Өлең өріп өрекпіген түндерім Мұнарасы мұнартатын мұң ба едің Арыдым ба... Таныдың ба кім дедің?! Ғұмыр дария, Толқындары жыр – ағын, Сені көріп қуандым да жыладым. Бақытымның жақтым сосын шырағын Жүгірдім де, Сүріндім де, Құладым... Батыраштар басқа соққан құламын. Ғұмыр дария, Менің әппақ айдыным, Сені көрсем жоғалады қайғы мұң. Естелік боп еске түсер тай күнім Алқынамын алдын бермей бәйгенің, Сайран ғұмыр, Қайран ғұмыр – байлығым!Есентай
Есенғалиға Көкірегіме көктен нұр құйсын далам, Тереңімді тербетіп күй сыйлаған. Армандардың арыны ағын судай Шымырлайды шыныдай бір шырғалаң. Күтеді алдан білмеймін қай сыбағам, Бұрымыңды толқындар жайшы маған. Арнасымен алысса асау өзен Құлагерім құлағын қайшылаған. Өр ағыстар өрлерге өрмеледің, Өрмеледің соңыңнан дөңгеледім. Арай сүйген аймалап ақ дүниеге Іңір туа іңгәлап келген едім. Қырқасында қырлардың құлын шақтан, Мазасыздау ұл болдым мұңын шаққан. Ауылыма ақын боп оралғаным Шырай іздеп тапқаным шырын шақтан. Кеудедегі көрікте оты бар ұлдай, Туған жердің тұма жоқ атырабындай. Жаутаңдаған жанарым нұр құшады Жарық кештің жайқалған жапырағындай. Күз кеп қалды жаным ай, егілесің, Қоштасарда қимастай көрінесің. Жапырақтар, Сен де ертең төгілесің. Қыл көпірін қиялдың кесіп өткен Есен өзен, ерке өзен не білесің. Не білесің...Қоштасу
(баллада) Тұнжырап тұрдың есімде, Қоштастық қырдың төсінде. Көшпенді елдің салты ма? Көштіңдер сол күн бесінде. Жалғанда жоқтай еш пенде, Қырларды жалғыз кешкенде. Сырласам сырлы құмдармен Самал жел баяу ескенде. Жалдарда көзді талдырып, Ойларға ойды шалдырып. Шағыл да, шағыл дүниеге, Кеттің бе, қалқам, қалдырып. Жауады жаңбыр себелеп, Жүректе жыр да, ән бөлек. Кілемдей қызыл белдерге Күндер –ай қуған көбелек. Беткейге шықтым жарысқан, Келіспей талай табысқан. Ақ сүйек... айлы түндерде – Көңілден көлбеп ән ұшқан. Көңілімнің бағлан марқасы, Қыздардың сен ең қалқасы. Ай сырғаң аймен шағылып – Тербеліп тұрған алқасы. Қыдырып қырда қызбенен, Күндерден көктем іздеген. Шағылды кезген шақтардан Алыстап кеттік біз деген. ...Мұңлы да мұңды пішінде, Толғанам –дағы теңселем. Дауыл тірліктің ішінде, Адасып қалдым мен сенен.Боз жорға
Тербетсе жастайымнан мынау бесік, Қол соққан құм беткейлер жырау десіп. Әкемнің боз жорғасы тақымымда, Келемін ала таңда қырау кешіп. Қиялым қызыл таңмен тілдеседі, Боз жорға мінсем бе екен күнде сені?! Жыр болып көкейімнен мұң көшеді, Дөңгелеп көз алдымнан құм көшеді, Боз жорға мінсем бе екен күнде сені?! Боз жорға боз таңдағы боз арманым, Жаныма жақын болған ғазалдарым. Алашқа ақын болып сөз арнадым Сізге аян қалғаным да, оза алғаным... Боз жорға боз таңдағы боз арманым. Боз жорға баптап мінер сәйгүлік ең, Кекілін келте тарар тай күнім ең. Құшағын арман күндер жайды білем Кілең бір қапталымда бәйге күрең, Боз жорға баптап мінер сәйгүлік ең. Боз жорға, боз ала таң, боз бала күн, Бозарып боз түспенен қозғалатын, Бәйгеден келуші еді озған атым. Пырағым, топтан озған боз қанатым, Боз жорға, боз ала таң, боз бала күн. Бозарып боз ала таң ата ма әлі, Бар ма екен беткейлері, жоталары? Көңілім сол күндерден от алады Бозарған боз күндегі арманымдай, Боздай ма боз даламның боталары, Бозарып боз ала таң ата ма әлі.Өзіңдей, аға, өртендім
Галстук қызыл мойнымда,
Мектепке қарай жүгірдім...
... Қайда екен қайда дариға сол қыз.
Қасым
«Галстук қызыл мойнымда, Мектепке қарай жүгірдім». Қызылдың ыстық қойнында, Үміттеріме үңілдім. Сағындым бала кезімді, Шағыл да шағыл, Түз. Дала. Ойнатып кеткен сезімді Ақ бантик таққан қыз бала. Бір күнім озып бір күннен, Сапарға сайлап жол бізді. Ұмытпай әлі жүрмін мен Ақ бантик таққан сол қызды. Көзімді ашып көргенім, Шалқыған шалқар шаттығым. Ақ бантик емес ол менің – Ақ самал тербер ақ гүлім. Өңім бе әлде түсім бе, Өзіңе қарап ұрлана. Қызыл жыңғылдың ішінде Қызыл галстукті бір бала. Қызылдың құмы қызар күн, Қып –қызыл шапақ ұзардың. Қызыл жыңғылдай қызардың, Қызыл галстуктей қызардым. Қызардың ұғып ұятты, Қырмызы дәурен жыр тілі. Қызылдың құмы сияқты Көштің де кеттің бір күні. Ашамын енді сыр кімге, Бәйгенің атын баптадым. Менен бір дерек білдің бе – Ақ бантик таққан әппағым. Көңілімді тербер күйменен, Мендегі арман сол арман. Қызыл жыңғыл да сиреген Қызыл галстук те жоғалған... Қуаныш сыйлап құтты жыл, Сағынған сені... Сынаған. Қызылдың күні қып –қызыл – Қызарып көкте тұр аман. ...Тірлікте талай дерт емдім, Дертімнің соңы қайғы екен. Өзіңдей аға өртендім – Дариға, сол қыз қайда екен?!