Рахымжан Отарбаев: «МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚТЫ» БІР АЛСА БЕКСҰЛТАН АЛСЫН, ҚАЛҒАНДАРЫ «ХАЛТУРЩИКТЕР»

Жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовты  ұлы жазушы деп бағалаған Рахымжан Отарбаев  "Әдебиет порталына" берген атышулы сұхбатында  биылғы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған ақын-жазушылардың  Бексұлтан Нұржекеевтен  басқасының барлығын "халтурщиктер" -деп атады.

Еске сала кетейік,  2016 жылғы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, соңғы сынаққа қалғандар: Бексұлтан Нұржекеев, Рахымжан Отарбаев, Шөмішбай Сариев, Маралтай Райымбек және   "Ауыз әдебиетінің жүз томдығы" (Уәлихан Қалижан және т.б. авторлар ұжымы).

- Сізді «Мемлекеттік сыйлыққа» ұсынып жатыр. Бұндай бақталастық қаламгердің эпикалық тынысына өлшем бола алмайтыны белгілі ғой. Сізге осы сыйлық не үшін қажет?

- Мен жастайымнан сый-құрметке бөленген азаматпын. Ел мені еркелетіп өсірді. «Махамбет сыйлығының лауреаты», «Халықаралық Айтматов академиясының академигі», «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» сияқты атақтардың барлығын бір басыма теліп қойды, тіпті Атырау облысында менің атыммен аталатын «Рақымжан» деген көл бар. Енді мен алмаған сыйлықтың соңғысы осы ма деп ойлаймын (Күлді). Бірақ мынау қазақта бірін-бірі аяқтан шалып, төске өрлейтін тұрпайы мінез бар емес пе? Соған іштей күйініп отырмын. «Рақымжанның бәйгеге ұсынған кітабы кішкентай» деген сылтаумен мені «Мемлекеттік сыйлықтан» құлату үшін жоғарғы жақта үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр деп естідім. Біреудің ағасы бар, біреудің шамасы бар дегендей ғой. Айналайындар-ау, сылдыр сөзі көп, бірақ сапасы сын көтермейтін том-том кітап кімнің өлшемі болып еді? Жазушылықпен өткен жарты ғасыр өмірімде қазақтың атынан әлемге қажетті бір ауыз сөз айта алдым ба деген сұрақ менің ойыма күні-түні маза бермейді. Шығарманы қызыл сөз деп есептейтін, пафос деп бағалайтын кері кеткен кеңестік кезеңнің образынан әлі шыға алмай жүрміз. Әйгілі жазушы Э.Хэмингуэй өзінің пышақтың қырындай жұқа «Шал мен Теңіз» атты шағын повесті үшін «Нобель сыйлығының» лауреаты атанды. Адамның соңғы демі біткенше жарық дүниеден үмітін үзбей, күресуге қабілетті екенін көрсету арқылы бұл шағын еңбек өзекті болып отыр. Ананың атасы, мынаның бабасы айтқан немесе би, шешен, жыраулардың жыры жинақталған қалың кітапті қазір кім оқиды? Кешіріңіз, әлем біздің сөз бен мәтін ғана терілген шимай-шатпағымызға пысқырмайды. Әлемдік әдебиетке тың көзқарас қажет. Осы жасыма дейін көп мемлекетті араладым. Қазақпын десең ешкім танымайды, Филипинсің бе, Тайсың ба, Жапонсың ба деп барлық азиаттардың атауын теліп шығады. Біз өзімізше, Мұхтар Әуезовті әлемдік деңгейдегі тұлға деп ауыз көпірткенде алдымызға жан салмай жарысамыз. Еуропада Абай мен Мұхтар түгіл қазақ деген елдің өзін естеріне түсіре алмайды. Бір жағынан осындай ұлы тұлғаларды шетелеге таныстыра алмай жүрген мемлекет кінәлі.

 Мен сізге бір қызық айтайын, «Абай жолы» романын ендігі уақытта жүз жерден жарнамалап, мың жерден тықпаласаң да бәрібір оқылмайды. Бай-шонжардың баласының әр жерге барып кеңес қылып, жиын-той өткізгені кімге керек? Осыдан бірнеше жыл бұрын «Бабалар сөзі» атты 100 томдық еңбек шығарылды деп бұқаралық ақпарат құралдары бөркін аспанға атты. Япыр-ай, деп қайран қалдым. Бабаларымыз қазақты ұшпаққа шығаратын жүз томдық сөз айтып кетсе біз неге осыншама сорлап жүрміз?! Жүз томдық әдебиетіміз болғанда әлем біздің табанымыздың астында жаншылып қалар еді. Сұрыптап, іріктеп келгенде бабалардың құнды пікірі үш томдық қана болады.

 - Мемлекеттік сыйлыққа қарсыластарыңыздан кімді лайықты деп ойлайсыз?

- Қарсыластарымның ішіндегі ағамыз Бексұлтан Нұржекеевтің шығармашылығын және адамдық жеке қасиетін қатты құрметтеймін. «Мемлекеттік сыйлықты» бір алса сол кісі алсын, одан өтіп кетсе мен алуға тиістімін. Қалған қатысушыларды қарсылас деп есептемеймін. Олар «халтурщиктер»! Жақында бір танысым келіп: «Аға, сіз үлкен додаға қатысып жатыр екенсіз, жүріңіз сізді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамбедиұлымен таныстырайын, қолын алып қайт», дейді. «Мен сол министрдің алдына барып басымды иіп, қолын алсам Рақымжан атым құрып кетсін. Менің жанымда Арыстанбек кім?! Министр сымағыңа дәл осылай жеткіз» дедім. Министрлер ауысады, қаламгердің аты халықпен бірге жасайды. Әрбірден соң бұл жөні түзу адамды қорлау емес пе? Осындай қорлық, сұмдықтың садағына ілініп, сыйлық алу үшін министрліктердің табалдырығын тоздырып жүретін «адамдарды» аяймын.

 - Замандасыңыз Тынымбай Нұрмағамбетовке қандай кітап оқуға кеңес бересіз?

 - Ойбай-ау, сен де қоймайтын сұрақты қояды екенсің. Тынымбай дегеніңіз ұлы жазушы ғой. Оған кітап оқымаса да болады.

qazaquni.kz