Р. Отарбаев: Әулиедей Әбіш аға құсадан қаза болған
2016 ж. 14 қыркүйек
7197
16
Әбіш Кекілбаев қазақтың маңдайына біткен тұлға. Қайталанбас ғажайып! Әттең, ғұмыр бойы мемлекеттік қызметтен қолы босамай өтті. Әйтпесе, адамзаттың Айтматовы сынды небір дүлдүл дүниелерді өмірге әкелер еді. Шығармаларының ішінде «Аңыздың ақырының» ғана мойны озып, бірнеше тілге аударылды… Шамына от тиіп жатқан бәзбіреулердің аға қайтыс болған сәтте мен құсап Жоғары билікке қаратып ащы сөз айтқаны болды ма екен? Мен болсам ағаның бар уақыты зая кеткенін, өз талантынан төмен шығармалар бергенін ғана айттым!
Қазақта 800-ге таяу қаламгер бар. Соның елге белгілі ақын-жазушыларының талайы менің айтқандарымды баяғыдан күбір-сыбырмен айтып-ақ жүр. Мен ашық кетіп едім, талақтары тарс айырылды. Бұлар қазақ әдебиетінің өркениеттің өзгеше үрдісімен өрнек жаюын көксейтін қарымды қаламгерлер немесе талғамдары әлемдік мәдениеттің інжу-маржандарымен қалыптаса бастаған заманның оқырмандары (жастар) емес, екі арадағы әдеби түсініктің дүбаралары. Олар бұл пікір таластан мені былай қоя салып, ру-ру боп қырқысып, бірінің қоясын бірі қазып, қырғиқабақ қырқысып кетуі сол дүбаралық. Соның кесірінен біртұтас білікті, мәдениетті ұлт болып қалыптаса алмай жатқанымыз көрініп қалды. Осымен қатар олар бүкіл жұртқа тарайтын интернет желіні адамның аузы барып айта бермейтін анайы атаулардың, боқтық сөздердің мінбесіне айналдырып алды. Жалғандыққа жаны қас «Жалғыз атты жолаушының» жабылып жалауын құлатып, жарығын сөндіруге болар, одан дүние бүлініп кетпес, ал ру-руға бөлініп алып ұлттың өзіне ұрыс салу қасіреті қазақты қайда апарады?! Ал, мен өз ойымды ашық мәлімдедім. Дұрысы, бұрысы болар, солай! Аты-жөні жоқ біреулер кітабымды өртеп жатыр. Қорқақ, қорқау бір мүскін менің өмірбаянымды қазып отыр. (Кім екенін білемін) Ешкімде жарық дүниеге періште, пайғамбар болып келмейді. Жеке бастың кем – кетігін түгендеу жетесіздіктен басқа не?!
Өртемек тұрмақ елден шығарып жіберсін. Пікірімнен қайту жоқ. Көзіміз тар екен. Көңіліміз мешеу екен.
Әулиедей Әбіш ағаның (Кекілбаев) тірлігіндегі бір осалдығын кешіре алмай тап осылай шулап ек. Аға құсадан қаза болған.
Әй, ел емес екенбіз ғой.
Р. Отарбаев,
Дереккөз: Әдебиет порталы